Елбасы саясаты – ел ырысы

1051
0
Бөлісу:

КСРО дейтін алып мұхиттың суы тартылып, әркім қара басының қамын күйттеген шақта бізде желкенімізді керіп, тіршілік теңізіне қойып кеттік. Дауыл қатты соқты. Тезірек еңсе тіктемесең бұйым құрлы көрмей, жал-жал толқынға лақтырады да тастайды. Алғашқы жылдары «суға бір батып, бір шығып», жан-дәрмен жүргізілген күрестің арқасында берекелі бағыт тапқандай болдық. Жыл сайын Президент жасап жатқан саяси стратегиялар өз жемісін беріп, көкжиекке көз жібере бастадық: қай жерде келеміз, қайда жетуіміз керек, кімдер бізден озды, біз кімдерден ілгері кеттік…

Биыл Қазақстанның егеменді ел болып, тәуелсіздік алғанына 26 жыл тол­ды. Осы жылдардың қай-қайсы болмасын үлкен тәуекелдерге толы болғаны жасы­рын емес. Тәуекелмен жасалған қадамның өн бойында қорқыныш пен толқыныс қатар өрбіп, алдан не күтерін болжай ал­май дүдәмал күйді бастан кешіресіз. Сол қадам баянды болу үшін жан-жағы сыр алдырмас, «оқ теспес» сауытпен қорша­луы тиіс. Ел болып, етек-жеңімізді жи­ға­лы бері Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев сан түрлі бағдарлама қабылдап, жігерімізді жанып жолдау жасады. Солар­дың бар­лығы тәуекелшіл қадамда­рымыздың ке­пілі болып келе жатыр әлі күнге.

Рәміздерді бекіту, төл теңгені айна­лымға енгізу, БҰҰ-на мүше атану, шекара­мызды айқындау сынды маңызды шаруа­ларды бір ретке келтірумен қатар Қазақ­стан күллі әлемді аузына қаратқан келелі бастаманы жария етті. Ол – жаһанды басынан бақайшағына дейін қалтыратуға қауқарлы ядролық қарудан бас тарту. Президент ядролық қарудан бас тарту туралы құжатқа 1991 жылы 29 тамызда қол қойды. Бұл бастама әлемдік қауымдас­тық тарапынан үлкен қолдауға ие болып, Елбасымыз жер жүзіндегі бейбітшіліктің жаршысына айналды. 1992 жылдың бас кезінде еліміз «Қазақстанның егеменді мемлекет ретінде қалыптасуы мен даму стратегиясы» арқасында ішкі және сырт­қы жағдайымызға көз жүгіртіп, бағыт-бағдарымызды белгілей алдық. Алдағы бес жыл ішінде аталған бағдарлама өз жемісін беріп, елде макроэкономикалық тұрақтылық орнап, кәсіпорындар мен зауыттар жұмысына жан бітті. Біртіндеп экономиканың тамырына қан жүгірген соң, инфляция да бір қалыпқа түсті. Бір­сыпыра шаруаның басы қайырылғаннан кейін тәуелсіз мемлекет ретінде алғашқы бағдар да айқындалды. Ол бағдарды Пре­зидент өзінің «Қазақстан – 2030» страте­гиясына сыйдыруға тырысқан. 1997 жылы 1 қазанда жарияланған бағдарлама бірнеше негізгі міндеттен тұрады. Онда ұлттық қауіпсіздік, ішкі саясатты орнық­тыру, шетелдік инвестицияларды тартып ашық нарықтық экономика қалыптас­тыру, халықтың денсаулығы мен білім алуын қамтамасыз ету, энергетикалық қорлардың көзін табу әрі тиімді пайдалану, инфрақұрылым және кәсіпқой мемлекет құру сынды айқын мақсаттар көрініс табады. Қарап отырсақ, мұның бәрі де енді аяққа тұрған жас мемлекет үшін же­дел арада атқарылуы тиіс негізгі шаралар екен. Сәйкесінше, Президент пен халық тізе қосып отырып, бұл міндеттердің бір­шамасын еңсерді. Бұдан бөлек ТМД ел­дерінің ынтымақтастығын арттыру, Орта Азия көшбасшысына айналу, қоғамдық өмірге еуропалық стандарттарды енгізе отырып, замана көшіне ілесу сынды процес­тер де күн құрғатпай жүріп жатты. Осылай қарышты қадам жасаудың арқасында өзімізбен қатар тәуелсіздік алған елдерден ілгерілеу кеттік, бірақ бағындырар белестер әлі алда еді.
Урбанизация жаңа мыңжылдықтың бас кезінде қарқынды жүрді. Көпшілік адам 90-жылдардың бас кезіндегі дағда­рыстан құтылу үшін қалаға қоныс аудар­ған. Студенттердің ауылға қайтуға ықы­ласы жоқ. Ауылдық жердегі кә­сіпорын­дар мен өндіріс тұралап, қара­пайым халық үшін тек мектеп пен бала­бақшалар ғана табыс көзіне айналған. Су мен жол, газ бен жарықтың да жай-күйі онша емес еді. Бір қарағанда мемлекетте бәрі жақсы секілді. Бірақ Президент осы мәселеге көңіл тоқтатып, 2003-2005 жыл­дарды Ауыл жылдары деп жариялап, кө­шелі бастама көтерді. Бұл туралы Елбасы 2002 жылы 16 сәуірде жасаған жолдауында егжей-тегжейлі баян етеді. «Он жыл iшiн­де бiз экономикадағы тұғыры тұрлаулы мемлекет ретiнде аяғымызға нық тұрдық. Ендеше, жеткен биiгiмiз бен жинақтаған тәжiрибемiзге сүйенiп, ауылдағы ағайы­нымызға өмiрдiң жаңа сапасына жетуiне қол үшiн беретiн уақыт туды» деді Пре­зидент. Алтын бесік ауылды темірқазық етіп, оған көрсетілер қолдау мен жасалар жақсылықты өмірімізге өлшем етуден біз ұтылған жоқпыз. Қайта ауыл тұрғындары қоғам өміріне белсене араласып, тамаша таланттар алыс шалғайлардан шығып, Қазақстанның келешегі екендерін дәлел­дей бастады. Әр сала бойынша.
2004 жыл – тәуелсіздігімізге 13 жыл толған уақыт еді. Осы жылы Мемлекет басшысы алғаш рет «бәсекеге қабілеттілік» туралы сөз қозғады. Бұл деген өзімізбен өзіміз отыра бермей, оянып, серпіліп, даму­дың жаңаша тетіктерін іздеп, өзге жұртпен бәсекеге түсуіміз керек дегенді аң­ғартатын. Бәсекеге кім қабілетті бо­лады? Әлбетте, өскен, өнген, тәжірибе жинаған, бәйгеге түссе бірінші келуге бірден бір үміттілер ғана. Міне, біз осы­лайша егемендігімізге 10 жылдан асқан кезде барып бәсекелестік туралы сөз қоз­ғай бастадық. Елбасы 19 наурызда «Бә­секеге қабiлеттi Қазақстан үшiн. Бәсекеге қабiлеттi экономика үшiн. Бәсекеге қабi­леттi халық үшiн» деген девизбен жолдау жариялады. Онда елімізде индустриалды-инновациялық дамудың бір ізге түскенін, аграрлық саясаттың өз жемісін бере бастағанын, көлік-логистика, тұрғын үй құрылысы дамып, адам ресурсының күшейе түскенін айтады. Осы кезден бастап 2010 жылдардың бас кезіне дейін Қазақстан ірі экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңаруды бастан кешірді. Сол уақыттары біз бірнеше дүр­кін халықаралық саммиттер мен конфе­ренциялар өткізіп, жаһандық бейбітшілік пен татулықтың ұйытқысы болуға тырыс­тық. Онымыз ескерусіз де қалған жоқ. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделі бекіп, абыройы артты. Бұдан соң Президент 2012 жылы «Қазақстан – 2050» стратегиясын қабылдады. Осылайша, біз тәуелсіз Қазақстан тарихындағы тағы бір жаңа белеске қарай бет түзедік.
Аталған стратегиялық қадам – үздік 30 елдің қатарына кіруді міндеттейтін жауап­кершілік жүгі ауыр құжат еді. Стратегия ұзақ мерзімге негізделген жеті ірі басым­дықтан құралған… отыз елдің қатарына ену оңай деп пе едіңіз… Алғашқы басым­дықта Президент «экономикалық праг­матизм болу керек» дейді. Оның ізін ала кәсіпкерлік, әлеуметтік саясат, білім, демократия, сыртқы саясат, патриотизм туралы айтылады.
Жалпы, Елбасы елдің әр басқан қа­дамы мен алған бағытын арнайы страте­гиялық жолдау һәм түрлі бағдарлама­лармен тұздықтап отыруды дәстүрге айнал­дырды. Соңғы жылдары жасаған сенімді қадамдарымызға Елбасының «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» сынды бағдарламалары себеп болды. Бұл біздің өз жолымызды табуымызға, түпкі мақсаттан жаңылмауы­мызға септігін тигізеді. Соңғы бірнеше жыл­дықтың көлемінде сан түрлі әлеумет­тік бағдарламалар, «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» жобалары, Ұлт жоспары «100 нақты қадам» сынды берекелі істер қолға алын­ды. Бұл мақала барысында біз елдегі саяси стратегиялық жобалардың ел болашағы үшін қаншалықты маңызды болғанын түсіндіруге тырыстық. Қазір ғаламдық тір­шілік айдынында еркін жүзген, көз­деген мақсаты бар, керек кезде әлемдік алпауыттармен қатарласа жүзуге қауқарлы мемлекетке айналдық. Қандай бораннан да, дауылдан да қаймықпайтын, кемесі төңкерілмес кемел елге айналғанымыз рас. Осы бақыт баянды, тәуелсіздік мәңгі­лік болғай!

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*