Бар үмітіміз – Бейжіңде. Қош, Қысқы Олимпиада!

1078
0
Бөлісу:

Бұл өмірде бәрі сарқылады. Басталған дүниенің ақыры бар анық. Ашық деп жарияланған Ойындардың да жанкүйерге қош айтып, жабылар сәті де келді. Келесі төртжылдыққа жеткенше деп  тұрақты жүргізілген «Пеңчаң парақтары» да жабылды. Ашылу салтанатындағыдай ресми дүниелер жабылуында аса көп емес. Стадиондағы спортшылардың аты аталып, түсі түстелмейді. Барлығы бір үйдің баласындай бірге, ауылы аралас, қойы қоралас күйде бірге шығады. Мұнда жатқан бір пәлсапа бар. Екі аптадан астам уақыт иық тіресе жарысқан, сайысқан атлеттер терең тыныс алып, мауқымын басады.

Біле білгенге Олимпиада – мереке. Бұл тойда алтын арқалап кеткен де, жүлдесіз жөнелген де – қатысушы. Бірі спортқа нүкте, енді бірі жаңа мақсат қоятын жігерлі сәт. Рио Олимпиадасында басталған игі дәстүрге сай, жабылу салтанатында осы күнге жете алмаған спортшылар ескерусіз қалған жоқ. Бір сәт еске алудан кейін сал­танатты шара «Жаңа заман білігі» қойы­лымына ұласты. Демек, бұл өмір бір ор­нында тұрмайтынын, болашаққа қадам басыла беретінін жеткізгілері келсе керек. Өткенді ұмытпай, келер күнге үмітпен қа­рауды ұсынғандай. Тіпті бір сәтте отан­дас­тарымызға жігер сыйлар сәтке куә бол­дық. Өйткені бүгінгі жеңілістің ертеңгі жеңіске себепкер болуы бек мүмкін. Алда – жаңа мүмкіндік. Ұйымдастырушылардың айтар ойын осылай тарқатуға тырыстық.

Ендігі Олимпия ойындары 2022 жылы Қытайда өтеді. Технология саласында көш бастап тұрған бұл елдің қандай тосынсый жасарын болжау қиын. Өйткені Қытай күл­лі әлемді мойындатып келеді. Тіпті біз­де қалыптасқан «қытайский» тап­таурыны бұзылғалы қашан?! Дәстүр бойынша, жа­былу салтанатында ойындарды қабыл­дап алушы ел қысқа көрініс ұсынады. Пең­чаң төрінде болашақ Олимпиада ту­ралы
8 ми­нут­қа созылатын ролик көрермен на­зарына ұсынылды. Спецэффектілеріне қарап-ақ, төрт жылдың тез өтуін тілеуге болады. Кореяда өткен биылғы ойындар, екі жыл­дан соң шымылдығы ашылатын Жапонияда өтетін Жазғы Олимпиада, одан араға тағы екі жыл салып Қытай Олим­пиадасы – бәрі Азия елдерінде.
ХОК президенті Томас Бах ойын­дар­дың жабылғанын айтып, жұртпен қош­тасты. «Оңтүстік Корея мен КХДР спорт­шылары, бірлесіп шығуларың арқылы бейбіт әлемге деген сенімді арттыра түс­тіңіздер. Спорттың осынау алағай шақта адамдар арасын жақындастыра алатынын көрсетіп, үлгі болдыңыздар. ХОК осы қарым-қатынасты Олимпиада алауы сөн­геннен кейін де сақтап қалып, жалғас­ты­рады» деді ол. Бахтың сөзінен соң сахнаға бес құрлықтан бас қосқан сегіз спортшы шықты. Олар – франциялық биатлоншы Мартен Фуркад, жапониялық конькиші Нао Кодайра, нигериялық бобслейші Сеун Адигун, оңтүстіккореялық скелетоншы Юн Сун Бин, солтүстіккореялық мәнерлеп сырғанаушы Рем Тхэ Ок, америкалық таң шаңғышысы Линдси Вонн, қытайлық сноу­бордшы Лю Цзяюй және тонгалық Пита Тауфатофуа. Барлығы Корея халқына деген алғыстарын білдірді. Бұдан кейін Пеңчаң ойындарының бойтұмары Сухо­-­ран жиналған жанкүйерлермен қоштасты. Алау да өшті. Бірақ Олимпиада сыйлаған нағыз алау – спортшылардың жүрегінде. Басымызға, бәлкім, бағымызға бір медаль­дан артық бұйырмай жүргеніне бес Олим­пиада кезеңі өтті. Бұдан бетер көңілсіз күй­де аяқталған кездерді де бастан ке­шір­дік. 2002 жылы Солт-Лейк-Ситиде, одан 2006 жылы Туринде тіпті жүлдесіз, жүзіміз тө­мен қараған шақтар да көптің есінде. Ванкувер Олимпиадасында биатлоннан Елена Хрусталева күміс медаль, 2014 жылы Сочиде Денис Тен қола медаль еншіледі. Ең жемісті, жеңіске толы жалғыз Олим­пиада – Лиллиехаммер-1994. Шаңғышы Владимир Смирнов екі күміс, бір алтын алып, жеңіс тұғырына үш рет шыққан еді. Биылғы бәйгеде фристайлдың могул түрі­нен Юлия Галышева ғана үштікке енді. Жалпыкомандалық есепте еліміз Латвия және Лихтенштейн құрамаларымен бірге 28-орынды бөлісті. Жоғарыда атап өткені­міздей, бұрын-соңды бір медальмен орал­ған сәттеріміз көп болды. Дегенмен әзірге Қазақстан құрамасының қысқы спорт түр­лерінен ең нашар нәтиже көрсеткені осы Олимпиада болып тұр. Себебі, Ресейде өткен ойындарда – 25, Канадада – 26 елдің қатарында болған едік. Енді үш орынға төмен сырғып қала бердік. Медальсыз қайт­қан додаларда есепке кірмедік. Мәсе­лен, 2006 жылы Италияда өткен Олимпиа­дада бізбен бірге жүлдесіз оралған 54 ел болған. Жалпы қатысқандардың саны –
80 мемлекет. Нагано Олимпиадасында қос қоламен 21-орынға табан тіреген едік. Ең үздік нәтиже – 12-орын Норвегиядағы бәйгеде тіркелген.
Отандастарымыз түрлі дисципли­на­ларда үздік ондыққа 6 рет енді. Қалғандары отыз, қырық және елу үздіктің ішінен табылды. Сүрінген спортшыларды сынау, жанкүйер ретінде жеңіліске жылау сынды әрекеттердің болуы да – заңдылық. Соңғы сәтке дейін демін ішке жиып, Полто­ра­нин­ге сенім артқан, Денис Теннің жара­қатына қарамастан жеңіске жетуін тілеген жұртшылықтың алдындағы жауап­кер­ші­лікті жауапты жандар сезініп үлгерген де болар. Жазғы Ойындардың жалауы жел­біресе, делебесі қозатын көрермен қысқы спортқа қызықпауы да мүмкін. Санаулы, бірақ сенімді жанкүйерлер ақырына дейін шыдады, сенді, үміттенді. Қазақстанда бұл спорт түрлерінің танымал емесін алға тар­тып, сылтау айту әдетке айналмаса екен. Себебі, әлемдік додаларды елімізде өткізіп көрген тәжірибе бар. Мәселен, 2001 жылы Астана және Алматыда Қысқы Азиада өтті. Былтыр ғана Қазақстанда дүниежүзілік Универсиада болғаны бар. Онымен қоса, 2022 жылы өтетін ойындарды Алматыда өткізу туралы сұраныс жасағанды қосы­ңыз. Бұдан бөлек, Әлем кубогы кезеңдері де өткізіліп тұратын. Демек, бізде жаңа спорт ғимараттарының салынып, жекелей кейбір спорт түрлерінің дамуына қадам жасалған. Олимпиадаға аттанар кезде мем­лекет тарапынан барлық мүмкіндіктің жа­салғаны айтылған. Бұл фактіні спорт­шы­лардың өздері де растаған. Осы жылдар ара­лығында қаржылық қолдау көрсетіліп, спортшылар елге ат ізін салмастан шетелде жаттыққан да болатын. Сочиде үздік он­дықтың қатарынан көрінгендерден осы жолы сол биігінен түспегендері могул­шы­лар Юлия Галышева, Павел Колмаков, Дмитрий Рейхерд, эстафеталық команда құрамында жарысқанында шаңғышы және шорт-трекшілер командасы ғана болып отыр. Конькишілер Роман Креч, Денис Кузин, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен, фристайла-акробатикадан Жанбота Алда­бергенова сынды спортшылар түрлі се­беп­термен үздіктер қатарына қосыла ал­мады.
Байқап қарасақ, бізде жарып шығатын жас спортшылар жетіспейді. Рио Олим­пиадасының алтынын алған Баландин жай­лы әлі күнге дейін мақтанышпен айта­мыз. Қысқы спорт түрлерінен де жаңа есімдер керек-ақ. Соңғы төрт жылда сон­дай бір спортшының шықпауы, шынымен, алаңдатады. Норвегия, Ресей, Германия елдерінде тәжірибелі атлеттердің ізін ба­са­тын мықты жастар жетерлік. Оны күні кешегі Олимпиадада көз көрді. 15 жасар Алина Загитова мәнерлеп сырғанаудың жаңа жұлдызы болып шыға келді. Қар­сы­ласы, күміс жүлдегер Евгения Медведева да кәмелетке енді толған. Жас жеңімпаздар мен жүлдегерлердің мұндай жеңісі елі­міздің көптеген жасөспірімдеріне жігер берсе екен.

Бөгде ғаламшарлық Юдзуру


Юдзуру Ханю Халықаралық конькишілер одағы рейтингінде көш бастап тұр. Жасы – 23-те. Қысқа бағдарламада – 100 балл, жекелей сында – 200, екеуін қос­қанда 300 балл алған тұңғыш мәнерлеп сыр­ға­наушы. Жапонияның Сендай қаласында дүниеге келген. 4 жасында анасы әпкесі екеуін мәнерлеп сырғанау үйірмесіне жаздырған. Жаттықтырушылар Юдзурудың бойындағы қабілетті бірден байқаған. Өзінен жасы үлкендер жасай алмаған әдістерді оңай еңсеретін. Мұз үстінде өзін еркін ұстайтын.
10 жасын­да ірі жарыстарға қатыса бастайды. Жаңа­­дан бастағандар арасында Жапония бі­ріншілігі өтіп, сонда жеңімпаз атанады. Осыдан кейін бір жарыстан соң екін­ші­сіне қатысып, жеңіспен ора­лу­ды әдетке айнал­дырады.

Ханю бала кезінен бері астмамен ауырады. Бірақ көзіне тіке қарағанды қаймықтыратын қасиеті бар. Әлсіз тұс­тарын білдірмеуге тырысатындай. Бәлкім, ішінде үнемі күрес жүріп жататын да шы­ғар. Бірде басынан, енді бірде аяғынан жарақат алып, уақытша мүгедек арбасына таңылып та қалады. Олимпиадаға қатысар алдында да осындай орынсыз жағдай бол­ған еді. 2017 жылдың қарашасында Жапо­нияда Гран-при өтті. Осы турнирдің ал­дында ол жарақат алып, қатыса алмады. Қайта айығып шығуына жоспарлағаннан да ұзақ уақыт қажет болды. Жапония чем­пионатына қатыспаса да, Пеңчаңға келді. Жарысқа шықты. Ең қызығы, чемпион атан­ды. Күллі әлем өнеріне тамсанды. Жан­күйерлері мұзға спортшысының сүйікті ойыншығы Винни Пухтарды лақ­тырды. Осыған дейін Сочи Олимпиада­сының алтынын иеленген Юздуру атағын қорғап шықты. Мәнерлеп сырғанауда екі рет қатарынан Олимпиада чемпионы атан­ған жағдай осыдан 66 жыл бұрын тіркелген.
Оған дейін мұндай мәртебеге 1948 жылы Санкт-Морицте және 1952 жылы Ослода өткен ойындарда америка­лық Дик Баттон ие болған еді. Жарты ғасырдан астам уақыт араға салып, жапондық спортшы ерледі. Сонымен бірге, ол Қысқы Олимпиада та­рихындағы мыңын­шы медаль иегері атан­ды. Қос бағдарлама бойынша нәтижесі – 317,85 ұпай. Келесі бір жапониялық Шомо Уно 306,90 ұпаймен – күміс, испаниялық Хавьер Эрнандес 305,24 ұпаймен қола алды. Сочиде Юдзуру 280,09 ұпай жина­ғанын ескерсек, үлкен еңбек сіңіргенін бай­қауға болады.

Екі спорт түрінен чемпион атанған Эстер

Бір Олимпиада. Екі алтын медаль. Екі түрлі спорт. Осының бәрін біріктірген Чех елінің спортшысы – Эстер Ледецкая. Пеңчаңда ол тау шаңғысының супергигант слалом түрінен және сноубордтың алып слаломынан жеңімпаз атанды. 22 жастағы атлет екі түрлі спорт түрінен бір уақытта алтын алған алғашқы спортшы болып отыр. Оған көпшілігі екі кеменің басын ұстаған суға бататынын, екеуінен нәтиже шығарам деп жүріп тұтылатынын, чемпион атану мүмкін емесін айтқан көрінеді. Бірақ ол мақсатына жетуде ештеңеден тайынбады. Ақыры қос алтынды мойнына ілді. Журналистердің сұрақтарына жауап бере келе, жас жеткіншектерге кеңес айтты. «Көңіліңіз не қаласа, соны істеңіз. Біреуін ғана таңдағыңыз келсе, біреуімен шектеліңіз. Өз басым сноубордтан да, тау шаңғысынан да қатысқым келді. Екеуінен де үздік шығу мүмкін емес дегенді көп естідім. Әр жарысқа шығарда бар күшімді салуға, өзімді 100 % көрсетуге бекінемін. Жеңіске жеткеніме қуа­ныштымын. Мені командам қолдады. Олардың көмегінсіз бұған қол жеткізе алмас едім. Жарыста өзімді сенімді ұстадым. Қос спорт түрінен де алтын алғаным үшін шексіз қуанып тұрмын» дейді олимпиада чемпионы.

Алаяқтық па, әлде арманға адалдық па?

Біз білетін Олимпиада – мықтылар сайысы. Іріктеуден өтіп, жолдама алудың өзі – жеңіс. Бірақ «қалауын тапса, қар жанады» деп орайын тапқандар да бар. Заңсыз әрекеттер жасамастан арманына қол жеткізген Элизабет Суэйниді алаяқ деп жатқандар көп. Оған себеп – қатысушының шаңғыны жөнді тебе алмауында. Венгрия құрама­сының сапында шыққан Лиза мақсатына жету жолында ештеңеден тайынбады. Атағы жер жарған спортшылар ғана қатысады деп ойлаған төртжылдық додасына ол қалай тап болған? 

Суэйни регламент талаптарын мұқият қарап шыққан. Олимпиадаға фрис­тайлдан қатысу үшін ол жарыстарда үнемі үздік 30 спортшының ішінде болуы тиіс. Осыны біліп алған ол қатысушылар саны отызға жетпейтін турнирлерге ғана қатысып жүрген. Жасы – 33-те. Шаңғымен 2013 жылдан айналысып бастаған. Олим­пиадаға қатысуды мақсат еткені де осы кезден бастау алған. Бірақ АҚШ құ­ра­масы жасақталып, іріктеліп қойған. Сондықтан ата-әжесінің туған жері Вен­грия­ның атынан қатысуға бел буады. Осылайша әлем біріншілігі кезеңдеріне қатыса бастайды. Лиза тіпті трюк жасауды білмейді, бір қызығы. Алға-артқа жыл­жумен ұпай жинап, кейде әдіс жасаймын деп құлағандардан жоғары балл алып ке­теді екен. Олимпиададағы қарсыластар Колорадода іріктеуде болғанда Қытайда өткен тур­нирге қатысып, жолдама жеңіп алады. Пеңчаңда ең соңғы орын иеленді. Мұндай қызық жайтты қалай бағалар едіңіз? Алаяқтық па, әлде арманға адалдық па?

Жеңіске жетпесе де, жігер берген Пит

Тонга Корольдігінің атынан сайысқа шыққан Пит жазғы және қысқы спорт түрлерінен Олимпиадаға жолдама алған тұңғыш спортшы ретінде тарихта қалады. Жалаңаш шығуын мыңжылдық тарихын таныстыру тәсілі деп түсіндірді. Соңғы 60 жыл­да ғана жейде кие бастаған ұлт өкі­лінің дәстүрді сақтағаны әбестік пе, көзге түсу ме, қа­лыпты жағдай ма – аса маңызды емес. «1996 жылы өткен Олимпиадаға Паэ Воль­фрам есімді боксшымыз қатысты. Ол – Тонганың тұңғыш Олимпиада жүл­дегері. Ол жылдары әр жүз адамға шақ­қанда бір теледидардан келетін. Сол се­беп­ті бәріміз жиналып, бірге қарайтынбыз. Паэ елге оралған кезде біздің қаламыздан өтіп, ма­ған қол бұлғағандай болды. Сол сәттен бастап өзіме жаңа мақсат қойдым. Қарап отырсаңыз, Олимпиада – күрес. Жеңіс болсын, жеңіліс болсын, бастысы өзіңнен кейінгілерді жігерлендіру. Бәрінен бұрын балалардың жанары жалындап тұр­ғанын қалаймын. Тонгада циклон жиі бо­лып тұрады. Соның салдарынан ас­та­на­мыздағы үйлер­дің 40 пайызы қирайды. Экономиканың дамуы да төмен. Бәрін қал­пына келтіру үшін қаншама жыл керек. Жалпы алғанда қатты мүшкіл халде бол­масақ та, Тонга көп зиян шекті. Соған қа­рамастан, жас жет­кіншектердің жарқын ойлағанын қа­лай­мын. Егер біреуге болсын әсер етіп, жігер сыйлай алсам – мен үшін сол жеңіс» дейді Пит.
Питтың Пеңчаң мен Риодағы сайыс­тары туралы бірер сөз қозғасақ. 15 шақы­рымда ол көшбасшы Дарио Колоньядан 23 минутқа артта қалып, 114-орынды ие­ленді. Риоға жету жолы да оңай болмаған. Төрт рет талпынған соң барып, жолдама уысына түскен. Алғаш рет Афиныға атта­нуға бел буған кезде қаржылық мәселе шешілмей, қалып қойған. Бейжің мен Лондонға денсаулық жағдайына байла­нысты бара алмаған. Таласқа түскені сон­ша, жарақаттан көз ашпаған. Бразилиядағы ойындарға ақыры жолы түсіп, Тынық мұ­хитының түбінен, еш қаржылық қол­­даусыз-ақ баруға болатынан дәлелдеген. Жолақысы, жаттығу жиынына ақшаны бүкіл әлем болып жинаған. Таэквондоның түбіне жетіп, Токиоға дайындалудың орнына Пит қысқы спорт түріне ойысты. «Шаң­ғы­шы­ларды көріп, таң қалдым. Үлкен қашық­тықты еңсеріп, жүгіріп келеді де, мәреге жеткен соң қарға күмп етеді. Осы көрініс қатты әсер етті. Кейбірі маған жазғы ойындарға 20 жыл кеткенде қысқы спортқа қатысу үшін қанша жыл керегі белгісіз деп көндіруге тырысты. Ағаш бұталарын аяғыма байлап, құм кешетінмін. Сырғанап, баланс табуға тырысатынмын. Бұдан бөлек, таңнан кешке дейін тас жолдың бойында ролик тебетінмін. Бірақ Пеңчаңға дейін доңғалақпен сырғып жете алмайсың ғой. Шаңғының қыр-сырымен таныса бастадым. Бәріне жаңадан үйренуге тура келді. Қар үстіндегі алғашқы жаттығу­ларымды жасауға ҰОК-нің медиа-ко­ман­дасы көмектесті. Аяғым екі жаққа кетіп, қатты тоңып, ақыры осыны қайдан ғана ойыма алдым деп өкінгенім есімде. Бірақ Германияда өткізген 4 апталық жаттығу жиынынан соң Лахтидегі әлем чем­пио­натына қатыстым. Ол жерде 156 қаты­сушының ішінде 153- інші болып аяқ­тадым. Бұл мен үшін кішігірім жеңіспен тең болды. Бұдан кейін іріктеу жарыс­тары басталды. Бірақ бірнеше рет тал­пынсам да, жолым болмай қойды. Бірде ұтылдым, бірде құладым, шаңғымды жо­ғалттым, ұшаққа кешіктім, осы секілді оқи­ғаларға жиі тап боламын. Бірақ ақыры Исафьордюрға аттанып, жарысқа қатысып, Олимпиадаға жолдама алдым» дейді тон­галық спортшы.
Жоқтан бар жасау үшін арман, мақсат, жігерден бөлек, жоқшылық пен қиын­дықтың әсері мол. Таршылық көрмей, бар­шылықта ғұмыр кешкендер көп дү­ниенің құнын білмейтін де болар. Жеңіске жетпесе де, жігер берген Пита біздің өске­лең ұрпаққа да жалын сыйласа, қанеки!

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*