«Алтын қалам» өз маусымын ашты

503
0
Бөлісу:

Алматыдағы «Қазақстан» баспасөз клубында «Алтын қалам» әдеби жүлдесін ұйымдастырушылар жаңа маусымның басталғанын жариялады. Осымен жетінші мәрте өткізіліп отырған әдеби жүлдеге Бауыржан Оспанов жетекшілік ететін ZHERSU инвестициялық-өндірістік корпорациясы қолдау көрсетуде. Талантты жас қаламгерлерді тарту, елге танытуды мақсат тұтқан бәйге «Жылдың үздік поэзиясы», «Жылдың үздік прозасы», «Дарабоз» балалар және жасөспірімдердің үздік шығармасы, «Есенжол Домбаев атындағы жылдың үздік сатирасы», «Жылдың үздік фантастика және детектив шығармасы», «Жылдың үздік киносценариі және драматургиясы», «Қазақ әдебиетіне елеулі еңбегі үшін» аталымдар бойынша өткізілмек. Биылғы байқаудың ерекшелігі, «Есенқұл Маманов атындағы сыйлық» аталымы қосылып отыр.  

Ұйымдастырушылардың бірі, журналист Кенже Жұманұлының Есенқұл Маманұлы атын­­дағы бас жүлдеге 1 млн теңге тігіп отыр­ға­нын айтты. Жүлде қазақ тіліндегі үздік роман авторына бұйырмақ. Сонымен қатар балалар әдебиетіне арналған «Дарабоз» байқауының жеңімпазына да 1 млн теңге жүлде берілмек. «Байқауды биыл 7-рет ұйымдастырып отырмыз. Бүгіннен бастап, 15 қыркүйекке дейін шығармаларды қабылдаймыз. Оқырмандар тарапынан дауыс беру, үздік шығарманы анықтау 15-30 қыркүйек аралығында болады. Осы 6 ай ішінде республиканың барлық өңі­рі­­нен жіберілген қазақ-орыс тілдеріндегі шығармаларды қабылдауды бастағалы отыр­мыз. Жақында біз зерттеу жүргізіп, фантастика, детектив жанрларына сұраныс үлкен екенін білдік. Сондықтан осы жанр бойын­ша номинацияны қалдырдық. Биыл Есенқұл Маманов атындағы жүлдені жариялап, оған 1 млн теңге тағайындадық. «Дарабоз» бай­қауы бұған дейін 11 рет өткізілгенін біле­сіз­дер. Былтырдан бастап аталған байқау «Алтын қалам» аясында өте бастады. Осы байқауға да 1 млн теңге тағайындап, үздік балалар туындысын марапаттамақпыз. Жүлделерді ZHERSU корпорациясы бергелі отыр» деді Кенже Жұманұлы.

Алғашқы кезеңде шығармалар akalam.kz веб-сайтында іріктеледі. Оқырмандар ұна­ған жұмысқа дауыс бере алады. Дауыс беру 6 ай бойы жалғасады. Дауыс беру аяқтал­ған соң, әр аталым бойынша 5 шығарма таң­дап алынады. Сайыстың екінші кезеңіне оқыр­ман­дар тарапынан ең көп ұпай жинаған шығармалар іріктеледі. Одан кейін жүлдені ұйымдастырушылар мен жоба серіктестерінен құралған қазылар әрбір аталым бойынша жеңім­паздарды анықтайды. Бір ерекшелігі, шығарма авторлары көрсетілмейді. Ұйымдас­ты­ру­шылардың бірі Нұржан Мұхаметжанова үздік киносценарий аталымы бүгінгі заманда аса қажет бағыт екеніне мән беріп, байқау жаңа буын сценаристерді қалыптастыруға ықпал ететініне сенім білдірді. «Байқаудың ең басты мақсаты – шығармашыл жастарды қолдау, ұлт­тық әдебиет пен өнерді дамыту. Байқаудың ер­кіндігі сол, жеңімпаздарды оқырмандар таң­дайды. Интернет арқылы оқырмандар шы­ғар­малармен өздері танысады» деп мұндай талаптар жүлденің әділ өтуіне кепіл екеніне тоқталды.
Қазақстан Баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев «Алтын қалам» бүгінгі қоғамның жазушылыққа ынтасын оят­­қанын баса айтып отыр. «Өткен жылы әділ­қазылар алқасының құрамында болдым. Мыңдаған керемет туындылармен таныстым. Әдебиеттің өрісі кеңейгені қуантты. Осындай байқаулар шығармашылық адамына жаңа дем береді. Баспагерлер мен автор арасында байланыс орнатуға да септігін тигізеді» деді.
Қаламгерлер шығармаларын adebiet2014@gmail.com электронды поштасына 15 қыркүйекке дейін жолдай алады. «Ал­тын қа­лам» байқауының 2017 жылғы маусы­мын­да ақын-жазушылардан мыңнан астам шығарма қабылданғанын айта кеткен жөн. Ұйымдастырушылар мұны рекордтық көрсеткіш деп жариялаған болатын.

Ақбота ИСЛӘМБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*