ДӘМ – ДӘНЕКЕР

717
0
Бөлісу:

Қазақстанға тағдырдың тезімен айдалып талайлар келген. Бәрі де қазақтан пана көрген. Шиеттей бала-шағасының аузынан жырып, бір үзім нанын бөліскен. Мемлекет басшысы жақында «Мұндай жағдайды біздің отбасымыз да өткерді. Әке-шешеміз тентіреп келгендердің талайына жәрдем берді, үйімізде паналатты» деген тұрғыда естелігін айтты.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңғыру атаулы бұ­рынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына ай­налдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бас­тайды» деп атап көрсеткен болатын.

Қазақтың озық дәстүрінің бірі не? Ол – қонақжайлылық! Шекесі шылқып отырмаса да, келген қо­нақтың алдына ас қою ежелден келе жатқан дәстүр. Бай-бағландар өз алдына, осындай мәрттік көр­сету мақсатында жалғыз атын сойған жарлылар да болған…
Қазақстан – татулық пен тұрақ­тылық мекені. Зорлық пен зобалаң жылдарда Қазақстанға айдалып келген отандастарымыздың қай-қайсысы да аштан өлген жоқ, көштен қалған жоқ. Қазақтың ата дәстүрінің арқасы!
Қорғансыз жандарға қазақ сөйтіп нан ұсынды. Дәм ұсынды. Құрт-майын, ірімшігін, талқанын бірге бөлісті. Қазақстанды ме­кендеп отырған ұлт пен ұлыс өкілдерінің бәрі де сол бір үзім нан үшін қарыздар. Елбасы 1 наурызды қазақ халқына алғыс айту күні деп жариялады. Дүниежүзінде мұндай мәртебені иемденген қай халық бар?
Сәуір айының соңында Мәде­ниет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Наурыз мерекесін өткізуге қатысты ойларын ортаға салып, өзара тал­қыласқан жиын өткен. Сол жиында қала қазақтарының тұтастануының бір тетігі ретінде арнайы бір ұсыныс берген едік. «Қазір Астана мен Алматы, ірі облыс орталықтары мен басқа да қалаларда қазақтар көптеп қоныс тебе бастады. Сол қазақ­тардың қай-қайсысы да бір подъезде кімнің тұрып жатқанын білмейді. Өзбекстандағыдай мәхалла жүйесі бізде жоқ. Наурыз тәрізді ұлттық мейрамдарда қала тұрғындары көше қыдыру мен сауда орталықтарына барудан аса алмайды. Бір қап ұннан қанша шел­пек пен бауырсақ пісіруге болады. Наурыз мерекесі тұсында қаланың әрбір ықшамауданында бауырсақ таратсақ, олай өткен, бұлай өткен тұрғындар «бұл ненің құр­метіне?» дейтін болса, Наурыз­дың мәнін ұғындырсақ, бір ғанибет емес пе?» дегенбіз.
Міне, сол ұсыныс Астанадан қолдау тапты. Астана қаласының және «Сарыарқа» ауданының 20 жылдығына орай Наурыз мере­кесін тойлау мақсатында бауырсақ фестивалі басталды. «Бауырсақ Time» деп аталатын бұл жоба бо­йын­ша қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрі кеңінен насихатталады. Халқымыздың қонақжай пейілі, ұлттық дастарқан мәзірі таныс­тырылады. Шараның қайырым­дылық жағы тағы бар. Бір аптаға созылатын бауырсақ фестивалі Астана тұрғындары мен мейман­дары үшін нағыз мерекелік шараға айналмақ. Бұл туралы өзінің фейс­буктегі парақшасында Сарыарқа ауданының әкімі Арман Тұрлыбек елге сүйіншілеп хабарлаған екен. «Астана жастары» атты волонтерлік ұйымның өкілдері тұрғындар мен меймандарға бір апта бойы қазақ­тың бауырсағын ұсынатын болады. Аудан әкімі күніге 4000 бауыр­сақтан, бір аптада бір тоннадан астам, яғни 25 000 бауырсақ тара­тамыз деп мәлімдепті. «Бауырсақ Time» фестивалінің түйінді шарасы 17 наурыз күні сағат 12.00-де ас­таналық Арбат маңында өтеді. Ду-думан мерекелік концертке ұласады. Астана тұрғындары мен меймандары дәмі таңдайдан кетпей­тін ыстық бауырсақтан ауыз тиетін болады.
Не дейміз? Мұндайда халқымыз «Бәрекелді!» деп жақсы істің өркен жаюын тілейтін болған. Енді осы Астанадан басталған үрдіс бүкіл Қазақстанға жайылса! Облыс ор­талықтары мен ірі-шағын қала­лар­дың бәрінде «Бауырсақ фестивалі» өткізілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Қала қазақтануы тиіс! Қазақ­стан қалаларының қазақтана бастауы үшін онда тұратын азаматтардың бас бірлігі болуы керек. Бас бірлі­гі – ас бірлігінен шығады. Ұлыстың ұлы күніне орай осындай шараларды көпшілікке арнау, сол арқылы ұлтымыздың топтасуын бір арнаға түсіру – айрықша маңызды. Наурыздың мерекелі мән-маңызын осылай байытсақ, ұлттық рухани тамырдан нәр алу жалғасады.
Дәм – дәнекер деуіміздің мәні де осында!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз