Шалғайдағы тұрғындар медициналық пункт, жол, интернет желісін қосу секілді мәселелерді көтерді
Шалғайдағы тұрғындар медициналық пункт, жол, интернет желісін қосу секілді мәселелерді көтерді
AMANAT партиясы Қызылорда облыстық филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова Арал ауданына қарасты Беларан ауылдық округі, Құланды елді мекені тұрғындарының өтініштерін тыңдады. Онлайн ұйымдастырылған қабылдау барысында ауыл тұрғындары медициналық пункт, ауылдық клуб, жол, интернет желісін қосу секілді мәселелерді алға тартты. Нақтырақ айтсақ, ауыл ардагерлері кеңесінің төрағасы Сағидулла Дәулетов ақсақал, халықтың сапалы медициналық қызметке қол жеткізу үшін елді мекендегі медициналық пункті Қаратерең амбулаториясынан шығарып, Арал қаласындағы емханалардың біріне қаратса дейді. Сондай-ақ, зейнеткер 1970 жылы іргетасы қаланған Құланды ауылдық клубты заманауи үлгіде қайтадан салып берсе деген өтінішін білдірді. Қарияның өтінішін мұқият тыңдаған Атқарушы хатшы сол жерде нақты жауап берді. Яғни, медициналық пункті Қаратерең амбулаториясынан шығарып, Арал қаласындағы емханалардың біріне қарату мәселесі бойынша қаладағы емханаға қарайтын халық саны мен Құланды халқын қоса есептегенде заңнамалық нормаларға сәйкес халық санының тым көрсеткіштен асып кететіндігі түсіндіріліп, аудандық емханаға көмекке жүгінген науқастарға кезек күттірмей жұмыс жасау, сонымен қатар, Құланды ауылының тұрғындарына айына 2 рет, 3 күн бойы медициналық тексеру жүргізу мәселесі жауапты мамандармен келісілгендігін атап өтті. Ал ауылға жаңа мәдениет үйін салу мәселесінің елді мекенде халық санының аз болуына байланысты өткен жылы 24 қарашада бекітілген «Құрылыс нысандарын салуға жататын білім, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт нысандары туралы» тізбеге енгізілмегендігін жеткізді. Яғни, тұрғындар саны 1000 адамнан асса ғана жаңа ғимарат салынатынын нақты жеткізіп, әзірге жөндеу жұмыстарын жүргізуге ықпал ететінін айтты. Ауыл тұрғыны Жакуп Жұбанышов Бейнеу – Шымкент газ құбыры жанындағы автожолдан бастап, Құланды елді мекеніне дейінгі кіре беріс жолға тас төсеп, асфальт салып беруге ықпал етуді сұрады. Партия филиалының Атқарушы хатшысы жалпы ұзындығы 35 шақырымды құрайтын бұл жолды бүгінгі таңда ауданның коммуналдық мешігіне алу жұмыстарының жүріп жатқандығын тілге тиек етіп, келер жылы кезекке сай құрылыс жұмыстары жүргізілетіндігін жеткізді. Қабылдау барысында Ләйлә Төрешова мобильді интернет желісін қосуға қатысты ауыл тұрғындарының өтінішіне нақты жауаптар беріп, барлық мәселелер оң шешімін тапқанша партиялық бақылауда болатынын атап өтті.