Ерлікте бақай есеп болмайды – Азамат Жұмаділов
Ерлікте бақай есеп болмайды – Азамат Жұмаділов
677
оқылды
Біздің қоғамда сын сағатында тәуекелге барып, өзгенің амандығы үшін өз өмірін қатерге тігуге дайын азаматтар көп. Тосын жағдайда тосылып қалмай, көмекке ұмытылып, азаматтығымен бірге батылдығын, ержүректігін танытқандар жайлы аңызға бергісіз әңгімелер де жиі айтылады. Ел аузындағы Сәбит пен Сағидың оқиғасы біздегі бейбіт күннің батырларына құрмет-қошеметтің айрықша боларын аңғартты. Осы орайда 15 жыл бұрын ерен ерлікпен тұтас бір отбасын өлім аузынан аман алып қалған «Халық Қаһарманы» Азамат Жұмаділовпен сұхбаттасқан едік. – Азамат Тілеуханұлы, өміріңізде өз өрнегін қалдырған 2007 жылдың 10 қазанындағы оқиғаны қайта еске түсіріп көрейікші. Өртке оранған үйге қарай бет алғанда өз басыңызды да тәуекелге тіккелі тұрғаныңызды сезіне алдыңыз ба? – Сол кеште Алматы облысы Үштөбе қаласындағы Абылайхан көшесімен түнде анамды әпкесінің үйінен алып келе жаттым. Тұрғын үйлердің бірінде өрт болып жатқанын көзім шалып қалды. Сол сәтте осы төңіректе кішкентай балалардың ойнап жүретіні, киімдерінің жайылып тұратыны есіме түсіп кетті. Көп ойланбас­тан көлікті үйдің маңына тоқтаттым. Әй-шайға қарамай, ішке кірдім. Әрине, қасымда тұрған анам мені тоқтатуға тырысып бақты. Ал менің бар ойым жалын ішінде қалып кеткен адамдарды құтқару болды. Алғаш кіргенімде анасы мен кішкентай баланы және газ толтырылған баллонды алып шықтым. Қолымдағы 2,5-3 жастағы баланы көрген анам шошып, «Жанып кеткен бе?» – деп сұрады. Мен тірі екенін айттым. Сол сәтте үйдегі екі ересек баланың артымнан шығуға шамасы келмей жатқанын білдім. Өртеніп жатқан үйге қайтадан кіріп, оларды да сыртқа алып шықтым. Анасы есін жинап, құжаттарын алу үшін үйге кірмекші болды. Мен оның жолын бөгеп, үйдің құлайтынын ескерттім. Расында, біз үйден екі-үш қадам аттар-аттамастан, үйдің төбесі ортасына опырылып түсті. Әрине, қас қағым ғана сол бір сәтте жалын ішінде қалып қойған адамдарға көмектесемін деп жүріп, ерлік жасағаным­ды ойлаған да жоқпын. – Сіздің бүтін бір отбасын өрттен аман алып қалғаныңызды басқалар қалай білді? – Үйдегі адамдарды толық құтқарып болған соң, біз көрші үйдің бірінен өрт сөн­дірушілер мен жедел жәрдемді шақырт­тық. Өрт сөндірушілер менің әскери формада тұрғанымды көріп: «Әскерисің бе?» – деп сұрады. «Иә», – деп едім олар менен командирге хабарласып, әскери бөлімнен қосымша техника бөлдіруді өтінді. Мен әскери бөлімдегі кезекшілерге хабарластым. Олар командирге шығып, қажетті техникаларды жіберді. Оқиға орнына біздің әскери бөлімнің командирі бастаған өрт сөндірушілер командасы да келді. Қаланың қақ ортасындағы бұл үйдің жанында екі бірдей жанар-жағармай құю стансасы болды. Сондықтан өртті дер кезінде ауыздықтамаса, жағдайдың қалай ушығарын бағамдаудың өзі қиын еді. Өртпен алысып жүргенде түн ортасы­нан ауды. Таңертең әдеттегідей өз уақы­тында жұмысқа бардым. Таңғы саптық тексеріс кезінде бөлім командирі жеке құрамға менің өрт кезінде бір отбасының өмірін құтқарып қалғанымды айтып берді. Содан соң жергілікті әкімдіктен іздестіріп, сый-құрмет көрсетіп жатты. Арада бірер күн өткен соң біздің әскери бөлімге Әуе қорғаныс күштерінің бас қолбасшысы келді. Ол кезде мен бөлім кезекшісінің көмекшісі едім. Бөлім командирі бас қолбасшыға 10 қазан күнгі жағдайды баяндады. Бас қолбасшы командирге дереу сол оқиға туралы толық баяндалған анықтама жіберуге тапсырма берді. Сол кісілер арқылы әлгі анықтама Қорғаныс министріне, одан Елбасыға жетіп, жоғары марапатқа ие болдым. Шыны керек, мен өзім «Халық Қаһар­маны» болам деп ойлаған жоқпын. Бірақ бұл атақты алу әр азаматтың қолынан келеді деп ойлаймын. – «Халық Қаһарманы» атағын алу саптағы әскери қызметші ретінде сізге қосымша жауапкершілік жүктеген болар?.. – Әрине, бұл атақты иелену маған үлкен жауапкершілік жүктеді. «Халық Қаһар­маны» ретінде жас сарбаздарға, келісім­шартпен қызмет атқаратын қызмет­шілерге үлгі болуым керек. Сондықтан патриоттық бағыттағы түрлі шараларды ұйымдастырып, солардың бел ортасында жүремін. – Қазір қандай қызмет атқарып жүрсіз? – Қазіргі таңда 12881 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасарымын. 2007 жылдан бері Қарулы Күштердің қатарында қызмет атқарып келе жатырмын.  – 15 жылдан бері әскери өмірдің бел ортасында жүрген азамат ретінде Қазақстан Қарулы Күштерінің қазіргі дамуын қалай бағалайсыз? – Осы салада жүрген маман ретінде Қарулы Күштердің дамып келе жатқанын сеніммен айта аламын. Әскери қызмет­шілердің әлеуметтік мәртебесіне айрықша көңіл бөлініп жатыр. Сырт көз де сап­тағы­лардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға баса назар аударылатынын аңғаратын болар. – Сонда да болса отандық қорғаныс жүйесі жиі сынға ілігеді. Әсіресе әскердегі әлімжеттік бой бермей тұр. Айналдырған бірер айда бірнеше сарбаз қаза тапты. Бұл мәселеге қатысты көзқарасыңыз қандай? – Әлімжеттік жасау фактілері Кеңес Одағының әскерінде де болған. Тіпті, сол тұстағы кейбір оқиғалардың соңы сарбаз өлімімен аяқталып жатты. Бірақ ол кезде мұндай ақпараттар көп жариялана қой­майтын. Қазір барлық ақпарат қолжетімді. Оның үстіне әлеуметтік желілер бар. Осы салада жүрген маман ретінде әкери бөлімдерде профилактикалық жұмыстар көп жүргізілетінін айта аламын. Өзім де жеке құрамға басшылық етемін. Олармен де күнделікті профилак­тикалық шаралар жүргізіледі. Әскери полиция өкілдерімен кездесулер ұйым­дастырылып тұрады. Біз өз тарапымыздан әскердегі әлімжеттікке жол бермеуге және оның алдын алуға барымызды сала­мыз. Күні-түні жеке құрамның жанында боламыз. Ал сарбаздардың қайтыс болу деректері бойынша құзырлы органдар тексеру жүргізіп жатыр. – Сіздің ойыңызша, әлгіндей оқиғалар жастардың Отан алдындағы қастерлі борышын өтеуге қызығушылығын төмендетіп жібермей ме? – Отан алдындағы борышын өтеу-ер азаматтың қастерлі парызы. Өкінішке қарай, заман ағымына ерген жастар әскери борыш, азаматтық парыз дегеннің салмағын сезіне алмай жатыр. Олардың арасында әскери борыштың тартым­дылығын арттыруға барша қоғам атсалысуы керек. Мектептердегі алғашқы әскери дайындық пәнінің сағат санын көбейтіп, оны мемлекеттік емтиханға енгізуді құптаймын. Сол арқылы жас ұрпақтың бойында әскери қызметке деген қызығу­шылық пайда болар еді. Осы пәнді терең­дете оқыту арқылы жастарға әскери өмірдің әліппесін де үйретуге болады. – Өзіңіз де әскери кафедраның түлегісіз. Бірақ сарапшылар әскери кафедралардың маман даярлау қабілетіне күмәнмен қарайды. Бұл мәселеге қатысты ойыңыз қалай? – Шынын айтқанда, мен әскери кафедрада білікті оқытушылардан дәріс алдым. Мұнда да көп нәрсе оқытушыларға байланысты. Рас, әскери кафедраға студенттер аптасына 1 рет қана барады. Меніңше, әскери дәріс күндерінің сағатын көбейтіп, студенттерді әскери бөлімге практикаға жіберіп, казармалардағы жағдаймен танысуына жағдай жасау керек. Сонда оларға әскери өмірге бейімделу жеңілдеу болады. Қазір менің қол астымда әскери кафедраның екі түлегі бар. Азаматтық мамандықтары бойынша жұмыс табу қиын болған соң әскери салаға келген. Әңгіме ауанынан олардың әскери саладан кеткісі келмейтінін байқаймын. Солардың қарым-қабілетіне, білім-білігіне қарап, әскери кафедрадағы маман даярлау ісінің сапасы төмен деген пікірмен келіспеймін. – Өзіңіз «Халық Қаһарманы» ретінде жастармен жиі кездесіп тұрасыз ба? – Мектептерде алғашқы әскери дайын­дық пәнінің мұғалімдерімен көп кездесу­лер өткізіп тұрамыз. Басқа қалалар­дан, өңірлерден шақыртулар түсіп жатады. Әскери салада жүргендіктен, оларға бару­дың ыңғайы келе бермейді. – Ұл-қыздарыңыздың жолыңызды қуғанын қалайсыз ба? – Қазір төрт қыздың әкесімін. Екінші қызымның әскери салаға қызығушылығы бар. Әскери киімдерімді киіп суретке түсіп жүреді. Өз тарапымнан: «Сен Әлия, Мәншүк апаларыңдай ел қорғайтын қыз­дар­дың қатарында болуың керек», – деп қанаттандырып отырамын. Ұлым болса, міндетті түрде әскерге жіберемін. Баланы әскерге жіберуден қорықпау керек. Ер бала үшін әскери тәртіптің берері мол. – Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Шынболат АТЫХАНҰЛЫ