Медицинаның цифрлы мүмкіндігі қандай?

1994
0
Бөлісу:

Қазақстанда цифрландыру үрдісі басталғалы бері әр сала, әр мекеме ақпараттық технологиялармен (IT) жақынырақ танысып, том-том қағазды «зейнетке шығарудың» қамына кіріскен. Дүрмекке қиқу қосқандар арасында медицина саласы да бар. Дәл бұлай сипаттауымыз орынсыз да емес. Қазір денсаулық сақтау саласы цифрлану тұрғысынан озық тұр деуге келмейді. Ниет бар, серпіліс солғын…

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Ел­басы Нұрсұлтан Назарбаев дәл осы мә­се­леге назар аударды. Медициналық ме­ке­мелерге ақпараттық жүйелерді енгізу тұр­ғысынан Шығыс Қазақстан, Ақтөбе об­лыстары мен Астана қаласының ша­бан­дап тұрғанын айтып, әкімдерге сұрау сал­ған. Даниял Ахметов мәселенің төркінін Қар­жы министрлігіне тіреп, Бақыт Сұл­танов шаруаны қайтадан жергілікті ат­қарушы органға сілтеп, жиынның ию-қиюы шыққан. Президенттің айтуынша, ме­дицинаны цифр­лан­дыру басқа өңір­лерде де гүл-гүл жайнап тұрған жоқ. Солтүс­тік Қазақ­стан, Ақмола, Қоста­най өңірлерінде де көрсеткіш төмен.

Қаңтар айында Денсау­лық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлімдеме жасап, әр облыста, әр ауданда цифр­лан­дырудың қарқынды жүріп жатқаны­нан хабар­дар етті. Министр­дің сөзінен түй­ге­ні­міз, қазіргі таңда емдеу мекеме­ле­рінде ақпараттық технологиялардың үлесі – 75,5 пайыз шамасында. 2019 жылдың басында атал­ған көрсеткіш 100 пайыздық межеге жет­пек. Дегенмен министр Шығыс Қазақ­стан, Ақтөбе, Алматы облыстарында және Астана қаласында медициналық ақпарат­тық жүйенің қарқыны баяу жүріп жатқа­нын жасырып қала алмаған. Осындай ол­қы­­лық­тың орнын толтырып, істі же­­­дел­дету мақ­сатында арнайы электронды денсаулық паспортының да қолданысқа енгізілетінін атап өткен. Медицинаны цифрландыру­дың бір жетістігі – Электронды үкімет пор­та­лы­нан еңбекке уақытша жарам­сыз­дығы, түрлі денсаулық сақтау ұйымдарында есепте тұрғаны туралы анықтамаларды алу мүм­­кіндігінің қолжетімді болатыны. Со­ны­­мен қатар бұл күндері республика бойын­­ша статистикалық ақпараттар мен ден­саулық сақтау секторының қаржы мә­се­лесін реттеуге қауқарлы 22 ақпараттық жүйе жұмыс істейді.
Біраз уақыт бұрын Мәжіліске келіп есеп берген Әлеуметтік медициналық сақ­тан­дыру қорының басқарма төрағасы Еле­на Бахмутова арнайы «Халықтық бақы­лау» мобилді қосымшасы іске қосыл­ғанын айт­қан еді. Жаңа жүйе бойынша адамдар ау­рухана мен емханалардың жұмысына ба­ға бере алады, нәтижесінде емдеу меке­ме­­­лерінің рейтингін қалыптастыруға жол ашылмақ. Бахмутованың айтуынша, алда­ғы уақытта аталған қосымшаның аясында адам­­дар емханаларға тіркеле алатын бола­ды.
Осы ретте Алматыдағы №4 қа­ла­лық аурухананың жетістігін айтып өт­кен абзал. Ақпараттық технологияларды меке­ме өміріне кіріктіріп, қызмет көрсету са­па­сын еселеп арттырып жатқан ауруха-на – көп­ке үлгі боларлықтай. Аурухананың бас дәрігері Манат Сейдумановтың ай­туын­­ша, 2016 жылы басталған цифрлан­дыру қазір бір жолға түсіп, дәрігерлер де за­ма­науи стандартқа бейімделген. Бас дәрі­гер­дің айтуынша, бұрын әр кабинетте оты­ра­тын дәрігерлер бір ортақ кабинетке топ­­­тас­тырылған. Осылайша, келіп түскен нау­қасқа жедел көмек көрсетіледі. Дереу рентген, компьютерлік томография, кар­дио­­г­рамма, басқа да қызметтер ұсыны­лып, олардың нәтижесі ақпараттық техно­ло­гия көмегімен шығып отырады.

– Біз қағазбастылықтан арылып, барлығын мобилді қызмет көрсету түріне айналдырғымыз келді. Қазір қабылдау бөлімшесінен бастап операция үстеліне дейінгі аралық толықтай цифрланған. Бұрын әр дәрігер өз кабинетінде бірдеңе жазып отыратын. Емделушіні олардың әрқайсына жеке-жеке кіргізіп отыруға тура келеді. Науқастың жағдайын қарап, анализ қорытындысы зертханадан келіп жетіп, одан рентген кескінін күтіп отырғанда 3-4 сағат өте шығатын. Қазір «Авиценна» ақпараттық жүйесін енгізудің арқасында барлығы түбегейлі өзгеріп сала берді. Бүкіл процесс Emergency room деп аталатын ортақ алаңда өтеді. Бұл – арасы пердемен бөлінген ортақ кеңістік. Қажетті барлық дәрігер сол жерден табылады. Осылайша, науқаспен жұмыс істеп отырған дәрігер қағазға әлденені жазуым керек деп алаңда­май­ды. Емделушіні қарап отырып, бір уақытта арнайы микрофонға сөйлейді, ал бағдарлама аудиофайлды бір мезетте мәтін­дік форматқа ауыстырады. Дәрігер бұрын­ғыдай қағазға қолмен жазып әуре бол­майды. Бұл өз кезегінде қаншама уақыт­ты үнемдейді. Сөйтіп, науқасқа бөлі­нетін уақыт көлемі әлдеқайда көбейді. Әрине, бастапқыда қиын болған, бірақ кейін үйренісіп кетті. Емде­лу­ші­­нің ауру тарихы базада 25 жыл сақталады. Ертеңгі күні қайтадан ауруханаға түссе де алдынан шыға келеді, – дейді Манат Тұрарұлы.
Одан бөлек ауруханада орнатылған 115 камера арқылы басшылар жағдайды тіке­лей бақылай алады. Ақпараттық техно­логия­лардың арқасында 2017 жылы өлім-жітім азайған. 2016 жылы ауыр жағдайда келіп түскен науқастардың 250-і көз жұмса, 2017 жылы бұл көрсеткіш – 167 адам.
Министрлік цифрландыруды лайықты жүзеге асыру үшін жылына 3,5 миллиард теңге бөлуді қарастырады. Ведомствоның мәліметінше, қазіргі таңда медицинаны цифрлан­ды­руд­ың негізгі үш тетігі қарас­ты­рылып отыр. Олар – меди­ци­на­лық ақпа­раттық жүйе­­­лердің енгізілуі, ком­пью­­­терлік техника­лар­мен жаб­дықтау (қазір бұл көрсеткіш бүкіл ел аумағы бойынша – 74 пайыз) және денсаулық сақтау ұйымдарын интернетпен қамтамасыз ету. Бағдарлама аясында медицина жұмысшыларының еңбек өндірісін ұлғайтып, елдімекендерді медици­налық қызметпен қамту жайы да ескерілген. Осылайша, министрлік 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап қағазсыз форматқа көшуді жоспарлайды. Расында, №4 аурухана­дағыдай 3-H элементтері еліміздің барлық емдеу мекеме­ле­рінде жұмыс істеп тұрса, коман­да­лық жұмыс көрініс тапса, ортақ ақ­па­рат­тық жүйе ұсы­ныл­са – сонда ғана медицина­мыз цифр­­ланды деп айта алар едік. Болмаса, «мына меке­ме­де мынадай жетістік бар, анау аудан нау­қас­тарды электронды емдей­ді» деп басталатын шын­дық­тан гөрі пафосқа жақыны­рақ сөз тіркестерін естіп меди­ци­на­мыз цифрланып емес, сиқыр­­­ланып жат­қан­дай күй кешеміз. Адам денсау­лы­ғы мен өміріне тікелей жауап­ты сала үшін – ақпараттық техно­ло­гия ауадай қажет. Нау­қас­тың жағдайын білу, оған қажетті диаг­ноз қою, ауруына сай ем-дом жазып беру не­месе толыққанды бақылауға алу, мәлі­мет­терін бір орталыққа жинап, топтас­тыру – толып жатқан шаруа. Қолмен атқар­саңыз – үлгеруіңіз неғайбыл. Қайткен күнде де компьютердің көмегі қажет.
Айтпақшы, министр Біртанов баяндама жасаған кезде Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов қарсы уәж білдірген. «Еліміздегі медициналық ұйымдардың жедел жәрдем көліктерінің 36 пайызы тозған. Көнеріп, құлағалы тұрған ауруханалар да жетерлік. Шығыс Қазақстандағы Қалбатау ауылындағы емханада не су, не кәріз, не шешінетін жер жоқ. Көп мекеме кеңестік құрал-жабдықтармен әлі тұр. Осындай нәрселерге де назар аударуыңызды сұраймын» деген болатын. Расында, 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін небәрі 311 күн қалды. Барлық аурухана, емхана біткенді жаппай цифрландырып жібермей тұрып, тоз-тозы шыққан мекемелерге де көңіл бөліп үлгерген дұрыс сияқты.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*