Цифрландырудың келешегі зор

695
0
Бөлісу:

Алматыда өтіп жатқан Еуразиялық үкі­метаралық кеңес отырысы аясында Қазақстан Үкіметінің бас­шысы Бақытжан Сағынтаев Ар­мения Премьері Карен Ка­рапетянмен кездесу өткізді. Оның барысында тараптар цифрлы технологияларды енгізу және ортақ жобаларды іске асыру саласындағы екі­жақты экономикалық ынты­мақ­тастық мәселелерін тал­қылады.

2017 жылғы қаңтар-қараша айларында Қа­зақ­стан мен Армения арасын­дағы тауар айналымы 5,4 млн долларды құрады. Қа­зақстанның Арменияға экспорттайтын негізгі өнім­дері – аккумуляторлар, кө­­тергіштер мен дом­крат­­тар, моторлы кө­лік құралдарының бөлшек­тері, мұнай газдары мен кө­мірсутектер, сор­ғы­лар болып келеді. Бү­гін­де Қазақстанда армян капи­талының қатысуымен 268 кәсіпорын қызметтерін табысты жүргізуде. Был­тырғы жылғы маусымда «Ереван – Астана» рейсінің ашылуы бизнес ортада және туризм саласында өзара іс-қимылды дамытуға септігін тигізген.
Осы күні Б.Сағынтаев Алматыда Елбасы бас­та­ма­сымен өткен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі» форумы ая­сын­­да әлемдегі ең ірі ақ­па­рат­тық технологиялар ком­­па­нияларының басшы­лары­мен және шетелдік сарап­шылармен кездесіп, олармен цифрландыру саласында ынтымақтастық орнату мәселесін тал­қылады.
Кездесуге Gartner ком­паниясының вице-прези­денті Андреа Ди Майо, Ұлыбритания Үкіметінің технологиялар жөніндегі кеңесшісі Лиам Максвелл, Дүниежүзілік банктің цифрлық стратегия және үкіметтік сараптау жөніндегі кеңесшісі Рандип Судан, Дүниежүзілік банктің ІТ және электроника бағы­тының басшысы Данил Керими, Ресей мен ТМД-дағы IDC вице-президенті Роберт Фариш қатысты.
Кездесу барысында Үкімет жетекшісі Бақытжан Сағынтаев шетелдік меймандарға Президент Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» ат­ты Жол­дауының негізгі міндеттері туралы айтып берді. Қатысушылар сон­дай-ақ «Цифрлы Қа­зақстан» мемлекеттік бағдар­ла­масының негізгі бағыттарын және шет мемлекеттер мен ірі компаниялардың цифр­лық трансформациялау тәжірибесін талқыға салды.
«Қазақстанға ша­қырғаныңыз үшін алғыс айтамыз. Біз, үкіметтер, өзара бәсекелеспейміз, сон­дықтан да бірқатар мәселелер бойынша ынты­мақтасуға мүмкіндік бар екенін атап өткен жөн. Цифрландыру процесіне өте көп уақыт жұмсадық, ал енді бүгін өз тәжірибемізбен бөлісе ала­­мыз. Сіздерге түрлі ел­дермен ынтымақтасуға кеңес береміз. Малайзия­мен, Сингапурмен ынты­мақ­­тастық орнаттық, Уруг­вай­­мен өзара әрекет­тесу жағдайларын жасап жатырмыз» деді Ұлы­бри­тания Үкіметінің техно­логиялар жөніндегі кеңес­шісі Лиам Максвелл.
Дүниежүзілік банктің АКТ секторының басшысы Рандип Судан Алматыда өткізіліп жатқан форумның пайдасы мен түрлі көз­қа­растарды зерттеудің маңыз­дылығын атап өтті. Gart­ner компаниясының басқару­шы вице-президенті Андреа Ди Майо әлемдік цифрландыру тәжірибесі туралы айта отырып, уа­қытша параметрлерге тоқ­талып өтті.

Дайындаған Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*