ЕЛБАСЫ РУХЫ – ЕЛ РУХЫ

1515
2
Бөлісу:

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл байтағымыздың әрбір өңірінің өзгешеліктерін айрықша атап көрсетіп, аймақтарды аралағанда сол ерекшеліктерге баса назар аударады. Оңтүстікке де келген сайын «ұлыстың ұйытқысы, алтын құрсақты аймақ, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, ұлттық салт-дәстүрдің жақсы сақталған өлкесі» екендігін, қасиетті де киелі орынның көптігін, бүгінгі ұрпақтың ата-бабалар аманатына адал, тарихи қазыналар мен мәдени құндылықтарды қорғауы керектігін ескертеді.

Өткен жылдың сәуірінде облысымызға келгенде де Мемлекет басшысы Оңтүстік өңі­рінде бүкіл ел халқының 16 пайызы тұра­тынын, әлемге әйгілі жәдігерлердің көп­шілігі осында екенін еске салды. «Түр­кі­стан, Отырар, Сайрам, Сауран қалалары, Қо­жа Ахмет Яссауи, Арыстан баб кесе­не­лері – біздің мақтанышымыз. Осындағы әр­бір төбе мен қырқаның, өзен мен көлдің ат­тары – тұнып тұрған тарих. Мәртөбе, Күл­төбе, Ордабасы – халқымыздың сақ­талуына әсер еткен, қазақтың бірлігі мен тұ­тастығының символы. Біз осының бәрін ұрпақтың санасына сіңіруіміз керек. Жас­тарды патриотизмге, отаншылдыққа, ту­ған жерді сүюге баулуымыз қажет» деді Пре­зидентіміз.
Сол сәуір айының соңында, Оңтүстік­тің өрігі түйіндеп, алмасы гүлдеп тұрғанда Елбасы Шымкент шаһарының республи­ка­дағы үшінші ірі орталыққа, ме­рейлі ме­га­полиске айналуы үшін не істе­у ке­рек­тігіне де ерекшелей екпін түсірді. Со­дан жарты ай шамасында ғана бұрын жа­рық көр­ген «Болашаққа бағдар: рухани жаң­ғыру» мақаласындағы мақсаттар мен мін­деттерді мәністей келе, Оңтүстік өңірі жұртшылы­ғы­ның оларды орындауда өзін­дік өнеге көрсетулері керектігін және со­лай болары­на сенетіндігін жеткізді.


Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Ел­ба­сының «Тәуелсіздік дәуірі» атты жаңа да жарқын, тарихи мән-маңызы бар туын­дысы жарық көрді. Бұл кітап – Елбасымыз­дың кезекті ерен ерлігінің ай­ғағы. «Бұл кітап менің ұлы қолдаушым, ке­мел келе­ше­­гі­не өзінің қазақстандық жолымен қа­рыш­­­таған жасампаз халқыма арналады!» – депті Елбасымыз тың туын­дысының эпиг­ра­фын­да. Халқын ұлы қол­даушы дейді Пре­зи­дентіміз. Сол халық­тың, ұлттың келе­шегі кемел. Қазақстандық жолы айқын. Өзін қазақстандық пат­риот­пын деп са­найтын әрбір отандасымыз үшін жөні бө­лек, жосығы ерек осынау кі­тап «Бүгінде бо­лашақ үшін құлшына іске кірі­сетін, жі­герімізді жанып, санамыз бен өмірімізді өз­гертетін сәт тағы туып тұр. Ұлы тарих ке­мел келешекке жетелейді» де­­ген кемең­герлік тұжырыммен тәмамда­лады.
Біле-білсек, «Тәуелсіздік дәуірі» атал­ған, көрегенділік пен кемелдік қасиет­тері­мен өрілген өзгеше кітап – Президенті­міз­дің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қаласында мәністелген бағдарлама­лар­ды жан-жақты жүзеге асырып, ойдағыдай орындауға теңдессіз тұғыр болып табы­ла­тын текті туынды. Сөз бен істің шынайы бір­лігіне шақыратын шамшырақ.
Елбасымыздың бағдарламасы алты алаштың, қалың қазақтың жү­рек­тің түк­пірінен терең ойлау мен тол­ғанудан шық­қан күрделі талдау мен ай­қын болжаудан тұра­тын рухани мани­фест деп қабылдауы­мыз қажет. Ертеңгі ұр­пақ, келешек қазақ тұқымы қалай өр­бімек, қайда бармақ – күр­делі де күрмеуі мол ғаламда түрлі саяси, экономикалық, мә­дени даму және өз­герістер заманында өз әдет-ғұрпымыз­ды, салт-санамызды, дәс­түрімізді, дініміз бен тілімізді, тарихи, кие­лі құндылық­тары­мыз­ды – жалпы қа­зақ рухын алдағы ға­сыр­ларда сақтай ала­мыз ба, соған жеткізе білеміз бе деген маңызды мәселе­лер­ді қозғап, жол көр­сетеді көреген Елба­сы­мыз.
Иә, рухани жаңғыруға шақырып, үйле­сімге үндеп, осы орайдағы барша бағдар­лар­ды айқындап, бағыттарды нақтылап берген, Мемлекет басшысының мақаласы жарияланғалы Оңтүстік өңірінде қандай-қандай қадамдар жасалды? Нендей-нен­дей тірліктер атқарылды? Бұл сауалдар бар­шамызды ойландырады, әрине.

Шүкіршілік. Ізденістер баршылық. Жасырмаймыз, іркілістер де кездесіп қалады. Алдымен сол іркілістерімізден бастасақ. Әуелгіде рухани жаңғыру жөнін­дегі мақсаттар мен міндеттерді терең түсінбеушілік, науқаншылдық сияқ­ты бұрынғы сырқаттардың салқын­дары басымырақ байқалды.
Бірақ «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп ойшылымыз Шәкәрім Құдай­­бердіұлы айтқандай, Елбасымыз­дың мақаласындағы мақсаттар мен міндеттерді бұрынғыдай, ескі әдіс-тәсілдермен, таптаурын психологиямен жүзеге асыра алмайтынымыз анық. Шын жаңғыруға, шынайы өзгеруге қол жеткізе алмасақ, «тарихтың шаңына көміліп қала беретініміз» рас. Ұлт санасының сапалы жақсаруына қол жеткізу үшін адамзаттың Абайы меңзеген жүрек әмірімен жұмыс істеу қажет.
Алғашқыда орын алыңқыраған сөзуарлыққа салыну мен науқан­гер­ші­лік­ке бой алдыру, жалаң, жасанды жина­лыс­тарды көбейту, сөз бен істің ара­сындағы алшақтық сияқты кем­­шілік­­тер­ді өткір сынап, жылдамырақ жою­ға тырыстық. Шынтуайтына келсек, қа­зіргі жұртшылық ондай-ондай ол­қы­лық­тарды бірден байқайды, қарапайым халықтың өзі қабылдай бермейді.
Рухани жаңғырудың негізгі алты басымдығы мен арнайы алты жобасы бойын­ша облыстық іс-шаралар жос­па­рын жасап, талқылап, сараптап, бекіт­кен кезде біз жоғарыдағы жағдай­ларды жан-жақты ескеруге тырыстық. Өңірлік комиссия мен сарапшылар кеңесін құрғанда да, маусым айында жобалық кеңсе құрамын бекіткенде де тиісті мәсе­ле­лерге баса назар аударуға ұмтыл­дық.
Өткен жылдың соңына дейін «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында 844 елдімекенде 3470 шара өткізіліп, 950 мыңға жуық адам қамтылды. «Қасиетті Қазақстан», «Туған жер», «Қазіргі әлем­дегі Қазақстан мәдениеті», «100 жаңа есім» жобалары жүйелі жүзеге асырылу­да. Жобалық кеңсе қазір осы төрт бағыт бойынша 95 жобаны қолға алып, сапалы шаралар ұйымдастыруда. Осы жобалар­дың 80-і республикалық тізімге енгізіл­ген. Өңірлік деңгейде 95 жобаның бәрі түгелдей жүзеге асырылады.
Кәсіпкерлердің көмектері, демеу­ші­лер­дің жәрдемдері үлкен рөл атқарып отыр­ғанын алғыс сезімімен айтамыз. Осынау тараптардан қазірге дейін жеміс­ті жұмыстар атқарылып, жалпы құны 31 млрд 467 млн теңгені құрайтын 577 өңірлік жоба жүзеге асырылуда. Жоба­лардың сапалы орындалуы мақса­тында ресурстық базалар, кадрлар­мен қам­та­масыз ету, ақпараттық сүйе­мел­деу, нақтылы жауапты адамдардан талап ету мен іске асыру мерзімдерін қадағалау жақтары мұқият ескерілген.
«Туған жер» арнайы жобасының «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша 19 жоба, 68 шара, «Рухани қазына» аясында 20 жоба, 77 шара, «Атамекен» аясында 10 жоба, 12 шара, «Ақпарат толқыны» бойынша 2 жоба, 2 шара жүзеге асырылады. Біздің өңірдің жағдайында «Рухани қазына» бағда­рын­дағы «Ажарлы үй – ырысты» сияқты жоба­лардың өзіндік орны бар деп санай­мыз. Жасыратыны жоқ, көптеген ауыл­дардың ажары заман талабына сай дей алмаймыз. Сол ажар дегеніңіз көбінесе ауыл тұрғындарына тікелей байланысты. Таза, көрікті үйдің, еңбексүйгіш, ынты­мақты ұйытып отыратын отбасылардың ырыс-несібесі мол болады деген ұстаныммен облыстағы 720 мыңнан аса үй-жайдың, жылжымайтын мүліктің келбет-көркін жақсартып, уақытпен үйлестіруді мақсат етіп отырмыз. Абат­тандыру қағидалары жасалған. Солар­ға сәйкес үй-жайлар, шарбақтар, қор­шаулар әктелсе, сырланса, тазалық пен тәртіп жүйеленсе дейміз. «Атамекен» кіші бағдарламасы демеушілер есебінен жүзеге асырылады. Мұндағы мақсат –ауылдарда, кенттерде, қалалардың шағын аудандарында спорт кешендерін, футбол алаңдарын, мектептер мен кітап­ханалар, медициналық бекеттер, басқа да зәру әлеуметтік нысандар салуға туған жер түлектерін жұмылдыру. «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы бойынша «Ұл мен қыз – ұлт намысы» жобасы қолға алынды. Елбасы алға қойған мін­дет­терге сәйкес жаңа қазақстандық патриотизмді ойы мен бойына сіңірген ұлағатты ұл мен ибалы қыз тәрбиесі, ұлт­тық код қасиеттерін ұрпақтың сана­сы­на жастай орнықтыру орасан зор құлшыныстарды қажет етеді.
«Әлем бізді қара алтынмен немесе сыртқы саясаттағы ірі бастамалары­мыз­бен ғана емес, мәдени жетістіктерімізбен де тануы керек» деген Елбасы рухани жаңғыруға байланысты «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» немесе «Қазақстанның киелі жерлерінің геогра­фиясы» жобасын жасауды тапсыр­ған болатын. Облысымызда еліміздің киелі жерлері жөнінде 38 макро, 66 микро­орындардың тізімі арнайы құрылған жұмыс тобының анықтауымен және өңірлік карта негізінде жасалды. Облыс бойынша қасиетті, киелі жерлер 104-ке жетіп, «Қасиетті Қазақстан» орталығына нақты сипаттамалар бойынша ұсы­нылды. Бүкіл республика көлемінен іріктеліп алынған 100 нысанның 23-і Оңтүстік Қазақстан облысынан екенін мақтан етеміз. Өткен жылы біршама архео­логиялық және сәулеттік нысан­дарға арнайы экспедиция жүргізілді. Оның ішінде Сайрам ауданындағы Ханқорған археологиялық қалашығында алқалы жиын өткізіліп, қазақ тарихына рухани үйлесімдер үстейтін іргелі, ізгі істер жоспары белгіленді. Сол Ханқорған қалашығында толыққанды археоло­гиялық қазбалар, реставрация және кон­сервация жұмыстары жүргізіліп, ашық аспан астындағы музейге айна­ла­ды.
«Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез-келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шыға­тын символдық қалқанымыз әрі мақта­ны­шымыздың қайнар бұлағы», – дейді Президентіміз рухани жаңғыру жөніндегі мақаласында. Небір әулиелердің, сансыз бабтардың мекені, Ахмет Яссауи мен әл-Фарабидің отаны саналатын өлкеміздің даңқы жыл өткен сайын арта түсетіні анық. Зиярат ететін қасиетті, киелі жерлердің, тарихи-географиялық таңға­жайып орындардың және мәдени-сауық, демалыс жайларының көптігі Оңтүстік Қазақстанда ішкі туризмді дамытуға оң серпін беруде. Бүгінде барлық аудандар мен қалаларда бірнеше күндік маршрут­тар белгіленіп, туған өлкенің саналуан сырларын ұғындыруға арналған сая­хаттар ұйымдастыру жүйелі қолға алын­ды. Жалпы туристік тізімдегі Оты­рар қалашығы, Арыстан баб кесенесі кешені, Сауран қаласының қалдықтары, Әзірет Сұлтан кесенесі кешені, Ақсу-Жабағылы қорығы, Сайрам-Өгем ұлттық паркі, атақты Ақмешіт үңгірі, тағы басқалары шетелдіктер мен байтағымыз­дың басқа өңірлерінен келетіндерді де қатты қызықтырады.
Туризмнің дамуына ықпал ету мақсатында «Шырайлы Шымкент», «Этноауыл», «Ежелгі Түркістан» тұжы­рым­­дамалары жасалды, туристік жәр­мең­келер, кең көлемдегі көрмелер өткізіліп тұрады. Өңіріміздегі киелі және қасиетті орындар, бірегей сәулет ескерт­кіш­тері туралы деректі фильм түсіру қолға алынды. Облысымызда 800-ден аса тарихи-мәдени ескерткіш мемле­кет­тік тіркеуге алынған. Елбасымыз­дың қолдауы мен қамқорлығы арқасында бұл өлке туризм орталығына айналып келеді. «Қазақстанның киелі орындарының географиясы» жобасы аясында мәтіні қазақ, орыс, ағылшын тілінде берілген фотоальбом 1000 дана таралыммен таяу арада шығарылмақ. ЮНЕСКО-ның «Ұлы Жібек жолының ескерткіштері» аталымы бойынша әлемдік мәдени мұралар тізіміне өлкемізден енген ортағасырлық 8 ескерткіш туралы тұң­ғыш деректі фильмнің түсірілімі қызу жү­ріп жатыр. Олар – Сауран қаласының қалдықтары, Түркістан, Сидақ, Қарас­пан, Жуантөбе, Күлтөбе қалашықтары, Отырар оазисінің ескерткіштері мен Бөржар қорғаны.
Оңтүстікте көркем деректі және анимациялық фильмдер түсіретін бір­неше студия жұмыстарын жандан­дыр­ды. Туризмді жан-жақты дамыту, тарихи-мәдени мұралар мен табиғат таңға­жайып­тарын насихаттап, әсіресе жас өскіндерге патриоттық тәрбие беруді тереңдете түсу мақсатында «Күш атасы Қажымұқан» анимациялық фильмі түсіріліп, тұсаукесері EXPO – 2017 көрмесі кезінде Астанада өткізілді. Жа­қын­да облыс орталығында «Көне жеті­геннің сыры» атты 10 сериялық оңтүс­тік­тің тарихы мен табиғатын бейнелейтін көркем фильммен «Киелі Қазығұрт» анимациялық фильмінің тұсаукесері ұйымдастырылды. Сондай-ақ «Оты­рар­ды қорғау» анимациясының да түсіру жұ­­мыс­тары аяқталды. Аталған фильмдер – ру­хани жаңғыру, байыту саласында бір ғана облысымыз емес республикамызды да халықаралық деңгейде танытатын көркем туындылар.
2017 жылы Оңтүстік Қазақстан облы­сы­на келген туристер бұрнағы жылдан екі есе артты. Олардың жиырма пайыз­дан астамы – шетелдік туристер. Шетел­дік­терді, әсіресе Түркістан және Отырар қатты қызықтырады. Өткен жылы бір ғана Түркістанға зиярат етушілердің саны 1 млн 100 мыңға жуықтапты. Бұл керемет көрсеткіш емес пе?
Шымкент қаласының ерекшеліктері ескерілмей, насихатталмай келгені мәлім. Археолог ғалымдар қазір Шым­кент­тің көптеген көне жәдігерлері топырақ астында қалып қойғанын, шаһар­дың негізгі қаланғанына 2200 жылдан асқанын дәлелдеп отыр. Облыс орталығындағы Ескі шаһар аумағынан ашық аспан астындағы музей ашу жоспарға енгізілді. Өлкемізде мектептер мен музейлер арасындағы тығыз бай­ла­ныс одан сайын нығайтылып келеді. Музейлерде сабақ өту қолға алынды. Сол сабақтар өзге оқушыларға да онлайн арқылы көрсетіледі. ОҚО тарихи-өлке­тану музейінің «Ерлік» филиалы «Рухани жаңғыру: Ата-бабалар аманаты – елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ» жобасы бойынша игі бастама көтеріп, облыс жұртшылығының назарына ілікті. Елдік пен ерлік, бірлік пен ынтымақ біздің ең басты құндылықтарымыз екенін ешқа­шан естен шығаруға болмайды.
«Егер жаңғыру елдің ұлттық рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды… Заманауи әлемдегі бәсекелік қабілет – мәдениеттің де бәсекелік қабі­леті деген сөз. Біз ХХІ ғасырдың жа­һан­дық картасында ешкімге ұқсамайтын, дербес орны бар ұлт боламыз десек, «Жаһандағы заманауи Қазақстандық мәдениет» жобасын іске асыруға тиіспіз», – деді Елбасы. Осы орайда «Түр­­кістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы рухани-мәдени жаң­ғы­руда соны серпін, сергек серпіліс туындатты. Түркі қағанаттарының туы тігілген орда, түркі дүниесінің текті төрі, қазақ халқының рухани астанасы, данышпан діндарымыз, данагөй ойшы­лы­мыз, дара шайырымыз Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың асыл сүйегін, рухын аялай тербеткен Түркістанның Түркі әлемінің 2017 жылғы мәдени астанасы болып жариялануы тарихи шешім еді.
Бұл тарихи шешім Елбасымыздың руха­ни жаңғыру жөніндегі бастамасымен үйлесіп, Мәңгілік ел мұраттарымен үн­де­­сіп, үлкен ұмтылыс пен құлшыныс ту­­ғызды. Мәдени астана жылы әз-Нау­рыз мерекесімен егіз-қатар, Ұлыстың ұлы күні – Наурызға арналған түркі ха­лық­­­­тарының туыстық тойымен бас­тал­ды. Өткен жылдың ауқымында ал­уан түр­­лі 40-тан астам шара ұйым­да­с­ты­рыл­ды.
Нұрсұлтан Назарбаев «ТҮРКСОЙ түркі әлемінің ЮНЕСКО-сына айналуы тиіс» деген болатын. 2017 жылы мәдени ас­тана болып жарияланған Түркістанда және күллі өлкеміздің көлемінде ұйым­дас­тырылған шаралар түркі әлемінің көш­­басшысына айналып отырған Елба­сы­мыздың көрегендігін тағы да бір дәлел­деді. Түбі бір түркі түгел болса, алар асуларымыз бен бағындырар биіктеріміз көп екендігі айқындала түсті. Мәдени-рухани жаңғырудың мән-мағынасы артып, арқаулары нығайды, арналары кеңейді. Мәдени жыл шараларына қатысқан мәдениет, әдебиет және өнер қайраткерлері, көптеген мәдениет сала­сы­ның министрлері мен басқа да бас­шы­лары Түркістанымыздан терең ой түйіп, ақеділ алғыстарын жаудырып қайтты.
Облысымыздың мәдениет және өнер саласындағы жетістіктері аз емес. Шәм­ші Қалдаяқов атындағы филар­мония­ның шығармашылық ұжымы Түркияның төрт қаласында гастрольдік сапармен болып, түрік бауырлардың ілтипатына бөленді. Орыс драма театры Молдавияда өткен халықаралық байқаудың лауреаты атанды. «САҚ» киностудиясының «Қазақ елі» толықметражды анимация­лық фильмі «Ең үздік сценарий» аталы­мын жеңіп алды.
EXPO – 2017 көрмесі еліміздің мерейін өсіріп, өрісін кеңейткені аян. Былтырғы 29 тамыз – 3 қыркүйек ара­лы­­ғында осы көрме аясында, Астанада ОҚО мәдениет күндері өтті. Өңіріміздің 1000 өнерпазы 40-тан аса концерттік бағдарламалар мен өзге де шаралар ұсынып, елорда тұрғындарына мере­ке­лік көңіл-күй сыйлады. Күй флеш­мо­бын­да 600 домбырашы бір күйді орын­дап, көрерменді қайран қалдырды. Сүгір атындағы оркестр «Оңтүстіктің жүз күйі» атты концерт қойды.
Рухани жаңғыру идеясының негізгі арқауы – ұлтымыз бен атамекеніміздің, туған жеріміз бен ұрпақтардың, Табиғат Ана мен адамның мызғымас бір­тұ­тас­тығы арқылы жаңаруға қол жеткізу. Мемлекет басшысы өзінің мақаласында «Туған жер» бағдарламасын ерекше мәніс­теген. Сөзіміздің басында да ай­тың­­қырадық, Оңтүстікте, әсіресе осы бағыттағы бастамалар мен ізгілікті істер өнеге алуға тұрарлық деп санаймыз. «Демеушілер тарапынан әлеуметтік қолдау» бағдары бойынша құны 8,6 млрд теңгелік 390 жобаның әлеуметтік баста­ма­лар картасы жасалды. «Туған жерді түлету – перзенттік парыз» акциясы елді елең еткізді. Оған 200-ден астам жерлесіміз шақырылды. Олар 276 жоба­ны қаржыландыруға 2,4 млрд теңге бөлу туралы шешімге келді. Қазір сол жоба­лар­дың бірқатары іске асып, әлеу­мет­тік нысандар пайдалануға беріліп жатыр.
«Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі. Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарих­тан сыр шертеді. Әрбір жер атауы­ның төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар», – дейді Елбасы өз мақаласында. Облысымызда «Өлкетану» жобасы аясында жас өлкетанушылар мен жас туристердің слеттері, интел­лек­туал­дық конкурстар, ғылыми-тәжі­ри­белік конференциялар, экскурсиялар мен экспедициялар, саяхаттар, зерттеу-зерделеу шаралары жүйелі өткізіледі. Мәселен, «Туған жерге тағзым» керуен-сая­х­атына 16 мыңнан аса оқушы мен студент қатысты.
2018 жылы «Рухани жаңғыру» бағдарламасының 6 арнайы жобасын іске асыру жөнінде тиісті жұмыс топтары құрылды. Сондай-ақ «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Оңтүстік Қазақ­стан облысының көне қалалары, киелі жерлердің тізіміне ензіліген сәулет ескерт­кіштері, табиғаты, ұлттық ойын­дар мен әдет-ғұрыптардың анықтамасы дайындалып, облыстан шыққан тарихи 100 тұлға туралы деректі фильмдер сериясы түсірілмек. Сондай-ақ қоғам, өнер қайраткерлері, ақын-жазу­шы­лар­дың таңдамалы шығармалары туралы кітаптар шығарудың арнайы жоспары дайындалуда.
Бұдан бөлек ұлт тағдырында маңыз­ды тұлға Төле би туралы телесериал (10 серия), «Ордабасы – бірліктің туы», «Түркістан», «Оқсыз оқиғасы» атты анима­­циялық фильмдер түсіру ісі қолға алынбақ.
Облыстың аудан, қала орта­лық­тарында туризмді дамыту мақсатында инвесторларды тарту арқылы туристерге қызмет көрсететін, ұлттық келбетімізді таны­татын киіз үйлер орнатуды жоспарлап отырмыз.
Өңірімізде тұңғыш рет «Әр ұлттың бренді» атауымен Оңтүстік Қазақстан облысында тұрып жатқан түрлі этнос­тар­дың табыстарын, жетістіктерін, тұр­мы­сын, дәстүрін, кәсібилігін дәріптеуіне арналған ерекше іс-шаралар ұйым­дас­ты­рыл­мақ.
Қазіргі таңда «Қасиетті Қазақстан» орталығымен жалпы республика бойынша 100 нысан (қасиетті, киелі жерлер) іріктеліп алынды. Оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысынан 35 нысан енгізілген. Бұл – басқа облыстармен салыстырғанда саны жағынан екі есе көп көрсеткіш. Қалған 81 тарихи-мәдени ескерткіштеріміз жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлер тізіміне енгізілді.
1993 жылғы мамыр айында Ордабасы тауында өткен, 150 мың адам қатысқан бірлік жиынында Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Біріккенің – Ордабасы, бөлінгенің – Ақтабан» деген болатын. Биылғы жылы сол тарихи жиын­ның өткеніне 25 жыл толады. Осыған орай, Ордабасы тауының басына Төле, Қазыбек, Әйтеке билердің ескерткішін орнату жоспарда. Сондай-ақ таудың айналасы абаттандырылып, келушілерге қолайлы жағдай жасалуда. Мұның өңірде туризм саласының дамуына ерекше әсер ететіні анық.
Туристік алаңды дамытуға ықпал ететін тағы бір жоба – қасиетті Қазығұрт тауын абаттандыру. Осы бағытта «Қазығұрт тауы» жобасының тұжы­рым­да­масы әзірленуде. Бұл бойынша екі тауда да тиісті инфрақұрылымдар қарас­ты­­рылып, киелі, қасиетті орын­да­ры­мызды аяқасты етпеу жақтары мұқият ескерілген.
Бұдан бөлек Отырар мен Арыстан баб кесенесі арасындағы жол жаңаша жос­пар­ланып, ұлттық қолөнер ерек­ше­лік­терімен бәдіздеу ойласты­ры­лу­да. Сайрам ауданындағы Ханқорған қала­шы­ғында археологиялық қазба, рес­тав­ра­­ция және кон­сервация жұмыс­тары жү­ргізіліп, ашық аспан астындағы музейге айнал­мақ.
Жалпы, «Ұлы Жібек жолы ескерт­кіш­тері» аталымы бойынша 8 ескерткіш біздің облыста орналасқан. Олар – Сауран, Түркістан, Сидақ, Қараспан, Жуантөбе, Күлтөбе, Отырар, Бөржар ескерткіштері. Сондай-ақ «Көне Түркістан» тұжырымдамасы да 3 кезеңде жүзеге асырылуда. Бұдан бөлек Шым­кент қаласындағы Ескі қалашық аума­ғын­да аспанасты мұражайы салынып, шаһардың бірнеше көшесінде Арбат демалыс аймағының құрылысын жүргізу жоспарлануда.
Биылдан бастап облыста туризм басқармасы жұмыс істей бастады. Бұған дейін әр салаға бір қосақталып келген туризмнің дербес салалық басқарма болып құрылуының өзі бұл іске деген көзқарастың жаңа деңгейге көтерілгенін байқатып отыр.
Алдағы наурыз айында әз-Наурыз мерекесін Оңтүстік Қазақстан облысының брендіне айналдыру мақсатында аталған мерекені ерекше, жоғары дәрежеде өткізу көзделуде. Сәуір айында – «Қызғалдақ фестивалі», маусым айында Төле би ауданында қазақ халқының ұлттық сусыны – қымыздың құндылығын насихаттау мақсатында «Қымызмұрындық» өткізілетін болады. Сондай-ақ тамыз соңында «Қауынфест», қазан айында Шардара ауданының әлеуетін көтеру мақсатында туристтік форум және Safari Shardara іс-шарасы өткелі отыр.
Елбасымыздың қалтқысыз қамқор­лы­ғы арқасында бүкіл елімізде, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысында жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге жан-жақты жағдай жасалып келеді. Өткен жылы 29,8 млрд теңгеге 82 білім нысанының құрылысы жүргізіліп, жыл соңында 32 нысанның құрылысы аяқ­тал­­ды. Оның ішінде 8 апатты және 13 үшауысымды мектептің мәселесі оң шешіл­ді. 2018 жылы 63 нысанның құрылысына 14,4 млрд. теңге қарас­ты­рылды. Жыл соңына дейін 50 білім беру мекемесінің жаңа ғимараттары пайда­лануға берілетін болады. 2020 жылға қарай балабақ­ша­лармен және мектепке дейінгі білім­мен қамтамасыз ету 100 пайызға жеткі­зіл­мек. Талай шет елдерде болып жүрміз ғой. Ешбір мемлекетте біздегідей бала­бақ­шамен 87 пайыз қамтылған деген жағдайды кездест­ір­ме­дік. Мемлекет бас­шысының, мем­лекеттің жасап отыр­ған қамқор­лық­тарын жоғары жауап­кер­ш­ілікпен ақтауға парыздармыз.
Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жөніндегі жұмыстар да әрбір өңірдің өнеге көрсетуін қажет етеді. 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандар мен орта мек­тептерге арналған оқулықтарды дайын­дауға оңтүс­тік­қазақ­стандықтар да белсене үлес қоспақ. Осы бағытта бірқанша басқосулар, дөңгелек үстелдер, арнайы ақылдасулар өткіздік. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен «Хакатон» интеллектуалды марафоны өтіп, Шымкенттік өнертапқыш Қуаныш Рысқұловтың латын қарпіне көшу кезін­де кездесетін қиындықты жеңетін әдісі үздік деп танылды.
«Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады» дейді Елбасы. Барлық салада да бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізу – рухани жаңғырудың басты мақсаты. Әри­не, әдебиет пен өнерде де солай бо­луы тиіс. Әдебиет пен өнер қайрат­кер­ле­рін көтермелеп, ынталандырудың мән-маңызы үлкен. 2016-2017 жылдары өл­кеміздің ерен өрендері Асанәлі Әші­мов, Сәбит Оразбаевтардан бастап, өңі­рі­мізде тұрып жатқан жас таланттарға дейін – жүз шақты адамға арнайы сый­лық­тар тапсырдық. Былтыр қазақ әде­бие­тінің қара нары саналатын қалам­гер Еркінбек Тұрысовтың 90 жасқа толуы «Түркістан» сарайында кеңінен тойлан­ды. Сондай-ақ дара драматург, жауһар жазушы, Лондонның, басқа біраз елдер­дің сахналарын «жаулап алған» Дулат Исабековтің, әлемге әйгілі ақын атанған Мұхтар Шахановтың, айтулы ақын әрі сазгер Исраил Сапарбайдың 75 жасқа толуына арналған әсерлі әдеби кештер Жұмат Шанин атындағы академиялық драма театрында керемет мерекелер ретінде, бір-біріне ұқсамайтындай болып өтті. Жалпы, облыс орталығында да, басқа қалалар мен аудандарда да әдеби шаралар, ақын-жазушылармен кездесу кештері, оқырман конферен­ция­лары жиірек өтетінге айналды. Кітапханалар жұмысында жандану­шы­лық байқалады.
Былтыр бізде «Жаһан таныған жеті тұлға» және «Тұлға. Тәуелсіздік. Тарих» атты аса көлемді, көркем безендірілген, мазмұны бөлекше, маңызы ерекше екі кітап шығарылды. Олардың тұсаукесері Астанадағы Ұлттық академиялық кітап­ха­нада, елімізге мәшһүр мәдениет, әде­биет, ғылым қайраткерлерінің қаты­суы­мен өткізілді. Екі жинақ та өте оқы­­­­­лымды, ұғындырар ұлағаты мол, та­ғы­­лымы терең дүниелер ретінде ізгі ниет­ті оқырмандар іздеп жүретін кітап­тар­­ға айналды. Елтану мен елбасытануға қо­сылған қомақты үлес ретінде баға­лан­ды.
Өңірде 158 кооператив құрылып, олардың саны 640-қа жетті. Елба­сы­мыз­дың тапсырмасына сәйкес, тұрғын үйлер салуға, жолдарды жақсартуға, ауызсу мәселесін шешуге, «көгілдір отынмен» қамтамасыз етуге, білім және денсаулық сақтау нысандарын сапалы салуға баса назар аударылып отыр.
Бірлігі мен ынтымағы жарасқан, ұлыстың ұйытқысы атанған Оңтүстік әлеу­меттік-экономикалық жаңғыру мен рухани жаңғыру жөніндегі мерейлі мін­дет­терді үйлестіре орындауда ұла­ғат­ты ұмтылыс пен құштар құлшыныс танытатын, сөз бен істің шынайы бірлі­гіне қол жеткізетін өнегелі өлкеге айналса дейміз.

 

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі

Бөлісу:

2 пікір жазылған

  1. Меруерт 7 Ақпан, 2018 at 17:38 Жауап

    Президенті­міз­дің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» ма­қаласында мәністелген бағдарлама­лар­ды жан-жақты жүзеге асырып, ойдағыдай орындауға теңдессіз тұғыр болып табы­ла­тын текті туынды, сондықтан бұл мақала үлкен бір стратегиялық жоба.

Пікір жазу


*