Жүйе – жаңаша, қиналды қараша…

867
1
Бөлісу:

ҰБТ – Ұлттық бірыңғай тестілеу немесе Қабатов айтпақшы, «Ұлы біркүндік төңкеріс». Расында, бұл тестілеуді тапсыру үшін оқушы да жанталасады, мұғалім де қиналады. Өйткені бірыңғай емтихан біреуінің болашағына бағдар берсе, енді біреуінің білім беру сапасын  айқындап беретін көрсеткіш. Қалай десек те, белгілі математик Асқар Жұмаділдаевша айтсақ, «Тест тапсыру дұрыс емес, алайда одан жақсысын ойлап тапқан ешкім жоқ». Шындығы – осы. 

Ғалым Әбілсейітов министр бол­ған кездері, яғни 1992 жылы бұл жүйе елімізде қолданысқа ене бастады. Орта мектепті бі­тіру­шілердің ЖОО-ға түсудегі бі­лім деңгейін айқындау мақ­са­тында сол жылы Республикалық тес­тілеу орталығы құрылды. Тест алғашында жаңаша ақпа­рат­тық технологиялар әдісімен ЖОО-ға түсу емтиханы ретінде пай­даланылды. Кейінірек, 1995 жылдан бастап ағымдағы жә­не аралық бақылауда барлық сту­денттердің білім сапасын анық­тау үшін кеңінен қолда­ны­ла бастады. 1999 жылы ор­та­лық­танған кешенді тестілеудің ен­гі­зілуі талапкерлердің білім са­па­сын бағалаудың әділ болуына жә­не мемлекеттік білім грант­та­ры мен кредиттерді білімге сәй­кес бөлуге жол ашты. 2004 жыл­дан бастап, министр Бірғаным Әй­тімованың кезінде Ұлттық бі­рыңғай тестілеу жүйесіне бір­жола көштік. Бұл ҰБТ жалпы бі­лім беру ұйымдары бітіруші­ле­рінің мемлекеттік қорытынды аттестаттауы мен орта білімнен кейінгі жоғары білім беру ұйым­дарына қабылдау емти­ха­нын бі­ріктірді. ҰБТ жалпы білім жүйе­сіндегі білім сапасын сырт­тай бақылайтын тәуелсіз жүйе ретінде қалыптасты. Ал министр Бақытжан Жұмағұловтың ке­зін­де тестілеудің өту мерзімі ұзар­ды. Сонымен бірге, колледж бі­­тірген түлектер де ҰБТ-ға қа­тысуға мүмкіндік алды. Әрі ма­тематика пәні тестілерінің әрбір нұсқасына бір логикалық есепті ендіру жүйесі де Жұмағұлов ке­зеңіне тиесілі. Сөйтіп, ҰБТ-ның базалық әрі техникалық тұсын білім беру жүйесіне жауапты министрлер бірінен соң бірі же­тілдіре түсті. Бұл жүйенің өт­кен жы­лы тағы да өзгеріске ұшы­рауы да осы себепті. Алайда тес­тілеудің ұтылған әрі ұмыт қал­ған тұсы – оқушылардың ҰБТ-ға кәсіби және психо­ло­гия­лық тұрғыдан дайындығы. Тес­тілеу жүйесін мықтап қолға а­лған Еуропа елдерінен келген жүйеге еуропаша дайындалуы­мыз қажет пе еді? Осы тура­сын­да Edtech.kz халықаралық білім ор­талығының бас директоры Ғани Бейсенбаев «Ұлттық бі­рың­ғай тестілеу – мемлекеттік ем­тиханның жаңа, заманауи тү­рі. Сондықтан да оған дайын­дық бұрынғы ескі жүйеден өз­ге­ше, жаңаша болуы қажет. Алай­да жеке репетиторлар мен жо­ға­ры оқу орындарындағы дайын­дық курстары бұған әлі дайын емес» деген болатын. Бүгінде білім беру саласының маман­да­ры мен психологтарды жиі алаң­дататын сауал – осы.
Шындығы сол, қазіргі күні елі­мізде Ұлттық бірыңғай тес­ті­леуге дайындайтын алуан түрлі орталықтар жетерлік. Мұндай мекемелердің көп болғаны жақ­сы, алайда сондағы маман­дар­дың білім деңгейі талапқа сай ма? Ұл-қызын қайткен күнде де жо­ғары оқу орнына түсіруге ұм­тылған ата-ананың бұл тұста ба­сын тауға да, тасқа да соғаты­ны жасырын емес. Біреуі бала­сы­на қосымша сабақ оқытып әлек болса, енді бірі тамыр-та­ныс­тыққа салынып, ақшамен тес­тілеу түрлерін сатып алуға дейін барып жатады.
Мектеп бітіріп, әртүрлі ма­ман­дықтың тізгінін ұстайтын, кә­­сіп иесі атануға асығатын жас­­тардың 11 жылдық білімін са­­рап­қа салып, көңілге тоқы­ға­нын бір пы­сық­тай­тын жақсы білім беру алаң­дары қажет-ақ. Жақында оқу­шы­ға тегін әрі са­палы білім бере алатын бір ор­талықта болдық. Ол – Ustudy ұжымы. Бәл­кім, биыл­ғы мек­теп бітіру­шілерге пай­дасы тиер деген ниет­пен та­ныстыруды жөн көр­дік.
Ustudy ұжымы 2009 жылдан бас­тап еліміздің әр түкпірінен ең үздік ұстаздарды жинап, 5-11 сынып бағдарламасында қам­тылған тақырыптарды түсінді­ре­тін бейнесабақтар түсіре бас­тайды. Бүгінде екі мыңға жуық бейнежазба дайындап үлгерген бұл ұжым барлық жобаларын бі­лім беру саласын жетілдіруге ба­ғыттап отыр. Қазіргі уақытта төрт негізгі жобасын жүзеге асыр­­ған жас компанияның бас­та­маларын Білім және ғылым ми­нистрлігінің өзі қолдапты. Со­нымен…


Төрт жобаның тізгіні

Ustudy online – YouTube арнасындағы оқушыларға арналған онлайн платформа. Мектеп бағдарламасындағы тақырыптарды қазақ тілінде түсіндіретін бейнесабақтар жүктейді. Сондай-ақ бұл арна арқылы ҰБТ-да кездесетін қиын сұрақтарды талқылауға болады. Бүгінде 15 мыңнан астам жазылушылары бар арна әлі де жетілдірілу үстінде.
Utest.kz – білімің мен тестілеуге дайындығыңды тексеретін сайт. Мұнда кез келген оқушы тіркеуден өтіп, әр уақытта тест тапсыра алады. Сайттың артықшылығы – тестілеудің нәтижесін бірден көрсетіп, қате жіберген сұрақтарды сол сәтте талдап беру мүмкіндігі. Оқушылар көп қателесетін сұрақтарды орталық жанынан құрылған Оқыту бөлімінің мұғалімдері зерттеп, талдап, түсіндіріп отырады.
Ututor – халықаралық сұрақ-жауап платформасы. Бүгінде 42 елдің оқушылары мен 12 мемлекеттің мұғалімдері тіркеліп үлгерген. Мұнда оқушылар кез келген пән бойынша сауал жолдай алады. Тіркелуші ұстаздар қажетінше жауап береді. Яғни, оқушы мен оқытушы арасындағы сұрақ-жауап алаңы. Бұл платформа ақылы болғанымен, бағасы арзан. Мәселен, оқушы мектепте физика пәнін түсінбей сағатына ақы төлеп, қосымша сабақ алуы мүмкін. Ал мұнда сұрақ қойған уақытыңа ғана ақы төлейсің. Алдағы уақытта бастауыш сынып балалары үшін ата-ана мен оқытушы арасындағы байланыс платформасын дайындау жоспарлануда.
SEA Garden schools – ата-ана, оқушы және оқытушы арасындағы үш тағанды туралау. Қазіргі уақытта бірқатар мектептер тәжірибеге алынып, осы жобаның әдіс-тәсілдерімен жұмыс істеуде. Орталық мамандары әзірге бұл жоба турасында толық мәлімет бергісі келмеді. Өйткені олар «аз сөйлеп, семіз шыққысы» келеді екен. Біз де уақыт еншісіне қалдырдық.


ЖЕДЕЛ СҮХБАТ

Жанат Рахмани, Ustudy орталығының басшысы:

– Жанат, бұл идея қайдан келді?
– Ustudy.kz – еліміздің білім нарығы үшін тың жаңалық болғанымен, әлемнің да­мыған мемле­кеттерінде бар үрдіс. Білім беру саласын­да мектеп оқушыларына арналған қазақ тілінде көмекші құралдың болғанын көп армандайтын­мын. Қызмет барысымен Қытайда жүргенімде ар­найы білім беретін заманауи гад­жеттер жасасам деген жоспар да болды. Алайда бұл ойымды жүзеге асыру аса қым­батқа соғады екен. Оған қоса, жаңағы гаджет­тер­дің құ­нын ел тұрғындарының қал­тасы көтергенін қалайсың. Содан, балаларға кө­мекші құрал жасау жөніндегі ойымды әбден жетілдіріп, жан-жақты зерттеп Ustudy жобасын жасауға тоқтадық.
– Жұмыс неден басталды?
– Үш бейнекамера сатып алдық та, білім ордаларында сабақ беретін білімді де білікті мұғалімдердің бос уақытын пайдаланып, түсіру жұмыстарын бастап кет­тік. Бас-аяғы үш жылға жуық уақыт ішінде он мыңнан астам бейнематериал жа­садық, 500-ден астам мектеп араладық, үш мыңдай оқушымен жүзбе-жүз кез­десіп, мұндай бейнесабақтарды қалай қабылдайтынын зерттедік. Соның екі мың­дайын іріктеп, монтаж жұмысына кіріскен жайымыз бар.
– Мемлекет тарапынан бақылау бар ма? Мұғалімдердің кәсіби білімі мен білік­тілі­гін кім тексереді?
– Біздің орталық мемлекеттік оқу мекемелерінде жұмыс істейтін мұғал­ім­дер­мен байланысты. Ал олардың кәсібилігін тиісті мекемелер тексеруден тұрақ­ты түрде өткізіп отырады емес пе?! Оқушыларға ұсынылатын бейне­са­бақтарды өз арамызда іріктеп алғаннан кейін, 6 пән бойынша 1800 бейне­мате­риал­ды Республикалық оқулық орталығына сараптамадан өткізу үшін тапсыр­дық. Толықтай мақұлданды. Қазақстан тарихы, орыс және қазақ тілі, математика, физика, химия пәндері бойынша дайындалған бейнесабақтар Білім министрлігі тарапынан да қолдау тапты.
– Бүгінде Ustudy арнасына деген қызығушылық қаншалықты?
– Күннен күнге артуда. Себебі, біздің арна – онлайн әрі тегін. Қазіргі уақытта қа­зақ тілінде білім алуға деген сұраныс баршылық. Парақшамызға жазылу­шы­лардың саны 1 айда үш есеге өсті. Өйткені әлеуметтік желілер кеңістігінде мұндай маз­мұны ұқсас ресурстар жоқ. Кейбір сынақ нұсқалары бөлшектелген арналар бар, бірақ олар теория мен терең білімді қамтамасыз ете алмайды. Немесе саны, қол­дану мерзімі шектеулі бейнесабақтарды ғана кездестіруге болады.
– Орталық тек онлайн білім берумен айналыса ма?
– Жоқ, онлайн платформа – біздің орталықтың тек бір бағыты. Рес­пуб­ликамыздың барлық аймағында 21 орталығымыз жұмыс істейді. Мұнда Оқыту бө­лі­мінің мұғалімдері мектеп оқушыларын ҰБТ-ға дайындайды. 1200 баланы қам­туға қауқарлы орталықтарымызда биыл 2300 бала дәріс алуда. Яғни, оқу­шылар екі ауысыммен білім алуға мәжбүр. Бұл дегеніміз – қазақ тіліндегі сапалы бі­лім беруге деген сұраныстың жоғары екенінің тағы бір айқын көрінісі.
– Сіздерді кім қаржыландырады және жобадан түсетін пайда қандай?
– Әлеуметтік мақсатты көздегендіктен, жобадан айталықтай қаржылай пайда тауып отырмыз деп айта алмаймын. Десек те, жоғарыда айтқан жобаларымыздың бар­лығына дерлік көп инвестиция құйылды. Түгелдей дерлік өзіміз қар­жы­лан­дырып отырмыз.
– Арманыңыздың бір бөлігі орындалған сыңайлы. Келесі мақсат қандай?
– Дана қазағымыздан қалған бір әңгіме есіме оралып отыр. Бірде бір топ боз­бала атжарыс ұйымдастырып жүріп, арасындағы бір жолдасының жылқысы саз батпаққа түсіп кеткенін байқайды. Әлгі бала атын батпақтан шығару үшін қам­шылай жөнеледі. Сонда жолшыбай өтіп бара жатқан бір қария: «Балам, бұл ар­ғымақ емес? Қамшылай берсең, қазір атың намыстан өледі. Қайта жол­дастарыңа айт, арғымақтың алдында алай да, былай да шапсын» дейді. Расында, мен жүзбе-жүз тілдескен кез келген бала өзінше арғымақ. Тек оларды қанат­тан­дыратын орта қалыптастыру қажет. Жұмыстан босай бермейтін ата-ана мен топ-топ оқушыға уақыты жете бермейтін ұстаздардан уақыт келе олардың сұрауы азая­ды, қызығушылығы төмендейді. Ендігі арман-мақсатым – арғымақтардың ары­нын қамшылайтын заманауи платформалардың санын көбейту және отандық бі­лім мен ғылымды экспорттайтын жүйелер желісін жасау.
– Әңгімеңізге рақмет!

Дайындаған Айдана НҰРМҰХАН

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Руслан 28 Ақпан, 2018 at 18:46 Жауап

    Өте керемет айтылған, болашақта Ustudy орталығын биік шыңнан көрем деген үміттемін!!

Пікір жазу


*