Тұлғалар туралы толғаныс түрік тіліне аударылды

966
0
Бөлісу:

Алматыда Ұлттық кітапханада Қазақстанның Түркиядағы елшілігі Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Ғаббас Қабышұлының түрік тіліне аударылған «Көңіл көгінде» атты эсселер жинағының тұсаукесерін өткізді.

Кітап Қазақстанның Түркиядағы ел­-шісі Абзал Сапарбекұлының қолдауымен, жазушы Якуб Омароғлы төрағалық ететін Еуразия Жазушылар қауымдастығына қа­расты «Бенгу» баспасынан жарық көрді. Кіріспе сөзді елші Абзал Сапарбекұлы мен Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы жазған. Сондай-ақ Мемлекеттік сыйлықтың иегері, жазушы Әзілхан Нұршайықовтың көзі тірісінде қалдырған жылы лебізі алғысөз ретінде берілген. Баспа базарлығын түрік тіліне аударған – Эльмира Қалжанова, редак­-торы – Азизе Кая.

Шараға Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің дипломаты, жазушы-аудар­машы Мәлік Отарбаев арнайы келді.
Топтамаға жазушының 90-нан астам зиялы қауым өкілі туралы әр жылдары жазған естеліктері мен эссе-әңгімелері енген. Атап айтсақ, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Бауыржан Момышұлы, Асқар Тоқма­ғам­бетов, Ілияс Есенберлин, Әнуар Әлім­жанов, Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұр­шайықов, Тахауи Ахтанов, Ғафу Қайыр­беков, Оспанхан Әубәкіров, Шона Сма­ханұлы, Балғабек Қыдырбекұлы, Әнуарбек Дүйсенбиев, Мариям Хакімжанова, Сәкен Жүнісов, Мұқағали Мақатаев туралы ес­теліктерді оқуға болады.
Салтанатты рәсімді кіріспе сөзбен ашқан жазушы, «Ан Арыс» баспасының директоры Кәдірбек Құныпияұлы Ғаббас Қабышұлының «Көңіл көгінде» кітабы туралы 2015 жылы Мәлік Отарбаевқа айтып, алғаш рет Түркияда қазақ тілінде жарық көруіне мұрындық болғанын атап өтті. Сонымен қатар Ғаббас Қабышұлы­ның Әзиз Несиннен аударған «Нау емене?» әңгімелер жинағының қатар шыққанына тоқталды. «Көңіл көгінде» кітабының енді түрік тілінде басылғанына қуанышын біл­діріп, сөз кезегін Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары Жанарбек Әшімжанға берді. Ол өз сөзінде:
– «Көңіл көгінде» – қазақтың біртуар қайраткерлеріне лайықты баға бере білген жинақ. Оның Түркия төрінде түрік тілінде жарық көруі – еліміз үшін тарихи оқиға. Жобаны жүзеге асырған Қазақстанның Түркиядағы елшілігіне алғыс білдіреміз, – деді.
Мәлік Отарбаев кітаптың Елбасы Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына ар­наған Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарла­масының аясында жарық көргенін айта келе, Жолдау мен бағдарламалық мақа­-ланы «Түркі әлеміне арналған манифест» деп түрік зиялылары жоғары бағалағанын айтып өтті. Елшіліктің соңғы жылдары ат­қа­рып отырған жұмысына тоқталып, Мемлекет басшысының Жолдауы мен «Бола­шаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақа­ласының түрік тіліне аударылған нұсқасын кітапхана қорына тарту етті. Одан кейін елші Абзал Сапарбекұлының құттық­таухатын оқыды. Онда:
– Қадірлі Ғаббас Қабышұлы! Қазақ­станның Түркиядағы елшілігі және өзімнің атымнан сізге зор ілтипатымды білдіре оты­рып, «Көңіл көгінде» атты эсселер жина­ғыңыздың түрік тілінде жарық көруімен шын жүректен құттықтаймын.
Соңғы жылдары туыстас түрік елімен әдебиет саласындағы байланысымыз күшейіп, 30-дан аса қазақтың көрнекті қаламгерінің әдеби туындысы түрік тілінде жарық көрді. Сіз де өз тарапыңыздан атақты түрік қаламгері Әзиз Несиннің шығармаларын қазақ тіліне аударып, қазақ және түрік халықтарының достығы мен бірлігінің артуына күш салдыңыз. Бүгін де түрік қаламгерлері бұл еңбегіңізді жоғары бағалайды. Екі бауырлас елді жақын­дас­тырып, әдеби байланыстың күшеюіне қосқан үлесіңіз үшін алғысым шексіз! – делінген.
Бұдан кейін Еуразия Жазушылар қауымдастығының төрағасы Якуб Омароғлы­ның ыстық сәлемі мен жылы лебізін жұртшылыққа жеткізді.
– Жазушы Ғаббас Қабышұлы «Көңіл көгінде» кітабы арқылы қоғамның да­муына, руханияттың қалыптасуына зор үлес қосқан тұлғаларды түркі әлеміне на­сихаттап отыр. Бұрын атын естіген, кей­бірінің шығармаларын оқыған әдебиет майталмандарын жаңа қырынан танып-білуге мүмкіндік алдық. Сіз осы еңбегіңіз арқылы екі ел арасындағы әдеби-мәдени байланыстарды жақындата түстіңіз. Кітапқа ақ жол, өзіңізге амандық тілеймін» делін­ген.
Мәлік Отарбаев Ғаббас Қабышұлына Қазақстанның Түркиядағы елшісі Абзал Сапарбекұлы мен Еуразия Жазушылар қауым­дастығының төрағасы Якуб Омароғлының алғыс плакеткасы мен жа­зушы-публицист Қайсар Әлімге «Әлем жазушылары» қауымдастығы мен «Әлем-сөз» академиясының Алаш арыстарын түркі әлеміне танытқаны үшін арнайы сыйлығын тапсырды.
Жиын барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Ахметжан Ашири сөз алып, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің екі ел арасында алтын көпір орнатып, әдеби байланысты нығайтып отырғанына ризашылығын білдірді.
– «Көңіл көгінде» кітабымның түрік тілінде жарық көргені маған ерекше қуа­ныш сыйлады. Қолыма қалам ұстаған 60 жылдың ішінде аралас-құралас, дәмдес, сапарлас болған 91 адам туралы эссе жаз­дым. Оның – 75-і жазушылар. Өкінішке қарай, ол адамдар қазір арамызда жоқ, тым ерте кетіп қалды. Нені көрдім, не айтқым келді, барлығын бұрмаламай, тек шын­дықты жазуға тырыстым. Алыптардың сөзі­не, мінезіне артық ештеңе алып-қоспадым. Кезінде көп ағаларымның жақсылығын көрдім. Менің кітабым мемлекеттік тап­сырыспен жарық көрмегелі 30 жылдан асты. Астанадан шықпаған жинағымды Анкарадан шығарып жатқаны үшін ел­ші­лікке айрықша алғыс айтамын, – деп қоры­тындылады Ғаббас Қабышұлы.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*