ШЫҒЫСТЫҢ ШЫРАЙЫН КІМ КЕЛТІРЕДІ?

942
0
Бөлісу:

Мұхит асып, шығысқа әлемге танымал актерлер келді. Марк Дакаскас, Кэри Тагава, Майкл Мэдсон, Бай Лин, Эрик Робертсті  Шығыс Қазақстанға алып келген не құдірет?

Шығыс­тықтар әлем жұлдыздары­ның елімізге жайдан-жай кел­мегенін, әлемге белгілі ак­терлердің Шығыс Қазақстан туралы түсірілетін фильмге қатыспақ ниеттері бар екенін айтады.
Негізгі мақсат – Америкадан келген қонақтарды облыстағы киелі орындармен қатар, төрт ауданды аралап көрсету, сондай-ақ халық­тың салт-дәстүрімен және мәдениеті­мен таныстыру.
– Қазір барша әлем Қазақстанға бет бұрды. Сондықтан елдің имиджін қалыптастыру қажет. Ал адамдар танымал тұлғалардың пікірін тың­дайды. Сол себепті голливудтық Castle Pilms компаниясы мен қа­зақстан­дық кинокомпания бірлесе отырып, Қазақстан туралы фильм түсіруге бел буды, – дейді продюсер Арман Асенов.
Кэри Тагава, Марк Дакаскос, Бай Лин Өскеменнің іргесіндегі «Нұртау» демалыс орнына барып, деректі фильм түсіруге кірісіп кетті.


Деректерге қарасақ, әлем жұлдыздарының қатысуымен түсірілетін кино төрт бөлімнен тұрады: туристік кластер, Шы­ғыс Қазақстанның өнеркәсібі, осы тұста экология мен Семей ядролық сынақ полигонының жабылуы жөніндегі тақырып қозғалады.
Продюсер Арман Асе­нов­­­тің пікіріне сүйенсек, елі­міздің табиғаты көз тартар мекендерін әлемге көрсете алмай отырған сияқтымыз. «Туристерді Қазақстанға тарту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Өйткені көшпелі өмір салты зерттеуге қызық» дейді продюсер.
Әлем жұлдыздары түсетін фильм жыл соңына дейін прокатқа шықпақ. National Geographic мен BBC сияқты әлемдік арналардың эфирінде көрсету де жоспарда бар секілді. Голливуд жұлдыздары Өскемендегі «Нұртау» шаңғы курортына барып қайтты. Бай Лин өз өмірінде үш-ақ рет шаңғы теуіпті.
Сонымен, шығыстың шы­рай­лы табиғатын, әсем келбетін тама­шалауға әрі деректі фильм түсіруге әлем жұлдыздарының «бестігінің» келуі көпшіліктің назарынан тыс қалмады. Әлеуметтік желілерде де осы «бестік» қызу талқыға түсуде. Деректі фильмге неге осы актерлер таңдап алынды? Шын мәнінде, шығысты әлемге танытудың өзге жолы жоқ па? Марк Дакаскос, Эрик Робертс, Кэри Тагава, Бай Линді шақырудың белгілі бір себебі бар ма? «Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» боп шиеленіскен пікірлер толастамай тұр. Атап айтар болсақ, белгілі журналист, блогер Өркен Кенжебек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Қазір Шығыс Қазақстанда Голливудтың қартайған жұлдыздары қонақта жүр. Марк Дакаскос, Бай Лин, Кэрри Тагава, Эрик Робертс, Майкл Мэдсон – осы бестік. Шамасы эскорт компанияларға біреуін әкелгеннен гөрі, бесеуін бірдей шақырған тиімді секілді. Ниет жақсы. Облыс әкімімен кездесті. Төрт күн бойы облыстың төрт ауданында болып, тарихи және табиғаты тамаша жерлерін аралап,


15 минуттан 4 сериялық деректі фильм түсірмек. Оны тағы National Geographic мен BBC-да айналдырмақ.
Бай Лин. Біз оны көбіне «Такси-3» не «Адреналин-2» фильм­деріндегі жауыз, голливудтық типология бойынша ақымақ пер­сонаждары арқылы білеміз. Бірақ оның атын шығарған бұл фильмдері емес, әртүрлі кештерге бір лыпамен шығуы, жалаңаш перфоманстары еді» дейді. Сонымен, әлеуметтік же­лі­дегі белсенділігі арқылы баға­лайтын болсақ, Өркен Кенжебектің айтуынша, Бай Линнің әлеуметтік желідегі белсенділігі де «онша» емес сияқты. Оның «Қазақстанға келдім» деген бір ғана посты 597 лүпіл жинапты. Демек, әкім мысалға келтірген 60 миллион деген бекер сөз.
Әлеуметтік желідегі жұртшы­лықтың бұл оқиғаға бей-жай қарай алмауының тағы бір себебі – голливуд жұлдыздарының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында елге келуі. Шығысқазақстандық басылымдар бастапқы кезде солай жазды. «Бір әкімдер бала қораз әншілердің байқауын да қызыл-жасыл бүркіттің логосымен басып, есебін бастырып жатыр. Шығыс Қазақстан облысы секілділер бұған әлемдік масштаб бергенсіп, мақсатын бұрмалап кетті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын түсінбей, бұрмалап, қидалап кеткен әкімдерді сынағаны кеше ғана емес пе еді? «Рухани жаңғыру» бағдарламасын кім ашып қарады? Ондағы негізгі басымдықтар қазақтың қамына бағышталған. Айтайын дегенім, Алтайдың әдемі табиғаты мен Семейде жарылған бомбаның орнын түсіріп алып, Марк Дакаскосқа екі ауыз сөйлетіп, оны БиБиСиден көрсеткеннен қазақ рухани жаңғыра ма? Жоқ! Батыстан бес кемпір-шалды шақырып алып, бір сағаттық деректі фильм түсіріп, оны батыста көрсету – «Рухани жаңғырудың» бабына еш келмейді» дейді Өркен Кенжебек.
Әлемдік киноның жарық жұлдыздарын елге шақыру, сол арқылы Қазақстанды әлемге таныту деген ниет жақсы. Алайда елімізде де талантты артистер, дарынды жастар жетерлік. Шығыстың сұлулығын паш етуге өз артистеріміз жарамай ма? Деректі жанрда фильм түсіріп жүрген режиссерлеріміздің ойы қандай?
Режиссер Алмас Әбдік: «Шетел­дік әртістерді шақырып, деректі фильм түсіру керек те шығар. Бірақ оның қаншалықты қажет екенін білмеймін. Жарнама үшін кейде әлемге белгілі адамдарды шақыртатынын білеміз. Жарнама болғанда да, Марк Дакаскос, Кэри Тагаваның уақыты өтіп кетті. Бұрынғыдай «жарқырап» тұрған жоқ, өнер әлемінде «көмескілене» бастаған артистерді шақырып, туризмді дамытамыз деген ой қалай туғанын білмеймін. Екіншіден, өз артистерімізге, өз режиссерлерімізге сенбеушілік басым. Өзгелерге алаңдап тұрамыз. Артистеріміздің қолынан келмейтіндей көреміз. Өзгелер бізден талантты деп ойлаймыз. Әйтпесе, Қазақстанның сұлу табиғатын, көркем келбетін түсіретін адамдар елімізде де жетерлік. Үшіншіден, National Geographic сияқты әлемдік арналарға түсіретін қазақстандық режиссерлерді де табуға болады. Мәселе, ол арнамен келісім жасауда. Деректі фильм мен телебағдарламаның арасы жақындап кетті. Қыс-жаз мезгілдерін түсіру үшін арнайы уақыт керек. Бізде керісінше қысқа мерзім ішінде фильмді түсіріп біту қажет болады да, уақыт тығыздығынан сапасы төмен болып шығады. Деректі фильм түсіруде кейде осындай ньюанстар кетіп жатады. Жалпы, жарнамалық тұрғыдан әлем ар­тис­терін шақырып, деректі фильм жасаймыз деген ниет дұрыс та шығар. Бірақ сондай жоғары деңгейдегі фильм түсі­ретін мамандар өзімізде де бар екенін ұмытып кете береміз» дейді.
М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, кинотанушы Дана Әмір­бекова жарнамалық мақсатта әлемдік кино жұлдыздарды шақы­ру­дың тиімді жағы да бар екенін айтады.
«Кино – кез келген идеяны не­месе белгілі бір идеологияны наси­хаттауға айрықша мүмкіндік туғызатын күшті қару. Ал бүгінгі цифрлы технологияларды қолдану қарқынды дамып, қажет деректі том-том кітаптардан емес, теледидар мен ғаламтор арқылы алу әдетке айналған заманда, халқымыздың атадан балаға қалар салт-дәстүрін, тарихи-мәдени мұрасын қайта жаңғыртып, әлем жұртшылығына насихаттауға жол ашатын бірден-бір мүмкіндік – деректі фильмдер.
Дегенмен фильмді түсіріп қа­на қоймай, оны көрермен қы­зығу­шылығын тудыратындай жарнамалай білу де ерекше маңыздылыққа ие. Осы ретте көшпелі өркениет туралы баяндайтын деректі туындыға әлемге әйгілі артистердің шақырылуы да – фильм продюсерлерінің алдын-ала ойластырып қабылдаған аса маңызды шешімі. Осы орайда болашақ туын­дыға түсуге Голливудтың та­нымал жұлдыздары Марк Дакаскос, Бай Лин, Кэри Тагава, Эрик Робертс пен Майкл Мэдсонның ша­қырылуы түсінікті жағдай. Бұл шешім Голливуд жұлдыздарының отандық актерлерімізден кәсіби тұрғыда артықшылығынан туын­дамағаны белгілі. Олардың ар­тық­шылығы әлем бойынша мил­лион­даған жанкүйерлері мен оқыр­ман­да­ры­ның көптігінде болып тұр. Осылайша, танымал жұлдыздар түсіріл­гелі жатқан фильмді алдын-ала жарнамалап, халық назарын аударып, қызығушылығын оятары хақ. Бұл өз кезегінде фильмнің ха­лықаралық деңгейге шығып қана қой­май, сонымен қатар еліміз жайлы түсірілетін кинотуындының мүмкіндігінше көп адамның наза­рына ілігуіне септігін тигізіп, қазақ халқы жайлы мағлұмат алуларына жол ашары сөзсіз.
Десек те, осыдан жеті-сегіз жыл бұрын прокатты өз мемлеке­ті­мізде жасау мүмкін еместігіне сүйенген отандық киномамандар фильмдеріміздің прокаттағы пайыз­дық деңгейін арттыру мақсатында көпшілік көрерменге арналған, демек «мейнстрим» бағытында түсірілген фильмдерге Жерар Депардье, Марк Дакаскас, Дмитрий Дюжев, Гоша Куценко қатарлы шетел актерлерін шақырып, Сергей Бодров, Егор Кончаловский, Тимур Бекмамбетов іспетті режиссерлерге қойылымдар берген болатын. Бұл жағдай өз ке­зегінде сол кезде түсірілген фильм­дердің ішіндегі негізгі кейіпкерлердің біреуін міндетті түрде шетел артисі­нің ойнауын үйреншікті жағдайға айналдырған еді. Өкінішке қарай, санаулы фильмдеріміздің Ресейде көрсетілгенін айтпағанда, бұл ай­ла онша іске аспаған еді. Осы ретте, Шығыстың әсем табиғаты мен тұрмыс-тіршілігі туралы баян­­дайтын «Шығыс Қазақстан облы­сы­ның бренді» атты деректі фильм Қазақстан жайлы естісе де, ұлттық салт-дәстүріміз, тарихымыз, табиғи ресустарымыз жайлы аса көп біле бермейтін National Geographic және BBC, Discovery, Viasat History телеарналарының көрермендері үшін қызықты әрі танымды болады деп үміттенеміз. Енді тек Голливуд жұлдыздары өздеріне артылған сенімді ақтаса болғаны» дейді.
Әлемге таныту, әлем назарын аудару үшін әлем жұлдызын шақыру міндетті ме? Әлемге танытамыз деген «Көшпенділер» не болды? Сол Марк Дакаскостар «Көшпенділердің» абырой-беделін асқақтата алды ма? Жерар Депардье түскен фильмдердің тағдыры ше? Әлем дүркіреп кеткен фильмді көрмедік.
Шығысқазақстандықтар жұрт­шылықты «бұл деректі фильм ғой» деп жұбатуы мүмкін. Қалай десек те, «қартайған» жұлдыздар шығыстың шырайын келтіре қояды дегенге сену қиын. «Адамдар әлемдік тұлға­лардың пікірін тыңдайды» деп шыр-пыры шығып, елдің имиджін қалыптастыруға күш салып жүрген Асеновтің не ойлағаны барын кім білсін, біздің көргеніміз – өнер «базарынан» қайтып келе жатқан артистер ғана.

Шыңғыс ЖӘНІБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*