Мұхтар ҚОЖА, археолог: Абылай ханның жерленген жері жайлы жаңа деректер анықталды

592
0
Бөлісу:

Қазақтың ежелгі қалалары туралы тың деректер іздеп, археология жүргізіп жүрген мамандардың бірі – Мұхтар Қожа. Оңтүстік Қазақстан өлкесіндегі байырғы қалалар туралы мәліметтер жинап жүрген ғалыммен әңгімеміз де осы төңіректе өрбіді.  

– Мұхтар мырза, ежелгі қалалар туралы біраз дерек жинадыңыз. Қазақтың байырғы қалаларына қатысты қандай жаңалығыңыз бар?
– Жазба деректерде және археологиялық зерттеулер арқасында белгілі болғанындай, Оңтүстік Қазақстан қалаларының басым бөлігі қазақ халқы қалыптаспай тұрып пайда болғанына қарамастан, археоло­гиялық қалдықтары қазақтың тарихи-мәдени ескерткіштері екені айдан анық. Аймақта жүріп отырған этникалық про­цестер барысында ежелгі отырықшы, қала­лық халықтың бір тобы қазақ халқының құрамына енді. Ортағасырлық қалалар қазақ хандығы тарихымен, қазақтардың шығу тегімен, мәдени және рухани мәдениетімен тығыз байланыста болды.
Тәуке хан кезінде Сырдария бойындағы қазақтарға бағынышты қалалар саны 32-ге жетті. Осы санды бір саудагерге сілтеме жасай отырып, ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда шетелдік ғалым Н.Витсен: «В то время как на козакских территориях в целом можно насчитать тридцать два маленьких городка», – деген мысал келтіреді. Оңтүстік Қазақстан қалаларына орасан соққы берген жоңғарлардың шапқыншылығы болды. Жоңғар жорықтары кезінде Сайрам мен Созақ қиратылып ойсырап қалды. XVIII ғасырдың аяғында Созақта бар болғаны 40 үй қалыпты. Н.Алимовтың айтуынша, Созақта шағын қала болмаған, оны қал­мақтар талқандап тұрғындарын өздеріне көшіріп алды. Шәді төре Жәңгірұлы Абылай хан Созақты қайта көтеру үшін Оңтүстіктің басқа аймақтарынан отырық­шы халықты аталған қалаға көшірген дегенді алға тартады. Деректерде қазақ­тардың бір бөлігі Оңтүстік Қазақстан қалаларында тұрғаны жөнінде мәліметтер кездеседі. ХVІ ғасырда Сығанақ тұрғындары қатарында арабтар, түркілер, қазақтар және қарақалпақтар да аталады.
1693 жылы Түркістан қаласына барған Теуш мергеннің есебі бойынша, онда Тәуке ханмен бірге қазақтар саны еркек пен әйелдерді қосқанда – мың адам. 1740 жылы келіссөздердің журналға жазылған нұсқасы бойынша, арғындардың басшысы Нияз батыр Түркістан қаласы тұрғыны деп белгіленген. Ұлы жүз биі Төленің Ташкент қаласында үйі болыпты, онда әйелі мен екі баласы тұрыпты. Қазақтың билеуші өкілдерімен қатар қалада кедейлер де тұрған. 1735 жылы Ташкент пен Түркістан арасындағы қалашықтарды атай отырып, саудагер Ш.Арсланов: «Сарттармен қатар, кедей қазақтар да тұрды», – дейді.
Қазақтардың Орта Азия қалалары мен көрші аймақтардың орталықтарында тұрғаны жөнінде де ақпараттар жетерлік. А.Левшиннің пікірінше, қазақтардың кейбірі Хиуада, Бұқарада, Қытай иеліктерінде, Ташкентте, Қоқанда тұрған әрі олардың өз үйлері, жері мен бау-бақшасы болған. Кейінгі ортағасырлық Бұқарада қазақтардың 15 үйден тұратын жеке орамы болған. Я.Гавердовский: «Орта жүздің көпшілігі қазірдің өзінде Қаратау айналасы мен Ташкенияда тұрақты ауылдар тұрғызып алған», – деген мәлімет қал­дырады.
Түркістан цитаделіндегі археологиялық зерттеулер барысында ХVІ-ХVІІ ғасырларда қалада көшпелі дәстүрі айқын тұрғындар пайда болғанын көрсететін материалдар табылды. Түркістан цитаделінің оңтүстік-батыс бұрышын қазу барысында 3 киіз үйдің астыңғы бөлігін бекітетін тас қаландылар табылды. Түркістан қаласы ішіндегі киіз үйлер Қазақ ордасында 1694 жылдың сәуір-шілде айларында болған Федор Скибин және Матвей Трошиндер жазған мақалалық тізімде аталады.
Қазақтардың бекіністер салғаны жө­нінде мәліметтер бар. Атаман Телятни­ковтың Ташкентке сапары жөніндегі жазбасы «Журнал похода подпоручика и атамана Телятникова в Ташкению (май 1796 г.)» деп аталатын журналда жазылған. Онда Арыс өзені бойында Ұлы жүздің үйсін бөлі­гінің жайлауы, оның көптеген жер­лерінде шағын бекіністер тұрғызылған және жау шапқанда сол өлкенің қазақтары әйел балаларымен тығылып, қарсылық көрсеткен деген мәлімет кездеседі.
Қытай деректері Ұлы жүзді (қытай де­рек­тері бойынша «Батыс қазақ ордасы») си­паттай отырып: «Бұл орда тіршілік тұр­ғы­сынан Шығыс ордамен ұқсас, алайда оны­мен салыстырғанда, қалалар бар», – деп көрсетеді. Цин дәуіріндегі Орта жүз қа­зақ­тарына арналған тарауда бұл ұлыс «орта жүз» деп аталады, орталығы Есілде жә­­не ханы Кэштын қаласында деп айтылады.
– Абылай ханды да көп зерттегеніңізді білеміз. Хандарымыздың көбі тәуелсіздік алғанға дейін ұзақ уақыт айтылмай келді. Хан мен биге қатысты мәліметтердің көбі сан алуан. Зерттеулерде неге бірізділік жоқ?
– Тарих ғылымы деректерге сүйенеді. Көптеген деректер тек тәуелсіздік алғаннан соң ғана белгілі бола бастады. Абылай туралы негізгі деректер қорын толық қам­тыдық деуге әлі ерте. Тарих ғылымында деректерді сыннан өткізу деген бар. Дерек­тердің өзінде болған оқиға әртүрлі тұрғыдан жазылады, сол кездегі билеушінің, жазған елдің көзқарасы, менталитеті тұрғысынан баяндалады. Осыларды ажыратып, бір-бірімен салыстырып, дұрыс-бұрысын тексерсек, ақиқатқа жақындаймыз. Бұл – көп еңбекті, ізденісті, білімді талап ететін жұ­мыс. Мысалы, Абылай қанша тіл білген деген сұраққа әр деректе әртүрлі жауап бар. Хан ордасына барып қайтқан капитан И.Бреховтің жазуынша: «Абылайдың өзі
де қытайша оқи да, жаза да, сөйлей де біледі», – дейді. Шы­ғыстың басқа да тілде­рін біл­гені жөнінде дерек бар: «Абылай и Юлбарс салтаны, толкуя то письмо на кал­мыцком и пер­сидском разговоре, киргиз­цам сказывали». Қайсысы дұрыс? Абылай жоңғар тұт­қынында болған сұлтандардың арасында ойрат тілін үйреніп алғанын білеміз. Қытайша ол қайдан үйренуі мүмкін? Осындай сұрақтарға жауап табу үшін тағы деректерді қарау керек.
– Абылай ханға қатысты жаңа деректер тапқан екенсіз. Құпия болмаса, ол қандай дерек?
– Егемендік алған соң Абылай хан қабірінің орнын анықтау мақсатындағы алғаш рет арнайы ғылыми ізденістер жүр­гізу мүмкіндігіне ие болдық. ХХ ғасырдың аяғында тарих, антропология және археология салаларындағы мамандар (2 антрополог және 1 археолог) ретінде іске кірістік. Бірнеше жыл ішінде біз археоло­гиялық, тарихи-антропологиялық ізденістер жүргізе отырып, Абылай хан жерленген орынды нақты анықтап, сол жерден шыққан қаңқаны тарихи тұлғамен сәйкестендіру жұмыстарын жүргіздік. 1999 жылы Оразақ Смағұлұлы, А.Оразаққызы үшеуміздің авторлығымызбен «Абылай хан» (тарихи антропологиялық зерттеу) атты кітабымыз шықан болатын.
Абылай ханға қатысты тарихи-антропологиялық зерттеуді аяқтап, оның нәтижелерін 1999 жылғы монографияда жария еткенімізге қарамастан, біз соңғы уақытқа дейін осы ғылыми мәселеге байланысты жаңа, бұрын-соңды пайда­ланбаған зерттеушілердің мәліметтерін жинап, оларды талдау жұмыстарын жалғас­тырып келдік. Біз сенімді мәліметтер қатарына ХІХ ғасыр мен ХХ ғасырдың басында Қожа Ахмет Яссауи ханакасында болған саяхатшылар, зерттеушілердің жазбаша қалдырған хабарларын жатқы­замыз. Осының нәтижесінде, Абылай хан жерленген орын жөнінде жаңа мәліметтер анықталды.
Олардың арасында, өте ертеде жазылған деректердің бірі – 1866 жылы Түркістанда болған және Қожа Ахмет Яссауи ханака­сын сипаттап кеткен А.Гейнстің кітабы.
А.Гейнстің жазуынша: «Мечеть Азрета заключает в себе еще длинные, темные коридоры, в которых похоронены очень большие люди. Так, тут нам показали могилу, сделанную, кажется, из мрамора, Аблая, хана Средней орды. … Г-й сказал, что он хорошо знаком со внуком Аблая, Велихановым, и просил муллу от имени последнего помолиться о даровании Аблаю счастья на том свете. Муллы согласились, стали на колени, бормотали что-то, к счастью, недолго и кланялись в землю, что в темноте, при белых тюрбанах мулл, было, впрочем, очень красиво. Недалеко от Абылая похоронена другая историческая личность, хан Большой Орды Юль-Барс». Осы айтылған хабардан, біріншіден, кесене шырақшылары Абылай ханның қабірінің орнын жақсы білгені байқалады, екіншіден, оның ханака ішінде орналасқан жері Сүйініш хан құлпытасы тұрған «Аблайхана» дәлізіне сай келетінін байқауға болады.
1873 жылы Түркістан қаласында болып Қожа Ахмет Яссауи ханакасын сипаттап кеткен АҚШ-тың Ресей империясындағы консулы Ю.Скайлердің мәліметтері де назар аударарлық. Turkistan. Notes of journey in Russian Turkistan, Khokand, Bukhara and Kuldja атты кітабында «атақты Абылай хан» қабірі де аталып өтеді: On the right and left are rooms filled with tombs of various Kirghis Sultans of the Middle and Lesser Hordes, among them the celebrated Ablai Khan. Бұл мәлімет Лондонда 1880 жылы басылған Henry H.Howorth. History of the Mongols атты кітабының 2-бөлігінде қайталанады. Бұл мәліметте де хан моласы Қожа Ахмет Яссауи кесенесі ішінде жатқаны айтылады. Осы моңғолдар тарихына арналған кітапта орта ғасыр мен жаңа замандағы қазақ хандары, Әбілқайыр мен Абылай туралы сол кездегі шығыстану саласында жинақталған мәліметтердің барлығы дерлік пайдаланылған. Бұдан басқа да мәліметтер жетерлік.
Барлық жаңа табылған мәліметтерді біз Абылай хан туралы жаңа кітабымызда келтірдік. Осы монографиялық зерттеуді қазақша және орысша етіп дайындап қойғанбыз.
– Арыстан бап кешеніне қатысты да мәселе қозғаған едіңіз. Ол мәселе шешімін таба алды ма?
– Арыстан бап кесенесі – тарихи ескерткіш. Тарихи ескерткіштерді жөндеу, күту мәселелерінде әлемдік деңгейде қалыптасқан ережелер бар. Олар ескіден қалған бөлігіне, байырғы бейнесіне өзгеріс енгізбеуді талап етеді… Арыстан бапқа кіретін байырғы темір есігі орнына жаңа ағаш есік орнатылды. Күзде жасалған реставрация кезінде мешіт бөлігінің күмбезіне көрінбейтін етіп қаңылтыр қағылды. Бұрын мұндай болмаған. Ескеркіш бейнесінде осындай жылтырап тұратын қаңылтыр болмауы керек. Әулие алды құдды қаладағы парк сияқты етіліп үлкен құмыралар үлгісінде бір фигуралар қойылды. Алдындағы алаңға бұрын болмаған түрлі тастан қиылыстырылған өрнек салынды. Бұл дұрыс емес.
– Қазақ жәдігерлеріне қатысты қауіп туралы жиі айтасыз. Бұл мәселе сізді әлі де алаңдата ма?
– Өкінішке қарай, ескерткіштерді күту ойдағыдай емес. Қазақстан бойынша бірнеше байырғы қала орындарына қақпалар салынып тасталды. Түркістанның өзінде бірнеше супер жаңа қақпа пайда болды. Қазіргі заманда салынған қақпа кімге керек? Отырардың аман жеткен ескі қақпасының бөліктерінің үстіне көптон­налық құрылыс тұрғызылуы байырғы өзінің төл бөлігінің сақталуына кері әсер етуі сөзсіз. Уақытында ЮНЕСКО/Жапон жобасы бойынша шетелдік мамандар ара­ласуымен консервация жасалған Отырар моншасы әлемдік талаптарға сай болатын. Біздің кейбір реставратор мамандар монша үстіне ұсқынсыз темір тіреулерге сүйенген алып жабу жасады. Тіреулер қою үшін байырғы моншаның элементтері бұзылды. Осындай қажетсіз жобаларға миллиондаған қаражатты босқа шашу керек пе? Туристерді қашыратын «реставрация» кімге керек?
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Шыңғыс ЖӘНІБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*