АСТАНА – ДАМУ МЕН ИННОВАЦИЯНЫҢ 20 ЖЫЛЫ

1544
0
Бөлісу:

Мұхтар ҚҰЛ-МҰХАММЕД,
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары:
– Елбасының ғажайып жобасымен дүниеге келген Астана 20 жыл бойы ең басты ұлттық идея ретінде халқымызды өркениет биігіне бастап келеді. Елордамыз бүгінде жаһандық саяси үдерістер мен бітімгершілік бастамалардың белді қатысушысы ретінде әлем картасынан ойып тұрып орын алды. Аз уақыт ішінде Астана дү­ниежүзіне конфессияаралық келісім мен ұлтаралық татулықтың алтын бесігі ретінде танылды. Бүкіл әлемді бейбітшілікке шақырған халықаралық форумдардың ұйытқысына да айналып үлгерді. Әлемге әйгілі инвесторлардың қызығушылығын оятқан бас қаламыз шын мәнінде ірі қаржы орталығына айналып, халқымыздың ұлттық бренді болып қалыптасты. Аса зор табыспен өткізілген Expo – 2017 халықаралық көрмесі де Астананың инновациялық әлеуетін айқын көрсетіп берді.


Елбасы халыққа арнаған биыл­ғы Жолдауында: «2018 – елордамыз Астананың 20 жыл­дығын атап өтетін мерей­тойлы жыл», – деп нақты атап көрсет­кен бо­латын. Соған орай, елімізде түрлі іс-шаралар қолға алы­нуда. «Нұр Отан» партиясы бұл мерейтойды «Астана – даму мен инновацияның 20 жылы» атты ауқымды форум өткізумен бастады. Іс-шара Ас­та­­наның қазіргі заманғы техноло­гия­лардың, сапалы білімнің, инвес­тиция мен жаңа креативті идея­лардың орталығы ретінде бағын­дырған белестері мен жет­кен жетістіктеріне арналды.

Форумда «Төртінші өнер­кәсіптік революция жағда­йын­дағы дамудың жаңа мүм­кіндіктері» Жолдауында көр­сетілген басым бағыттарды жүзеге асыру кезіндегі мега­полистің даму перспективасы да кеңінен сөз болды. Аталған іс-шараға «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орын­басары Мұхтар Құл-Мұхаммед, Астана қала­сының әкімі Әсет Исекешев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы Басқарма Төраға­сының орынбасары Элдар Жұмағазиев, Парламент Мә­жілісінің депутаттары, «ақылды қала» технологияларын енгізуге тікелей қатысқан IT компания­лардың, елордалық жоғары оқу орындарының, инновация орталықтарының, индус­трия­лды-инновациялық компа­ния­лар­дың, сондай-ақ шағын және орта бизнес өкілдері қатысты.
Алғаш болып сөз алған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед елорданың 20 жылда қол жеткізген жетістік­теріне айрықша назар аударды. Ол өз сөзінде Астана Тәуелсіз Қазақстанның мүлде жаңа дәуіріне жол ашқанын ерекше атап өтті.
– Тәуелсіздік жылдары біз ұлттық идея туралы көп әңгіме қозғадық. Шындығын айтар болсақ, Елбасының ғажайып жобасымен дүниеге келген Астана 20 жыл бойы ең басты ұлттық идея ретінде халқы­мызды өркениет биігіне бастап келеді. Елордамыз бүгінде жаһандық саяси үдерістер мен бітімгершілік бастамалардың белді қатысушысы ретінде әлем картасынан ойып тұрып орын алды. Аз уақыт ішінде Ас­тана дүниежүзіне конфессия­аралық келісім мен ұлтаралық тату­лықтың алтын бесігі ретінде танылды. Бүкіл әлемді бей­бітшілікке шақырған халық­аралық форумдардың ұйыт­қысына да айналып үлгерді. Әлемге әйгілі инвесторлардың қызығушылығын оятқан бас қаламыз шын мәнінде ірі қаржы орталығына айналып, халқы­мыздың ұлттық бренді болып қалыптасты. Аса зор табыспен өткізілген EXPO – 2017 халық­аралық көрмесі де Астананың инновациялық әлеуетін айқын көрсетіп берді, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар форум барысында Астананың дамуы және әлеуметтік-экономикалық жетістіктері туралы қала әкімі Әсет Исекешев есеп берді. Одан бөлек, әкім елорданы жаһандық деңгейдегі ақылды цифрлы қалаға айналдыру стратегиясын жүзеге асыру жұмыстарына да тоқталды.
– Елордамыз Алматыдан Астанаға ауыстырылған күннен бастап дамудың барлық сатысынан өтті. Бүгінде Астана бір кездегі шағын ғана қаладан бүкіл әлем мойындаған алып шаһарға айналды. Қазіргі таңда бас қалада 1 миллионнан астам халық тұрады. Соңғы 20 жылда жалпы өңірлік өнім шамамен 190 есеге артып, 5 трлн теңгеге жетті. Өнеркәсіп өндірісінің көрсеткіші 30 есеге көбейіп, 454,4 млрд теңге болса, шағын және орта бизнеске тиесілі өнім көлемі 4,3 трлн теңгені құрады. Осындай орасан зор жетістік­тердің арқасында мемлекеттік бюджетке түсімдер шамамен 80 есеге дейін артып отыр. Нәти­жесінде, 1997 жылғы 13,6 млрд теңгеден 1,064 трлн теңгеге жетіп отыр. Бұл ауыз толтырып айтарлықтай көрсеткіштер, – деді Ә.Исекешев.
Қала әкімінің айтуынша, 20 жыл ішінде тұрғын үй құры­лысына 1 трлн 600 млрд теңге бөлініп, 180 мыңға жуық пәтерді қамтитын 1 265 тұрғын үй салынған. Тек кейінгі 5 жылдың өзінде Астанада 9 млн шаршы метрден астам баспана пайда­лануға берілген. Яғни, осынша уақытта 300 мың адамға арнал­ған қала салынған. Бұл дегеніңіз, орташа есеппен облыс орта­лығына пара-пар көрсеткіш. Одан бөлек, шаһар басшысы 20 жылда Астанада 1172 өндірістік, әлеуметтік-мәдени және қо­ғамдық маңыздағы нысандар салынғанын айтып: «Негізгі капиталға инвестициялардың жылдық көлемі 1997 жылдан бері 44 есеге өсіп, 8 трлн теңгені немесе 47 млрд долларды құрады. Мұндай үдеріс 2017 жылы да лайықты жалғасын тауып, ЕХРО – 2017 халық­аралық көрмесін өткізу арқылы оң эко­номикалық көрсет­кіштерге қол жеткіздік. Өткен жылы Астанаға тартылған ин­вестиция көлемі 945 млрд теңге болса, оның 70 пайызы жеке инвестицияның үлесінде», – деді.
Бұл игі істер алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, бұдан да зор жұмыстар атқарылатын болады. Өйткені Елбасымыз биылғы Жолдауының «Ақылды қалалар» «ақылды ұлт» үшін» деп аталатын оныншы басым бағытында Астананың дамуына ерекше назар аударып, нақты міндеттерді айқындап берген еді. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – барша­мыздың ортақ мақтанышымыз. Заманауи технологиялар жыл­дам өсіп келе жатқан мегапо­листің проблемаларын тиімді шешуге жол ашады. «Смарт Сити» тұжырымдамасы мен қа­лаға қоныс аударатын адам­дардың құзыреттерін дамыту негізінде қалалық ортаны басқаруды кешенді түрде енгізу қажет», – деп Астананың тә­жірибесі негізінде «Смарт Сити» «эталонды» стандартын қалып­тастыруды, Қазақстан қала­лары арасында озық практиканы таратуды және тәжірибе ал­масу ісін бастауды тапсырды. Осыған орай Ә.Исекешев Астана қа­ласында атқарылатын алдағы жұмыс жоспарын да көпшіліктің назарына ұсынды. Әкімнің сөзіне қарағанда, болашақта Астананың даму стратегиясында тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлінбек. Ол үшін өмір сапасын арттыру және халық­тың табысын көбейту бағыт­тарына басымдық берілетін болады.
Өз кезегінде дамудың инно­вациялық бағытын «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Элдар Жұмаға­зиев те қолдады. Ол бүгінде ас­та­на­лық кәсіпкерлерге бизнес үшін барлық жағдай жасалғанын айта келе, мұндағы қызмет көр­сету сапасы мен түрлері бизнес-қауымдастықтың жұмысын айтарлықтай жеңілдететінін тілге тиек етті. Бұдан басқа, Э.Жұмағазиев шағын және орта бизнестің Астананың дамуына қосқан үлесіне тоқталып, оны жетілдірудің негізгі бағыттарын атап өтті. «Шағын және орта бизнесті дамыту Елбасы айтқан «ақылды қала» құруда айрықша рөлге ие. Себебі, инновациялық бастамалардың негізгі тұтыну­шылары ретінде бизнес өкілдері аталады» деді «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орын­басары.
Жалпы жиынға қатысу­шылар «Сергек» бейне бақылау бағдарламалық жүйесі, бас шаһардағы туризмді дамыту, Smart City жүйесін кешенді енгізу және инновациялық бастамаларға астаналық жоғары оқу орындарының қатысу дең­гейі жөнінде кеңінен тал­қы­лады. «Цифрлы Қазақстан» мем­ле­кеттік бағдарламасын жү­зеге асырудағы нақты міндет­терге де аса мән берілді. Өйткені Мем­лекет басшысы Жолдаудағы басым бағыттар арқылы еліміз­дің технологиялық және инфра­құрылымдық дамуына тың серпін берді. Бұл бастамалар Астананың одан әрі дамуына да оң әсерін тигізері сөзсіз.
Форум аясында Астананы әлемнің ең алдыңғы қалала­рының қатарына қосатын бастамалар мен ұсыныстар да айтылды. «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орын­басары Мұхтар Құл-Мұхаммед жаңа технологияларды енгізу бастамасын қолдап, «ақылды қалалар» өңірлік дамудың, инновацияны таратудың және еліміздің барлық аумағында тұрмыс сапасын арттырудың локомотиві екенін айтты.
– Елбасының тікелей бас­тамасымен Астананың «ақылды қала» ретінде салынуы оның табиғаты таза, өмір сапасының жоғары стандарттарына сай шаһар болып қалыптасуына зор мүмкіндік береді. Бүгінде елі­міздің инвестициялық ахуалы ірі мегаполистердің құры­луына жол ашуда. Өйткені инвестор­ларға барлық жағдай жасалған, жұмыс істеуге қолайлы, қауіпсіз жерлерге келеді. Дубай – Таяу Шығысқа, Сингапур Оңтүстік Шығыс Азияға қалай үлгі болса, Астана да Орталық Азияға сондай болуы керек. Біздің елдің оған күш-қуаты, әлеуеті, инновациялық және инвес­тициялық деңгейі әбден жетеді. Сондықтан «Нұр Отан» партия­сы алдағы уақытта Астананың цифрлы технология мен инно­вацияны енгізудегі тәжірибесін Қазақстанның барлық қала­сында жүзеге асыруға жан-жақты қолдау көрсетуге әрқа­шан дайын, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Одан бөлек, партия Төраға­сының Бірінші орынбасары партияның аталған бағыттағы жұмыстарына тоқталып, ин­новациялық жобамен айна­лысып жүрген 20 жас талантқа арнайы қолдау көрсетілетінін жеткізді. Оларға белгілі бір мөлшерде грант тағайындалып, бастаған ісін жүзеге асыруға жағдай жасалмақ. Осы ретте «Нұр Отан» партиясы қазірдің өзінде Елбасы, партия Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен «Nurintech» жобасын қолға алғанын, сол арқылы еліміздегі жас өнертапқыштарға жүйелі әрі тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқанын атап өткен жөн.
Форумда Астана қаласы әкімдігі инвестициялар және даму басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров, Selena Insulations ЖШС-ның бас директоры Гүлнар Байсарина және Астананың «ақылды қала» атануына атсалысып жүрген тағы басқа мамандар сөз алып, өз жұмыстары жөнінде баяндама жасады. Соның нәтижесінде Астананың дамуына оң әсерін тигізетін бірқатар нақты ұсыныстар айтылып, «Нұр Отан» партиясы өкілдері мен қала басшылығы тарапынан назарға алынды.
Еламан ҚОҢЫР,
Суреттерді түсірген
Рустам Амантай


Әсет ИСЕКЕШЕВ,
Астана қаласының әкімі:
– Елордамыз өткен 20 жыл ішінде экономика мен саясаттың, ғылым мен білімнің, мәдениет пен өнердің маңызды орталығына айналды. Мұнда жаһандық экономикалық мәселелер көтеріліп, үлкен жобалар жүзеге асуда. Олар машина жасау, құрылыс, инновация, қызмет көрсету, инженерлік және әлеуметтік инфра­құ­рылымдарды қамтиды. Сол жоба­лардың арқасында он мыңдаған жұмыс орыны ашылды.
Бүгінде біздің алдымызда маңызды міндеттер тұр. Елбасымыз ха­лыққа арнаған биылғы Жолдауында Астанаға аса ерекше көңіл бөлді. Ша­һарымызды әлемдегі ақылды қалалардың біріне айналдыру міндеті тұр. Расында Президент айтқандай, «Смарт Сити» «эталонды» стан­дартын қалыптастырып, еліміздің басқа қалаларына озық тәжі­ри­белерді таратуды қолға алуымыз керек. Бұл міндетті Үкімет пен «Нұр Отан» партиясының қолдауымен толық орындаймыз деп сенемін.
Элдар ЖҰМАҒАЗИЕВ,
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары:
– Өткен жылы «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы кәсіпкерлікті дамытудың 10 қада­мын нақтылады. Бүгінде соның аясында микро­кредит беруді кеңейту, жаппай кәсіпкерлікке оқы­ту, ауылшаруашылық кооперацияларының жұ­мы­сын жетілдіру және тағы басқа да маңызды бастамаларды батыл қолға алып, жұмыс істеуде. Қазіргі таңда Астана қаласы бойынша шағын және орта бизнес саласында жұмыс істеп тұрған 100 мың кәсіпкер бар. Оның 70 пайызы жеке кәсіпкерлер болса, 30 пайызы – заңды тұлғалар. Республикалық деңгейде кәсіпкерліктің басым бөлігі сауда-саттыққа тиесілі. Аталған көрсеткіш 39 пайызға тең. Екінші орындағы ауыл шаруашылығының үлесі – 21 пайыз, әртүрлі қызмет түрлері 13 пайызды құрайды.
2010 жылдан бері «Бизнесті дамытудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Бұған басты жауапты құрылым ретінде «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы бірқатар бастамалар бойынша жұмыс істеуде. Атап айтқанда, «бір терезе» форматында қызмет көрсететін орталықтар ашылып, кәсіпкерліктің дамуына жан-жақты қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ былтыр «Атамекен» «Бастау бизнес» жобасы аясында еліміздің 80 облыс және аудан орталықтарында өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз 15 мың азаматқа кәсіпкерліктің негізін үйретіп, арнайы оқытты. Осының бәрі Елбасымыздың елімізді инновациялық дамудың биігіне бастайтын игі істерін жүзеге асыруға бағытталған.
Айзада ҚҰРМАНОВА,
Мәжіліс депутаты:
– «Нұр Отан» партиясының алаңында өтіп жатқан елордамыз Астананың 20 жылдығына арналған бұл форумның маңызы зор. Партия аталған мерейтойды осындай ауқымды іс-шарамен бастап отыр. Бұл жерде бас қаламыздың инновациялық жетістіктері туралы айтылып, Елбасының Жолдаудағы тапсырмаларын жүзеге асырудың тетіктері қарастырылады. Соның ішінде «Смарт Сити» тұжырымдамасын ерекше атап өтуге болады. Біз Астананың озық тәжірибесін еліміздің барлық өңіріне енгізіп, бүкіл Қазақстанның «ақылды мемлекет» болуына күш жұмсауымыз керек. Ол үшін әрбір қазақстандық ел мүддесі үшін еңбек етіп, күш біріктіруге тиіс. Елбасымыздың түпкі көздеген мақсаты осы. Яғни, Астана арқылы бүкіл Қазақстанның дамуына оң әсер ету.
Қанат БАЙҒАРИН,
Назарбаев университетінің инновациялар жөніндегі вице-президенті:
– Мемлекет басшысының тікелей бастама­сымен құрылған Назарбаев университеті бүгінде әлем­нің алдыңғы жоғары оқу орындарымен бәсе­ке­лесе алатын деңгейге жетті. Жалпы кез келген жаңа жоба білім, ғылым арқылы жүзеге асырылады. Да­мыған елдердің тәжірибесіне зер салсақ, барлық игі бастамалар мен реформалар ірі университеттер мен ғалымдардың еңбектеріне табан тірейді.
Бұл – кез кел­ген жаңа инновацияның сәтті жүзеге асуына кепілдік беретін негізгі фак­тор. Елбасымыздың біздің университетті құрудағы басты мақсаты да осы.
Бүгінде оқу орнымызда 160-тан астам жоба сәтті жүзеге асырылуда. Білікті маман дайындаудан бастап, әлемдік деңгейдегі ірі жобалармен жұмыс істеудеміз. Өзіміздің технопаркіміз бар. Өз студенттерімізден басқа еліміздің әр түкпірінен мамандарды шақыртып, олардың біліктілігін арттыруға көп көңіл бөлінуде. Әсіресе, Елбасы айтқан «Цифрлы Қазақстан» қалыптастыруға айрықша мән берілуде. Одан бөлек, денсаулық сақтау саласында да айтарлықтай жетістіктерге қол жеткіздік. Келешекте осы бағыттағы жұмыстарымыз лайықты жалғасын табатынына кәміл сенемін.

Дарын ТҰЯҚОВ,
«Қазақтелеком» АҚ-ның бас директоры – Аппарат басшысы:
– Бүгінгі іс-шараның маңызы зор. Себебі, Астана – елімізді өрге сүйрейтін негізі күш. Сондықтан оның «ақылды қала» болып құрылуына әр қазақстандық мүдделі болуы тиіс деп есептеймін. Бұл ретте кәсіпкерлердің жұмысына ерекше көңіл бөлінуі керек. Соған орай біздің арнайы кеңес шағын және орта бизнестің цифрлық платформасын дайындады. Ол жерде кәсіпкерлердің туризм, коммуналды шаруа­шылық және тағы да басқа салаларға қатысты мәселелері қарастырылған. Қазір сол тұғырнама бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Елбасымыздың биылғы Жолдауындағы оныншы бағыт инновацияға, Астананың дамуына арналған. Ондағы тапсырмаларды жүзеге асыру үшін барлық инновациялық ұсыныстар ескерілуі тиіс деп санаймын. Осы бағытта мемлекет кәсіпкерлерге үлкен қолдаулар көрсетіп келеді. Соны кеңінен насихататуымыз керек. Одан бөлек, интернеттің аясын кеңейтіп, жұмысын бұрынғыдан да жетілдіргеннің берері мол. Себебі, интернет – цифрландырудың іргетасы. «Қазақтелеком» акционерлік қоғамы осы тұрғыда көп жұмыс істеуде. Біз дайындаған цифрлы платформада 6 түрлі бөлім бар. Онда сауда алаңы, мемлекеттік қолдау, логистика сияқты кәсіпкерлерге аса қажет қызмет түрлері ұсынылған.
Олжас САРТАЕВ,
Astana Innovations АҚ-ның басқарма төрағасы:
– Компаниямыздың басты міндеті – Елбасы айтқан «ақылды қала» құру. Соған орай былтырғы тамыз айында «Смарт Астана» жобасының тұжырымдамасын дайындадық. Бүгінде сол жобаны жүзеге асырудамыз. Кейбір жобаларымыз қазірдің өзінде қолданысқа енгізілген. Соның ішінде «Сергек» бейнебақылау жүйесін айтуға болады. Бұл жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асырылды. Сондай-ақ «Смарт Астана» мобильді қосымшасын іске қостық. Ол жерде халыққа 50-ден астам қызмет түрі ұсынылған. Жобаның мақсаты бүкіл қаланы алақандай смартфонға сыйдыру болды. Әзірге нәтижесі көңіл қуантады.
Одан бөлек, геоақпараттық жүйені бір арнаға тоғыстыратын жобаны жүзеге асырудамыз. Аталған жобада қалаға қатысты барлық ақпарат жинақталып, интерактивті карта жасалады. Сол арқылы құрылыс, әлеуметтік нысандардың орналасуы, қоғамдық көліктердің қозғалысы, көлік кептелістері және тағы да басқа ақпараттарды алуға болады. Қазір бұл жұмыстың концепциясы дайындалуда. Қала басшылығы бекітсе, биыл немесе келесі жылы бірінші кезеңі пайдалануға беріледі.
Санияр АЙТЕКЕНОВ,
«Астана Конвеншн Бюро» ЖШС-ның директоры:
– Елбасымыздың биылғы Жолдауындағы ел экономикасы мен барлық саланы цифрландыру жөніндегі тапсырмасына орай біз жұмысымызды толықтай осы форматқа көшірдік. Бұл қазіргі заманның басты талабы болып отыр. Бүгінде әлемде кең қолданысқа енгізілген digital форматы жаһандық туризмнің жұмысын мүлдем жаңа бағытқа өзгертіп жіберді. Соны ескеріп, біз Астанаға келген туристерге қызмет көрсетудің заманауи үлгісін ұсынуды қолға алдық.
Зерттеулерге назар аударар болсақ, бүгінде әлем бойынша саяхатқа шығуды көздеген азаматтардың 44 пайызы өз демалысын смартфон арқылы жоспарлайды екен. Сондай-ақ жер бетіндегі халықтың 75 пайызы өз еңбек демалысын өзге елде өткізуге құштар. Осындай үрдістерді ескеріп, біз Астанаға келетін туристерге өздері күнде қолданатын құрылғылар арқылы қызмет көрсетуді бастадық. Жұмысымыз екі бағыт бойынша жүзеге асырылады. Біріншіден, Астананың имиджін цифрлы форматта ұсынамыз. Нақты айтқанда, белгілі блогерлер арқылы әлеуметтік желілерде, басқа да интернет-аудиторияларда елордамыздың жарқын тұстарын жарнамалаймыз. Екіншіден, қалада өтетін мәдени, спорттық іс-шаралар мен демалыс орындарын ұсынамыз. Біздің жұмысымыз туристің Астанаға табан тіреген сәтінен басталады. Яғни, әуежай немесе вокзалға келген мейман welcometoastana.kz сайты арқылы тіркеліп, жоғары жылдамдықты интернетке қосыла алады. Сол арқылы біз ұсынатын қызмет түрлеріне жол ашылады.
Қайрат АХМЕТОВ,
«Көркем Телеком» ЖШС Консорциумының басшысы:
– Бүгінде Астанада интеллектуалды көлік жүйесі бойынша заманауи шешімдер қабылдануда. Соның ішінде AstraBus мобильді қосымшасын ерекше атап өткен жөн. Бұл жоба астаналықтар ең көп қолданатын инновациялық қызмет түрі болып саналады. Қазіргі таңда аталған қосымшаны 250 мыңнан астам азамат тұтынады. Нақты деректерге сүйенсек, әр төртінші Астана тұрғыны AstraBus-ты кем дегенде айына бір рет қолданса, елордалықтардың 30 пайызы күнделікті пайдаланады.
Сол сияқты «Сергек» бейнебақылау жүйесінің де белсенділігі жоғары. Соның арқасында Астанада жол-көлік апаттары айтарлықтай азайды. Бүгінде біз инновациялық инфрақұрылымның тетіктерін белгілі бір деңгейде меңгеріп, оны өз өмірімізге етене енгізудеміз. Елбасы Жолдауда атап өткен «ақылды қала» дегеніміз – осы. Мемлекет басшысы: «Әлемде инвесторлар үшін қалалар бәсекеге түседі деген түсінік қалыптасты», – деп цифрлы қызметтің маңызы жоғары екенін айқындап берді. Сондықтан қазақстандықтар, әсіресе, жас буын осы салаға көп көңіл бөлуі керек.
Бұл – бүгінгі заманның басты талабы.

Бөлісу:

Пікір жазу


*