ҚАЖЫРЛЫ ЕҢБЕК – ЛАЙЫҚТЫ БАҒА

435
0
Бөлісу:

Тәуелсіздік күні қарсаңында «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратында партия қызметкерлерін мемлекеттік және партиялық марапаттау салтанаты өтті. Іс-шараға партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед қатысып, нұротандықтарға лайықты марапаттарын салтанатты жағдайда табыс етті.

Барша нұротандықтарды тәуелсіздік күнімен құттықтаған партия Төрағасының Бірінші орынбасары Қазақстанның бүгінде іргесі берік, еңсесі тік, келешегі кемел, болашағы жарқын елге айналғанына назар аударды.
– Елбасымыздың бастамасымен стра­тегиялық бағдарламаларды сәтті жүзеге асы­рып, қуатты, дамыған, өркениетті, ең бас­тысы ата-бабамыз аңсаған Тәуелсіз мемлекет құрдық. Бүгінде Қазақстанды бүкіл әлем мойындайды және біздің даму жолымызды көптеген елдер үлгі-өнеге ретінде қабылдайды. Біздің ендігі міндетіміз – Елбасымыз айқындап берген басым бағыттан жаңылмай, жаңа биіктер мен белестерге нық қадам басу, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары тәуелсіздік күні қарсаңында бүкіл еліміз бойынша барлық ұжымда үздік қызметкерлерді марапаттау дәс­түрі қалыптасқанына назар аударды. Осыған орай, партияның дамуына және тәуелсіз Қазақстанның нығаюына қосқан үлесі үшін бірқатар партия қызметкерлері мемлекеттік және партиялық атақтарға ие болды.
Атап айтқанда, мемлекеттік және қоғамдық қызметте сіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-эко­номикалық және мәдени дамуына, халық­тар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен «Иассы» консорциумының төрағасы Үмбет Жүсіпбаев, Ақтөбе облысы іскер әйелдері қауымдастығының төрайымы Күлшат Мә­сәлімова, Атырау облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев, партия Төрағасы Бірінші орынба­сарының кеңесшісі Асқар Смағұлов, партия Орталық аппараты басшысының орынбасары Балжан Шәменова, «Алматы – 2 теміржолы» бастауыш партия ұйымының төрағасы Асқар Шүкірбеков «Құрмет» орденімен марапат­талды.
«Ерен еңбегі үшін» медалімен партия Ор­талық аппараты Баспасөз қызметінің басшысы Әлия Бөриева, Солтүстік Қазақстан облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Олег Завьялов, Оңтүстік Қазақстан облысы Сайрам аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәрия Қалыбаева, Павлодар технологиялық колледжінің дирек­торы Қабылқақ Қапенов, Алматы қалалық партия филиалы қоғамдық қабылдау бөлме­сінің консультанты Рахия Құлашбекова және партия жанындағы Саяси талдау және стра­тегиялық зерттеулер орталығының директоры Юлия Кучинская, партия Орталық аппараты Стратегия және мониторинг департаментінің директоры Серік Сәтиев, Астана қаласындағы «Өркениет» аумақтық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мәрия Өтебаева, Маң­ғыстау облысындағы «Жауқазын» балабақ­шасының директоры Мәнет Шырақбай марапатталды.
«Шапағат» медалі Ақмола облысы мүге­дектері ерікті қоғамының төрағасы Серік Әкімбаевқа табыс етілді.
Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасымен Қарағанды облыстық партия филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің сарапшысы Жамал Бажаева, Қостанай облысындағы Жітіқара аудандық партия филиалының есепке алу және статистика секторының меңгерушісі Инесса Богатырева, Алматы облыстық партия филиалының заңгер-консульты Төлеген Жанысбек, Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Айжан Нысанбаева, Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай аудандық партия филиалы төрағасының бірінші орынбасары Болат Омаров, партия Орталық аппаратының бухгалтері Жәмилия Сәрсембаева, партия Орталық аппараты Ұйымдастыру-бақылау жұмысы департаментінің инспекторы Марат Смағұлов, «АСАР» Жамбыл облысы мүгедек­тер ұйымдарының одағы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Руслан Төлегенов және партия Орталық аппараты Кадрлық саясат департаментінің консультанты Лаура Өмірсейітова марапатталды.
Сондай-ақ бірқатар нұротандықтар Қазақстан Республикасының Президенті, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бағытын, «Нұр Отан» пар­тиясының бағдарламалық бағыттары мен міндеттерін іске асыруға белсенді атса­лысқаны үшін және Қазақстан Рес­публикасының Тәуелсіздік күніне орай партиялық марапаттау алды. Атап айтқанда, «Белсенді қызметі үшін» төсбелгісін партия хатшысы Қаныбек Жұ­машев, Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы Төрағасының Бірінші орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, «Литер» газетінің Астана қала­сындағы меншікті тілшісі Татьяна Криво­ротько, Алматы облыстық партия филиалы төрағасының бірінші орын­басары Ғалиасқар Сарыбаев, Ертіс өндірістік кешені «Ертіс» шахтасының бастығы Қуаныш Рақымов иеленді. Одан бөлек, пар­тияның Құрмет грамотасымен 18 адам марапатталды.
Іс-шара соңында партия қызметкерлерін тағы бір мәрте ұлық мерекемен құттықтаған Мұхтар Құл-Мұхаммед Елбасының ерен ең­бегі мен тұрақты дамудың арқасында Қазақ­стан – бүкіл әлемге ынтымағы жарасып, ырысы тасыған мемлекет ретінде танылғанын атап өтті. Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынбасары барша нұротандықтарды алдағы уақытта да осылай бірігіп жұмыс істеуге, Елбасының партия алдына қойған міндеттерін жүзеге асыруда аянбай еңбек етуге шақырды.
Еламан ҚОҢЫР,
Суреттерді түсірген Рустам АМАНТАЙ

Пікір

Ғалиасқар САРЫБАЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Барша отандастарым мен партия қатарындағы әріптестерімді Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Елбасымыздың ерен еңбегінің арқасында біз әлем мойындаған елге айналдық. Бүгінде Қазақстан – әлемдік қауымдастықта өз орнын ай­қындаған, өзгелер санасатындай деңгейге жеткен мемлекет. Осының бәрі – тәуелсіздіктің және бізді замана көшінде жаңылмай бастап келе жатқан Елбасымыздың арқасы.
Осындай айтулы мереке қарсаңында марапатталып жатқаныма өте қуаныштымын. Бұл – біріншіден, партиямыздың Алматы облыстық филиалының еңбегінің жемісі. Сондықтан барша әріптестеріме алғысымды жеткізгім келеді.
Сонымен қатар осы атақпен бізге үлкен жауапкершілік те жүктеліп отыр. Себебі, Елбасы алдымызға партияны жаңғырту жөнінде нақты міндеттер қойды. Осыған орай, алдағы уақытта жаңғыру аясында қарқынды жұмыс істейтін боламыз.

Талшын ҮКІБАСОВА,
«Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығының дәрігері:
– Тәуелсіздік күні – еліміз үшін ең маңызды күн. Өйткені осы күні ата-бабамыз аңсаған арманға қол жеткізіп, дербес мемлекет болдық. Осы 26 жылда түрлі «тар жол, тайғақ кешулерден» аман өтіп, әлемнің дамыған елдерінің қатарына қосылдық. Соның ішінде денсаулық сақтау саласында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Еліміздің барлық өңірінде, соның ішінде шалғайдағы ауылдарға дейін ауруханалар салынып, халықтың денсаулығын жақсартуға мол мүмкіндіктер туды. Осының бәрі – бізді жарқын болашаққа бастаған Елбасымыздың арқасы.
Осы ретте еліміздің дамуына қосқан аз ғана үлесімізді елеп-ескеріп, мемлекеттік марапат беріп жатқан Президентіміз бен «Нұр Отан» партиясына алғысымды білдіремін. Бұл орден бізді ынталандырып, жаңа жетістіктерге жетелей түседі. Сондықтан келешекте осы салада бұдан да белсенді еңбек етуге дайынмын.

Айжан НЫСАНБАЕВА,
«Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облысы Ақжайық аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Халқымыз үшін осындай қастерлі мерекенің қарсаңында мемлекеттік марапатты иеленіп отырмын. Бұл – үлкен мәртебе, асқақ абырой.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ел жағдайы мен бүгінгі ахуалымыздың арасы жер мен көктей. Оң өзгеріс, биік белестер барлық салада айқын байқалады. Бар қазақтың күретамыры болған ауылдарымыз да гүлденіп, көркейе түсті. Мұның бәрі – тәу етер тәуелсіздігіміздің, еліміздің бағына туған Елбасымыздың арқасы. Сондай-ақ бұл белесте Мемлекет басшысының сенімді саяси тірегі – барша нұротандықтардың да үлесі бар деп есептеймін.
Батыс Қазақстан облысы Ақжайық ауданынан келдім. Барлық жердегідей біздің аудандық филиал да партиялық жобалар аясында сан алуан іс-шаралар ұйымдастырып, азаматтарды қабылдау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізеді. Біздер, нұротандықтар, партия қатарындағы жауапкершілікті жете сезінеміз. Сондықтан Елбасы алдымызға қойған міндеттер мен тапсырмаларды орындауда бар күш-жігерімізді жұмсауға әрдайым дайынбыз.
Юлия КУЧИНСКАЯ,
«Нұр Отан» партиясы жанындағы Саяси талдау және стратегиялық зерттеулер орталығының директоры:
– Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында осын­дай марапат алу мен үшін күтпе­ген жағдай болды. Дәл осы күнге жету үшін халқымыз қаншама қиындық­тарды басынан өткергенін білеміз. Әр қазақстандық үшін ұлы мерекеде медаль алу көңіл қуантатыны белгілі. Сонымен бірге, бұл – үлкен жауапкершілік. Алдағы уа­қытта сол жауапкершіліктің үдесінен шығып, Елбасының барлық бастамасын жүзеге асыруда аянып қалмаймын.
Мемлекет басшысы жуырда партиялық жаңғыру туралы нақты тапсырма берді. Бүгінде осы бағытта көптеген игі істер қолға алынып, жұмыстар басталып кетті. Осы ретте барша әріптестерімді бұл биікті бағындыру жолында да күш біріктіріп әрекет етуге шақырамын. Тәуелсіздік күні құтты болсын!
Татьяна КАЗАНЦЕВА,
«Литер» газетінің Астана қаласындағы меншікті тілшісі:
– Елбасымызға, «Нұр Отан» пар­тиясына еліміздің дамуы жолындағы теңіздің тамшысындай еңбегімізді ескеріп, марапаттап жатқанына ризашылығымды білдіремін. Бұл қарапайым жанға үлкен күш-жігер береді. Енді кәсіби деңгейімді одан әрі жетілдіре түсуге міндеттімін. Оның үстіне, бүкіл еліміз жаңғырып жатқан кезде, әр қазақстандық өзгерісті ең алдымен өзінен бастауы керек деп білемін. Сонда ғана біз – Елбасымыз айтқан белестерді оңай бағындыратын боламыз.
Тәуелсіздік – халық үшін, мемлекет үшін баға жетпес байлық, мол мұра. Сондықтан әрқайсысымыз ғасырлар бойы аңсап, қол жеткізген тәуелсіздігімізді қастерлеуіміз керек. Оны нығайту жолында аянбай еңбек етуге тиіспіз. Бұл – қағазда емес, әркімнің жүрегінде жазулы тұратын міндет.

Бөлісу:

Пікір жазу


*