Ұлы бетбұрыстар Ұлытаудан бастау алады
Ұлы бетбұрыстар Ұлытаудан бастау алады
Ұлытауда ұлы дала шежіресінің жарқын беттері жазылып жатыр. Байырғыдан солай болған: киелі қазақ жерінің темірқазығы, ұлттың ұясы – Ұлытауда тарихымыз ғұндар заманынан тамыр тартып, кейін Еуразияны ен жайлаған Көк Түрік бабаларымыздан, бертінде Алтын Орда, Жошы ұлысы дәуірінен алтын тіні ажырамай, жалғасын тапты. Енді міне, осы қасиетті өлкеде, жақында құрылған Ұлытау облысында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысы өтті.

 Қайта жаңғырған дәстүр

Жиынды ашқан Мемлекет басшысы құрылтай шақыру ертеден келе жатқан ата дәстүрі екенін, яғни бабалар жолына түскенімізді айтты. – Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдасып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болды. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өтті, сырттағы қандастарымыз атамекенге шақырылды. Біз бабалар жолын ұстанып, құрылтай шақыру дәстүрін жаң­ғырттық. Елдігімізді нығайтып, бірлігімізді бекемдейік деп, бүгін бас қосып отырмыз, – деді ол. Президент құрылтайды ұлы бабалар кеңес құрған Ұлытаудан бастап отырғанының мәнін түсіндірді. – Ұлы даланың төрінде тұрған Ұлы­тау талай тарихи оқиғаның куәсі болған. Ел тағдырын айқындаған көптеген маңызды кеңестер дәл осында өткен. Киелі өлкеде Алтын орда әміршілері мен Қазақ хандарының ізі қал­ған. Біз ұрпақтар сабақтастығы жалғасын тапсын деп осы жерге келіп отырмыз. Ұлт ұясы – Ұлытаудың ғасырлар бойғы ұлы миссиясы қайта жалғасын тапты, – деді Президент.

Қазақ тілі жойылмайды

Қаңтар оқиғасының бір тағылымы сол, алауыздық елімізді араздастырып, аздыруы, әлсіретуі мүмкін. Ендеше, Ұлттық құрылтай аясында хал­қы­мыздың бірлігінің жаңа жылнамасы түзіледі деген үміт бар. Сондықтан ал­ғашқы жиында ұлтты ұйыстыратын, ел бірлігін нығайтатын мәселелерге көп мән берілді. Президент әрбірімізді қазақ тілін дамытуға нақты іспен үлес қосуға шақырды. – Елімізде ұлтына, тіліне бола, еш­бір азаматтың құқығы шектелмеуі тиіс. Әйтпесе қоғамда дау-жанжал тууы мүм­кін. Ел ішіне іріткі түскенін, елдің даму­дан кері кеткенін қалайтындар осы­­ны тілеп отыр. Сол себепті тіл мә­се­лесінде бәріміз ұстамдылық таныт­қанымыз абзал. Бұл сырт көзге ұлтымыздың өз болашағына деген сенімсіз­ді­гі, тіпті әлсіздігі сияқты көрінеді. Бі­рақ баршамыз тілге құрметімізді құр сөз­бен емес, нақты іспен көрсетуіміз ке­рек. Қазақ тілі ғылымның, техниканың, бизнестің тілі болуы үшін үлес қосайық, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Оның байламынша, қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жойылмайды, жасай береді. – Мемлекеттік рәміздерімізге, ана тілімізге деген құрмет әрқашан жоғары болуы тиіс. Қазақ тіліне қатысты алаң­даушылық елдегі жағдайды дұрыс тү­сінбегеннен туындады. Шын мәнінде, бұрынғы ахуал мен қазіргі кезеңді мүл­дем салыстыруға болмайды. Бұрынғыдай емес, мемлекеттік тілдің тұғыры күн өткен сайын нығайып келеді, – де­ген Президент қазақ тілінің жоғары технологияларға кірігіп жатқанын мы­сал етті. Жуырда атақты Apple компаниясы қазақ тілін iOS-тың тілдер жүйе­сіне қосты. – Жаһандық басты ақпарат құралдары қазақша шығып жатыр. Әлемнің 40 тілінде тарайтын Nickelodeon телеарнасы қазақша көрсетіле бастады. Жастардың бастамасымен National Geographic журналы 6 жылдан бері ана тілімізде жарық көріп жатыр. Осындай көптеген жағымды жаңалық бар. Демек, қатты алаңдауға негіз жоқ деп ой­­лаймын. Десек те, осы саладағы жұ­мы­сымызды даңғаза қылмай, табанды­лықпен жүргізуіміз қажет. Қазақ мемлекеті аман тұрғанда, қазақ тілі жасай береді. Бұған ешқандай күмән болмауы керек, – деді Мемлекет басшысы. Тіл жанашырлары қазақ ті­лі­нің жаңа әліпбиін жасау үрдісінің то­қырағанына наразы. Әйт­кен­мен, Қ.Тоқаев бұл істе асығыс­тық танытпауға үндеді. Бұған дейін қа­зақ тілі 2025 жылы латын гра­фи­касына көшеді деп бекітілген бо­латын. Енді оның нақты мерзімі бел­гісіз екен. – Тілге байланысты тағы бір маңыз­ды мәселе – латын әліп­биі­не көшу. Қоғамның кейбір өкілі «біз әлі күнге дейін кирилл қарпі­нен арыла алмадық» деп алаң­дау­шылық білдіруде. Бірақ мұның бірін­ші кезекте өте күрделі лин­г­вис­тикалық мәселе еке­нін ескеру ке­рек. Осыны жа­қ­­сы түсінген жөн. Біз бұған дейін 2 рет латын гра­фикасына көшуге тырыстық. Алай­да ол талаптар сәтсіз болды. Сон­дықтан бұл мәселеде жан-жақ­ты, терең талдау жасап барып, тү­бегейлі шешім қабылдаған маңыз­ды. Кириллицадан латын әліп­биіне жасанды түрде, тек әріп­терді өз­гер­те салу арқылы кө­шуге болмайды. Әйт­песе бұл үл­кен қателікке апа­рып соғады. Ең бастысы, азаматтар, әсіресе жас­тарымыз қазақ тіліндегі бар­лық сөздің латын графика­сын­дағы жазылу тәртібін анық білуі ке­рек. Яғни, тілімізге арналған ор­фогра­фия­лық-емле ережелерін қай­та қа­ра­ған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. ұлттық құрылтай Ол бір мысал келтірді. Қазақ ті­лін­дегі байырғы сөздерде «Ы» әр­пі жиі кездесетіні белгілі. – Осы әріпті кириллицадан ла­тиницаға механикалық түрде кө­шіре салсақ, тиісті әрбір сөзде «Y» ағылшын қарпі пайда болады. Бұл дұрыс емес деген ойдамын. Басқа түгіл, біздің түркі тілдес ағайын­дарымызға да «Ы» әрпі жиі кез­десетін сөздерді оқу қиынға тү­седі. Айталық, «тыныштық» (tynyshtyq) сөзі. Міне, сондықтан мен Тіл білімі институтына қазақ ті­лінің жаңа орфографиясын әзір­леп шығуды жүктедім. Сонда ғана латыншаға көшу туралы сөз қоз­ғауға болады. Біз асықпауға тиіс­піз. Көшедегі билбордтардағы жаз­­­­баларды, министрліктердің атау­ларына қарасақ та жеткілікті. Ті­ліміз бұрмалануда. Ашығын айт­қанда, бұл қазақ тілінің таби­ға­тына жат, тіпті тілімізді мазақ қылу сияқты. Бізге мұндай үстірт тіл реформасы қажет емес. Бізге нағыз реформа керек. Тіл – ұлт­тың жаны. Оған немқұрайлы қа­рау­ға болмайды. Сол себепті тек ті­ліміздің мәртебесін көтеретін гра­фиканы қабылдаймыз, – деді Қ.Тоқаев.

Ұлтты ұйыстыру алаңы

Ұлттық құрылтай мәселесіне кел­сек, оның құрамына 117 адам кір­ді. Құрылтай барлық облыс­тың, сантүрлі саланың, әр буын­ның өкілдерін қамтиды. Онда ор­та буынның тәжірибесі, жаңа­ша ойлайтын жастардың тың идея­лары ортаға салынады. Мем­ле­кет басшысы оның ел бір­лігін ны­ғайтатын, қоғамды ұйыс­тыра­тын тың идеялар орталығы бо­ла­тынына сенім білдірді. Сөй­тіп, алты Алаштың баласы жи­нал­ған алқалы жиында алғашқы тап­сырмасын да берді. – Ұлытауда барлық рудың таң­басы тасқа жазылған. Сол ар­қылы бабаларымыз ұлт бірлігін көр­сеткен. Қаныш Сәтбаев «Елі­міз­дің ту тіккен жері – Таңбалы тас» деген. Өкінішке қарай, қас­тер­л­і жазулар кейін әбден бүлінді. Ел азаматтары Ұлытауға ескерт­кіш қойып, тастағы таңбаларды жаңғыртты. Бұл жеткіліксіз деп ой­лаймын. Мұнда қазақтың бір­лі­гін әйгілейтін сәулетті нысан тұруы керек. Мен Әулиетаудың ете­гінде «Мемлекеттік рәміздер алаңын» ашуды тапсырамын! Қа­сиетті өңірде көк байрағымыз ас­қақтап тұруы тиіс. Сол арқылы ұр­пақтар сабақтастығы жалғасып жат­қанын көрсетеміз, – деді ол. Қ.Тоқаев құрылтайдың 3 мін­дет-мақсатын атады. Ол ұлтты ұйыс­тыратын парасатты, тың идея-ұсыныстарға айрықша мән беруі керек. – Біріншісі – Жалпыұлттық бір­лікті нығайту. Ең алдымен, ұлт­тың жаңа сапасын қалып­тас­тыруға айрықша мән беруіміз қа­жет. Сонымен қатар қоғамды ал­ға жетелейтін құндылықтарды қа­лыптастыруымыз керек. Ор­нық­ты демократиялық институт­тар құра­мыз десек, саяси жауап­кер­ші­лік мәдениетін дамытуымыз қажет. Шын мәнінде, нағыз отан­шылдық қасиетті қалыптастыруға тиіспіз. Сонда радикализм мен экс­тре­мизмге тосқауыл қоямыз, – деді Президент. Оның пікірінше, ұлтты ұйыс­ты­ратын басты қасиет – атаққұ­мар­лық емес, еңбекқорлық. – Отбасын асырау үшін табан­ды еңбек етіп жүрген, заңға бағы­на­тын адамдар құрметке ие болу ке­рек. Өкінішке қарай, бізде кө­ше бұзақылары, жауапкершіліктен жұрдай блогерлер және масылдық пи­ғылдағы айқай шығаратын адам­дар бүгіннің батырына ай­нал­ды. Депутаттар мен атқарушы би­лік өкілдері соларға ғана баса мән беретін болды! Түрлі деңгей­де­гі шенеуніктер солардың ғана та­лабын орындауға жүгіреді. Ор­талықтағы және аймақтардағы би­лік барлық азаматтың мұң-мұқ­тажына бірдей қарауы тиіс, – деп нықтады Мемлекет басшысы. Президент жүргізіліп жатқан ре­формалардың мән-маңызын ха­лыққа дұрыс түсіндіруді 2-ші маңыз­ды міндет ретінде атады. Қа­зір бұл жаңғырулар біртіндеп жал­пыұлттық сипатқа ие бола бас­таған. Ол халықтың жаңа тех­но­логиялар арқылы ауқымды ре­формаларға қатысуын 3-ші маңыз­­ды міндет деп белгіледі. Жаңарулар қоғам өмірінің әр са­ласын қамтиды. Мәселен, Мем­­лекет басшысы Ұлттық мере­ке­­лер мен атаулы күндер тізбесіне де өзгеріс енгізген жөн деп есеп­тейді. Ол Тәуелсіздік мейрамының мә­нін өзгертпестен, кейінгі жыл­дары атаусыз қалған «Республика күніне» ұлттық мереке мәртебесін қай­таруды ұсынды. Бұл күні, яғни 1990 жылғы 25 қазанда «Қазақ КСР-нің Мемлекеттік егемендігі ту­ралы декларациясы» қабыл­дан­ған болатын. – Бұл – еліміздің Тәуелсіздік жо­лындағы тұңғыш қадамы. Осы құ­жатты қабылдағанда Тұңғыш Пре­зидент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды рөл атқарды! Рес­пуб­лика күні елдің мемлекет құру жо­лындағы тарихи қадамы­ның сим­волы болуы керек. Әри­не, Тәуел­сіздік күнінің бастапқы мә­ні сақталады. Бұл күн мемле­кет­тік ме­реке болып қала береді. Бі­рақ ол Тәуелсіздік алуға зор үлес қос­қан ұлттық батырларымызға тағ­зым күні ретінде атап өтілуі ке­рек, – деді Қ.Тоқаев. Мемлекет басшысы сөз со­ңын­­­да қазақ қоғамын тол­ған­дыр­ған келелі мәселелердің бәрі Ұлы­­тауда, Ордабасыда, Мәртө­бе­де, Күлтөбеде өткен осындай кеңес­­терде шешілгенін айта ке­ліп, Ұлттық құрылтайдың келесі жиы­­нын Түркістанда өткізуді ұсын­­ды. Жиында Мемлекет бас­шы­­сынан бөлек, Ұлттық құрыл­тай­­дың он мүшесі сөз сөйледі. Құ­рыл­тайды Мемлекеттік кеңес­ші Е.Қарин жүргізді. Құрылтай соңында Қасым-Жомарт Тоқаев бел­гілі ақын Мұхтар Шахановқа «Қа­­зақстанның Еңбек Ері» ата­ғын беріп, кеудесіне «Отан» ор­де­нін тақты.