Жала жойылғанмен, жара жазылмайды
Жала жойылғанмен, жара жазылмайды
577
оқылды
Жуырда елордада алқабилер соты тапсырыспен адам өлтіру ісі бойынша айыпталған Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы майоры Айдын Алпысбаевты кінәсіз деп тапты. Ол бүгінге дейін сегіз жыл бойы абақтыда отырған уақыты үшін, әлбетте, мемлекеттен өтемақы талап ете алады. Қымбатқа түсетін осындай қателіктердің құны біздің елде қалай белгіленеді? Жаңылған сот жауапқа тартыла ма? Өлім жазасын өңешін жырта жақтайтындардың позициясы қаншалықты орынды? Осы сұрақтарға жауап іздеп көрген едік...

Жаптым жала, жақтым күйенің құрбандары

2008 жылы Түлкібастағы учаскелік полицей Мейірхан Ахим­беков қызметіне ұқыпсыз қарады деген айыппен бір жарым жылға түрмеге тоғытылды. Бір жарым жылдан соң полиция капитаны әлгі айыптың заңсыз болғанын дәлелдеп, ақталып шықты. Абақтыда өткізген уа­қыты үшін ол 4 миллион теңге өтемақы талап еткен. 2015 жылы алматылық Серік Сәрсембаев денсаулыққа ауыр зиян келтірді деген айыппен сегіз жарым жылға сотталды. Өзіне көрсетілген қысымға шыдамай, істемеген қылмысын істедім деп мойындаған Сәрсембаевты 283 күннен соң аппеляциялық сот ақтап алды. Оған төленер өтемақы сомасы бастапқыда – 500 мың теңге, кейін 2 миллион теңге бо­лып белгіленді. 2018 жылы бес жыл бойы по­лицияның қуғынына ұшыраған Риддер тұрғыны да өтемақы өн­діріп алды. Оған 2013 жылдан бас­тап діни алауыздық тудырды деген айып тағылған болатын. Сол уақыттың ішінде 25 күн пси­хиа­триялық емханада және жарты жыл үйқамақта отырып шыққан азамат өзінің кінәсіздігі дәлел­денген соң, материалдық және моральдық зиян үшін бірнеше миллион теңге өтемақы талап еткен. Өскемен соты оның ары­зын ішінара қанағаттандырып, жәбірленушіге 1 миллион тең­ге­сін өтеп беруге үкім шығарды. Мұндай жағдайлар біздің елде жиі болмаса да, жоқ емес. Мәсе­лен, Жоғарғы Сот ұсынған де­рекке сүйенсек, 2018 жылы – 270, 2019 жылы – 318, 2020 жылы 329 іс бойынша ақтау үкімі шыға­рыл­ған. Былтыр ақталған 272 істің 45-і онша ауыр емес, 59-ы ауыр­лығы орташа, 155-і ауыр, ал 13-і аса ауыр қылмыс түріне жатады. Заңгер, адвокат Мейірман Шә­кеевтің айтуынша, Қазақстанда ақтау үкім­дері жыл сайынғы сот үкім­дерінің 2-3 пайызын ғана құрайды.

Судьяға сот бар ма?

Жазықсыз жауапқа тартыл­ғаны үшін берілетін өтемақы құ­нының Қазақстанда қалай бел­гі­ленетініне келсек, ол кейбір ел­дердегідей түрмедегі әр жыл (не­месе ай) үшін пәлен сома деп бекітілмейді. Мұнда кінәсіз аза­маттың қандай жапа шеккеніне қатысты факторлар есепке алы­нады. Онда да ақталып шыққан азамат өтемақы мәселесі бойын­ша сотқа арнайы жүгінуі керек. «Өтемақының арнайы құны белгіленбеген. Ол екі фактор – материалдық және моральдық зиянды ескере отырып өндіріледі. Моральдық шығынды есептеуде азаматтың қамауға алу кезінде психологиялық тұрғыда қалай қи­­налғаны, ал материалдық зиян­­ды есептеуде оның сот про­цесі кезіндегі (мәселен, адвокатқа төлеген) шығыны, сондай-ақ егер сол уақытта ол жұмыс істеп, та­быс тауып жүрген болса айы­рыл­ған табысы ескеріледі», – дейді заңгер, адвокат Ақмарал Палма­ханова. Кезінде қате үкім шығарған судья жауапқа тартыла ма дейсіз ғой?! Адвокат Мейірман Шәкеев мұндай себеппен оларды жазалау қиын екенін айтады. «Судьяларды жауапқа тарту­дың өз тәртібі бар. Кез келген адам арыз түсіріп, қылмыстық іс қозғамайды. Бізде судья тәуелсіз болғандықтан, оған қатысты тек Бас прокурордың өтініш хатымен ғана іс қозғалады», – деді ол. Онда да судьяның әлгі әді­летсіз шешімді қасақана шығаруы дәлелденген жағдайда ғана оны Қылмыстық Кодекстің 418-ба­бына сүйеніп, 2 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостанды­ғынан айыруы мүмкін. Ал оны дәлелдеу өте қиын екені белгілі. Басқа уақытта судьялардың жа­ңылысуы «сот қателігі» деген ұғым аясында қарастырылып, олар тәртіптік жауапқа тартыла­ды (мысалы, жұмыстан шыға­ры­лады). Мұндай қателіктердің кө­біне сот материалдарындағы дә­лелдер әсер етеді. «Мойындау керек, бізде судья­лар көбіне прокурорлардың айыптау актісіне сүйенеді де, үкім шығара береді. Айналып кел­ген­де, соттың тәуелсіздігі бұзылып жатады», – дейді адвокат Мейір­ман Шәкеев.

Түзелмейтін «қателік»

«Өлім жазасы қашанда керек» десіп, қызыл кеңірдек болып дау­ласуға дайын жұрт осындайда жоғарыдағы мысалдардан-ақ ой қорытуына болатын сияқты. Әлеу­меттанушы Кирилл Титаев­тың сөзімен айтсақ, құқықтық логиканың не екенін білмейтін жұрт «бұлтпартпайтын дәлел» мен «соттың қылдай қиянаты жоқ әділдігіне» сенеді. «Мәселенің мәнісі сонда, құ­қықтық логикада дәлел-дәйектің кейбір шараларына мән беріл­мейді. Сот үшін тек ақ пен қара ғана бар. Кінәлі немесе кінәлі емес. Осы заманғы бірде-бір құ­қық жүйесі дәлелдерді жете баға­лай алмайды. Тағылған айы­бы дәлелденсе, ондай адам жа­зала­нады, ал дәлелденбесе жаза­дан құтылады», – дейді ғалым. Жалған дәлелдермен жаза ар­қалап кететіндердің ішінде кінә­сіз адамдардың болмауы мүмкін емес қой. Биылдан бастап еліміз­де Мемлекет басшысының Жол­дауын іске асыру жөніндегі жал­пыұлттық іс-шаралар жоспа­рының «Құқық қорғау инс­ти­тут­тарын күшейту» бағытындағы іс-шаралар аясында Консти­туциядан өлім жазасы алынып тасталды. Ендеше, бұл шешімнің гуманистік тұрғыдан бөлек, ло­гикалық қырынан да орынды болғанын көреміз. 2013-2016 жылдары берілген америкалық «Rectify» («Қателік­терді түзеу») сериалын көргендер болса, бас кейіпкер Даниэль Хол­деннің өзі жасамаған қылмыспен 19 жыл бойы түрмеде отырып, ақталып шыққаннан кейін қан­дай психологиялық күйді бастан кешкенін ұмытпаған шығар. Сол күй – жазықсыз абақтыға қама­лып, кейін ақталғандардың бәрі бет­пе-бет келетін тығырық тә­різді. Оны көрсеңіз, тым болмаса сезінсеңіз, сізге тіпті миллион­даған доллар өтемақы төлесе де әділетсіз айырылған бостан­дық­тың бір күніне татымайтынын мойындайсыз.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ