Мәулен ӘШІМБАЕВ, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары: ХАЛЫҚТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҒДАЙЫ БӘРІНЕН МАҢЫЗДЫ

1048
0
Бөлісу:

– Елбасының ұсыныс­тары халқымыз­дың әлеумет­тік жағдайын жақсар­туға айрықша зор әсерін тигізеді деп есептеймін.
Бүкіл әлем бойынша мемлекеттік әлеуметтік бағдарламалар кейінге шегеріліп, үкіметтер бұрынғы міндеттерінен бас тартып жатқан аумалы-төкпелі шақта Мемлекет басшысы осындай батыл бастамаларды қолға алып отыр.
Осылайша, Елбасымыз кезекті рет Қазақстан үшін халқының әлеуметтік жағдайы әрдайым басым бағыт болып саналатынын іс жүзінде дәлел­деп берді. Тіпті экономикалық жағдайдың еңсе түсірген кезінде де халықтың мүддесі жалпы­ұлттық күн тәртібіндегі басты мәселе болып қала берді.
Осы ретте жаңа бағдарламаны шын мәнінде бірегей етіп, маңызын арттыра түсетін бірнеше бөлімдерді атап өткім келеді.
Ең алдымен, бұл бастамалардың дер кезінде қолға алынып отырғанына ерекше назар аударған жөн. Мәселен, әлі күнге дейін жүз мыңдаған қазақстандық отбасылар үшін баспана мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Енді жаңа «7-20-25» бағдарламасы арқылы көптеген отандастарымыз үшін айтарлықтай тиімді ипотекалық займ алуға нақты мүмкіндік тумақ. Бұл бағдарламаны сәтті жүзеге асыра білсек, әлеуметтік ахуал ғана жақсарып қоймай, тұрғын үй құрылысының дамуына, экономиканың өсуіне, жұмыс орындары­ның ашылуына және жеке кәсіппен айналысудың жаңа мүмкіндіктеріне де тың серпін беріледі.
Салық жүктемесін төмендету бастамасы да – халыққа әлеуметтік қолдау көрсетудің тиімді тетігі. Мемлекеттің салықты көтермей, керісінше салыстырмалы түрде жалақысы төмен азамат­тардың жағдайына түсіністікпен қарауы да – үлгі боларлық жайттардың бірі.
Елбасының жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту бастамасы – стратегиялық қадам. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында елімізге жоғары білікті инженерлер мен ақпараттық технология және робот техникасы саласының мамандары қажет. Бұл – адам ресурстарына қосылған үлес және жарқын болашаққа салынған инвестиция.
Шағын несие беруді көбейту де – кәсіпкерлікті қолдау мақсатында уақытылы қолға алынған шара. Осы бастаманың арқасында тек қалалық қана емес, сондай-ақ ауылдық жерлердегі мыңдаған қазақстандықтар өз кәсібін бастауға мүмкіндік алады. Соның нәтижесінде, еліміздің жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесін 50 пайыздан кем қылмауға бағытталған стратегиялық мақсатымызға тағы бір табан жақындай түсеміз.
«Көгілдір отын» мәселесіне келер болсақ, елді газбен қамтамасыз ету жөніндегі ауқымды жоба қуатты экономика жағынан айрықша мәнге ие. Одан бөлек, қоршаған ортаны қорғау ісіне де бұл бастаманың тағы бір маңызды қыры ретінде қарауға болады. Елбасы атап өткендей, егер Астанаға «көгілдір отын» жеткізілсе, тек елорда­мыз­дың өзінде зиянды қалдықтардың ауаға таралуы 6 есеге дейін төмендейді. Бұл, әрине, өз кезегінде халқымыздың денсаулығына игі әсерін тигізеді.
Президенттің барлық бастамасы жан-жақты сарапталып, зерделенгенін және оларды жүзеге асыруға нақты қаржылай негіз бар екенін атап өткен жөн. Соның арқасында қазақстандықтар Елбасы тапсырмаларын жүзеге асырудың нәтижелерін таяу жылдарда сезіне алады.
Мемлекет басшысы бұл маңызды бастама­лар­дың жүзеге асырылуын бақылауды «Нұр Отан» партия­сына жүктеді. Осыған орай, Елбасы тапсыр­масы партия жұмысының алдағы уақыттағы негізгі міндеті бола­тынын ерекше атап өткім келеді. Бұл – бастамалар әлеу­меттік мемлекет және ұлттық әл-ауқаттың қазақ­стандық үлгісін қалып­тастыру аясындағы маңыз­ды қадам. Сондықтан Прези­ден­ттің стратегиялық бастамала­ры­ның орындалуына сапалы бақылауды қамта­масыз ету үшін барлық күшімізді жұмыл­дырамыз.


Әнуарбек МҰХТАРХАНОВ,
«Нұр Отан» партиясы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

ЖАСТАРҒА БЕРІЛГЕН МОЛ МҮМКІНДІК

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасы» атты халыққа Үндеуі өте маңызды ақпараттар мен ел игілігіне бағытталған қадамдарға толы болды. Аса ыждахаттылықпен тыңдап шықтық. Мемлекет басшысы атап өткен оң өзгерістер өз дәрежесінде іске асырылса халық үшін аса маңызды, түйіткілді бірқатар мәселелердің ше­шілеріне көзіміз жетті.
Президент айтып өткен баспана алудың тиімді мүмкіндіктері, шын мәнінде қарапайым халық үшін өте қолайлы. Әсіресе,
7 пайыздық үстемемен несие беру жастардың баспана алуына деген мүмкіндіктерін ондаған есе ұлғайта түсті. Алғашқы жарнаны 20 пайызға төмендетудің өзі – қарапайым адамға көрсетілген үлкен қолдау.
Жалпы, жастардың баспана және жұмыс мәселесі шешілсе, олар отбасын да құрады, өседі, өнеді. Соның нәтижесінде, еліміздің демографиясы күрт артады. Сондықтан біз Елбасының жаңа бастамаларын ыстық ықыласпен қолдай отырып, оны іске асыру жолында аянбай еңбек етеміз.


Мұратхан ШҮКЕЕВ,
«Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

МАҢЫЗЫ ЗОР БЕС БАСТАМА

– Елбасы жариялаған әлеуметтік жаңғыруға бағытталған бес бас­таманың барлығы да өте өзекті. Соның ішіндегі «7-20-25» бағдарламасы жүзеге асырылғанда қарапайым азаматтардың да ипотекалық несие алуы іс жүзінде мүмкін болады. Қазіргі жылдық үстемесі 16, алғашқы жарнасы
50 пайызға дейін, мерзімі 15 жылға есептелген ипотекалық шарттар, азаматтардың өмірлік маңызды мәселесі – тұрғын үй қажеттілігін шешу мүмкіндігін шектеп келген еді. Енді қаржылық қатынастар көкжиегінде тіршілігі қарапайым тұрғындар үшін жаңа мүмкіндіктер пайда болды.
Екінші бастама – табысы төмен азаматтардың салық жүктемесінің 10 есеге азаюы арқасында 2 миллионнан астам жұмысшының жұмыс берушіге салмақ түсірместен жалақысы көбейеді. Мұны Мемлекет басшысының Үкіметке берген прогрессивтік табыс салығын енгізу мүмкіндіктерін қарастыру туралы тапсырмасының алғашқы қадамы деуге болады.
Жоғары білімнің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған бастаманың да маңызы зор. Бұл бағытта бұрын да аз қолдау жасалған жоқ. Алайда бұл жолы өскелең ұрпақтан үнемдеудің дұрыс еместігін Елбасы тағы да еске салды. Қазіргі 54 мың грантқа қосымша бөлінетін 20 мың грант өте жоғары көрсеткіш болумен қатар, жаңа экономиканың индустрияландыру бағдарламасы, Төртінші өнеркәсіптік революция талап ететін техникалық бакалавр сияқты заманауи мамандықтарға деген қажеттіліктен туған. Сапалы мамандар даярлауға студенттерді жайлы жатақханамен қамтамасыз етудің де тікелей ықпалы бар.
Төртінші шағын несие көлемін ұлғайту бастамасы шағын және орта бизнесті дамытуға, әсіресе, ауылдық жерлерде кәсіппен айналысуға ниетті азаматтар үшін таптырмас құрал болып отыр. Микронесие көлемін 20 млрд теңгеге көбейтудің нәтижесінде 14 мың азамат өз кәсібін ашуға мүмкіндік алмақ.
Елбасы бесінші бастамасында елімізді газбен қамтамасыз ету ісіне назар аударды. Қызылорда облысының Қараөзегінен Жезқазған, Қарағанды, Теміртау, Астанаға жол тартатын газ құбыры тек аталған қалаларды тұрмыс пен өнеркәсіп үшін қолайлы энергиямен қамтамасыз етіп қана қоймай, жолшыбай орын тепкен елдімекендерді көркейтіп, жергілікті тұрғындардың күнкөрісін жақсартатын, кәсіпкерлік құрылымдардың көбеюіне ықпалы бар стратегиялық жоба.
Осындай маңызды бастамаларды орындау қажеттігін шегелей айтқан Елбасы «мәселе халықтың көптігінде, аздығында емес, мәселе – рухани бірлікте» деп, бұл бастамалардың жүзеге асырылуын қоғамдық қадағалау өзі Төрағасы болып табылатын «Нұр Отан» партиясына жүктелетініне баса назар аударды.


Гүлмира НҰРХАНОВА,
Павлодар облыстық мәслихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі:

ӘЛЕУМЕТТІК СЕРПІЛІС

– Елбасымыздың «Прези­дент­тің бес әлеуметтік бас­тамасы» халыққа Үндеуін ерекше қуанышпен қабыл­дадым. Соның ішінде шағын несиенің көлемін арттыру мәселесі болашаққа деген сенімді күшейте түсті. Биыл берілетін шағын несие былтырғымен салыстырғанда 20 миллиард теңгеге көбейтілмек. Сол арқылы оның жалпы сомасы 62 миллиардқа жеткізіледі. Бұл – ауыл тұрғындары үшін, ауылдағы кәсіпкерлер үшін зор мүмкіндік.
Сонымен қатар баспана мәселесіне ерекше мән берілуі халықтың, әсіресе, жастардың ертеңгі күнге деген сенімдерін күшейтіп, белсенділіктерін арттыра түсті. Одан бөлек жалақысы төмен азаматтардың салық жүктемесін азайту әлеуметтік тұрғыда өте үлкен серпіліс екенін атап өткен жөн. Алдағы уақытта осы бастамаларды жемісті жүзеге асыру үшін әр қазақстандық аянбай еңбек етіп, жұмыс істеуі керек.


Нұрмахан ЖОЛДАСОВ,
«Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихаттың депутаты:

КӘСІПКЕРЛІК САЛАҒА ТЫҢ СЕРПІН БЕРЕДІ
– «Президенттің бес әлеуметтік бастамасында» қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету, жалақысы төмен азаматтардың салық жүктемесін азайту, сапалы білім алудың қолжетімділігін арттыру, елімізді газбен қамтамасыз ету және шағын несиелер берудің мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері көтерілген.
Оңтүстік жұртшылығы бұл бағдарламаны, әсіресе, салық жүктемесін азайту және шағын кредиттер берудің мүмкіндіктерін кеңейту бойынша бастамаларды ерекше қызығушылықпен қабылдады. Өйткені бұл бастамалардың нақты түрде еліміздің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мен кәсіпкерлікті дамытуға үлкен септігін тигізетіні сөзсіз.
Елбасының тапсырмасы бойынша биыл қазақстандықтарға берілетін шағын несие көлемі былтырғымен салыстырғанда 20 миллиард теңгеге көбейетін болды. Сонда, жылына 14 мың азаматқа 62 миллиард теңге несие беріледі. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлердің талай уақыттан бері шешілмеген проблемаларын шешуге ықпал етеді. Өз нанын адал еңбегі мен іскерлік қабілетінің арқасында тауып отырған ауылдық кәсіпкерлерге нақты қолдау болады.
Оңтүстік Қазақстан облысы – республикадағы халық ең тығыз қоныстанған аймақ қана емес, құнарлы топырақ, кең жайылымдарға бай, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп кеңінен дамыған берекелі өңір. Елбасы ұсынған бағдарламалардың барлығы ішкі тұрақтылық жағдайында, ұлттың рухани бірлігінің арқасында ғана іске асады. «Нұр Отан» партиясының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы бұл бастамаларды жалғастыруға, іске асуын қадағалауға қашанда дайын.


Ерлан ҚАРИН:

– Мемлекет басшысының шенеуніктерге емес, еліміздің қарапайым тұрғындарына арналған бүгінгі Үндеуі, яғни бес басты бастамасы – мәні жөнінен де, мазмұны тұрғысынан да Президенттің кезекті Жолдауы. Елбасы қаңтар айында күн тәртібіне экономикалық мәселелерді шығарған болса, күні кеше әлеуеттің әуресін алған әлеуметтік жағдайды жүйелі түрде жаңартуға бағытталған бағдарламасын ұсынды.
Бес басты бастаманың әрқайсысы миллиондаған азаматтардың мүддесіне қызмет етпек. Ел тұрғындарының кем дегенде, жартысынан көбі Елбасының әлеуметтік бағдарламасымен қамтылады. Осы себептен де, Президент тікелей эфирде және Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үндеу жолдады.


Ерлан САИРОВ:

– Әлемде ғаламдық теңсіздіктің үрейлі үдейе түсу үрдісі бай­қалуда. Бүкіл адамзат білек сыбанып, қызмет қылып, маңдай терін төккен дүние-мүлік, қаржы-қаражат барлық адам үшін қолжетімсіз. Сондықтан бүгінгі басты тапсырма – әлеуметтік үдерістерді мемлекет тарапынан реттеу.
Негізгі нысанаға алынған мәселе – әрбір азамат адамзат қалаған дүниенің, мүліктің бір бөлігін иелене, иемдене алса игі және бұл ұтқыр ұстаным, дұрыс бағыт.
Біздің мемлекет осы бағытты басымдыққа ала отырып, дамудың даңғыл жолына түсті.
Мемлекет басшысының Парламент палата­ларының бірлескен отырысында жасаған Үндеуі аса қуантты. Президент бес әлеуметтік бастама көтерді. Оның әрқайсысы бөлек-бөлек тал­қылауды қажет етеді. Жеке көзқарас және болжамым жайында бөлісуді жөн көрдім.
Ел тұрғындарының басы ауырып, балтыры сыздайтын тұсы – тұрғын үй мәселесінің қол­жетімсіздігі. Жас отбасылардың басым бөлігі баспананың жоқтығынан көп қиналып, қыжалат көруде, кейбіреулері кедейшіліктің кесірінен жанұясын тастап, кетіп қалып жатыр. Осы орайда, мемлекет тұрғындардың басым көпшілігіне баспана қолжетімді болатын бастама ұсынды. «7-20-25» жаңа жобасы жақын арада осы мәселені оңтайлы шешуге мүмкіндік бермек. Бұл бағ­дарламаны жүзеге асыру арқылы тек экономиканы емес, демографиялық мәселелерді де реттей алмақпыз.
Күні кеше демография саласына да инвестиция салудың маңызы жөнінде жазба жарияладым. Жалақысы төмен тұлғалар үшін салық мөлшерін төмендету мәселесіне келейік. Енді қалтасы жұқа іні-қарындастарымыз үшін салық жүктемесі 1 пайызға дейін төмендетілді. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар маңызды шешім. Бастысы – үнем­делген қаражат көзі осы азаматтардың жалақысын көтеруге бағытталмақ. Бұл қадам еліміздегі 2 миллионнан астам азаматтың еңбекақысын көте­руге мүмкіндік бермек.
Техникалық мамандықтардың грант санын көбейту мәселесі де – уақытылы жеткен маңызды қадам. Инженер, робототехника, нанотехнология және IT-технология сынды жаңа мамандықтарға мемлекет қосымша 20 мың грант бөледі. Еңбек нарығының сұранысы өзгергенін есепке алсақ, бұл – Төртінші өнеркәсіптік революция жолындағы уақыты жеткен қадам.
Өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың мәселесін реттеу – еліміздің әлеуметтік жаң­ғыруының негізгі шарты. Осы істі оңтайландыру үшін 14 мың азаматқа 62 млрд көлемде шағын несие беру ұсынылып отыр. Бұл қадам – ауылды аймақтардағы тұрғындарды кіші кәсіпке тартудың бірден-бір жолы. Өзін-өзі жұмыспен қамтитын­дардың мәселелерін кешенді түрде шешу арқылы оларды еліміздің экономикалық айналымына тартуға мүмкіндік тумақ. Бұл өз кезегінде, ел экономикасын дамытуда аса маңызға ие – салық базасын кеңейтуге жағдай жасайды.
Әлеуметтік дамудың басты бағдары – ауылды жерлердің инфрақұрылымын дамыту, яғни, ел аймақтарының басым көпшілігін газ құбыр­ларымен қамтамасыз ету. Елбасы үндеуінде газ құбырларының құрылысы мен ел ішінде көгілдір отынды жеткізудің жаңа маршруты жайында сөз қозғалды. Бұл мәселе бұған дейін сарапшылар деңгейінде талай талқыланып келді және осы тұста мемлекеттің азаматтық қоғам өкілдерімен бірлесе жұмыс істеп отырғаны қуантады.
Біз – өз азаматтарының болашағына алаң­дайтын әлеуметтік жауапкершілігі мол мемлекет екенімізді аса үлкен сеніммен айта аламыз. Бұл өз кезегінде, қоғамдағы әлеуметтік бел­сенділікті арттыруға септігін тигізеді. Қазақстанда әлеуметтік дамудың жекелеген үлгісі құрылуда.


Берік ӘБДІҒАЛИҰЛЫ:

– Мемлекет бас­шысы бастап берген әлеуметтік жаңғыру бағдарламасы отан­дастарымыздың қо­ғамдық деңгейін кө­теруге ғана емес, сон­дай-ақ бүгінде аса маңызға ие – әлеу­меттік мемлекет құн­дылықтары, әділдік қағидасы, әлеуметтік бірегейлік және өзара көмек көрсету мен демеу болудың ізгіліктеріне бағытталды.
Мемлекеттік мекемелерге ұрандатудың уысынан босап, нақты тапсырмаларды жүзеге асыруды тапсырды. «Нұр Отан» партиясы –бақылаушы.
Меніңше, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен бүгінгі әлеуметтік бастама-
сы – ел тұрғындарының ұлттық бірлігі мен қоғамдық бірегейлігін нығайтуға бағытталған бірыңғай кешенді платформа.


Айдос САРЫМ:

– Тұрғындардың басы ауырып, балтыры сыздайтын тұсы – баспана мәселесі. Осы тұрғыда, Елбасы атап өткен жаңа бағ­дарламаның маңызы зор.


Тұрмағанбет  КЕНЖЕБАЕВ:

– Мемлекет басшысы Үндеуінде айтқандай, қазақ тілін жаңа деңгейге көтеріп, әлеуметтік реформаларды тұрмыс-тіршілігімізде жүзеге асыратын болса, онда өзге басшылардың ешқайсысы Елбасымызбен теңдесе алмас еді.


Вячеслав ДОДОНОВ:

– Тұрғын үй мәселесін реттеуге бағытталған бастамасын ерекше атап өтуге болады. Өйткені «7-20-25» жаңа бағдарламасы ұсынылды. Бұл жоба тұрғындардың тұрмысы төмен топтарын қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталып отыр. 25 жыл мерзімге 7 пайыздық мөлшерлемемен ай сайынғы төлем әжептәуір азаяды, бұл бұған дейін баспана несиесін төлеуді қалтасы көтермей жүргендер үшін жақсы мүмкіндік болмақ. Тұрғындардың өмір сүру деңгейін көтеруге және жалпы экономика қарқынын үдетуге арналған игі бастама деуге толық негіз бар.


Әділ АТИН:
– Қазақстан жер көлемі жөнінен әлемде тоғызыншы орынға табан тірейді. Ел тұрғындарына несиеге жер учас­кесін берер болса, қандай керемет болар еді. Отан­дастарымыздың әрбір істі дөңгелетіп әкетуге толық мүмкіндігі бар. Кірпіш құятын қазақтардың өзі қаншама? Біз үшін үй тұрғызу не тұрады дейсің?


Зәуре ЗАҚАНҚЫЗЫ:
– Соңғы уақытта көрген-білгеніме, естіп жүргеніме өзім сене алар емеспін. Шын мәнінде, Елбасы айтқан дүниелердің барлығы орындалатын болса, қалай болар екен?

Бөлісу:

Пікір жазу


*