Райымқұл ҚАРАҚҰЛОВ: Қатерлі ісіктен қорқудың қажеті жоқ

1038
1
Бөлісу:

Ақпанның алғашқы аптасында Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күні аталып өтеді. «Халықаралық онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі одақ» (UICC) жариялаған айтулы датаның мақсаты – қатерлі ісік туралы хабардар ету, осы кеселдің алдын алуға, ерте бастан анықтауға және емдеуге тұрғындар назарын аудару. Өйткені обыр – өлім-жетім көрсеткіші бойынша жүрек қан-тамыры ауруларынан кейінгі екінші орында тұр. Сүт безі мен өкпе обырына шалдыққан науқастың қарасы көп бүгінде. Қатерлі ісік салдарынан өлім құшатындар да – обырдың осы екі түрімен тізімге тіркелгендер. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының болжамынша, 2020 жылға дейін бұл дертке дауа іздейтіндердің саны екі миллионға жетуі бек мүмкін. Әлемдік дерек – осы.

Біздегі ахуал қандай? Қа­зақстанда да обырдың қарқыны басылмай тұр. Бүгінде елімізде 163 мыңдай адам осы диагнозбен тір­кеуге алынған. Жыл сайын олардың қатары 35-36 мың нау­қаспен толығып отырады. Өкі­ніштісі, әр жыл сайын 15-16 мың сырқат осы дерт салдарынан көз жұмады. Аурудың таралу көрсет­кіші әр аймақта әртүрлі. Онко­логиялық аурулар солтүстік өңір­лерде кө­бірек кездеседі. Солтүстік Қа­зақстан, Павлодар, Шығыс Қа­зақстан және Қара­ғанды об­лыс­­тары көш басында тұр. Қа­терлі ісікке қарсы күрес кү­нінің игі мақсат-міндетін орындап, ел тұрғындарын ақпа­раттандыруға титтей де болсын үлесімізді қос­сақ деген ниетпен медицина ғы­лым­­дарының докторы, про­фес­сор, дәрігер-онколог Райым­құл Қа­рақұловты сөзге тартқан едік.

– Қатерлі ісіктің қармағына ілінген адамның қарасы көп бү­гінде. Еліміздегі обырдың көр­сеткіші көңіл көншітпейді. Бұл дерт неге дендеп барады?
– Бүгінде бұл аурудың асқы­нуына экологияның ластануы, радиациялық сәулелер, әртүрлі күйзеліс жағдайлары, гормо­налдық өзгерістер түрткі болуда. Ауруды тудыратын жанама се­бептердің бірі – ағзаға дәру­мен­дердің жетіспеуі. А, В, С вита­миндері адам ағзасына аса қажет. Ол жеміс-жидек пен көкөністе болады. Көп нәрсе тамақтануға, салауатты өмір салтын ұстануға байланысты. Мәселен, оңтүс­тіктің халқы етпен бірге көк сөкті көп жейді, жыл-он екі ай күннің шуағына бөленіп жүреді. Сондықтан Оңтүстік Қазақстан, Алматы облыстарында обырға шалдығушылар саны аз. Сол­түстікте күн суық, бұл аймақтың тұрғындары майлы тамақ жеуге бейім. Көк сөк деген аз. Болған күннің өзінде, сырттан әкеліне­тіндіктен бағасы қымбат.
Обыр тудыратын тағы бір себеп – генетикалық бейімділік. Тұқымқуалаушылық, обырды зерттеудегі маңызды фактор­лардың бірі. Сондықтан әр адам тұқымында бұрын-соңды қандай аурулар болғанын білгені дұрыс. Өйткені сүт безі ісігі, аналық без обыры мен ішек обырының әйел­дер линиясы арқылы бері­летіні дәлелденген. Бірақ анасында болған ауру міндетті түрде қы­зында қайталанады деп кесіп айту қате. Өйткені ол – ағзаның ауруға бейімдік деңгейіне байланысты мәселе.
– Ұялы телефоннан радиация бөлінетінін білеміз. Әлеуметтік желілерде заманауи гаджеттердің кесірінен қатерлі ісікке шалдығу жағдайлары туралы да көп жа­зылып жүр. Бұған не дейсіз?
– Дәрігерлер ғылыми тұрғы­дан дәлелденген дүниелерге ғана ден қояды. Рас, осы мәселе ту­расында жер-жерде көп жа­зылуда. Ми ісігіне шалдыққан науқас ұялы телефон шығаратын компанияны сотқа берген
оқиға – осыған дәлел. Бірақ қалта теле­фонынан таралатын радиа­ция мөлшері өте аз, ол адам өмі­ріне айтарлықтай залал келтіреді деу қиын. Дүниежүзінде мил­лиард­­таған ұялы телефон бар. Өндіруші компаниялар телефон үлгілерін күн сайын жаңартып, сан мыңдап шығаруда. Оның бәрінен тара­латын залал орасан болса, жер бетіндегі халық түгелдей қырылып қалар еді ғой. Әрине, ағзасы қатерлі ісікке бейім адамдардың сырқаттануына ұялы телефонның да әсері болуы мүм­кін. Дегенмен обырдың тууына бір ғана фактор әсер етпейді. Ол бірнеше фак­тордың жиынтығы салдарынан туындайтын дерт.
– Обырды толыққанды емдеуге мүмкіндік бар ма?
– Елімізде онкологиялық ауруларды ерте анықтау арқылы оның көрсеткішін кемітуге ба­ғытталған арнайы бағдарлама бар. Қатерлі ісіктен қорқудың қажеті жоқ. 1-2-сатысында анықталған обырды толық емдеуге мүмкіндік бар. Мұның мемлекет үшін де пайдасы мол. Мысалы, сүт безі ісігін бастапқы сатыларда анық­таса, оны емдеу мемлекетке 60-70 мың теңгеге түседі. Төртінші сатыға өтіп кеткен жағдайда оған 2-3 млн теңге жұмсалады. Өйткені онкологиялық сырқаттарды емдеуге арналған дәрілер аса қымбат. Обырдың бұл сатысында науқасқа химиялық дәрілер және сәулемен емдеу тәсілдері қол­данылады, ота жасалады. Сон­дықтан аурудың алдын алу – аса маңызды. Обырдың белгілерін күтіп отырудың қажеті жоқ. Қатерлі ісікке шалдыққан адам­ның еш жері ауырмайды. Ол тек үшінші, төртінші стадияға ауысқан кезде, қасындағы ағзалар зақымданады да белгі бере бастайды. Сол себепті, әр адам жыл сайын тексеріліп отыру керек. Бұл мәселеге мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлінуде. Жыл сайын бюджеттен скри­нингтік бағдарламаларға қыруар қаражат құйылады. Елімізде 5-6 скринингтік бағдарлама бар.
– Бұл бағдарламалардың про­филактикалық тексеруден айыр­машылығы неде?
– Скрининг – жас шамасына қарай туындайтын аурулардың алдын алу үшін азаматтарды тексеруден өткізуге, сондай-ақ әбден асқынған дерт түрлерінің денін азайтуға бағытталады. Өкінішке қарай, тұрғындардың санасы өздігінен келіп скри­нингтен өтуге жеткен жоқ. Әлі күнге дейін медицина қызмет­керлерінің мәжбүрлеуін күтіп отырады. Мұндай бағдарламалар мемлекет бюджетінен қаржылан­дырылады, яғни азаматтар үшін тегін. Сонда да халық денсаулығын тұрақты тексертуге қиналады. Бұрын аурудың алдын алуға диагностика құралдары мен заманауи қондырғылардың жоқ­тығы қолбайлау болса, бүгінде оның бірден-бір себебі –адам­дардың өз денсаулығына жүрдім-бардым қарайтыны. Әйтпесе, бізде обырға шалдыққан нау­қастың өмір жасын ұзарту бағдарламасы да бар. Ол үшін жаңа әдістемелер қолданылады. Скринингтік бағдарламаларға қоса, МРТ, КТ, ПЭТ-КТ сияқты қондырғылар қолданылып жүр. Онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында ПЭТ қондырылуда. Химиялық дәрілерге қоса, таргеттік терапия – иммунотерапия да кең қол­даныста. Жалпы, профилак­тикалық бағдарламалар өзінің тиімділігін дәлелдеді. Италияда скринингтік бағдарламалар жатыр мойыны ісігін азайтуға септігін тигізген. Сүт безі обыры бастапқы сатысында анықталып, одан болатын өлім-жітім де азайды.
– Бізде обыр тегін емделеді. Соған қарамастан жанына араша іздеп, шекара асатындардың саны азаймай тұр. Неге?
– Кей адамдар шетелге барса, жазылып кетуге мүмкіндік жо­ғары деп ойлайды. Көбіне ма­териалдық жағдайы жақсылары шетелден шипа іздейді. Бір мысал кетірейін. Бірде Израильден бір профессор хабарласып, «Сізге бір пациентімді жіберсем, өзіңіздің жерлесіңіз» деді. Мен келістім. Сол науқасқа біздегі тегін берілетін дәрінің бір курсын из­раильдік әріптестеріміз 250 мың долларға тағайындапты. Бүгінде Оңтүстік Кореяға барып емделу де жиілеп кетті. Әлбетте, олар дертіне шипа іздеп шетел асады. Дегенмен обырды емдеудің тәсілдері барлық жерде бірдей. Қатерлі ісік бойынша диагнос­тика жасау, емдеу жағынан ешбір елден кем емеспіз. Бізде моле­кулярлы-генетикалық диаг­ностика да, иммуногистохимия да бар. Рас, шетелдегідей бір кісіге үш медбике бекітетін жағдай жоқ. Бір гемобластоз бөлімшесінде 40-50 адамға дейін жататынын, онда түнде бір медбике ғана кезек­шілікке қалатынын жа­сырмай­мыз. Десек те, барлық жерде емдеу шаралары бірдей хатта­мамен жүргізіледі. Оны Еуропа­ның, Американың арнайы қо­ғамдары бекітіп, барлық елдерге жібереді.
– Әңгімеңізге рақмет!

 

Тақырыпқа орай:

Ұлттық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының мәліметінше, елімізде соңғы он жылда қатерлі ісікке шалдыққандар саны үш есе артқан. Онкологиялық аурулар арасында сүт безі ісігі тізімді бастап тұр. Науқастардың 85 пайызы дәрігерге кеш қаралуына байланысты көз жұмады екен. Обыр дер кезінде анықталған жағдайда олардың өмірін сақтап қалуға болар еді.

 

Cұхбаттасқан
Айдана НҰРМҰХАН

Бөлісу:

1 пікір жазылған

Пікір жазу


*