Мемлекеттік тілде өтті

874
0
Бөлісу:

Министрлер кабинеті Президент қойған маңызды міндетті орындауға құлшына кірісті. Елбасы Ақордада Ақпарат және коммуникациялар министрін қабылдағанда, мем­лекеттік тілдің мәртебесін арттыруға бағытталған шаралар қабылдаудың маңыздылығына назар аударта келе, Парламент пен Үкіметтің қызметі мемлекеттік тілде жүргізілуге тиістігін нықтады. Осыдан кейінгі Үкіметтің алғашқы отырысы толықтай дерлік мемлекеттік тілде өтті.

Жиынды Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев әдеттегідей мемлекеттік тілде ашты және ары қарай да отырысты қазақша жүргізіп отырды. Бұл ретте Үкімет мү­шелері күнтәртібіне сәйкес, Қазақстанға инвестицияларды тарту мәселелерін пысықтады. Сонымен қатар орта білім беру ұйымдарында жаңартылған мазмұнға көшу жайы қаралды. Ізінше Ақтөбе агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы бекітілді.
Осы барлық мәселелер бойынша баяндама жасаған лауазымды тұлғалар да, өңірлерден бейнебайланыс көмегімен қосылған облыс әкімдері де мемлекеттік тілде сөйлеп, жиынның көркін келтірді. Рас, бұл оң үрдістен отырыста сөз сөйлеген Өскемен қаласының №38 гимназиясының директоры Инесса Чернышева ғана қалыс қалды. Қалай болғанда, мемлекеттік тілді әлі күнге меңгермеген Үкімет мүшелері мен жауапты тұлғалардың ешқайсысы кемсітілген жоқ, олар үшін ілеспе аударма қамтамасыз етілді.
Алдымен, Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек пен Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді өз әріптестерін шетел инвестицияларын тарту жайында құлақтандырды. Қазір Қазақстанда жалпы сомасы 47,8 миллиард доллар болатын 145 инвестициялық жоба іске асырылуда екен. Оларда 35 мың жұмыс орны құрылмақ.
– Бұлардың құрамында Қазақстан – Қытай, Қазақстан – Түркия сияқты барлық еларалық ынтымақтастық бағдар­ламала­рының инвестициялық жобалары бар. Қазақстан – Қытай ынтымақтастығы аясында жалпы сомасы 27,7 млрд долларлық 51 жоба жүзеге асырылуда. Оның құны 140 млн долларлық 4 жобасы іске қосылды. Бұлар – Павлодар об­лысындағы ұнтақ полипропилен өн­діретін зауытты жаңғырту, JAC брендіндегі жеңіл автокөліктерді шығару, СҚО-да рапс майын өндіру және «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА аумағындағы құрғақ порты. Бұл бағдарлама бойынша 2018 жылы 11 жо­баның құрылысы жүреді. Оның жалпы сомасы 363 млн доллар болатын 6 жо­басын іске қосу жоспарлануда, – деді министр Ж.Қасымбек.
Биылғы қазақ-қытай жобалары ара­сында ОҚО-дағы металлургиялық зауыт, Жамбыл облысындағы фосфор үшхлориді және глифосат өндірісі, ПЭТ қалдықтарын қайта өңдеу, ОҚО-да штапельді талшық шығару бар. Осы жылы қытай капиталының қатысуымен тағы 5 жобаның құрылысы басталады. Оларға Қытай елінің инвестор­лары 623 млн доллар салмақ. Нәтижесінде, Қарағанды облысында өнеркәсіптік жарылғыш заттар өндіретін зауыт, Қы­зылорда облысында кальциленген сода өндірісі және басқалары қолданысқа берілуге тиіс.
Қазақстан мен Түркия арасындағы бірлескен «Жаңа синергия» бағдарламасы аясында 26 жоба қолға алынып, оларға жалпы көлемі 899 млн доллар инвестиция құйылмақ. Бүгінде 3,5 млн доллар тұратын бір жоба іске асырылған. Биыл 15,5 млн долларлық 2 жобаның құрылысы бас­талады. Оңтүстік Мойынты алаңындағы қатты пайдалы қазбаларды барлауға арналған Calik Holding компаниясының жобасы (10 млн доллар) және GOLD Aluminium компаниясының алюминий мен пластмассалық пішін-профильдер өнді­рісіне қайта инвестиция жасау (5,5 млн доллар). Қалған жобалар әзірге пысықталу үстінде делінді.
Сондай-ақ базалық тізімге Елбасының шет елдерге жасаған іссапарлары бары­сында келісілген басқа да инвестициялық жобалар енгізілді.
Тұтастай алғанда, 145 жобадан биыл жалпы сомасы 1,6 млрд доллар қаражат жұмсалатын 15 жобаның құрылысын бастау жоспарланған. Бұл қатарда етті қайта өңдеу (Inalca, Cremonini, италиялық инвестор, инвестиция көлемі 48 млн доллар), Экструдталған аралас жем (Phoenix, БАЭ, 15 млн доллар), жоғары сападағы әк өндірісі (Carmeuse Group, Бельгия, 1-фазасы, 70 млн доллар), керамикалық зауыт (Yildizlar, Түркия, 128 млн доллар) және басқалары бар. 2018 жылы жалпы құны 3 млрд долларды құрайтын 23 жоба ел игілігіне тапсырылмақ. Бұлар – әйнекті өндіру және өңдеу зауыты (Orda Glass, АҚШ, 197 млн доллар), азық-түлік өндірісі (Mareven, Жапония-Вьетнам, 50 млн доллар), Sin Yuan Steel металлургиялық зауыты (Амир-А, ҚХР, 40 млн доллар).
– Министрлік базалық тізіліммен шектелмейді. Болашақта оған АДБ, ЕДБ, Дүниежүзілік банк секілді халықаралық қаржы институттарының қарызы және МЖӘ қаражаттары тартылатын жобалар кіреді. Бұдан басқа, министрлік Индус­трияландыру картасының тоқтап тұрған немесе төмен жүктелген жобаларын қайта қарап жатыр, оларға шетелдік инвестор­ларды тарту қажет. Бұл жобалардың барлығына министрлікте де, «Қазақ Инвестте» де дербес жауапты тұлғалар анықталды, – деді Инвестициялар және даму министрі.
Ол жобаларды іске асыруды тежейтін түйінді проблемалар бойынша жүйелі түрде, айына 2 рет жеке тыңдау жүргі­зетіндерін мәлім етті. Министрлік мәсе­лелердің біразын өзі шешуде, ал жоғары деңгейде шешуді талап ететін мәселелер Инвестициялық штаб отырысының қарауына шығарылмақ.
Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеубердінің ай­туынша, Мемлекет басшысы экономи­калық дипломатияны дамытуға ерекше көңіл бөледі. Шет елдерге ресми сапар­лардың барлығы дерлік оның шетелдік бизнес қауымдастықтармен жеке кезде­сулерін көздейді, коммерциялық келісімдер жасалады. Мәселен, Елбасының 2016-2017 жылдардағы сапарлары аясында 6 млрд доллардан астам сомаға инвес­тициялық және сауда келісімдеріне қол қойылды. Президенттің биылғы қаң­тардағы АҚШ-қа ресми сапарының қорытындысында шамамен 7 миллиард долларлық 27 құжат бекітілді.
Шетелден молырақ инвестиция тарту үшін әлемдегі 10 басымдықты елде Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялық кеңесшілері желісін өрістету бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Мәселені талқылауды қорытындылаған Премьер-министр Б.Сағынтаев инвести­ция тарту әр әкімге жүктелген жеке жауап­кершілік екенін нықтады. Ол 2017 жылы инвестиция тартудың барлық негізгі көр­сеткіштері бойынша өсімге қол жеткі­зілгенін атап өтті. Жаңа кәсіпорындар ашылуда, жұмыс орындары құрылып жатыр. Барлық деңгейдегі инвесторларға мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Алайда шетелдік инвесторлардан жергілікті жердегі өзекті мәселелерді шешіп беруді сұраған өтінімдер саны азаймай отырған көрінеді.
Сондықтан Үкімет басшысы осы бағыттағы жұмысты жандандыру және жақсарту бойынша бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, Қазақстанда 145 басымдықты инвестжобадан тұратын тізім анықталды, оларға тұрақты түрде мони­торинг жасалуда. Олардың барлық мәсе­лелерін «бір терезе» шеңберінде жедел түрде шешу жүктелді.
Бақытжан Сағынтаев «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында трансұлттық компаниялар мен «зәкірлі инвесторларды» тарту міндеті тұрғанын нықтады. Сондай-ақ 51 қазақ-қытай бірлескен жобасын іске асыруды «төтенше маңызды» деп таныған Үкімет жетекшісі Инвестициялар және даму министріне, Kazakh Invest ҰК-мен тізе қосып, осы жобалардың әрқайсысы бойынша халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды. «Адам­дарға бұлардың ескі емес, жаңа жобалар екенін жеткізуіміз керек» деді ол.
Премьер-министр моноқалаларға инвестициялар тарту мәселелерін де көтерді. «Зәкірлі (якорный) жобаларды» жүзеге асыру бір кәсіпорынға күні қараған шағын қалаларда жаңа өндірістер мен жаңа жұмыс орындарын ашуға септігін тигізуге тиіс болатын. Алайда Үкімет басшысының байламынша, қазір оған дұрыс көңіл бөлінбей отыр. Осыған байланысты министр Ж.Қасымбек бұл мәселені бақылауға алуға міндеттелді.
Өңірлерде инвестициялар тарту жұ­мысын күшейту үшін барлық қажетті жағдай жасалды. Әр өңірде әкімнің инвестициялар бойынша арнайы орын­басарлары анықталды, Kazakh Invest-тің өңірлік өкілдіктері ашылды, инвесторлар проблемаларын шешу үшін өңірлік штаб­тар құрылды. Соған қарамастан, бірқатар облыстарда, нақтырақ айтсақ Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Батыс Қазақстан, Ақмола облыстарында инвестициялар тарту мәселелері басқа өңірлермен салыстырғанда «өте төмен деңгейде».
Бақытжан Сағынтаев облыстар әкім­деріне инвестициялар тарту мәселе­лерін қатаң бақылауды тапсырды және жаңа, іске қосылған жобалардың тиімді жұмыс жасауға тиістігін ескертті. Бұл тапсыр­малардың орындалуын бақылау Премьер-министрдің бірінші орынбасары Асқар Маминге жүктелді.
Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев орта білім беру ұйымдарында жаңартылған мазмұнға көшу туралы баяндады. Оның айтуынша, жаңартылған мазмұндағы бағдарламаларға көшу кестеге сәйкес жүргізіледі. Дәлірек айтқанда, 2016-2017 оқу жылында жаңар­тылған мазмұнға – 1 сыныптар, 2017-2018 оқу жылында 2, 5, 7-сыныптар көшті. Болашақта 2018-2019 оқу жылында 3, 6, 8-сыныптар көшеді.
– 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап, жаңартылған мазмұндағы оқу бағдар­ла­маларымен оқытуға көшкен мұғалім­дердің лауазымдық еңбекақылары 30 пайызға артты. Барлығы 200 мыңнан астам педагог немесе қазақстандық мұғалімдердің
70 пайызы осы жылы жоғары жалақы алады, – деп сендірді Ерлан Сағадиев. БҒМ басшысы тағы бір жаңалығын жеткізді. Бастапқыда 2019 жылы 0-сыныпты енгізу жоспарланған еді. Бүгінде мұғалімдерді даярлаудың бірыңғай бағдарламасы мен кестесі дайын, оқулықтар сараптамадан өткен. Бірақ олардың бәрі – кириллицада. Ал 0-сы­ныптардың шамамен 400 мың оқушысына оқулықтар басып шығару қажет.
«Латын қарпіне көшуімізге байланысты аталған оқулықтарды бірден латын қарпінде басып шығару орынды деп есептейміз. Бұл қаржылай жағынан да тиімді болмақ. Мұндай өзгерістер жаңа мемлекеттік бағдарламаға енгізілді» деді Е.Сағадиев. Яғни, 0-сыныпты енгізу латынша әліпби сынақтан өтіп, түпкілікті енгізілгенше, кейінге қалдырылады.
Министрлік барлық мектептерге төрт жылда бір рет оқулықтарды міндетті түрде сатып алу бойынша талабын жойыпты. Енді тек білім беру стандарттары мен оқы­ту бағдарламаларында едәуір өзгерістер болса ғана кітаптар қайта басылып шы­ғарылады. Оған дейін әкімдіктер оқулық­тардың жетіспейтін санын ғана сатып алуға құқылы.
Мәселені қарауды қорытындылаған Б.Сағынтаев Қазақстан дамуының 2025 жылға дейінгі Стратегиялық жоспарында «білім беру жүйесі арқылы адами капи­талды дамытуға» ерекше назар аударыл­ғанын атап өтті. Сонымен қатар ол білім беру саласындағы үдерістердің бәрінде қоғамның түсінбеуі байқалып отырғанын айтты.
– Осы реформаларды өткізу сапасы, олардың бірізділігі, оқулықтарға қатысты жағдай дау туғызып отыр. Бұл мәселелер жылда қайталанады. Ерлан Кенжеғалиұлы, осы міндеттерді іске асыруға сізге жеке жауапкершілік жүктелген, – деп министрге айтқан Б.Сағынтаев жұмыс тәсіл­дерін қайта қарауды тапсырды. Мұғалімдер мен қоғам пікірін ескеру, қабылданып жатқан жаңашылдықтарды кеңінен талқылау және келісімге келу жүктелді.
Мәселені үйлестіру вице-премьер Ерболат Досаевқа жүктелді.

Дайындаған Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*