ДСҰ-дан Қазақстан не ұтты?

742
0
Бөлісу:

Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымының ресми мүшесі атанғанына екі жылдан асты. Еліміз бен халық­аралық ұйым арасында келіссөздер жүргізіліп жатқан тұста, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ДСҰ-ның Қазақстанға беретін мүмкін­діктері туралы «Кәсіпорындары­мыздың шетел нарықтарына шығуын қамтамасыз етеді. Тұтынушылар үшін тауарлар мен қызметтердің кең ауқымына таңдау жасауға жол аша­ды. Бүгінде сауда-саттығы­мыздың 90 пайызы – Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше елдерге тиесілі. Қа­зақстан шетелдік инвесторлар мен серіктестер үшін бұрынғыдан да тар­тымды бола түседі. Жаңа өнді­рістер мен жұмыс орындарын ашуға мүм­кіндіктер туады» деген болатын. Көңілге қуаныш пен үміт сезімін қатар сыйлаған осы болжамның іс жүзінде қалай орындалып жатқанын ба­ғам­дау үшін Ұлттық экономика ми­нистрлігіне жолдаған сауалда­рымыз жауапсыз қалмады.
Дайын өнімдердің үлесі артты
Еліміздің экономикасына жауапты басты Мемлекеттік органның ақпаратына сәйкес, Қазақстан 2017 жылды жалпы ішкі өнімдегі төрт пайыздық өсіммен қоры­тындылаған. Бұл – 2015 жылғы орташа жылдық көрсеткіштен 3,5 есеге көп. Өткен жылы тауар айналымы 1,4%-ға артып, дайын өнім импорты 4,2%-ға төмендеген. Қазақстанның сауда серіктестеріне бағытталған эскпорт 5%-ға өскен. Қайта өңдеу өндірісін дамыту және экспортты ілгерілету оң нәтиже көрсеткенін келесі көрсеткіштер дәлелдейді: Өңдеу өнеркә­сі­бінің өсімі 2013 жылы – 2,9%, 2014 жылы – 1,6%, 2015 жылы – 0,2%, 2016 жылы – 1,8% болса, өткен жылы 5,1 пайызға артқан.
Қазақстан экономикасының шикізатқа тәуелділігі маңыздылығын жоғалтпайтын тақырып екені белгілі. Ұлттық экономика министрлігі жалпы экспорттағы дайын өнімдердің үлесі 22 пайыздан асқаны туралы дерек келтіреді. Шикізаттық емес секторда тұрмыстық техника, автобус, металл илектеу бұйымдары, құрылыс жабдықтары, өсімдік майы, қант, қағаз сияқты тауар­ларға сұраныс артқан.
ДСҰ-ға кіру Қазақстанның сауда қатынастарын бүкіл әлемде бекітілген ережелерге сәйкес жүзеге асыратынын көрсетіп, еліміздің халықаралық құқықпен қорғалатын тұрақты ашық серіктес екенін айғақтайды. Әлем елдерінің сенімін Қазақ­станға 2016 жылы келген 8,16 млрд АҚШ доллары тікелей шетелдік инвестициядан көруге болады. Бұл – 2015 жылға қарағанда 2,2 есеге көп. 2017 жылғы 9 айда ел эконо­микасына тартылған инвестиция көлемі 4,33 млрд АҚШ доллары деп бағаланды.

Кедендік аумақтар нарығына кірдік
Ұйымға кіру Қазақстанға ДСҰ-ға мүше болып табылатын барлық елдер мен ке­дендік аумақтардың нарығына кемсі­тілмейтін рұқсатнама алуға мүмкіндік берді. Мұнда кедендік-тарифтік қорғаныс шараларынан (Қазақстан тауарын экс­порттаған елдердегі импорттық баждың бөгеуші мөлшерлемелері) бөлек, Қа­зақстаннан келген импортқа тыйым салу, шектеу, санитарлық, фитосанитарлық шаралар, сауда кезіндегі техникалық кедергілер секілді бейтарифтік жеңілдіктер туралы да айтылып отыр.
Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кірудегі негізгі мақсатының бірі әлемдік нарықта қазақстандық мүддені тиімді қорғау үшін дау-дамайларды шешу жөніндегі халықаралық орган тетігіне қол жеткізу болған. Аталған алаң қазақстандық тауарға қатысты сауда шаралары заңсыз қолданылған жағдайда, ұйымға мүше мемлекеттердің шешімдеріне шағымдануға және қазақстандық өндірушілердің мүдделерін қорғауға жол ашады.

Отандық кәсіпкерді қолдаймыз ба?
Қазақстанның ДСҰ-ға кіруі туралы талқылаулар басталған кезде, сарапшы­лардың біразы «Ұйымның басты қағидасы протекционизмге жол бермейтіндіктен, отандық тауар өндірушілерге бағытталған мемлекеттік қолдау тоқтауы мүмкін» деп алаңдаушылық білдірген еді. Ұлттық экономика министрлігінің ресми жауа­бында соңғы екі жылда отандық кәсіп­керлерді мемлекеттік қолдау динами­касындағы өзгерістер толық түсіндірілген.
– ДСҰ-ның ережелеріне сәйкес, ұлттық кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау экспортпен байланысты болмауы және импорт алмастыруға бағытталмауы қажет. Барлық қалған қолдау түрлеріне рұқсат етілген. Мәселен, Қазақстан Үкіметі жаңа өндіріс салаларының өсуін және әртарап­тандырылуын ынталандыратын жоғары қосылған құндағы өнімдер шығаруға және қызметтер экспортын дамытуға ба­ғытталған кешенді әдістерді нақтылап жатыр. 2017 жылы ШОБ өнімдерін шығару 2016 жылмен салыстырғанда 29 пайызға артты, ал осы сектордағы жұмыспен қамту 3,1 млн адамды құрады. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны – 1,1 млн. Шағын және орта бизнесті ынталандыру мақ­сатында салықтық жеңілдіктер беру, тек­серістерді екі есе қысқарту, тауар рәсімдеу мен оларды декларациялауды электронды форматта жүргізу көзделген жаңа Салық және Кеден жөніндегі ко­декстер қабылданды. Кәсіпкерлікті қолдаудың негізгі құралы «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы екені белгілі. Оның аясында несиенің бағасы арзандап, кепіл­дендірілді, 23 мың кәсіпкер оқытылды. 2016 жылмен салыстырғанда, мемлекеттік қолдауға ие болған кәсіпкер­лердің саны 10,3 пайызға артып, 192 мың болды. Ин­дус­трияландыру картасы ая­сында 2017 жылы 120 жоба енгізілді, шама­мен 10 мың тұрақты жұмыс орны құрылды.
Сондай-ақ Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың жаңа бағдарламасы қабылданып, оны жүзеге асыру басталды. Кәсіпкерлікті дамыту бағыты аясында 15 мыңнан астам жұмыссыздар мен өзін-өзі жұмыспен қам­ты­ғандар кәсіпкерлік негіздеріне оқы­тылды, оның 22 пайызы (3 314 адам) өз бизнесін бастау үшін қаржыландыруға ие болды.

Одақтан тыс сауда қалай жүреді?
ДСҰ – әлемдік сауданың 95 пайызы тие­сілі барлық өркениетті елдер басшы­лыққа алатын ережелер жиынтығы. Қазақ­станның ДСҰ-ға мүше болуы оның өзге мемлекеттермен одақтан тыс сауда әріп­тестігіне кедергі болмайды. Мәселен, еліміздің Қытаймен және Германиямен екіжақты сауда-экономикалық ынты­мақтастық туралы екіжақты келісімдері өз күшінде қала береді. Жуырда Қазақстан Еуропалық одақ пен оның мүше-мемле­кеттері арасындағы «Кеңейтілген әріп­тестік пен ынтымақтастық туралы» жаңа келісімді бекітті. Онда сауда-эконо­микалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, көлік және энергетика, зерттеулер және инновациялар, мемлекеттік, кедендік және санитарлық қызметтердің сапасын жақсарту салаларында бірлесе әрекет ету жөніндегі диалогты кеңейту туралы уағ­даластық жасалған. Одан бөлек Қазақстан Еуразиялық одақтағы серіктестермен бірге ҚХР-мен сауда-экономикалық ынты­мақ­тастық туралы келісім жобасы бойын­ша келіссөздерді аяқтады. Бұл келісім Қытаймен экономикалық қатынастарды одан әрі дамыту үшін негіз қалыптастырады және біздің мемлекетіміздің сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша жарияланымдар және шаралар қолдануға қатысты тиімді тетіктер мен ережелер құруына мүмкіндік береді.

 

Динара ТІЛЕУБЕК

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*