Миллиард теңге үнемделеді

871
0
Бөлісу:

Қазақстанда шетелдіктерге арналған «Көші-қон ХҚКО-лары» пайда болады. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында мәлім болды. Жиында Үкімет мүшелері мемлекеттік қызмет көрсету және электронды үкіметті дамыту мәселелерін қарады. Сондай-ақ «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын» және «Өңірлер халқын жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің кешенді жоспарларын» іске асырудың алдын ала қорытындылары шығарылды.

Отырыста мемлекеттік статистика туралы және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері жөніндегі заңнаманы жетілдіру жайы да талқыға салынды.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндаған Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, Paper Free фор­маты бойынша өзара іс-қимылға, яғни қағаз түріндегі құжат айналымын жою, «бір өтінім» қағидасына көшу қарас­тырылуда. Бастапқы есептеулер көрсет­кендей, бұл шараларды іске асыру таяу уақытта 20 миллионнан астам анық­таманы толығымен жоюға мүмкіндік береді екен.
– Қазіргі уақытта 746 мемлекеттік қызмет көрсетудің 621-і «Азаматтарға ар­налған үкімет» мемлекеттік корпора­циясына берілді, бұл 83 пайыздан астамын құрайды. Аталған қызметтерді 349 фронт-офистер, яғни ХҚКО бөлім­шелері көрсетеді. Оларда 20 мыңнан астам қызметкер жұмыс жасап, жыл сайын шамамен 37 млн қызметті ұсы­нады, – деді министр.
Бұдан өзге, «Азаматтарға арналған үкіметтің» сенімді басқаруына кейбір ақпараттық жүйелерді беру мәселесі пысықталуда, олардың ішінде egov электронды үкіметі порталы, mgov мобильді қосымшасы, ХҚКО ықпалдас­тырылған ақпараттық жүйесі, «Жыл­жымайтын мүлік тізілімі» және «Мем­лекеттік жер кадастры» ақпараттық жүйесі бар. Ақпарат және коммуника­циялар министрлігі өз тарапынан халық­қа қызмет көрсету орталықтарына ар­налған ықпалдастырылған ақпарат­тық жүйесін – «ХҚКО» ЫАЖ-ын сенімді басқаруға берді.
Д.Абаев осы жұмыс Digital by default қағидасын іске асыруға бағдарланғанын жеткізді. Бұл өзіне-өзі қызмет көрсету мүмкіндігін кеңейте отырып, тек электронды форматта мемлекеттік қызмет көрсетуді көздейді.
Осы бағытта тағы қандай жұмыс жүргізіліп жатқанын Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов баян­дады.
«Қазіргі уақытта Мемлекеттік қызмет көрсету тізіліміне одан ары қосу үшін «жасырын» қызмет көрсетулерді анықтау бойынша жұмыс жүргізілді. Аталған жұмыс аясында тізілімге 58 жаңа мемлекеттік қызмет көрсету қосыл­ды. Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың тағы 200 функциясын талдау аяқталды, оның қорытындысы бойынша тізілімге 50 жаңа мемлекеттік қызмет көрсету енгізіледі» деді бас экономист.
Бүгінде тізілімдегі мемлекеттік қыз­меттердің жалпы саны 746-ны құрайды. Олардың 452-сін электронды форматта алуға болады, 621 мемлекеттік қызмет «Азаматтарға арналған үкімет» арқылы, 191-і жергілікті атқарушы органдар арқылы көрсетіледі. Сондай-ақ рұқсат беру жүйесін жеңілдету мақсатында онлайн режимде барлық рұқсаттар алу мен хабарламаларды жолдау толық автоматтандырылған.
«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының бас­қарма төрағасы Абылайхан Оспановтың мәліметінше, 6 түрлі өмірлік жағдай бойынша 19 мемлекеттік қызмет енді қазақстандықтарға «проактивті тәсіл­мен» ұсынылады.
– Нәтижесінде, мемлекеттік қызмет­терді алу үрдісі қазіргіден де жылдам әрі ыңғайлы болады, азаматтар қызметке мекемелерге бармай-ақ тіпті үйлерінен шықпай қол жеткізеді. Мәселен, 2018 жылы 2 өмірлік жағдай бойынша, яғни соттың шешімімен некені бұзу және жылжымайтын мүлік объектілерінің сәйкестендіру сипат­та­малары мен құқық иегерінің мәлі­мет­те­рін өзгерту қызметтерін проактивті тә­сілге көшіруді жоспарлап отырмыз, – деді А.Оспанов.
Сондай-ақ 2019 жылы зейнетақы жинақтарының сақталуына мемлекеттік кепілдіктер, мүгедектікті белгілеу және атқарушылық іс жүргізуді қозғау бойынша мемлекеттік қызметтер проактивті принципте жүзеге аспақ. Нәтижесінде, қағаз жүзінде берілетін құжаттардың саны 2,5 миллионға кеміп, 1 миллиард теңге үнемделетін көрінеді.
«Мысалы, мүгедектік белгілен­геннен кейін медициналық-әлеуметтік сараптаманың шешімі электрондық үкіметтің порталына қойылып, мемлекеттік корпорация жәрдемақыны тағайындайды, жергілікті атқарушы орган мүгедектерге арналған арба, тифлоқұрал беру секілді қажетті көмек­терді көрсетеді. Осылайша, қызмет алу­шы екі органға бармай-ақ 67 құжаттың орнына 7 құжатты ғана жинайтын болады» деді мемлекеттік корпорация басшысы.
Қазір бала тууға қатысты өмірлік жағдай бойынша проактивті тәсілді енгізу жұмыстары жүргізілуде. Оған сәйкес, бала туған анаға «туу туралы куәлік алу үшін» баланың аты-жөнін, «жәрдемақылар тағайындау үшін» шот нөмірін және «балабақшаға кезекке қою үшін» мекенжайын көрсетуді сұраған автоматты sms-хабарлама келеді. Кері sms-хабарлама жіберу арқылы ата-ана баласының дүниеге келуіне қатысты қызметтерді алу үшін ХҚКО-ларға барып, әбігерге түспей, бар мәселені телефон арқылы шеше салады.
Мемлекеттік қызмет көрсету үрдісін проактивті тәсілге көшіру жұмыстары «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында жүргізілуде. 2022 жылға қарай электрондық нұсқада ұсынылатын мемлекеттік қызметтер үлесін 80 пайызға жеткізу, халықтың цифрлық сауаттылығын 83 пайызға дейін арттыру жоспарланған.
Айта кетер жайт, биыл 20 желтоқ­санда халықтың цифрлық сауатын ашу мақсатында Астана қаласында орна­ласқан ХҚКО-да тегін оқу сыныбы ашылды. Онда фронт-офис мамандары азаматтарға www.egov.kz электрондық үкімет порталын пайдалану жолдарын түсіндіріп, мемлекеттік қызметтерге өз бетінше қол жеткізуге үйретеді. Бір сағатты құрайтын электрондық сауат ашу курсына кез келген адам қатыса алады.
Айтқандай, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы көші-қон мәселесіне қатысты халыққа қызмет көрсету орталығын іске қоспақ.
– Биыл Астанада шетелдіктерге көші-қон мәселесіне қатысты қызметтер көрсететін ХҚКО және Көкшетау мен Семейде автокөліктерді тіркеу және жүр­гізушілік куәлігін беру қызметін көр­сететін фронт-офистер ашамыз. Келесі жылдың басында Орал мен Аты­рау қалаларында да дәл сондай ма­мандандырылған ХҚКО ашуды жос­парлап отырмыз, – деді А.Оспанов.
Жыл аяғына дейін іске қосылатын «Көші-қон ХҚКО-ларында» құжат­тарды қабылдау және тіркеу қыз­меттерін «Азаматтарға арналған үкіметтің» мамандары көрсетеді. Нәтижесінде, көші-қонға байланысты мемлекеттік қызметтер де «бір терезе» принципі бойынша бекітілген стандартқа сай ұсынылмақ.
Мәселені талқылауды қорытын­дылаған Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев Ақпарат және коммуни­кациялар министрлігіне, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік кор­порациясына жұмыстың цифрлық форматына көшу аясында ұсынылатын қызметтердің сапасына ерекше назар аударуды тапсырды.
– Мемлекеттік қызмет көрсетулердің 85 пайызы «Азаматтарға арналған үкімет» корпорациясына берілді, яғни біз жоғары межеге жеттік. Бірақ егер мұқият қарайтын болсақ, қызмет көрсе­тулердің сапасы бойынша біраз жұмыс жүргізу қажеттігін байқаймыз. Мәселе қанша қызмет көрсететінімізде емес, қалай көрсететінімізде. Халық сапасыз қызмет алғанын сезеді де, бәрібір қағаз түріндегі анықтаманы алуға барады. Мұнда мемлекеттік органдар өз тәсілдерін өзгертуге тиіс, – деді ол.
Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірге қосымша мемлекеттік қызмет көрсетулерді баламасыз қызмет көрсетуге көшіру бойынша жұмыс жоспарын пысықтау жүктелді.
Үкімет басшысы азаматтардың жеке мәліметтерін қорғау мәселесіне де ерекше назар аударды. «Мемлекеттік корпорацияның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің жауапкершілігін күшейту қажет» деді ол. Ұлттық эконо­мика министрлігіне бір айдың ішінде «жасырын» қызмет көрсетулер, жауап­ты, лауазымды тұлғаларды анықтау бойынша Жол картасын дайындауға тапсырма берілді.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша сөз сөйлеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенованың айтуынша, биылғы 11 айда 413 мың адам еңбекпен қамтылған, олардың ішінде тұрақты жұмысқа 279 мың адам тұрған көрінеді. Бүгінде «Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына» қатысушылардың саны 527 мыңға жетіпті. Олардың ішінде 50 пайыздан астамы – ауыл тұрғындары. Министр бағдарламаның негізгі индикаторларына қол жеткізгеніне сендірді.
«Биыл әлеуметтік жұмыс орында­рына, жастар практикасына және қоғамдық жұмыстарға 134 мыңға жуық адам жіберілді» деді министр.
Бағдарлама аясында бөлінген қаражат есебінен солтүстік өңірлерге оңтүстік облыстардан өз еркімен 381 отбасы немесе 1 479 адам көшті. Келесі жылға қоныс аударудың өңірлік квота­сын 5 есе арттыру, яғни 1 700 отбасыға дейін немесе 7 000-ға жуық адамға жеткізу жоспарлануда.
Сөз соңында министр ханым азаматтарды өз еркімен қоныс аударуға ынталандыруға, азаматтардың кәсіп­керлік бастамаларын қолдауға, сондай-ақ оқыту жүйесін жақсартуға бағыттал­ған бағдарлама тетіктерін жетілдіру бо­йынша бірқатар өзгерістер мен то­лық­­тыруларды Үкімет қарауына ұсынды.
Бағдарламаның іске асырылу барысы туралы Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев, Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов және Алматы облысы­ның әкімі Амандық Баталов есеп берді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*