Маңызды мәселелер талқыланды

708
0
Бөлісу:

Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Мюнхен қауіпсіздік конференциясына қатысты. 16-18 ақпан күндері өткен, әлемдік деңгейдегі беделді саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері шақырылған форумда халық­аралық қауіпсіздіктің маңызды мәселелері талқыланды.

Жекелеген сессиялар Еуропа одағының Ресей және АҚШ-пен өзара іс-қимылына, Таяу Шығыс пен Корей түбегіндегі шие­леністерді реттеуге арналды. Киберқауіп­сіздік, энергетика және азық-түлік қауіп­сіздігінің өзекті мәселелері, Арктикадағы жағдай жөнінде тақырыптық дөңгелек үстелдер болды.
Конференцияда мемлекеттер мен үкіметтердің басшылары, парламент төрағалары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері, ықпалды қоғам қайраткерлері мен талдау орталықтарының өкілдері сөз сөйледі. Шараға барлығы 500-ден астам адам жиылды.
Қ.Тоқаев форум аясында бірқатар кездесулер өткізді. Сенат төрағасының БҰҰ Қоршаған орта жөніндегі бағдарламасының атқарушы директоры Эрик Солхейммен кездесуінде Қазақстанның БҰҰ құрылым­да­ры­мен өзара іс-қимыл мәселелері тал­қыланды.
Қасым-Жомарт Кемелұлы Ядролық қаруды жою жөніндегі халықаралық ком­панияның (ICAN) атқарушы директоры Беатрис Финді ұйымға Нобель бейбітшілік сыйлығының табыс етілуімен құттықтады. Б.Фин Қазақстанның жаппай қырып-жою қаруынан азат әлем құрудағы үлесін жоғары бағалады, сондай-ақ қарусыздандыру сала­сындағы халықаралық бағдарламаны іске асыруға өзара іс-қимыл қажеттігін атап өтті.
Schaeffler AG концерні байқаушылар кеңесінің төрағасы Георг Шаффлермен және Schaeffler AG-тың Орталық және Шығыс Еуропа, Таяу Шығыс және Африка бойынша атқарушы бас директоры Райнер Линд­нермен технологиялық және инвестициялық ынтымақтастықтың келешегі туралы әңгіме өрбіді. Сенат төрағасы экономиканы технологиялық тұрғыда жедел жаңғырту Қазақстандағы кешенді реформаның маңызды құрамы екеніне назар аудара келіп, неміс бизнесін біздің еліміздің аумағындағы бірқатар ірі жобаларды іске асыруға қатысуға шақырды.

 

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*