Не маңызды: түр ме, тұлға ма?

1052
2
Бөлісу:

Режиссер Ақан Сатаевтың Сақ ханшайымы Томирис туралы фильмнің тізгінін алғанына көп болған жоқ. Әрине, тарихи драманы түсіру кез келген режиссерге оңай емес. Оның үстіне, Томирис те «оңай ша­ғы­ла қоятын жаңғақ емесі» белгілі. Сце­нарий дайын. Басты рөлдегі То­мирис бейнесі үшін 200-ге жуық қа­зақ аруы кастингтен өтті. Екі ке­зеңнің іріктеуінен кейін 80 қыз қал­ды. 80 арудың ішінен жалғыз Ал­мира Тұрсынның бағы жанғалы тұр.
Фильм тарихи шындыққа қан­шалықты үй­лесім табатыны жөнінде бұған дейін де ре­жиссер Ақан Сатаев атап өткен болатын. Ре­жиссердің ойынша, басты мақсат – жер бе­тінде сақтың ері ғана емес, әйелі де батыр бол­ған этни­калық топты көрсету ғана. Се­бе­бі, бұл – көркем туынды. Онда әсірелеу де болуы мүмкін. «Бастысы, тарихи жазбаларда ба­тыр әйелдің бейнесі бар, ол келе-келе әде­мі аңыздарға ұласқан. Ал мұны ешкім де жоқ­қа шығара алмайды» деген еді Ақан Сатаев журналистермен кездесуінде.
Басты кейіпкердің образын қандай та­рихи шығармаларға сүйеніп, таңдап отыр? Сақ патшайымы туралы деректер де көп емес. Бірлі-жарым шығармалар болмаса, Тұмар хан­шайымның нақты бейнесі жоқ.
Әуелі Тұмар ханшайым туралы жа­зыл­ған деректерді бағдарлап көрейік. Белгілі ға­­лым Тұрсын Жұртбай өзінің «Дулыға» ат­­ты еңбегінде Тұмар бейнесін: «Тұмар әй­гі­­лі скиф көсемі Ишпақайдың тұқымынан тарайды. Портатуаның шөпшегі, Мәдидің шө­­бересі, аты сол кезде аңызға айналған, алай­­да еш жерде нақ дерек сақталмаған Сы­пы­ра патшаның не немересі, не кенже қы­зы. Скифтер мен сақтар Мидиядан ығыс­ты­рыл­­ған соң, жасақтың бір бөлігін сақ да­­ла­­сына бастап әкеліп, ұлы орданың шаңы­рағын көтер­ген адам – осы Сыпыра, яғ­ни Спаргапис. Жазушы Болат Жандар­бе­ков «Томирис» атты романында «Тұмардың күйеуі – Рүстем, ол Вавилонды шабуға қа­тыс­­ты. Кирмен болған шайқаста қол бас­тады» дейді.

Бұл тарихи дерек емес, көркемдік қиял, шығарманың желісі үшін алынған көркемдік шындық қана деп пайым­даймыз. Геродоттың өзі «массагеттердің падишасы марқұм патшаның жесірі еді» дейді. Демек, екеуі де қаракөктің тұқымы болды. Қалай да, Тұмар ханым жанұя­сының бақытынан гөрі, елінің еркіндігін жоғары қойған. Баласы Спаргалистің сол кездегі жас мөлшері – он алты мен он тоғыздың арасында. Соған қарағанда, б.д.д. 530 жылдары Тұмар ханым – қырық­қа келіп қалған, келісті де кербез келіншек. Ақыл мен қайратын қатар жұмсай алатын дер шағы» деп жазады.
Тұмар ханым туралы деректердің көбі Геродотқа сүйенеді. Негізгі тарихи өлшем – Геродот жазбаларында ғана. Тіпті көпшіліктің ықыласына бөленген Болат Жандарбековтің «Томирисінің» де негізі ежелгі грек тарихшысында жатыр. Режиссер Ақан Сатаев: «Оқиғалар мен детальдар әр автордың суреттеуінде әртүрлі жазыла береді. Тіпті керек десеңіз, бәзбір авторлар «Томирис» деген әйел болмаған. Ол Геродоттың ойдан шығарған оқиғасы ғана дейді. Кім білсін?» деген пікірді алға тартады.
Тұрсын Жұртбайдың «Дулығасында» айтылғандай, «қырыққа келіп қалған, ке­лісті келіншектің» образына актриса таң­дау режиссерге оңай соқпағаны анық. Про­дюсер мен режиссер бекіткен Алмира Тұр­сынның «Томирис» бейнесі көпшілік ара­­сында талқыға түскені де сондықтан. Дат­таушылар да бар, ақтаушылар да аз емес.
«Киногерлер актрисаны тарих ғылы­мындағы «сақтар парсытілдес халық болған» дейтін евроцентристік көзқарас­тың жетегінде жүріп таңдаған секілді. Өйткені оның түрі протоқа­зақтарға, балбал тастағы біз көрген бабалардың түріне мүлдем ұқсамайды. «Баяғы қазақ­тар көк көзді, сап-сары болған» дейтін күлкілі концепцияны тыңдап өскеннен кейін солай істеген шығар» дейді кейбіреулер.
Ал кей пікірлерде: «Киносы да, басқа жағынан да енді ғана дамып келе жатқан елміз. Тұмар осындай болса, продюсер мен режиссердің толғатып жүріп таңда­ғаны. Сұсы бар, сұлу бейне. «Ойбай, Тұмар ондай емес еді» дейтіндей, ол заманда қасында болған жоқпыз. «Міне, нағыз Тұмар» деп ұсынарымыз тағы жоқ. Тұмар жайлы қазақтың түсірер фильмінің соңы бұл емес, бастысы фильм сәтті түсірілсе болғаны» дейді. Тіпті «Тұмардың қандай болғандығын көз көрмеген соң, бірнәрсе деу қиын. Қыздың жүзі өткір екен, сонысы ұнады» дегендер де бар.
Белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында: «Томирис» фильмінің дайындығына қарағанда, аты – гректікі, түрі – орыстікі, киімі – тұңғыстікі. Сонда сақтың ұрпағы – түркі мен қазақ қайда?» деп жазады.
Киім мәселесіне байланысты режис­сердің: «Бұрын киностудияда сол заманға қатысты фильмдер түсірілмеген, сон­дықтан барлық костюмдер мен рекви­зиттер жаңадан дайындалады. Кос­тюмдерді фабрика емес, қолөнер шебер­лері дайындайды» дегені бар еді.
Нақты Тұмар бейнесі жоқ екенін айтты. Тарихи деректердің көбі Геродот­тың жазбасынан алынып отыр. «Тұмар ханым» киноро­манын жазған Таласбек Әсем­құлов негізгі деректерді Лев Гуми­лев­тің жазбаларынан алған екен. Гуми­лев­пен бірге тарихи де­ректерді ақтарып, бір-екі жабық тақы­рыптарды да зерттепті. Құпия қолжаз­балармен танысып, кейін оны өзінің «Тұмар ханым» кинорома­нын­да пайда­ланған екен. Мәдениет­танушы Зира Наурызбаева Тұмар ханым бейнесіне таңдап алынған Алмираның образына қарсы емес екенін, көңілінен шыққанын айтты. «Бастысы – фильмнің сцена­рийін­де. Кино сәтті шығуы үшін сцена­рий жақсы болуы керек. Түсірілмей жа­тып, бірдеңе деу қиын» дейді.
Ал тарихшы Жамбыл Артықбаев: «Белгілі кинорежиссер Ақан Сатаев «Томирис» фильмін түсіруге дайындыққа кіріскен сияқты. Ақанды өз інім десем, артық айтқандық емес. Мен оқыған Қарағанды қаласының №2 мектеп-интернатында ол да оқыған. Талантты, талапты азаматтардың бірі. Біздің кинорежиссер азаматтардың тарихқа немқұрайды қарамайтыны қуантады. Бірақ жақсы, білімді киносценаристер жоқ па, білмедім, тарихи фильм қойса болды, тарихтан және тарихи этно­гра­фиядан шығандап кетеді. Көрермен ретінде «Көшпенділерді» де, «Жаужүрек мың баланы» да кешегі «Қазақ хандығын» да қабылдай алмаймын. Тарихқа сәйкес келмейді, жүрекке әсер етпейді! Енді «Томиристе» сол қателерді қайталайды-ау деген қорқыныш басым. Қазақ дейміз-ау, бірақ өз басым Томирис аңызының толық нұсқасын Иорданның «Гет елі туралы аңыз» кітабынан оқыдым. Гет (гот, гер­ман) елінің аталары туралы баян V ғасыр­да Каталауын соғысынан кейін жазылған. Иордан осы алапат соғысқа қатысқан адамдарды көрген, сөйлескен. Кітап эпикалық тілмен жазылған. Жаңағы айт­қан Каталауын соғысында қан судай болып ақты, сол жердегі өзен суы қып-қызыл болды, жаралы жауынгерлер өзен жағасына келіп, су орнына қан ішті дейді. Оңай ма, екі жақтан 200 мың жауынгер өлген екен. Иордан, әсіресе гот (гет) тайпа­ларына обал болды, бір жағы – Ғұн патшасы Аттила жағында, бір жағы Рим қолбасшысы Аэций жағында соғысып, бірін-бірі қырды деп, жылап отырып жаз­ғаны байқалады. Иордан гет (гот) тайпа­ларын скиф дейді, яғни оның жазып отырғаны – массагет аталатын сақтың батыс бөлігі. Олар дай (лах) қысымымен батысқа жылжығанда, екіге бөлініп кетеді: бірі – ост гот, екіншісі – вест гот. Ке­йін ғұндармен қатты араласты да, Еуро­паны жаулап алды, жаңа мемле­кеттердің негізін салды. Қазіргі Герма­нияның өзі ХІХ ғасырдың ортасына дейін, яғни Бисмарк билікке келгенше, 300 герман-гот тайпасының конфеде­рациясы болатын. Біз Томирис тақы­рыбына барған уақытта осы мәселелерді ескеруіміз керек. «Троя» мен «Спартак» сияқты болмаса да, соған жетеқабыл фильм жасауымыз керек. Шын мағына­сында, бұл фильм арқылы Еуропа көрер­меніне шығуға болар еді. Әрине, масса­геттер түгел батысқа көшкен жоқ, өз арамызда да қалды. Ендеше, бұл тақы­рыпты қазақ тарихымен, этногра­фиясымен байланыстырып жіберсек, нұр үстіне нұр. «Трояны» жасаған уақытта қазақтың киіз үйіне дейін көрсеткен жоқ па? Біз де қазақтың әдемі киім үлгілерін көрсетейік. Қазіргі дайындық бары­сындағы Томирис киімі менің көзіме түр­підей тиіп тұр. Тек қана археологиялық қаз­балардан табылған дүниелерге сүйен­ген нашар мамандардың жасаған ре­конструк­циясы тәрізді. Бұл ұнамайды. Тағы бір маңызды мәселе, біз Томиристі көзі қызарған жауынгер, батыр қатын ретінде суреттесек, ондай фильмдер мен әдебиет біздің қоғамда онсыз да өршіп кеткен әйел еркіндігін күшейтіп жібере­тінін ескеру керек. Әйел затына қарсы емеспін, бірақ оларды жаппай батыр, жорықтас, жарты малтаны бірге жейтін жолдас, еркекпен жекпе-жекке шығып жүр­ген күш иесі ретінде тым дәріптеуге қарсы­мын. Ақан Сатаевтың «Томирис» тарихи фильмін түсіруге дайындықты бастады дегенде алдымен ойға келгені – осы» дейді.
Тарихшының алаңдайтын да жөні бар. Тарихи деректерді көркем шығармаға айналдыру үшін тарихи кеңесшілер керек. Тарихшылар, этнографтар бірлесе қызмет атқарса, фильм сәтті шығады. Басты рөлге бекітілген қыздың бейнесі неге талқыға түсті? Біріншіден, Тұмар ханымның киім үлгісі. Екіншіден, басты кейіпкердің келбеті. Әйтпесе, тарихтағы Тұмар ханымның нақты образы жоқ. Талғамға талас жоқ. Киногерлер Алми­раны Тұмар ханым бейнесіне лайық деп таныса, онда режиссердің де бір ойлағаны бар шығар. Басты себеп актрисаның кел­бетінде тұрған жоқ. Мәселен, режиссер Эльдар Рязанов атақты «Тағдыр тәлке­гіне» поляк қызы Барбара Брыльсканы таңдағаны белгілі. Режиссер актриса таңдауда қателеспегенін кино тарихынан жақсы білеміз. Сол сияқты Алмира Тұр­сын өз рөлін жоғары деңгейде алып шықса, онда неге қарсы боламыз?
Қалай десек те, фильм – қазақтікі. «Томирис» сәтті шықса, атақ-даңқ та қазақ­қа келеді. Қазақтың Тұмар ханымын ардақтау, сақ патшайымын әспеттеп көр­сету – режиссер Ақан Сатаевтың мой­нын­да. Тарихи шығарманы өз деңге­йінде түсіре алмаса, тағы да Сатаевқа сын. Ал­мира Тұрсын түсе ме, әлде өзге ару бекі­тіле ме, бастысы қазақы қалыптан, ұлттық құндылықтан алыстап кетпесе болғаны. Ең басты таразы – халық. «Томиристің» көркемдік деңгейі артып, көңілдегіден де асып түсіп жатса, кәнеки!
Бастысы, асатпай жатып, «Құлдық» демейікші…

 

Гүлзина БЕКТАС

 

Бөлісу:

2 пікір жазылған

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз