ЖОЛДАУ БАСЫМДЫҒЫНЫҢ БІРІ – ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ КӨРСЕТУ

2480
0
Бөлісу:

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:

– Елбасы Жолдауы – мемлекет бұған дейін қолға алып, сәтті жүзеге асырып келе жатқан индус­трияландыру, цифрландыру, Қазақстанның үшінші жаңғыруы бастамаларына тың серпін берген маңыз­ды құжат және «Қазақстан – 2050» стратегиясы мен партияның Сайлауалды бағдар­ла­маласындағы Мемлекет басшысы айқындап берген стратегиялық міндеттерді жүзеге асырудың лайықты жалғасы.


Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауына орай, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед партия Орталық аппараты құрылымдық бөлімдері және филиал басшыларының қатысуымен жиын өткізді.

Іс-шара барысында Мұхтар Құл-Мұхаммед Жолдаудың еліміздің дамуы жолындағы айтарлықтай маңызына назар аударып, бұл саяси құжаттағы Президент қойған 10 маңызды міндетке тоқталды.
– Елбасы Жолдауы – мемлекет бұған дейін қолға алып, сәтті жүзеге асырып келе жатқан индус­трияландыру, цифрландыру, Қазақстанның үшінші жаңғыруы бастамаларына тың серпін берген маңызды құжат және «Қазақстан – 2050» стратегиясы мен партияның Сайлауалды бағдарламаласындағы Мемлекет басшысы айқындап берген стратегиялық міндеттерді жүзеге асырудың лайықты жалғасы, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Партия Төрағасының Бірінші орынбасары индустрияландыру үдерісіне жаңа технологияларды енгізудің стратегиялық маңыздылығын атап өтіп, оның жарқын үлгісі ретінде Алматы облысына сапары кезінде болған өндірістік-индустрияландыру аймағын мысалға келтірді.
– Өңірде Мемлекет басшысының жаңа мақсат­тарына жауап беретін ірі «Алматы-Стекло» зауыты жұмыс істейді. Онда Қазақстанда баламасы жоқ қондырғылар қойылған. Зауыт дербес тапсы­рыстарды ірі көлемде шұғыл өндіруге мүмкіндік береді. Кәсіпорын өз өнімдерінің әлемдік сапаның эталонына сәйкес келетініне кепілдік береді. Ол өткен жылы ғана ашылғанына қарамастан 18 млрд теңгенің өнімін шығарып үлгерді. Тағы бір кәсіп­орын – «Алматы өнімі» серіктестігі кондитерлік өнімдерді шығарады. Кәсіпорынның басты ерекшелігі – 100 пайыздық қазақстандық қамту мен мейлінше ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді енгізу. Зауыт жаңа болса да, оның жоғары сапалы экологиялық таза өнімі Қазақстанда әйгілі болып, Орталық Азия елдеріне, Ресейдің көптеген қалала­рына, сондай-ақ Германия мен Беларусьқа экс­портталуда. Кәсіпорын шикізатты өңдеу мен жоғары сапалы дайын өнімдерді әлемдік нарыққа шығаруды қамтамасыз етуге байланысты Елбасы Жолдауында қойылған міндеттерге толық жауап береді. Бүгінде өндірістік-индустриялық аймақта 17 кә­сіпорын жұмыс істейді, – деп атап өтті Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары Президент Жолдауындағы адам капиталын дамытуға арналған жетінші міндетке ерекше назар аударды.
– Өзгерістерге бейімделуге үнемі дайын болу және жаңа білімдерді игеру – барлық қазақ­стандықтардың, әсіресе, нұротандықтардың негізгі құндылығына айналуы тиіс, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Осыған орай, ол Жолдауда қойылған міндет­тер­ді сапалы орындау үшін барша партия активінің күш-жігерін жұмылдырудың қажеттілігіне тоқталды. Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орынба­сары өз сөзінде партиялық жаңғыру, қызметкерлерді аттестациялау, жасампаз, келешегінен үміт күттіретін өңірдегі және Орталық аппараттағы нұротандықтар­ды қолдау тақырыбын қозғады.
– Әзірленіп жатқан «Партиялық кадрлар» бағ­дарламасы партия қызметкерлерінің біліктілігін арттыру, кадрларымызды Қазақстандағы жаңғыру талабына сәйкестендіру, қазіргі заманғы ком­муникациялық технологияларды игерген мамандар дайындау мақсатын көздейді, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сондай-ақ партия Төрағасының Бірінші орын­басары өңірлерде, әсіресе, ірі кәсіпорын құраушы қалалардағы әлеуметтік-экономикалық жағдайды барлық деңгейдегі партия органдары толық әрі ашық бақылауда ұстап, қазақстандықтар мен еңбек ұжымдарын толғандырған мәселелерді шешуге уақытылы жәрдемдесуі керектігін атап өтті. Бұл әсіресе, қалыптасқан дәстүр бойынша әлеуметтік даму мәселесіне айрықша көңіл бөлінген Мемлекет басшысы Жолдауы аясында маңызды. Әлеуметтік салаға бөлінетін республикалық бюд­жеттің шығыны 2018 жылы 12%-ға өсіп, 4,1 триллион теңгеден асты. Мұхтар Құл-Мұхаммед биылғы жылы Президенттің тапсырмасы бойынша әлеуметтік төлемдердің, оның ішінде зейнетақының өскенін, соның арқасында 3 миллионнан астам қазақстандықтың табысы көбейгеніне назар аударды, азаматтарды әлеуметтік қолдаудың Жолдау басымдықтарының бірі екеніне тоқталды.
Сондай-ақ отырыс барысында Астана қалалық, Ақтөбе, Қарағанды және Павлодар облыстық партия филиалдарының бірінші орынбасарлары Б.Сапаров, Д.Исмағамбетова, Қ.Оспанова және И.Теренченко сөз алып, Елбасы жүктеген мін­деттерді орындау қысқа мерзім ішінде ең дамыған елдердің қатарына қосылуға мүмкіндік беріп, қазақстан­дықтардың әл-ауқатын жақсарта түсетіні туралы ойларын ортаға салды.
Іс-шара соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед Жол­даудағы басым бағыттарды жүзеге асыру жөнінде партия филиалдарына бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Дариға ИСМАҒАМБЕТОВА,
«Нұр Отан» партиясы Ақтөбе облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Елбасымыз, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев еліміздің даму жолындағы атқарылатын міндеттерге жыл сайын Жолдауларын арнап келеді. Партияластар күні кеше жа­рияланған «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауының негізгі 10 міндетін талқылау жұмыстарын бастап кетті. Агломерация орталығына айналатын өңірімізге – Жолдаудың «Құрылысқа және ком­муналдық секторға заманауи технологияларды енгізу» бағытындағы бесінші міндеті үлкен қолдау деп білемін.
Қазіргі таңда агломерацияның орталықтандырылған газбен, сумен қамтылған тұрғындар саны 96%-ды құрайды. Халықты сапалы баспанамен қамтамасыз ету қарқынды жүргізілуде. Мәселен, тек облыс орта­лығында құрылыс жұмыстарының көлемі 58 млрд теңгені құрайтын, жалпы 600 мың шаршы метр үй пайдалануға берілді. «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламар аясында пилоттық жобалар сәтті іске асырылып, барлық инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген жер телімдерінде үш қабаттық таунхаустар салынуда. Құрылысқа 85% жергілікті өнімдерді пайдаланудың арқасында шаршы метрі 120 мың теңгені құрайтын тұрғын үй құрылысы қарапайым халыққа үлкен мүмкіндік болып отыр. Елбасының кезекті Жолдауын құрметпен қабылдаған ақтөбеліктер бағдарланған міндеттерді нәтижелі жүзеге асыруға өз үлестерін қосады.

Бақыт САПАРОВ,
«Нұр Отан» партиясы Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған биылғы Жол­дауында Астананың тәжірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалыптастырып, Қазақстан қалалары арасында тәжірибе алмасу ісін бастау керек деп атап өткен болатын. Сондай-ақ «Ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомо­тивтеріне айналады деген болатын.
Елордада қазірдің өзінде жаңа ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануда. «Е-КСК» бағдарламасы, SmartAstana мобильдік қосымшасы, «Сергек» бейнебақылау және тағы да басқа жаңа технологиялар жүйесі іске қосылған.
Астанада «е-КСК» бағдарламасы жүзеге асқалы бері тұрғындардан коммуналдық қызметке қатысты келіп түсетін арыздар 30%-ға азайып, пәтер иелері коопе­ра­тив­тері бюджеттерінің ашықтығын анықтауға көмектесті.
Сондай-ақ инновациялық жаңашылдықтарды партия өз жұмысында да қолдана бастады. Оны алғаш рет Астана қалалық партия филиалының төрағасы Әсет Исекешевтің қатысуымен өткен партиялық тыңдауды ғаламтор арқылы көрсету кезінде тұрғындарды толғандырған мәселені талқылауға 30 мың әлеуметтік желі қолданушысы қатысты. Осылайша, 300 мыңнан астам адам ақпаратпен қамтылып, партия парақшасына жазылушылар қатары 15 мың адамға жетті.

Қадиша ОСПАНОВА,
«Нұр Отан» партиясы Қарағанды облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағ­да­йындағы дамудың жаңа мүмкін­діктері» Жолдауы еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға болып саналады. Өйткені осы Жолдауында Мемлекет басшысы ел дамуының 10 басым бағытын айқындап, оларды жүзеге асырудың тетіктерін нақты көрсетіп берді.
Қарағандылықтар да барша Қазақстан халқы сияқты Елбасы Жолдауын үлкен әсермен қабылдады. Қазірдің өзінде Жолдауды түсіндіру жұмыстары қызу жүргізілуде. Әсіресе, әлеуметтік желілерде қолдау білдірушілер қатары қалың. Тек қарағандылық партия өкілдері ғана түрлі желілерде 100-ден астам жазба жазып, пікірлерін білдіруде. Одан бөлек, қоғам белсенділері, бастауыш партия ұйымдары өкілдері, мәслихат депутаттары, жергілікті кәсіпкерлер және жастар өкілдері де Жолдауға қолдау білдіріп, ондағы 10 міндеттің жүзеге асырылуына мүдделі екендіктерін жеткізуде.
Жолдаудың жетінші бағытында Елбасы адами капиталға ерекше мән беріп, оны жаңғырудың негізі деп атады. Осы бөлімде білім беру ісін жетілдіруге, кадрлар біліктілігін арттыруға, білім сапасын одан ары жақсартуға қатысты көптеген игі бастамалар айтылған. Бұл жас ұрпақты ғылыми-зерттеу саласына және өндірістік-технологиялық ортаға ұтымды түрде кірістіруге көмектеседі.
Илья ТЕРЕНЧЕНКО,
«Нұр Отан» партиясы Павлодар облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Елбасымыз биылғы Жолдауында жаңа әлемге, яғни Төртінші өнеркәсіптік революция әлеміне бейімделу мен жетістікке жету жолын табу үшін не істеу қажеттігін айқындап берді. Соған сәйкес экспорттық өнімдер өндіруге бағытталған кәсіпорындарымызды жаңғыртып, цифрландыру тетіктерін ойлап тауып, жүзеге асыруымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде Павлодар облысы Елбасы жариялаған барлық жаңғырудың алдыңғы легінен көрініп келеді. Себебі, біздің облыстың өндірістік өңір екені баршаға белгілі.
Павлодарлықтар, соның ішінде жергілікті нұротандықтар Президент Жолдауын ерекше ынтамен қабылдады. Сондықтан ондағы әлеуметтік даму, индустрияландыру, ауыл шаруашылығын қарқынды дамыту, халықты баспанамен қамту, денсаулық сақтау, білім беру және тағы басқа басым бағыттарды жүзеге асыруда біз бар күш-жігерімізді жұмсаймыз. Бүгінде партияның облыстық филиалы Жолдаудың мәні мен маңызын әр павлодарлыққа жеткізіп, түсіндіру жолында қарқынды жұмыс істеуде. Соның ішінде әлеуметтік желілердегі белсенділікті ерекше атап өткен жөн.
Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы барша қазақстандықтың жүрегіне зор сенім ұялатты. Сол себепті, Елбасы айқындап берген 10 міндетті біздің жағдайымызды жақсартып қана қоймай, әлемнің ең дамыған елдерінің қатарынан көрінуімізге бастайтын даңғыл жол деп айтар едім.

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*