ШҚО-да жаз басталғалы 6 адам суға кеткен
ШҚО-да жаз басталғалы 6 адам суға кеткен
Шығыс Қазақстан облысында жаз шыққалы бері 6 адам суға батып кеткен. ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, маусым айынан бастап аймақта 6 адам, оның ішінде 1 бала суға кеткен.
«Көз жұмған адамдардың барлығы жабдықталмаған орында шомылған. Қазір қайғылы оқиғалардың алдын алу мақсатында полицейлермен бірлесіп рейд жүргізілуде. Соның нәтижелері бойынша ӘҚБтК-нің 364-бабына (ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу) сәйкес 10 адам жауапқа тартылған. Сондай-ақ жағажайда алкогольді ішімдік ішкен 3 азамат анықталды», –  делінген ТЖД мәліметінде.
Шығыс Қазақстан облысы әкімінің қаулысына сәйкес,  өңірдегі 116 учаскеде шомылуға тыйым салынған.
«Шомылу орындарының түбі тексеріліп, тазартылуда. Демалыс базаларының иелерімен 39 меморандум жасалды. Мұндағы мақсат – оларға тиесілі жағажайларда халық қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі. Өскемен қаласында шомылуға арналған 2 ресми орын бар. Олар бүгінде демалушыларды қабылдауға дайын. Жалпы, облыста суға түсуге рұқсат етілген жағажай саны – 6», – делінген хабарламада.