Мемлекеттің маңызды қадамдарын түсіндіруде

906
0
Бөлісу:

Сенат төрағасының орынбасары Бектас Бекназаров, сондай-ақ сенаторлар М.Бақтиярұлы мен Б.Еламановтың Қызылорда облысындағы жұмыс бабындағы сапары одан ары жалғасты. Депутаттар Қармақшы ауданында «Қорқыт ата» мемориалдық кешенінде болды.

Сенат вице-спикері Б.Бекна­заров Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қо­ғам­ды рухани жаңғырту мен ұлт­тық құндылықтарды сақтауға бағыт­талған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында алға қойыл­ған мақсаттарды кешенді түрде іске асыру қажеттігін еске салды.
Сенаторлар Қазалы ауданының Әйтеке би кентіндегі «Тәуелсіздік» аллеясында да болды. Б.Бекназаров аудандық аурухананың еңбек ұжы­мымен кездесу барысында денсаулық сақтау мәселелері депутаттық кор­пустың ұдайы назарында екенін атап өтті. Бұл ретте Сенатта 2018 жылы «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексті іске асыруға арналған парламенттік тыңдау өткізу көзделіп отырғаны хабар­ланды.
Депутаттар Сырдария ауданына барған кезінде «Еңбек даңқы» мұражайында болды. Шиелі ауданына сапар барысында сенаторлар цемент зауытын, спорт-сауықтыру кешенін және құс фабрикасын аралады. Олар облыс аудандарында мәслихат депутаттарымен, құқық қорғау органдарының басшыларымен және жұртшылықпен кездесті. Сенат төрағасының орынбасары шараға қатысушыларды Жоғарғы палатаның өткен жылғы қыз­ме­тінің қорытындылары ту­ралы хабардар етті. Ол конститу­ция­лық реформа­лар мен таяуда қабылданған жаңа Салық және Кеден кодекстеріне, қыл­мыстық және әкімшілік заң­намаға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға баса назар аударды.
Сенат депутаттары С.Еңсегенов пен Ғ.Дүйсембаев Аты­рау облысының Индер ауданындағы Индербор кентінде жұртшылықпен кездесті. Шараға аудан және ауылдық округтер әкімдері, облыстық және аудандық мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының бас­шылары, ардагерлер, кәсіпкерлер және шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.
Кездесуде сенаторлар Парла­мент­тің Жоғарғы пала­тасының өткен жылғы заң шығару қызме­тінің қорытындылары туралы хабардар етіп, Мемлекет басшы­сының бастамасы бойынша елі­мізде жүзеге асқан саяси рефор­ма­лар мен қоғамдық өмірдегі жаң­ғы­рулар туралы әңгімеледі. Талқылау барысында депутаттар жиналғандардың сауалдарына жауап берді.
Осы күні Сенат депутаттары М.Жолдасбаев пен Ә.Нұралиев отандық химия өнеркәсібінің беткеұстары – Жамбыл облысындағы «Қазфосфат» компаниясында бол­ды. Сенаторлар кәсіпорынның экономикалық көрсеткіштерімен және 2018 жылға арналған жоспа­рымен танысты. Депутаттар еңбек ұжымымен кездесу барысында Пар­ламенттің Жоғарғы палатасының заң шығару қызметі және осы сес­сиядағы қаралған заңдар туралы әңгімеледі. Талқылау кезінде таяуда қабылданған «Жер қойнауы және жер қойнауы туралы» жаңа кодекс мазмұнына ерекше тоқталды.
Сенатор О.Перепечина Солтүстік Қазақстанда жұртшы­лықпен кездесті. Осында ол Солтүстік Қазақстан және Қостанай облыстарындағы 183 елдімекенді таза ауызсумен қамтамасыз етіп отырған «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорынның «Есіл су» бөлімшесінде болды. Кәсіпорын қызмет көрсететін аймақтағы 2920 шақырым су құбырының басым көпшілігінде апаттық жағдай орын алып отыр. Жалпы ұзындығы 1800 шақырым болатын құбыр бөліктеріне жедел жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 48 миллиард теңге бөлу керек екен. Кәсіпорын басшылығы су құбырын жаңартуға республикалық бюджеттен қаржы бөлуге көмектесу туралы сенаторға өтініш айтты.
Сенат депутаты сондай-ақ Петропавл қаласындағы Машина жасау колледжінің ұжымымен де кездесті. Оқу мекемесінде дуалды жүйе негізінде білікті мамандар даярлау жөніндегі жоба табысты жүзеге асып келеді. Бұл жоба Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауындағы төр­тінші басымдықты іске асыруға – адам капиталы сапасын жақсартуға бағытталған.
Дуалдық оқытуды енгізу жөніндегі негізгі кәсіпорындар ретінде Петропавл ауыр машина жасау зауыты белгіленіп, онда жеке оқыту орындары ұйымдастырылды. Сондай-ақ оқу кабинеттері ашылған. Аймақтағы «Қазмұнайгазмаш», «ЗМО», «Основание», «Про­метей», «Ремплазма», «Сол­түс­тікЭнергоЖөндеу» және басқа да кәсіпорындар – колледждің әлеуметтік әріптесі. Оқу орны түлектері 70 пайызының жұмысқа орналасуы дуалдық жүйенің тиімділігін дәлелдеп отыр.
Депутат Р.Әбдікеров Қарағанды облысындағы Ақтоғай ауданында жұмыс бабындағы сапарда болды. Ол Жалаңаш ауылында 150 мүйізді ірі қара малына арналған «Тәттібек» шаруа қожалығының бордақылау алаңында болып, шаруашылық басшысы Г.Мейірмановамен өн­дірісті ұлғайтудың және мал шаруа­шылығы саласының экспорттық әлеуетін арттырудың келешегін талқылады.
Сенат депутаттары Р.Әкімов пен Д.Әділбеков Көкшетау қаласында Ақмола облыстық кәсіпкерлер палатасының қызметкерлерімен кездесті. Шараға Ақмола облыстық кәсіпкерлер құқықтарын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің, Іскер әйелдердің аймақтық кеңесінің және Кәсіпкерлер қауымдастығының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында Парла­менттің 2017 жылғы жұмысының негізгі қорытындылары туралы әң­гімеленді. Әсіресе, Салық кодексіндегі өзгерістерге ерекше назар аударылды. Бұл құжаттағы жаңалықтар іскерлік белсенділікті ынталандыруға, жеке және заң­ды тұлғаларға қатысты салық заңна­масын оңайлатуға бағытталып отыр. Салық әкімшілендірулері мен тексеру тәртіптерінің тетіктері жетілдіріліп, құжат айналымы жеңілдетіледі.

Дайындаған Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*