Қайсын ақын құрметтелді

697
0
Бөлісу:

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде туысқан балқар халқының белгілі ақыны  Қайсын Құлиевтің 100 жылдық мерейтойына арналған жиын өтті. Бұл жиынның өтуіне ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы мен Шығыстану факультеті ТҮРКСОЙ кафедрасының ұжымы мұрындық болды. 

Қайсын Құлиевтің шығарма­шы­лығына арналған дөңгелек үстелге Шығыстану факультетінің деканы Ықтияр Палтөре, Халық­аралық ТҮРКСОЙ ұйымындағы Қазақстанның өкілі Асқар Тұрғанбаев, Қазақстан Жазушы­лар одағы басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Жайлы­­бай, Түркі мәдениеті орта­лы­ғының басшысы Ахмет Дағдұ­ран, әдебиетші ғалымдар Дандай Ысқақұлы мен Әлімжан Хамраев, «Тұран әлемі» қоғамдық ұйы­мының басшысы Карлин Мах­пи­ров, ақындар Әділғазы Қайыр­беков, Мақпал Мыса және Қаз­ақ­­стандағы түркітілдес халық­тар­­дың өкілдері, университет оқы­ту­шылары мен студенттер қатыс­ты.
Жиында сөз алған Халық­аралық ТҮРКСОЙ ұйымындағы Қазақстанның өкілі Асқар Тұрғанбаев Қайсын Құлиевтің100 жылдық мерейтойы түркі әлемінде қалай аталып өткені жайлы ақпа­рат­­пен бөлісіп, осы бағыттағы ТҮРКСОЙ ұйымының Әзірбай­жан, Қырғызстан, Қазақстан және Түркияда өткізген шаралары туралы әңгімелеп берді.
Шара барысында Қайсын Құлиевтің екі бірдей кітабының тұсаукесер рәсімі өтті. «Тәңірінің қылышы» деп аталатын кітапта Қайсын жырлары жеті тілде сөйле­ген екен. Одан өзге, Қ.Құлиевтің «Бұл таулар тұрып тұрған­ша» тау тақырыбында жазған өлеңдері түрік тілінде жарық көрген. Екі кітапты да халықаралық
ТҮРК­СОЙ­ ұйымы басып шығар­ған.
Жиында ақын, Қазақстан Жазу­шылар одағы басқарма төра­ға­­сының бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай: «ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымы түркі дүние­сіне қатысты шараларды ұдайы жоғары деңгейде ұйымдастырып келеді. Қайсын да – түркі жұртына ортақ үлкен тұлға. Ол – үлкен тағдыр иесі. Ақындықтың бақы­тын да, азабын да кешті. Халқымен бірге айдауда да болды. Соғыстың да ауыртпалығын көрді. Балқар деген халықтың байрағын көтеріп, балқардың алмас қылышы бо­лып,тұтас халықтың үніне, жы­ры­на, намысына айналды» десе, профессор, әдебиет сыншы­сы Дандай Ысқақұлы Қайсын Құлиев шығармаларын оқыту мен түркіге ортақ әдебиет оқулығын жазу мәселесіне кеңінен тоқталды. Әдебиет зерттеушісі, профессор Әлімжан Хамраев та ортақ әдеби дәстүрлер туралы ой қозғады.
Жиын соңында еліміздегі түркі халықтарының өкілдері өз ойла­рын ортаға салып, Қайсын Құлиевтің балқар жұртында бол­ған ұлы тойына қатысып қайтқан қаламгер Әділғазы Қайырбеков естелік айтып, ақынның өлеңін оқыды. Ақын Мақпал Мыса да, ТҮРКСОЙ кафедрасының сту­дент­тері де Қайсын жырларын оқып, тыңдарманды тамаша әсерге бөледі.

Гүл БЕКЗАТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*