ЕЛШІЛЕРДІҢ ЕҢБЕГІ ЕРЕН

689
0
Бөлісу:

Қазақстан Республикасы БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 2017-2018 жылдардағы тұрақты емес мүшесі болып сайланды. (2016 жылдың 28 маусымы).

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» еңбегіндегі 33 басты нәтиженің 28-тармақшасы еліміздің Қауіп­сіздік кеңесіне мүше болуына арналған. Шынында, отандық және шетелдік сарапшылар Қазақ елінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын зор табыс ретінде бағалайды. Өйткені аталған кеңеске еліміз ТМД мемлекеттерінің арасында ең бірінші болып мүшелікке қабылданды.

Елбасы өз еңбегінде еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне тұрақты емес мүше болып сайлануына дипломаттар ерекше қызмет көрсеткенін жазады. Президенттің пайымдауынша, 2010 жылдары Қазақстанның сыртқы саясаты мен дипломатиясы жоғары дең­гейде дамыған. «Қазақстандық дипломаттар халықаралық ұйым­дардың басшылық қызмет­теріне сайлана бастады. БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун 2011 жылдың наурызынан 2013 жылдың қазанына дейін Қасым-Жомарт Тоқаевты БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ-ның Женевадағы бөлімшесінің Бас директоры қызметіне тағайын­дады. Қазақстан дип­лома­тиясының басты айырма­шылығы – өзара тиімді ше­шімдерді мақсат тұтатыны, ха­лықаралық проблемаларға жаңа­шыл қадаммен келетіні, жаңа диалогтық тетіктерді құратыны, толеранттылық пен теңқұқықты ұстануы. Бұл қадамдарын Қазақстанға БҰҰ-да байқатты және ШЫҰ, ЕҚЫҰ, ИӘҰ, ҰҚКҰ, ЕАЭО, Түрік кеңесіне төрағалық ектенде де ұстанды. Тәуелсіздік жылдарында жинақталған сал­мақты дипломатиялық капитал Қазақстанның БҰҰ-ның Қауіп­сіздік кеңесінің тұрақты емес өкілі ретінде ұсынылуына ал­ғышарт болғаны анық. БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің құрамына кіру ерекше маңызды деп санадым және Қазақстанның кандидатурасының өтуі үшін қолымнан келгенше көп жұмыс жасадым» деп жазады.
Президент Қазақ елінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес өкілі болып сайлануын тарихи жетістік ретінде бағалайды. Өйткені аталған ұйымға мүше болу Қазақстан халқының есеюінің айғағы болып саналады. Бұл туралы Президент «2016 жылғы 30 маусымда БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун мені Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес өкілі болып сайлануымен құттықтады. «Сайлаудағы дауыс берудің нәтижесі – бұл Қазақстанның белсенді жүргізіп келе жатқан сыртқы саясатына берілген зор баға» деп атап өтті. Болашақты дәл болжаған саясаттың арқа­сында, Қазақстанның халық­ара­лық біртектілігі «қалыпты» ор­та­азиялық формат шеңберінен асты. Қазақстан Республика­сы – ірі еуразиялық мемле­кет –
нақты аймақта да, сондай-ақ әлемдік деңгейде де прагмативті түрде маңызды рөл атқарды. Халықаралық беделі жағынан Қазақстан 2010 жылы әлемдегі алдыңғы қатардағы отыз елдің деңгейіне көтерілді. Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақ­ты емес өкілі болып енуі – осы деңгейдің дәлелі» деп жазады.
Расында, Қазақ елінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес өкілі болып енуі тарихы маңызды. Мұны отандық және шетелдік сарапшылар жиі тілге тиек етіп, жоғары бағалайды. Мәселен БҰҰ-ның Бас сарапшысы Ион Ботнарудың айтуынша, Қазақстан Қауіпсіздік кеңесіне төраға болу арқылы әлемдегі жағдайға әсер етеді. Сондай-ақ ол Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілікті қолдау жөніндегі бастамаларын жоғары бағалайтынын жеткізді.
Корея түбіндегі жаппай қырып-жою ядролық қаруына тоқтау қоя білу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. 90-жылдары Қа­зақстан ядролық қарудан бас тарту арқылы жаһан жұртына үлгі бола білді. Қазақстан ядро­лық сынақтардан зардап шеккен елден ядролық емес мемлекет болу үшін ең жоғары саяси шешімге дейін барлық қадамды жасады. Қауіпсіздік кеңе­сінің төрағасы ретінде Қа­­зақстанның жасаған жұ­мыс­­тары тарихта қалады. Бұл мем­лекеттің әлем алдындағы мәр­тебесін арттырады. Қазақ елінің БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төра­ғалық етіп, түрлі қауіпсіздік пен бейбітшілікті қолдау мәсе­ле­лерін шеше білуінің өзі – үлкен мәртебе, – дейді Ион Ботнару.
Саясаттанушы Нұрлан Сейдін еліміздің аталған Кеңес­тің тұрақты емес мүшесі болуына Елбасының белсенді халықаралық, реформаторлық және бітімгерлік қызметі арқылы жеткенімізді айтады. Сондай-ақ ол Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіндегі мүшелігі ұйымның өзі үшін де бірегей оқиға болып саналатынын тілге тиек етті.
– Қазақстан секілді ширек ғасырлық қана тәуелсіз тарихы бар елге әлемдегі қауіпсіздік бағытындағы күрмеуі қиын күрделі мәселелерді шешу үшін араласуға мүмкіндік беріліп отыр. Біз үшін бұл миссия – тек құрметті міндеткерлік қана емес, сонымен қатар әлемдегі орын алған текетірестерді шешуге, бітімгерлік бағытында жинақталған өз тәжірибемізден нақты ұсыныстар мен әрекеттер жасап, БҰҰ-ның беделін нығайтуға, оның әлем елдері арасындағы абыройын арттыруға атсалысу, Ұйымның назарын аймақ мәселелеріне бұру. Сондықтан бұл жауапты миссияға үлкен дайындықпен, ауқымды жоспармен, оларды жүзеге асырамыз деген зор үмітпен келдік. Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болып қабыл­данған күннен бастап-ақ өзінің назарын трансұлттық қауіпсіздік мәселелеріне, соның ішінде ха­лықаралық қатынастың төрт басымды саласы – азық-түлік, су, энергетика және ядролық қауіпсіздік салаларына аудар­ды. Осы аралықтағы басты мақсаттарымыз − орын алған қарама-қайшылықтарды барын­ша дипломатиялық жолмен ше­шуге нақты әрекеттер жасау, халықаралық қоғамдастықта бөлінудің жаңа сызықтарының пайда болуына жол бермеу, текетірес аймақтарында барлық тараптар мүдделерінің сақталуына қажетті жағдайды жасау және де БҰҰ дамуының негізгі бағыттары бойынша консенсустық алаңды қалыптастыру, – деді ол.
Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің мүшесі болу арқылы ұлттық қауіпсіздікті сақтауға әрекет етіп жатқаны белгілі. Бұл ретте Елбасы айтқандай, елшілердің еңбегі ерен болып отыр.

 

Серік ЖОЛДАСБАЙ

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*