Түрген: Аюлы сарқырамасына серуен

2939
0
Бөлісу:

Бүгін «Қазақстанның сокральды географиясы» бағдарламасы негізінде жүргізіп келе жатқан саяхатымызды Алматы облысы, Түрген шатқалындағы Аюлы сарқырамасының қысқы көріністеріне арнаймыз.

Түрген шатқалы, Аюлы сарқырамасы.  Фото: screenshot, earth.google.com.

Түрген шатқалы – Алматыдан шығысқа қарай 70 шақырым жерде орналасқан. Біз шатқалға жақындап қалғанда ары-бері жылжып жатқан тұман бұлттар қарсы алды.

Аюлы сарқырамасына өту үшін Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркі республикалық мемлекеттік мекемесінің Түрген филиалының бақылау-тексеру бекетінен өту керек. Кіру жарнасын төлеп, техникалық қауіпсіздікке қол қойғаннан кейін – парк аумағына саяхаттауға рұқсат беріледі.

Парк аумағына кірген бойда, биік-биік шоқылар бірінен соң бірі әсем көрінісімен тамсандырып жатты.

Жоспарлған сарқырамамызға да жетіп алдық. Алдымыздан Аюлы сарқырамасы әсем көрінісімен жан-жадыратты.

Аюлы  сарқырамасына апаратын жол оңай әрі қысқа. Сарқырама терең жартастың қуысында орналасқан. Сарқыраманың биіктігі  30 метр. Бұл жерді аюлар мекендеуіне байланысты «Аюлы» деп аталған.

Сарқыраманың қасындағы жартастарға өрмелеу оңай емес. Біз соған қарамастан жоғарыдан көрініс алу үшін биікке көтерілдік. Шөгінді тау жыныстары көп болғандықтан, көпшілік шығуына кеңес бермейміз.

Түргенде барлығы жеті сарқырама бар екен. Биіктігі мен әдемілігіне қарай мұндағы екі сарқырама ерекше аталады. Соның бірі  біз репортаж жасап отырған «Аюлы» сарқырамасы болатын.

Сарқыраманың жоғарғы жағы орташа биік таулармен жалғасқан. Тік жартастар мен құздар бар. Жайлау боларлық үстірт те жатыр. Тек барлығын аралап көру үшін көп уақыт кетеді.

Сарқырама таудың күнгей бетінде орналасқандықтан болар, айналасы ғана қатады да, өзі тоқтаусыз сарқырап жатады. Географтардың болжамы бойынша, сарқыраманың жасы екі миллион жылға жететін көрінеді.

Ал төменде сарқырма суы Түрген өзеніне барып қосылады. Бастауын Іле Алатауының мұздықтарынан алатын Түрген өзені, Іле өзенінің Қапшағай бөгеніне құяды.

Ендеше, осындай сұлулықты барында бағалай отырып, оны келешек ұрпаққа сақтай білейік! Туған жердің табиғатын таныту, насихаттау, құрметтеу және аялау әрбір перзенттің парызы болуы тиіс!

Дайындаған: Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ, Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*