Арнайы экономикалық аймақтарға қанша инвестиция салынды?

442
0
Бөлісу:

  Бүгінде Қазақстан территориясындағы арнайы экономикалық аймақтарды дамыту, сондай-ақ, инвестиция тарту мәселелері қарастырылуда. Бұл тұрғыда Елбасы бірқатар тапсырмалар берген белгілі. Мәселен, қазір Мәжілісте Арнайы экономикалық аймақтар туралы заң жобасы да қаралу үстінде. Оған енгізетін ұсыныстар да дайын. Бұл туралы Парламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, қоғамдық бірлестіктер өкілдерінің қатысуымен «Индустриалық даму» бағыты бойынша өткен комиссия отырысында айтылды. 

Атап өтейік, арнайы экономикалық аймақ (АЭА) деп отырғанымыз – қызметтің басым бөлігін жүзеге асыру үшін арнайы құқықтық режим қолданылатын, дәл белгіленген шекаралары бар Қазақстан Республикасы аумағының бір бөлігі. Елімізде осындай 11 экономикалық аймақ бар («Қорғас ШЫХО» пен «Астана-Технополис» АЭА-лары былтыр ғана құрылды). Соның ішінде, отырыста Алматы облысындағы «Қорғас – шығыс қақпасы» мен Тараз қаласындағы «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймақтарына ерекше мән берілді.

Комиссия отырысында Инвестициялар және даму вице-министрі Арыстан Қабыкенов бүгінде әлемде шамамен 3 500-ге жуық еркін аймақ барын айтты. Бұл халықты 100 миллиондай жұмыс орнымен қамтамасыз етпек екен. Алайда жалпы  АЭА-лардың 30 пайызға жуығы қағаз жүзінде жұмыс істейді. Ал 70 пайызының 1 пайызы ғана жетістікке жетеді деген дерек келтірді. Олар –арабтық Джебель Али, Қытайдағы Шэньчжэнь және Шанхай, Сингапурдағы Джуронг, Ирандағы Шенон және т.б. сияқты арнайы аймақтар. Мұндай алаңдарды дамыту үшін инфрақұрылым жүргізгеннен кейін 10 жылдай уақыт кеткен.

− Еліміздегі АЭА территориясында 165 жоба қолға алынды. Оған 714 млрд теңге инвестиция салынды. Оның ішінде 27 пайызы шетелдік инвесторлардың үлесі. Сондай-ақ, 10 миллиардқа жуығы «ҚТЖ» компаниясына, 100 млрд  теңгесі «Самұрық Қазына» қорына тиесілі, − дейді Арыстан Қабыкенов.

Сонымен қатар, ол бірқатар мәселелерді атады. Біріншіден, АЭА-дағы инфрақұрылым жүргізу жұмыстары кешеуілдеп жатқанын айтты. Әлемдік тәжірибеде инфрақұрылым құрылысына 2-3 жылдай уақыт кетсе (БАӘ, Польша, Қытай), бізде 5 жылдан астам уақыт жұмсалады. Мысалы, АЭА инфрақұрылымын қаржыландыру бойынша кедергі келтіретін шектеулер бар, бұл ретте тиімді шешім қарастыру қажет болып отыр.

Екіншіден, аймақтар сапалы жобалармен қамтылмай жатыр. Сол үшін экономикалық аймақтарда сапалы жобаларды жүзеге асыру үшін  стратегиялық серіктестермен жұмыс атқарылуда. Мәселен, қазір «Қорғас – шығыс қақпасы» АЭА-да логистика саласындағы әлемдік көшбасшы саналатын Дубай DPWorld жұмыс істеп жатыр. Бұл компанияны «Ақтау Теңіз порты» АЭА-на да шақыру мәселесі қарастырылуда.

Үшінші мәселе, жер телімін алу процедуралары созбаққа салынып келеді екен. «Орташа алғанда 6-9 айға дейін созылып кетеді. Түрлі рұқсат алу құжаттарына қол жеткізу жұмыстары, жобаның жүзеге асуын кешеуілдетеді. Сондықтан Мәжілісте қаралып жатқан заң жобасы аясында жер телімін беру процесін басқарушы компанияларға тапсыру арқылы оңтайландыру қарастырылды» дейді вице-министр Арыстан Қабыкенов.

Вице-министр бірнеше арнайы экономикалық аймақта кездесіп отырған мәселелерге жеке-жеке тоқталып өтті. Мәселен, табысты АЭА-лардың бірі саналатын «Оңтүстік» АЭА-да тазартқыш құрылыстарының орталықтандырылған жүйесі қарастырылмаған. «Павлодар» АЭА-да инфрақұрылым жұмыстары аяқталмаған, оған қоса, қосымша электр қуаты қажеттілік туғызып отыр екен. «Сарыарқа» АЭА-да да осындай жағдай. Сондықтан электр қуатын арттыру керек болып жатыр. Ал сауда-саттық бағытындағы «Қорғас ШЫХО» АЭА-да ҚХР-на экспорттайтын тауарды сертификаттау бойынша зертхана жоқ және жеке тауарларды Қытай территориясына өткізуде қиындықтар кездеседі. Сондықтан осы мәселелерді реттеу мақсатында Арнайы экономикалық аймақтар туралы заңға енгізілетін түзетулер дайындалғанын жеткізді вице-министр.

Отырысқа қатысушылардың арасында заң жобасына қатысты бірнеше мәселе болды. Солардың бірі депутат Гүлнар Бижанованың: «Жер телімін беру процедурасының ұзаққа созылатынын бірнеше мәрте айттыңыз, ал соған қатысты сіздердің ұсыныстарыңызды Мәжілістегілер қолдады ма?» деген сауалына вице-министр бұл мәселе әлі де нақтылану үстінде екенін айтты.

Төрағалық еткен депутат Аманжан Жамалов арнайы экономикалық аймақтарда нақты қандай жобалар қолға алынатыны туралы тұшымды жауап ала алмағанына көңілі толмады. Сондықтан нақты жоспар беруді сұрады.

Нұрсұлу МЫРЗАХМЕТ

(Советбек МАҒЗҰМОВ, фото)

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*