Соңғы кездері елдің әр өңірінде қаңғыған итке таланған бала көбейді. Бұдан кейін баласы үшін алаңдаған ата-аналар наразы болып жүр. Оларға қарсы тарап та жоқ емес. Бір тарап «қаңғыбас үй жануарларынан қауіп көп, жаппай атып тастау керек» десе, қарсы жағы «мемлекет ізгілік көрсетіп жануарларға пана ашуы қажет» дейді. Екі жақтың өз шындығы бар. Осы күні елде қанша иесіз ит пен мысықтың бары белгісіз. Бір анығы, былтырға дейін Алматының өзінде әр жыл сайын 21 мың ит пен мысық ұсталып, өлтірілген. Сонымен, қаңғыбас иттермен күресті қалай жүргізген жөн? Балалардың қауіпсіздігін бейжай қалдырған жоқпыз ба? Шенеуніктер неге шарасыз? Таяуда Ақтөбеде 12 жастағы баланы бұралқы ит талап өлтірді. Оның алдында ғана Алматы облысының Талғар ауданында баланы ит қапты. Баланың бетіндегі жараны тігуге тура келген. Денесінде де жыртылған жарақаттар бар. Ал жапа шеккен баланың жақындарына иттің қожайыны еміне деп 30 мың теңге қаражат беріп құтылмақшы болыпты. Алайда баланың ата-анасы қабаған ит иесінің жауапсыздығы үшін жазаның қатаң түрін қарап, пластикалық операция жасатуға ақша талап етіп отыр. Сәуірдің соңында ит талаған бала көбейген соң Атырауда ата-аналар наразылыққа шықты. Ақтөбедегі бала өлімінен кейін де тұрғындар жергілікті билікке қарсылық көрсетті. Балаларын үйінен шығаруға қорқып қалған ата-аналар қаңғыған иттердің көзін жоюды талап етіп отыр. Жасырары жоқ, әкімдік өкілдері де тұрғындар жағында екенін ескерткен. Айтуларынша, иттерді өлтіре салуға болады, бірақ жаңа заң рұқсат бермей тұрғаны қолбайлау. Ол не заң? 2016 жылы белсенділер жануарларды қорлауға қатысты Алматыда митинг ұйымдастырды. 2019 жылдың қараша айында жануарларды қорғаушылар Мәжіліске «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» заңының жобасын ұсынған болатын. Депутаттар оны Үкіметке 2020 жылдың қаңтарында тапсырды. Сол жылы шілдеде заң жобасын Экология министрлігі қолға алды. Тамыздың басында қоғамдық тыңдалым өтіп, оған жануарларды қорғаушылар, кинологтар мен басқа да мүдделі азаматтар қатысты. Заң жобасының басты қағидаларына жануарларға ізгі болу және заманауи талаптарға сай болу енді. Мысалы, үй жануарларын бірыңғай базаға тіркеу, қараусыз және қаңғыбас жануарларды бақылауда ұстау талабы, олардың санын этикаға сай реттеу, жануарларға қатаң қарауды насихаттауға тыйым салу, ауыл шаруашылығында төрт түлікті жас балалардың көзінше союға тыйым салу ұсынылды. Себебі сарапшылар жануарларға қатысты тұрмыстық зомбылықтың ашылмай қалатынына қапалы еді. Мәселен, былтыр әлеуметтік желілерде итті көлікпен сүйреген, басын тоңазытқыш есігіне қыстырып, басқан, қапқа салып ұрған адамдардың видеосы тарап кетті. Осыдан кейін жануарлар құқығына қатысты қоғам арасында да дүмпу болған. Ал жануарды қорлағандарға жаза болған жоқ. Иә, Қылмыстық кодекстің 316-бабы бойынша (120 АЕК (333 360 теңге) көлемінде айыппұл немесе 120 сағат қоғамдық жұмысқа тарту, 30 тәулікке қамау) іс қаралатын. Бұл бап қоғамға аса зиян келтірмеген, кішігірім бұзақылық қылмыстарға негізделген. Зардап шеккендер полицияға жүгінбесе де болады. Соның әсерінен жануарларды қорлаған жайттардың көбі жабулы күйінде қалды. Енді биыл наурыздан бастап бұралқы иттерді атуға тыйым салынды. Оның үстіне, «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» жаңа заң 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап иесінің үй жануарларын тіркеуге міндеттейді. Есепке алу ақылы болмақ, ал халықтың әлеуметтік осал тобына жататындарға бұл рәсімді мемлекет өтеп береді. Осы заң иттердің өз бетімен жүруіне де тыйым салады. Иесі табылса, айыппұл төлейді. Иесіз ит болса да өлтірілмейді. Арнайы орынға жеткізіледі. Жыл сайын олардың санын реттеу үшін мемлекеттік бюджет есебінен стерильдеу, яғни арнайы химиялық не физикалық жолмен өлтіру жүргізіледі. Ал иесі болуы мүмкін делінген жануарларға бұл әдіс қолданылмайды. Айтпақшы, жаңа заң мен әзірленіп жатқан нормативтік-құқықтық актілер пакеті басқа түгілі иттерді төбелестіруге, ветеринарлық оталарды арнайы екпесіз жүргізу, жануарларды жазасыз өлтіру, жануарларды қинап, дер кезінде көмек көрсетпеу, қатыгездікпен аулауға да тосқауыл қояды. Міне, осыдан кейін жергілікті әкімдіктер бұралқы иттерді қару қолданып өлтіре алмайды. Заң тыйым салған соң шенділер шарасыз. Әзірге көшеден ұсталған жануарларды баспанамен қамту жағы, қажет кезінде химиялық өлтіру қалай іске асады, қанша қаражат бөлінетіні толық анықталмай жатыр. Бұл мәселеде парадокс дүние көп. Әйтеуір, тұрғындардың жанайқайы шыдатпады ма, жақында Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин қоластындағыларға қаңғыған иттерді 3 аптаның ішінде жоюды тапсырғанын айтты. Заңды кінәлау заңды ма? Мәжіліс депутаты Сергей Симинов бұралқы иттердің көшеде жайбарақат жүруін реттей алмаған шенеуніктерді жауапқа тарту керек деп есептейді. – «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң күшіне енген соңғы үш жарым айда бірнеше бала өліп, ауыр жарақат алды. Депутаттардың өңірлерге сапары кезінде тұрғындардан, жергілікті атқарушы органдардан иттер мәселесіне, қабылданған заңды жүзеге асыру тетігінің жоқ екеніне қатысты шағымдар түсті. Біз заң күшіне енбей тұрып дабыл қақтық. Жүзеге асыру механизмдері мен тиісті қаржыландыру болмаған жағдайда проблемалардың туындайтыны белгілі еді, – дейді ол. Мәжілісмен қаңғыбас иттер мәселесіне байланысты Экология және Ауыл шаруашылығы министрліктеріне де сауал жолдағанын айтады. Алайда мардымды жауап болмаған. Жануарлар құқығын қорғаушы Сергей Снегирев те Ақтөбеде ит талап қаза тапқан оқушының өліміне шенеуніктерді кінәлайды. – Жергілікті билік басты назарды елдегі панасыз жануарлардың санын реттеу үшін оларды аулау мен атуға тосқауыл қойған «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заңға аударып отыр. Қайғылы оқиғаға себеп болуы мүмкін бірнеше факті бар. Осыдан 3 ай бұрын күшіне енген «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң жергілікті атқарушы органдардың аймақтық үдерістеріне өз алдына тосқауыл қоя алмайды. Ол үшін заңға сәйкес әзірленген жергілікті ережелер бар. Заңға байланысты белгілі бір процестердің механикасы мен алгоритмдері күшіне енетін заңға ілеспе заңға тәуелді актілерде көрсетілуі керек еді. Қарапайым тілмен айтсақ, әкімдіктер үшін заң аясында жұмыс істеудің жолдары ұсынылуы керек еді. Мұндай нақтылық болмағандықтан, әкімдіктер панасыз иттермен күресе алмады, – деді маман. Елімізде 2020 жылға дейін қаңғыбас иттерді атумен жеке кәсіпкерлер айналысып келді. Енді бұл функция ветеринариялық стансаларға өтті. 2021 жылы жануар құқын қорғаушылар иттерді жоймай, арнайы питомниктерде ұстауды талап еткен болатын. Олардың осы уәжі ескерілді. Қазір тұрғындардың нақты арыз-шағымы түскен жағдайда ғана бұралқы иттердің көзін жою туралы шешім қабылданады. Салдарымен ғана күресетін бұрынғы үрдістің жолы осы болса керек. Ал жай күні шұбырған қаңғыбас итке ешкім кедергі емес. Миллиард теңге қайда жұмсалады? Иесіз жануарларға арнайы баспана салып, бағудың бюджет үшін салмақ екенін айттық. Негізі, осы кезге дейін бұралқы иттерді аулап, жойып отыруға жергілікті әкімдіктер бірталай қаржы қарастырып келген. Орта есеппен әр облыстың әкімдігі жыл сайын 60-100 миллион теңге аралығында бөлген. Мысалы, Алматы қаласының әкімдігі 2020-2021 жылдар аралығында бұл мақсатқа 150 миллион теңге жұмсаған. Былтыр Атырау облысында бұралқы ит-мысықтарды жоюға 47 миллион теңге бөлініп, оның 25 миллионы облыс орталығының үлесіне тиген екен. Жалпы республика бойынша ит өлтіруге кеткен шығын 1 миллиард теңгеден асады. Мұндай сомаға иесіз жануарларды көшеде қаңғытпай асырауға, қажет кезінде химиялық жолдар арқылы санын қысқартып отыруға да мүмкіндік болар еді. Ал әлем елдеріндегі жағдайға тоқталсақ, көп мемлекеттің біздегідей жануарлар құқын сақтауға тырысып жатқанын көреміз. Ресей 2018 жылы «Жануарларға жауапкершілікпен қарау» федералды заңын қабылдап үлгерді. Қазір ресейліктер аймақтардағы жекеменшік және муниципалды жануарлардың баспана мәселесін шешіп жатыр. Ал Еуропа одағында 1987 жылдан бері Жануарларға жәбір көрсетуден қорғау жөніндегі конвенция жұмыс істейді. Германия 2002 жылы жануарларды қорғауды конституция арқылы бекітті. Италияда осыған ұқсас заң мен оған берілген түсініктер 241-бетте толық жазылған, оған қоса онда әртүрлі үй жануарын асырауға қатысты кеңестер бар. Канадада 2020 жылдан бастап үй жануарларының денсаулығын арнайы инспекторлар қадағалайды, ал жануарларға қарсы қылмысты хабарлау үшін жеке желі жұмыс істейді. Бұл тұста адам хақы мен жануарлар құқының бетпе-бет келіп тұрғанын аңғардық. Әрине, жануарларға қамқорлық болғаны жөн-ақ. Әйтсе де, қоғамның, соның ішінде балалардың қауіпсіздігін бірінші кезекке қойған абзал.