«Цифрлық дәуір» еңбек нарығында төңкеріс жасай ма?

1341
0
Бөлісу:

Өткен жылы Президенттің халыққа Жолдауы мен Ұлт жоспары – «100 нақты қадам», одан бөлек мемлекеттік және салалық бағдарламалар алға қойған мақсаттарға жетудің жолдарын айқындап берді. Биыл да атқарар жұмыс аз емес. Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында цифрлық дәуір өнеркәсібін қалыптастыруға арналған индустрияландырудың үшінші бесжылдығын әзірлеуге кірісу керектігін айтты. Онда автоматтандыру мен цифрландырудан туындайтын проблемалар да назардан тыс қалмаған. Мысалы, экономикамыз үшін IT және инжинирингтік қызмет көрсетуді дамыту ерекше маңызға ие. Бірақ соның нәтижесінде, жұмыс орындары азаятыны да жасырын емес. Сондықтан тарихи маңызды құжатта Мемлекет басшысы «Экономиканы цифрландыру табыс әкелгенімен, жұмыс күшінің көптеп босап қалу қаупін де тудырады. Босайтын жұмыс күшін еңбекпен қамту үшін келісілген саясатты алдын ала тиянақтау керек. Білім беру жүйесін, коммуникация мен стандарттау салаларын жаңа индустрияландыру талаптарына бейімдеу қажет болады» деп атап өтті.
Өндірісті автоматтандыру мен жасанды интеллект алдағы онжылдықта жаңа мамандықтар мен жұмыс орын­дарының ашылуына мүмкіндік бермек. Демек, бизнес үрдістердің жаңа бағытқа бет алуы еңбек нарығына қосымша сал­мақ салады. Яғни, болашақта ма­ман­дардың біліктілігі бүгінгіден де жоғары дәрежеде сыналады. Орталық ком­муникациялар қызметінде сөз сөйлеген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова да Президенттің Жолдауына қатысты ведомствоға қандай міндеттер жүк­телгенін айтып өтті.
– Қазір 600-ге жуық ірі мекеме еңбек күшін цифрландыруды көздеп отыр. Сондықтан жұмыс күшінің босатылуы әбден мүмкін. Сол 600 компанияның 137-і жол картасына қол қойды. Карта аясында жұмыстан босатылғандарды жұмыс орындарымен қамтамасыз ету жолдарын қарастырамыз. Сонымен бірге, оларды жаңа кәсіпке, жаңа талаптарға сай келетіндей етіп қайта оқытатын боламыз. Жергілікті атқарушы билік органдарының деңгейінде мо­ниторинг жасалады. Жұмыс берушілер мен министрлік және белгілі бір салалар жауапты мемлекеттік органдар осы ба­ғытта атқарылатын жұмыстарды ба­қылап отыратын болады, – деді ол.
Жолдауда Мемлекет басшысы жаңа өнеркәсіптік революцияға сәйкес жаңа кәсіби стандарттарды дайындау қажеттігі туралы да айтып өткен еді. Оған қатысты вице-министр алдағы уақытта жаңа кә­сіби стандарттар әзірленетінін хабар­лады.
– 2012-2015 жылдары 449 кәсіби стандарт әзірленген болса, қазір оны жаңартып, қосымша стандарттар енгізу арқылы олардың санын 550-ге жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл стандарттар жұмыс берушілердің пікірлерімен санаса отырып бекітіледі. Бірақ естеріңізде болса, 2016 жылдан бастап осы шаруамен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы айналы­сады, – деп мәлімдеді С.Жақыпова. Сонымен бірге, ол жалпы жаңа кәсіби стандарт дегеннің не екенін түсіндіріп өтті. Бұл – жұмысшылардың біліміне, құзыреті мен дағдысына қойылатын талап. Бүгінгі таңда олар бәсекеге қабілетті және жұмыс берушінің барлық талаптарына толық жауап беруі тиіс.
– Әрине, егер кәсіби стандарттар өзге­­ретін болса, білім стандарттары өз­геріске ұшырайды. Сапалы мамандарды даярлау үшін осы қарым-қабілеттердің барлығын студенттік шақтан бастап, болашақ қызметкерлердің бойына сіңдіруіміз қажет. Мұнда да ҰҚП-мен және Білім министрлігімен біргелікте жұмыстар атқарылатын болады, – деді вице-министр.
Министрліктің білім саласын на­зардан тыс қалдырмағаны орынды әрі қажетті жағдай. Өйткені әлемде болып жатқан тенденция бірінші кезекте білім саласындағы реформаларға негіз бола­ды. Дегенмен халықаралық деңгейде са­рапшылардың болжамы «цифрлық дәуірге» енуден көптеген қызметкер сан соғып қалады деген үрейді сейлітуге ықпал етті. Мысалы, түрлі зерттеулермен айналысатын Forrester Research ком­паниясы «Бір ғана АҚШ-тың өзінде автоматтандыру мен жасанды интел­лекттің өндірісте пайдаланылуы 15 мил­лионға жуық жұмыс орнының ашылуына септігін тигізеді» деген мәлімет тартқан. Бұл – ондағы жұмыс күшінің 10 пайы­зына тең көрсеткіш. Яғни, дәстүрдің озығы бар, тозығы бар демекші, заманымызға қажетті деген мамандықтар қала береді де, ал тозығы жетіп трихтың еншісінде қалатын қызмет түрлерін жаңа жұмыс орындары алмастырады. Мысалы, сондай мамандықтар қата­рында тауарды немесе өнімді құрасты­рушы секілді қызмет түрі енгізілген. Forrester Research ең бірінші осындай компаниялардың қызметкерлері қысқартуға ұшырауы мүмкін екендігін жасырмайды.
Сондай-ақ алдағы онжылдықта роботтар құрастырумен, автомобиль басқарумен, үй жинау, кофе дайындау секілді т.б. күн сайын қайталанатын жұмыстармен шұғылдануға машық­танады. Массачусетс технологиялық университеті мен Бостон университетінің ғалымдары әрбір робот еңбек нары­ғындағы алты адамды айырбастай алады деген болжам жасады. Бірақ роботтарды да адам жасап шығаратынын ес­керсек, нәтижесінде оларды да құрас­тыратын мамандардың қажет болаты­нына көз жеткіземіз. Сонымен бо­ла­шақта оның бағдарламасын енгі­зетін, роботты басқа да жаңа жұмыстарға икемдейтін кәсіп иелері сұранысқа ие болады. Осыған сәйкес бағдарламаны жасақтау, жобалау немесе қызмет көр­сету, білім және өзге де салаларда бүгінде бізге бейтаныс кәсіп түрлері пайда бол­мақ. Қазіргі жұмысшылардың қызметі де 25 пайызға өзгеріске ұшырауы мүмкін. Мысалы, ауыл шаруашылығы, меди­цина, қаржы саласынан несібесін тауып жүргендер қосымша қабілеттерді меңгеруіне тура келеді.
Freedom finance компаниясы биржа жаңалықтарына шолу жасай отырып, аталған тенденция нарықта қашық­тықтан білім беретін оқу орындарының салмағы артады деп мәлімдейді. Тіпті автоматтандыру мен жасанды интеллект бизнес жүргізу құрылымын да түбейгейлі өзгеріске ұшыратса таң қалмаңыз. Өйткені қазірдің өзінде ірі компаниялар ЖОО түлектерінің білім деңгейіне көңілдері толмай, өз қызметкерлерін түрлі қайта даярлау курстарына жіберіп, компанияның есебінен көптеген тренингтерге қатысуына мүмкіндік жа­сап қойған.
Сондықтан өзгерістер уақытпен санаспаса да, жұмысшылар заман та­лыбына тез-ақ бейімделіп, жұмыссыз қалмаудың жолын қарастырса болады. Ондай жағдайда сіз жай ғана қызметіңізді өзгертесіз деген сөз. Оған АҚШ-тың экономикасы дәлел. Мысалы, 2000-2010 жылдары автоматтандыру жұмыс орындарын 87 пайызға қысқартты. Бірақ Америка экономикасындағы жұмыспен қамтамасыз ету деңгейі әлі де әлемнің ең жоғары көрсеткіштерінің қатарында. Демек, Жолдауда айтылғандай, еліміз­дегі адами капитал сапасының сүрең тартпауына мән беріп, білім жүйесін жетілдіре түссек заманның сын-тегеурініне төтеп беруге қауқарлы бола­мыз.

 

Кәмила ДҮЙСЕН

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*