Шешімін таппаған түйткіл қалмайды

724
0
Бөлісу:

Елімізге алғашқы ресми сапарымен Қырғыз республикасының жаңа сайланған президенті Сооронбай Жээнбеков келді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада мәртебелі мейманмен кездесті. Мемлекет басшыларының ресми кездесуі рәсімінен соң, шағын құрамдағы келіссөздер жүргізілді.

Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға рес­ми сапармен келуге шақыруын қабыл ал­ға­ны үшін Сооронбай Жээнбековке ри­за­шы­лық білдіріп, қырғыз президентінің ал­ғашқы сапары екі ел арасында орныққан дип­ломатиялық қарым-қатынастың 25 жыл­дығымен тұспа-тұс келіп отырғанын атап өтті.
Мемлекет басшысы Қазақстан мен Қыр­ғызстан қарым-қатынастарының та­ри­хи тұрғыдан достық сипатта екенін айт­ты.
– Қазақстан мен Қырғызстан – бауыр­лас әрі одақтас мемлекеттер. Біздің арамыз­дағ­ы барлық салада сындарлы және сенімді диа­лог орнаған, – деді Қазақстан Президен­ті.


Сооронбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевқа Қазақстанға ресми сапармен келуге мүмкіндік туғызғаны үшін және өт­кен сайлаудағы жеңісімен құттықтағаны үшін алғыс айтты.
– Қазақстанға бірінші сапарым қос мерейтой – елдеріміз арасындағы дип­ло­ма­тиялық қарым-қатынастардың 25 жыл­дығы мен Мәңгілік достық туралы шарт­қа қол қойылуының 20 жылдығы қар­саңында өту­де. Біздің тарихымыз да, тіліміз де, дініміз бен мәдениетіміз де бір. Қырғыз бен қа­зақ­тан жақын халық жоқ деп дұ­рыс айт­тыңыз. Стратегиялық бай­ла­ныстарымызды нығай­туға, одақтастық уағ­даластықтарды нақты істерге айналдыруға бар күшімді саламын, – деп уәде етті Қыр­ғызстан президенті.
Мемлекет басшылары жеке кездесу соңын­да бүгінгі келіссөздер мен олардың қо­рытындысы бойынша қол қойылатын құжаттар екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға септігін тигізеріне сенім білдірді.
Осыдан кейін президенттерге қос елдің рес­ми делегацияларының өкілдері қо­сы­лып, кеңейтілген құрамда келіссөздер өтті. Оның барысында күн тәртібіндегі екіжақты экономикалық мәселелер, цифрлық тех­нологияларды пайдалану кезіндегі бірлес­кен жұмыстардың перспективалары, сон­дай-ақ су және энергетика саласындағы ын­тымақтастық мәселелері қарастырылды.
Қазақстан Президенті екі ел үкіметтері қол қойған Жол картасының орындалу нә­тижелеріне көңілі толатынын айтып, бұл жұмыстарды жалғастырудың маңыздылы­ғын атап өтті.
– Жол картасы нақты уақыт пен күш-жі­герді талап ететін шараларды қамтиды. Осыған байланысты елдеріміздің үкімет­теріне осы маңызды құжаттың әр тармағы­ның сапалы әрі дәйекті түрде іске асы­рылуын қамтамасыз ету тапсырылды, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев екіжақты сауда-сат­тықты кеңейту мәселелеріне ерекше тоқ­талып, 2020 жылға қарай өзара тауар ай­налымын 1 миллиард долларға дейін арт­тыру қажет екенін айтты.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қа­зақ­стан қырғыз экономикасының негізгі инвесторларының бірі екеніне тоқталып, инвестиция үшін қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
– Біз инвестициялық ынтымақтастықты жақ­сарту және сауда-экономикалық қа­рым-қатынасты жандандыру мақсатында Қа­зақстан мен Қырғызстанның Іскерлік кеңе­сін құру мүмкіндігін талқыладық. Ол ел­деріміздің шаруашылық субъектілері ара­сындағы тікелей байланыстарды нығайтуға сеп­тігін тигізеді, – деді Қазақстан Пре­зи­ден­ті.
Тараптар су-энергетикалық ынты­мақ­тастық тақырыбына да назар аударды. Атап айт­қанда, трансшекаралық өзендердегі су ресурстары өңірдегі барлық елдер үшін ор­тақ болып саналатынын тағы да мақұлдады. Нұрсұлтан Назарбаев Аралды құтқару ха­лық­аралық қорының қызметін жандандыру туралы келіссөздерге де тоқталды.
– Бүкіл өңірдегі тұрақтылық пен әл-ау­қат, ондаған миллион адамның тағдыры Ор­­талық Азияның трансшекаралық өзен­дерін тиімді пайдалануға байланысты бо­ла­ды, – деді Мемлекет басшысы.
Бұдан бөлек, Нұрсұлтан Назарбаев өңір­лік қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ха­лық­аралық ұйымдар аясында өзара іс-қи­мыл жасаудың маңыздылығын атап өтті.
Сооронбай Жээнбеков Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдіріп, Қырғыз рес­пуб­ликасына ресми сапармен келуге ша­қырды. Сонымен қатар Қазақстан мен Қыр­ғыз­станның жоғарғы мемлекетаралық кеңесінің кезекті отырысын өткізу жоспар­ланатынын хабарлады.
– Қазақстан Қырғызстанның негізгі сау­да серіктестерінің бірі болып саналады. Осы­ған орай, біз екіжақты экономикалық ын­тымақтастық, сондай-ақ шекара, көлік, фитосанитария, ветеринарлық бақылау, кеден және салық әкімшілігі саласындағы өзара іс-қимыл мәселелері жөніндегі жол кар­тасының іске асырылуына зор мән бе­ре­міз, – деді Қырғызстан Президенті.
Сонымен бірге, Сооронбай Жээнбеков Қа­зақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануымен құт­тықтап, бұл маңызды халықаралық ор­ган­ға келесі жылы төрағалық етуімізге орай табыс тіледі.
Сапар аясында екіжақты көптарапты ын­тымақтастықты жаңа сапалы деңгейге көтеруге және мемлекеттік шекараның ха­лықаралық-құқықтық рәсімделуін аяқтауға бағытталған бірқатар екіжақты құжаттарға қол қойылды. Атап айтқанда, қос мемле­кет­тің президенттері «Бірлескен мәлімдемені», «Мем­лекеттік шекараны белгілеу туралы шарт­ты» және «Мемлекеттік шекара режимі ту­ралы келісімді» бекітті.
Журналистер алдында сөз сөйлеген та­раптар өткен келіссөздердің қоры­тын­ды­ларына қанағаттанатынын айтып, бұл сапар ел­деріміз арасындағы жан-жақты өзара іс-қи­мыл үшін жаңа жол ашатынына сенім біл­дірді.
– Мемлекеттеріміз арасында сал­мақ­ты келісімдік база түзілген. Ол 150-ден ас­там құжаттан тұрады. Әйткенмен, бауыр­лас елдер арасындағы мемлекеттік ше­кара­ны демаркациялау және режимін қалыптас­тыру бойынша мәселелер ұзақ жылдар бойы шешілмей келді. Шекарада тәртіп болмаса, мем­лекеттер арасында сенімнің де бола қоюы екіұдай, – деген Нұрсұлтан Назарбаев осы келіссөздер нәтижесінде екі ортадағы шекарада белгілер қағып шығуға жол аша­тын келісімге қол қойылуын құптады.
Өз кезегінде Қырғызстан басшысы бұл ке­лісімдердің өмірге жолдама алуы арқа­сын­да қазақ – қырғыз шекарасы «сенімнің, тату көршіліктің және өзара тиімді ынты­мақ­тастық қақпасына» айналады деген бай­лам түйді.
Елбасының айтуынша, «Қазақстан мен Қыр­ғызстан арасында шешімін таппайтын еш­қандай да проблема жоқ». Ақордадағы кез­десу кезінде мемлекет басшылары күн тәр­тібінде тұрған жаһандық және өңірлік кө­кейкесті мәселелерді де талқылап, ха­лық­аралық ұйымдар аясында екі елдің бірлесе қи­мылдауы жайында пікір алмасты. Қос та­рап қарауды жоспарлаған барлық мә­се­ле­лерді талқыға салды. Қазақстан Пре­зи­денті тілге тиек етілмеген, қозғалмаған, сондық­тан болашақта екі елдің қарым-қатынас­тары­ның дамуына кедергі болуы мүмкін еш­қандай түйінді түйткіл қалмағанына на­зар аудартты.
Бұл ретте мемлекет басшылары Ақорда­дағы кездесу қорытындысында арнайы хат­тама түзілетініне, сол арқылы қол жеткізіл­ген уағдаластықтардың әрбір бабының орын­далуын бақылауға алуға келіскен.
Көршілер арасында сауда-саттық та өр­кен жаюда. Биылғы жылдың он айында бұл көр­сеткіш былтырғыға қарағанда, 13 пайыз­ға өскен. Қазақстан – Қырғызстанның басты инвесторларының бірі. Елі­міз қырғыз экономикасына шамамен 650 миллион доллар инвестиция құйған. Қа­­зақстанда қырғыз бизнесі мен капи­талы­ның қа­тысуы­мен 700-ден астам кәсіпорын жұмыс жасап, біздің нарықтан табыс табуда.

Елдос СЕНБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*