Елбасы АҚШ-тың іскерлік орта өкілдерімен кездесті

971
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Вашингтонда АҚШ-тың вице-президенті М.Пенспен, Энергетика ми­нистрі Р.Перримен, «Ше­телдік жеке ин­вес­тициялар жөніндегі корпорация» (OPIC) мемлекеттік агент­тігінің президенті Р.Уош­бернмен, сондай-ақ америкалық іскер топтар өкілдерімен кездесті. Нью-Йорк қаласында Қазақстан Президенті Nasdaq президенті А.Фридман­мен, Goldman Sachs президенті Х.Шварцпен, ExxonMobil бас атқарушы директоры Д.Вудспен жүздесті. Сондай-ақ мерекелік бағдарлама да қарастырылды.
Нұрсұлтан Назарбаев пен Майкл Пенс кездесуінде тараптар екіжақты ынтымақ­тастықтың мейлінше өзекті мәселелерін тал­­қылады. Әңгімелесу барысында
Н.Назарбаев пен М.Пенс Қазақстан мен АҚШ арасындағы саяси және эко­номикалық қарым-қаты­настарды ны­ғайтып, одан ары кеңейте түсудің маңыз­дылығын атап өтті.
АҚШ-тың Энергетика министрі Рик Перримен кездескен Мемлекет басшысы АҚШ Президенті Дональд Трамппен жүргізілген келіссөздер барысында қол жеткізілген нәтижелерге тоқталды.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан мен АҚШ-тың мұнай-газ саласындағы ын­тымақ­тастығына оң баға беріп, «Теңіз» және «Қашаған» кен орындарында жүзеге асыры­лып жатқан жобалар жөнінде айтты. Мемлекет басшысы Қазақстандағы өнімді қайта өңдеу саласында инвес­торлардың күш-қуатын арттыру қажет­тігіне назар аударды.
АҚШ-тың Энергетика министрі кез­десуге ризашылығын білдіріп, инвес­ти­циялық ынтымақтастықты нығайтуға сеп­тігін тигізетін негізгі факторларды атады.
«Шетелдік жеке инвестициялар жө­ніндегі корпорация» (OPIC) мем­лекеттік агенттігінің президенті Рэй Уошбернмен кездесуінде Президент әңгіме барысында кездесудің маңыз­дылығына тоқталып, қазіргі уақытта Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан эконо­микалық жобалар жөнінде айтты.
– Біз «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ламасын іске асырып жатырмыз. Ха­лықаралық ЕХРО – 2017 көрмесін өт­кіздік. Көрме инфрақұры­лымының базасында «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрамыз. Оған қатысушы­лардың бәріне айырықша жеңілдіктер қарастырылған, – деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция саласындағы қатынастарды нығайтудың және өзара тиімді экономикалық жоба­ларды жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Америка Құрама Штаттарының іскер топтар өкілдерімен кездескен Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ арасында орныққан қатынастардың маңыздылығы мен стратегиялық сипатына тоқталды. Сондай-ақ Президент кең ауқымды екі­жақты қатынас­тарды қамтитын Кеңей­тілген стратегиялық әріптестік туралы бір­лескен мәлімдемені қабыл­даудың ерекше маңыздылығын атап өтті. Н.Назарбаев Қазақстанның көлік-транзиттік әлеуетін дамыту үдерісіне тоқталып, бизнес жүргізу үшін мемлекет тарапынан жағдай жасауға бағытталған шаралар жөнінде әңгімеледі.
– Инвестициялық ахуалды жақ­сартып, инвесторлардың құқықтарын қорғау үшін тұрақты жұмыстар жүргізілуде. Қазақстан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының Инвестициялар жөніндегі коми­тетінің қауымдастырылған мүшесі болды және Халықаралық инвестициялар жөніндегі декларацияға қосылды. Бізде АҚШ-ты қоса алғанда, 62 елдің азаматтары үшін визасыз режим енгізілді, – деген Елбасы америкалық биз­несмендерді агро­өнеркәсіп кешеніндегі бірлескен жоба­ларды жүзеге асыру ісіне қатысуға шақырды.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы елі­міздегі жекешелендіру бағдар­ламасының іске асырылу барысы және «жасыл эконо­мика» саласындағы жоба­ларды дамытудың келешегі туралы айта келе, «Астана» халық­аралық қаржы орталығының мәртебесі ерекше екеніне, оның жұмысының алдағы жоспарларына тоқталды.
Мемлекет басшысының ресми сапары аясында авиация және ғарыштық зерт­теулер, мұнай химиясы және ауыл ша­руашылығы, сондай-ақ инфрақұры­лымды дамыту сала­сындағы жобаларды жүзеге асыруға бағыт­талған 7 миллиард долларға жуық қаржы көле­міндегі инвестиция және сауда-эконо­микалық ынтымақтастық ту­ралы 20-дан астам коммерциялық құжатқа қол қойылды.


Қазақстан Президенті Nasdaq компа­ния­сының президенті Адина Фридманмен кез­десуі барысында бұл компанияның Қа­зақстанда жұмыс жүргізу жөніндегі шешімін құптайтынын айтты.
– Сіздердің Қазақстанда, «Астана» халықаралық қаржы орталығында жұмыс істеу жөніндегі шешімдеріңізді қол­даймыз. Біз Конституцияға және еліміздің бірқатар заңына өзгерістер енгіздік. Онда ағылшын құқығы енгізілген және қаты­сушылардың барлығына жеңілдіктер қарастырылған. Жұмыс істейтіндер үшін барлық қолайлы жағдай жасаймыз, – деп мәлімдеді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев Nasdaq компа­ниясының бұл шешімі оның серіктестері мен басқа да шетелдік компанияларды «Астана» халықаралық қаржы орталы­ғы­мен ынты­мақтастықты дамытуға жете­лейтінін атап өтті.
Өз кезегінде Фридман ханым Қа­зақ­станның халықаралық қаржы орта­лығын құру жолында атқарған жұмыс­тарынан алған әсері жөнінде айтты.
– Біз «Астана» халықаралық қаржы орталығын дамыту жөніндегі жоспарларға өте тәнті болдық. Қаржы орталығының жұ­мысына қатысты барлық мәселенің жан-жақты қарас­тырылғанын атап өткіміз ке­леді. Бұл жұ­мыстың тыңғылықты ат­­қа­рылғанына ри­за­мыз, – деді Nasdaq ком­паниясының басшысы.
Сонымен қатар Адина Фридман «Астана» халықаралық қаржы ор­талығымен (АХҚО) ынтымақтастастықты бастауға және Қа­зақстан биржасының жұмысына қажетті озық технологиялармен қам­тамасыз етуге әзір екенін айтты.
Елбасының Goldman Sachs компания­сының президенті Харви Шварцпен кез­десуі кезінде тараптар «Астана» ХҚО мен Goldman Sachs компаниясының ары қа­райғы ынты­мақтасу мәселелерін талқы­лады.
Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық қаржы орталығын құру үшін атқарылған жұмыстар­дың нәтижелеріне тоқталды.
– Бүгінде барлық құқықтық жағдай жасалды. Ағылшын құқығы базасындағы сот құрылды. Қатысушылар үшін қажетті барлық жеңілдіктер қарастырылды, со­ның ішінде виза және салық жеңіл­дік­тері де бар, – деді Қазақстан Президенті.
ExxonMobil компаниясының бас ат­қарушы директоры Даррен Вудспен кез­десуінде Нұрсұлтан Назарбаев Қа­зақстан мен ExxonMobil компаниясы арасында мұнай-газ саласында қалып­тасқан эко­номи­калық серіктестікті айрықша атап өтті. Ел Президенті бұл компанияның «Теңіз» және «Қашаған» мұнай-газ кен орындарын игеруге арналған жобаларға атсалысып отырғанын айтты.
Осы күні Елбасы Нью-Йорктегі Лин­кольн орталығында өткен «Астана Балет» театрының концертіне барды. Америкада үлкен қызығу­шылық тудырған бұл кон­цертте «Астана Балет» театры «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясындағы «Қазақстан Астана Балет Гала» бағдарламасын ұсынды.

Дайындаған Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*