Жұлдызбек ЖҰМАНБАЙ, режиссер: «Жусан иісі» – қазақтың иісі

528
0
Бөлісу:

Жазушы Сайын Мұратбековпен өмірінің соңында екі-үш рет жүздестім. Қаламгермен сұхбатымыз газет бетінде жарияланды. Алғаш жүздескенімде, Сайын ағадан  «Аянның прототипі кім?» деп сұраған едім. Сонда ағам: «Оның прототипі ортақ. Ол – мен және мен құралпы балалардың тағдыры» деген еді. «Балалар, тоқтаңдаршы. Сендерге кешегіден де қызық ертегі айтып беремін» деп сынған аяғын сүйретіп, балалардың соңында жүретін Аянның кейпі бәріміздің де жүрегімізде жатталып қалды. Ғабит Мүсірепов атындағы жасөспірімдер мен балалар театрының сахнасында «Жусан иісі» қойылады екен» дегенде елең еткеніміз де сондықтан. Сөйтсек, режиссер Жұлдызбек Жұманбайдың өз Аяны бар екен. 

– Жұлдызбек, Сайын Мұрат­бековтің шығармасын таң­дауыңыздың сыры бар ма?
– Сайын Мұратбековтің «Жусан иісін» таңдауымның ешқандай құпиясы жоқ. Жазу­шының кітабын, оның ішінде Аянның тағдырын оқып, қат­ты әсерленгенім рас. Сол әсе­рімді сахнаға шығарғым келді. Сайын Мұратбековтің өзге қа­лам­герлерден ерекшелігі – тілі өте қарапайым. Кез келген оқырманға түсінікті, жатық. Әрине, жалғыз «Жусан иісін» сахналау қызық болмас еді. Прозалық шығарма болғаннан кейін, оның баяндауы көп те, диалогтары аз. Сахнаға диалог көбірек керек. Сондықтан «Жу­сан иісімен» ғана шектелу аздық ететін сияқты көрінді.
– Сол себепті де, Аянның тағ­­ды­рын ғана емес, «Жабайы алманы» да біріктіріп жібердіңіз. Көрермен керісінше, жетімкөкірек Аянның бейнесін көбірек күткен еді.
– Екі шығарманы біріктіріп, бір спектакль жасағаныммен, «Жусан иісі» деп атауымның да өзіндік сыры бар. Сол кез­дегі уақыттың, сол дәуірдің кө­рінісін қаз-қалпында көрсеткім келді. Шығарманы оқығанда, соғыс жылдарындағы қазақ ауыл­да­рының тұрмысы, қиындығы, ба­қытсыз балалығы – көз алдыма келе берді. «Жабайы алманы» оқып отырсаңыз, қаншама кейіп­­кер бар. Олардың тағдыры бар. Қасіретті жылдарға куә бол­ғыңыз келсе, Мұратбеков шы­­ғармасын оқуыңызға болады. Оқиға – бір, заман – бір, ауыл –
бір. Екі шығарманың да ор­тақ тұ­сы – осында. Екеуі де соғыс зама­нындағы тағдырлар туралы сыр шертеді. Сол себепті де, «Жусан иісі» мен «Жабайы алманы» біріктіріп алдым. Қазір көпшілік «жастар кітап оқымайды» деп жиі сынға алады. Кітап оқымайтын ұрпаққа кітапты оқытудың жолы бар. Ол – сахна. Сондықтан көркем шығарманы драматургияға айналдырып, сахнаға шығарсақ, ұтатынымыз анық. Құнды дү­ниелеріміз кітап күйінде қа­лып қойса, шығармаға қиянат болып қалар еді. Жақсы көркем шығарма сахналануы тиіс, көр­кем фильмге айналса, тіпті жақсы. «Жусан иісі» – қазақтың иісі. Ананың, көкенің, баланың, бауырдың иісі. «Жусан иісін» оқыған әрбір бала ауылының иісін еске алады. Өйткені мұн­дай иіс ауылда ғана бар. Сары даланың кереметін сезінгің келсе, «Жусан иісін» оқы. «Жа­байы алманы» қосқан себе­бім, бір ғана Аянның тағдырын көрсетіп, Аянға қобалжып, жетім балаға жанымыз ашып, мүсіркей қарауымызға болар еді. Бірақ сол заманда Аян сияқтылар өте көп болды. Аян – Қанаттың да тағдыры. Аян – ауылдағы әрбір жетімек баланың тағдыры. «Жусан иісі» мен «Жабайы алма» сахнада бірігіп жатса, тақырып бір-бірінен алыстап кеткен жоқ. Сол арқылы дәуірдің үнін көрсеткім келді. Бастысы, мұнда тағдырлар бар. Бір уыс бидай үшін сотталып кете барған аналардың қасіретін көрсеткім келді. Бүгінгі өскелең ұрпақ соны сезінсін дегім келеді. Оны сезіну үшін сахнада көрсетуіміз керек. Бүгінгі күнге оңай жетпегенімізді, аналарымыз бен әкелеріміздің ауыр тұрмысын, қасіретті тағдырын сахнадан көрген бала оған бей-жай қарай алмайды. Түйсігімен сезінеді. Бүгінгі жас бала тәуелсіздіктің бізге сондай ауыртпашылықпен келгенін көрсе деймін. Сол себепті де, сахнада сол кездегі адамдардың мінез-құлқын қаз-қалпында бейнелеуге тырыстым.
– Режиссерлік жолдағы ал­тыншы қойылым не өзгертті?
– «Жусан иісі» – режиссер ретінде қойған алтыншы дүнием. Бұл қойылым бірдеңені өзгертті деп айта алмаймын. Спектакль қойған сайын, режиссердің тәжірибесі қалыптаса береді. Көп нәрсеге басқаша қарай бастайсың. Бірінші қойылымда жасаған қателіктеріңді одан кейінгі спектакльдерде қайта­ла­мауға тырысасың. Әрбір өткел – үйрену жолы. Бір нәрсеге ұмтыласың. Жаңалық іздейсің. Режиссерлік жұмыстың барысы сондай. Әр қойылым сайын жаңа бір дүниелер жолығуы мүмкін. Сондықтан режиссер ретінде өзгеріп кеттім деп айта алмаймын. Есесіне, әр қойылым сайын толыға түстім.
– «Жусан иісі» арқылы жазу­шының кілтін таба алдыңыз ба?
– Сайын Мұратбеков шығар­масының өзегін таба алдым ба, жоқ па, білмеймін. Бастысы, шығарманы оқу арқылы өзім­ді кейіпкердің рөліне қоя ал­дым. Кез келген шығарманы оқы­ғанда, түсініп оқуға тырысасың. Сол кейіпкерге, сол оқиғаға, болып жатқан жағдайға жү­рек ауырып, жаның ашып отыра­ды. Сайын Мұратбековтің мық­ты­лығы – осында. Бір қарасаңыз, қара­пайым ғана тұрмыс кешкен ауыл адамдары. Олардың басында қаншама қасірет-қайғы жатыр. Сол қайғы-қасіретті сезініп, бастан өткермей, сахнаға бірдеңе алып шығу мүмкін емес. Қай жас­тағы оқырман оқыса да, Мұратбеков шығармаларына бей-жай қарай алмайды. Әсер ала­ды. Кей шығармаларды оқу үшін, түйсіну үшін уақыт қажет шы­ғар. Ал Сайын Мұратбеков шы­ғар­малары уақытты талға­май­ды. Спектакль көруге келген кө­рерменге қарасаңыз, көпшілігі –
жас балалар. 5-6 сыныптың ба­ла­ларының қобалжып, кө­зіне жас алғанын көріп, өзім тол­қы­дым. Демек, бұл – Сайын аға шы­ғармаларының құдіреті деген сөз.


– Осының бәрін меңгеру үшін Мәскеу мектебін көруге тура келді. Жалпы, «Болашақтың» мек­тебі жас режиссерге не үйретті?
– Мәскеуді көбіне театрдың Меккесіне теңеп жатады. Мүм­кін, рас та шығар. Талай да­рынды режиссерлер дәріс ал­­ған ВГИК мектебін бітіру – кез келген жастың арманы. Көптеген мықты ұстаздардан білім алдық. Олардың дәрісін тыңдадық. Қарап отырсам, бүкіл дүниежүзінен келіп, Ресей театр мектебінің мэтрлерінен білім алуға ұмтылатындар жетерлік. Менімен бірге, шетелдік жас дарындар да көп оқыды. Олардан: «Өз мектептерің бар. Мәскеуге неге білім іздеп келдіңдер?» деп сұрағанымда: «Сен неге келдің?» деп өзіме қарсы сауал тастады. «Станиславский білім алған киелі оқу ордасына білім іздеп келдім» дегенімде, «Біздің де мақсатымыз – осы» деп жауап берді. Өзге елде жүргенде өз еліңнің сахнасын, театрын, өнерін салыстыруға тырысасың. Қандай артықшылықтары бар екенін байқайсың. Кем-кетігі болса, соны елге барған соң, түзейінші деп ойлайсың. Сірә, үйренгенім осы болар.
– Жұлдызбек десе, көрермен әлі күнге «Қызыл орамалды шынарымдағы» Ілиясты іздейтіні анық. Сахна сағынтқан жоқ па?
– «Қызыл орамалды шы­на­рымдағы» Ілиястың орны бөлек. Әрине, актер болған соң, сахна бәрібір өзіне шақырып тұрады. Аңсайтын да сәттер бо­лады. Дегенмен сахнаны қат­т­ы сағынып жүрмін деп айта алмаймын. Бағындыратын бір биік бар: ол – режиссерлік. Осы мамандықты жаның қалап алғаннан кейін, оның қыр-сырын толық меңгеріп, осының басы-қасында жүргің келеді. Актерлік деген жүгіріп сахнаға шы­ға салу емес. Ол да уақыт пен дайындықты қажет етеді. Сон­дықтан қазір пәлен-түген деп бірдеңе айту қиын. Уақыт өзі көрсетеді.
– Режиссер ретінде ә дегеннен «Ромео мен Джульеттаға» ауыз салдыңыз. «Бір сен үшін тудым». Әйгілі «Ромео мен Джульеттаның» атауын неге бұлай өзгерттіңіз?
– Ромео мен Джульеттаның атауы өзгергенімен, пьесаның мазмұны өзгеріп кетпейді. Ұстазым Жанат ағамен ақыл­дасып, «атауын осылай қойсам қалай болады?» деп ұсыныс тастадым. Ұстазым да қарсы болған жоқ. Ромео мен Джульет­таның тағдырына қарап отыр­саңыз, олар бір-бірі үшін өмір­ге келген секілді. Бірін-бірі көр­ді, бір-бірі үшін өмірмен қош айтысты. Керісінше, осы тақы­рып пьесаның бар маз­мұнын ашып тұрғандай көрінеді маған.
– Театр өзгерісті қалай ма? Онда неден бастар едіңіз?
– Театр – тірі организм. Ол өзгеріп отыруы тиіс. Уақыт өткен сайын, көрерменнің талғамы өскен сайын театрдың тыныс-тіршілігі өзгеріп, жаңа дәуірге, жаңа заманға бейімделуі қажет. Осыдан 20-30 жыл бұрынғы сахналық қойылыммен бүгінгі көрерменді таңғалдыра алмай­мыз ғой. Мәселен, «Ромео мен Джульеттаны» алайық. XIV ғасырда дүниеге келген шы­­ғар­маны қаншама театр сах­на­лады. Әр жылдары әр ре­жиссер оны өзінше қойды. Әр жылдары режиссерлік шешім өзгеріп отырды. Өйткені театр – халықпен бірге. Театр көре­р­менсіз ештеңе істей ал­майды. Сондықтан ол көрер­меніне қажет өнімін ұсынуы керек. Осы заманға сай, осы заманның тақырыбын айтатын дүниелер ұсынса, оны көрермен қабылдайды. Классикалық шы­ғармалардың өзін жаңа заманға бейімдеп қойып отырмасаңыз, тауарыңыз өтпей қалады. Ре­жиссерлік мектеп өзгеріп жатыр. Актерлердің ойыны да бөлек. Бұрынғы футболшыларды қарап отырсаңыз, олардың жүгірісімен бүгінгі футболшының ойынын салыстыра алмайсыз. Қазіргі фут­­болшының доп ойнау тә­сілі басқа. Бірақ футболдың заң­­­дылығы өзгерген жоқ. Театр­да да солай. Құр сахнада әң­гіме айтып тұрсаңыз, оны кө­рер­­мен қабылдамауы мүм­кін. Керісінше, музыка, би, плас­­тика көбірек болса, сол өтім­­ді. Әртүрлі форма, пішін пай­­­да болды. Тағы бір дү­ние –тех­­нологияға мән беруіміз ке­­рек. Цифрлық жүйеге ауысу – театр­ға да қажет. Жаңадан құ­­ры­­­лысы басталып жатқан театр ғимараттарына сондай тех­но­­логияны енгізген дұрыс. Сах­наны заманауи техникамен жабдықтаса, ғажап болар еді.
– Бір кездегі актердің ре­жиссер болуы – қалыпты жағдай. Режиссер актер бола ала ма?
– Бұдан соншалықты қор­қудың қажеті жоқ. Таланты жетіп жатса, неге актер болмасқа? Бір кездегі спектакльдегі рөлдерімді қайта ойнайтын кез туса, сол кездегі аураға кіруге тырысар едім. Өйткені өзгеріп кеткен еш­теңе жоқ. Сол сахна, сол әріптестерім.
– Жұлдызбектің жетінші қойы­лымы не болады?
– Жетінші қойылымның қандай болатынын әзірге біл­меймін. Ойда жүрген жоспар көп. Әзірге, қайсысын қоя­ты­­­ным­ды нақты шешкем жоқ. Оның бәрі – уақыттың енші­сінде.

Әңгімелескен Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*