«Нұрлы жер» халық пен нарыққа не берді?

1093
0
Бөлісу:

Биыл мемлекеттің тұрғын үймен қамтамасыз ету саясаты тағы бір түледі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен іске қосылған «Нұрлы жер» бағдарламасы биліктің әлеуметтік жауапкершілігі мен бизнестің нарықтағы белсенділігін арттыруға бағытталған міндеттерін толық атқарып шықты. Неліктен бизнесті қатар айтып отырмыз? Өйткені бағдарлама халықты баспаналы болсам деген арманына жақындатып қана қойған жоқ, сонымен бірге құрылыс нарығына да жан бітірді. Сарапшылар бағдарламаның EXPO – 2017 халықаралық көрмесімен қатар жүруі құрылыс саласындағы бәсекелестікті арттырды дейді. Ипотека нарығы да құралақан емес. Ranking сараптама орталығының хабарлауынша, соңғы онжылдықта бұл сектор алғаш рет қос таңбалы өсімге қол жеткізген. Яғни, 2017 жылдың қыркүйегінде банктердің тұрғын үй құрылысына немесе оны сатып алуға берген қарыз портфелі 13 пайызға өскен. Ендеше, биыл бағдарламаның қандай нәтижеге қол жеткізгенін жауапты мамандардың өздерінен сұрайық.

«Бәйтерек» ҰБХ басқарушы дирек­торы Қайырбек Өскенбаевтің айтуынша, холдинг бағдарламаның негізгі операторы және негізгі бес бағыттың төртеуін жүзеге асырады. Олар:
1) жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесі арқылы кредиттік тұрғын үй салуы;
2) бұған дейін қабылданған бағдар­ламалар бойынша (Нұрлы жол, ӨДБ-2020) құрылыстың аяқталуы;
3) халыққа арналған ипотеканың қол­жетімділігін арттыру;
4) жеке құрылыс салушыларды құры­лысқа ынталандыру. Холдингтің бес ен­шілес ұйымы – «Даму» КДҚ» АҚ, «Қазақ­станның Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ, «Қазақстан Ипотекалық ком­паниясы» ИҰ» АҚ, «Бәйтерек деве­лопмент» АҚ және «Тұрғын үй құ­рылысына кепілдік беру қоры» АҚ «Нұрлы жер» бағдарламасын іске асыруға атсалысты.
– «Бәйтерек» холдингі 2017 жылдан бастап кредиттік тұрғын үй құрылысы бағыты бойынша тек жергілікті атқарушы органдардың облигацияларын сатып алу арқылы ғана тұрғын үй құрылысын қар­жыландыруда. 2017 жылға жоспарланған 71,9 млрд теңгеге қаржыландыру жоспары 100 пайызға орындалды. Барлық қаражат, сондай-ақ жобаларды іріктеу, құрылыс салушыларды анықтау, игеру және құ­рылыс барысына мониторинг жүргізу бойын­ша функциялар жергілікті ат­қарушы органдарға берілді, – дейді Қ.Өскенбаев.
Тұрғын үй құрылыс жинағы желісі бойынша Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі жүйесінде 492 млрд теңге жинақ сомасындағы 1 023 мың шарт бар. Олар­дың 32 мыңы шартта көрсетілген кре­диттік тұрғын үйді сатып алу үшін қажетті жинақтың 30 пайызын жинап үлгерген. 2017 жылға қарыз беру 181 млрд теңге көлемінде жоспарланғанымен, жалпы сомасы 256 млрд теңгені құрайтын 37 мың қарыз берілген. Бұл – жоспардың 141 пайызы. Осыдан-ақ бағдарламаның қан­дай нәтижеге қол жеткізгенін көруге бо­лады. 2017 жылы ұлттық валютамен берілген ипотеканың төрттен үш бөлігін, яғни 75 пайызын Қазақстанның Тұрғынүй­­құрылысжинақбанкі ұсынған.
«Нұрлы жер» бағдарламасының банк секторынан бөлек құрылыс саласын да жандандыра түскенін «Бәйтерек» хол­дингі­нің басшысы ұсынған мына дерек­терден көреміз. Оның айтуынша, құ­рылыстың аяқталу бағыты бойынша бұған дейін қабылданған бағдарламалар шеңберінде жоспарланған 554,3 мың шаршы метрдің орнына 560,1 мың шаршы метр (9 637 пәтер) пайдалануға тапсы­рылған. Демек, тұрғын үй құрылысының жоспары артығымен орындалды деген сөз.

Ипотеканың қолжетімділігін арттыру мақсатында 2017 жылғы мамырдан бастап жаңа баспана сатып алу үшін халыққа екінші деңгейдегі банктер беретін ипоте­калық қарыздарды субсидиялау тетігі іске қосылды. Қазақстан ипотекалық компа­ниясы осы мақсатта қаржылық оператор болып бекітілді. Ол ипотеканың 16 пайы­зынан жылдық 6%-ға дейінгі көле­мін субсидиялайды. Нәтижесінде, тұты­нушы үшін сыйақының түпкілікті мөлшер­лемесі жылдық 10% пайыздан аспайды.
– Биыл 15 млрд теңге жалпы сомасына 1 мың ипотекалық қарызды субсидиялау жоспарлануда. 2017-2018 жылдары 120 млрд теңге сомасына 8 мың ипотекалық қарыз, олардың ішінде 2017 жылы 15 млрд теңге сомасына 1 мың қарыз, 2018 жылы 105 млрд теңге сомасына 7 мың қарыз субсидияланбақ, – деді холдинг басшысы. Сонымен бірге, жеке құрылыс салушы­ларды құрылысқа ынталандыру да өз нәтижесін көрсеткендей. Себебі, екінші деңгейдегі банктерге құрылыс компания­ларынан жалпы сомасы 64,4 млрд теңге болатын 42 тапсырыс келіп түсіпті.
Бұған дейін қабылданған тұрғын үй құрылысы бағдарламалары («Нұрлы жол», «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы») бойынша 554,3 мың шаршы метр үйді беру жоспарланған еді. Биыл бұл жоспар артығымен орындалып, 560,1 мың шаршы метр тұрғын үй (9 637 пәтер) тапсы­рылған.
– Биыл біздің банк 8 672 пәтер болатын 145 үйді қабылдап алды. Қазіргі уақытқа дейін 4 мың пәтер салымшыларға үлесті­рілді. Жыл соңына дейін ел бойынша тағы 52 үй пайдалануға берілуі мүмкін. Бұл – 4 879 пәтер. Өкінішке қарай, мұның бәрін жыл соңына дейін таратып үлгермейміз. Пәтерлердің құжаттарын әзірлеп, келісім­дерді рәсімдеу секілді жұмыстар бар. Оның үстіне салымшылар әрбір пәтерді қабылдап алуға тиіс. Осының бәріне біршама уақыт керек, – дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайы­мы Ләззат Ибрагимова.
Сондай-ақ 2018 жылдан бастап Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі әскери қызмет­керлерге 5 пайыздық мөлшерлемемен ипотека беруді жоспарлап отыр. Әскери қызметкерлерді қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында бірнеше шараны қолға алдық. Шамамен 60 мыңнан астам әскери отбасы баспаналы болу үшін жинақ жүйесіне қатыспақ. Олардың ішінде Қорғаныс министрлігінде, Ұлттық қауіпсіз­дік комитетінде, Шекара қызметінде, Ұлт­тық гвардия мен Мемлекеттік күзетте қызмет атқаратын әскерилерге жағдай жа­са­лмақ.
Осыған байланысты ТҚЖБ бүгін-ертең Қаржы министрлігінде бірнеше отырыс өткізеді. Әскери қызметкерлер үшін алдын ала займның 5 пайыздық мөлшерлемесін қарастырып отырмыз. Келер жылы бюд­же­тіміз 120 млрд теңгені құрайды. Бұл жобаға 2018-2019 жылдары 8 мың әскери отбасы қатыса алады. Қалғандары ТҚЖБ-мен бірге ақша жинауды жалғастыра береді. Әске­рилердің кез келген банктен ипотека ала алатынын айта кеткен жөн. Біз әлеу­меттік және мемлекеттік банк болғандық­тан, оларға тиімді шарттар қарастыруымыз қажет. Осыған орай жұмыс істеп жатырмыз.
«Қазақстан Ипотекалық Компаниясы» ИҰ» АҚ басқарма төрағасы Әділ Мұхамед­жановтың айтуынша, 2017 жылдың 15 жел­тоқсанына дейін 12,3 млрд теңге сомасына 1209 өтінім келіп түскен және оның 12 млрд теңгесі (98%), яғни 1180 өтінім мақұлданған.
– Жыл басынан бері «Нұрлы жер» бағ­дар­ламасы бойынша ипотекалық қарыз­дарды субсидиялауға 12,3 млрд теңге болатын 1209 өтінім келіп түсті және оның барлығы дерлік (1180 өтінім) мақұлданған. Ал 2018 жылы бағдарлама арқылы 105 млрд теңгеге 7 мың адам ипотекалық қарыз алуға өтінім бере алады. «Нұрлы жер» бағдарла­масы бойынша ипотекалық қарыздарды субсидиялауда қарыз алушыға, бастапқы тұрғын үйді сатып алу барысында соңғы мөлшерлемесін жылдық 10%-бен беруді қарастырады. Ондағы айырмашылық бағ­дарлама талаптарына сәйкес, Қазақстан Ипо­текалық Компаниясы арқылы мемле­кет қаражатымен өтеледі, – дейді ол.
«Нұрлы жер» бағдарламасы Қазақстан­ның барлық өңірін қамтығанын айта келе, Ә.Мұхамеджанов бағдарлама шеңберінде барлығы 120 млрд теңге сомасына 8 000 қа­рыз беру жоспарланып отырғанына тоқ­талды.
– Тағы бір ескере кетерлігі, ипотекалық тұрғын үй қарыздары сыйақысының бөлігін субсидиялау бағдарламасы іске асырылғалы бері маусым айынан бастап ипотекалық нарықтың жанданғаны байқалады. Коммер­циялық банктер Қазақстанның тұрғын-үй құрылыс жинақ банкін есепке алмағанда, 2016 жылмен салыстырғанда ипотекалық несиелерді беру көлемін 51 пайызға арттырған. «Халық тарапынан субсидияға деген сұраныс артып отыр, екінші деңгейлі банктер де бағдарламаға қатысуға қызығушылық таныта бастады. Бүгінде «Банк ЦентрКредит», «Сбербанк», «Банк ВТБ», «АТФ Банк», «Нұрбанк» және «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» секілді акционерлік қоғамдар қарыз беріп жатыр. Жыл соңына дейін бұл қатарға «Цесна банк» қосылуы мүмкін. Келесі жылы «Қазақстан Халық банкі», Forte Bank, Банк Kassa Nova, Tengri Bank, AsiaCredit Bank, Qazaq Banki бағдарламаға қатысуды жоспарлап отыр, – деді «ҚИК» төрағасы.
Қос нарықты қатар өркендетіп, халық­тың да үдесінен шыққан бағдарламаның қорытындысы көңілге қонымды. Бағдар­лама жүзеге асады деп бекітілген 15 жыл ішінде 1,5 млн тұрғын үй салу жоспар­ланған. Құжатта көрсетілген көрсеткіш биылдың өзінде артығымен орындалып жатқаны – халықтың шынында да баспа­наға мұқтаж екенінің дәлелі. Бейбіт өміріміздің себепшісі, қорғаныс қызмет­керлерін де назардан тыс қалдырмаған «Нұрлы жер» әлі талай отбасының басына пана болады деп сенеміз.
Серік ЖОЛДАСБАЙ,
Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*