Жасотандықтардың жақсы бастамасы

Павлодарда Шығыс Қазақстан облысындағы су тасқынынан зардап шеккендерге арналған гуманитарлық көмек қабылдайтын орталық ашылды. Ол тәуліктің кез келген уақытында көмек қолын созған азаматтарды күтіп алуға дайын.
Бұл бастаманы «Жас Отан» Жастар қанаты көтерді. «Жас Отанның» Павлодар облыстық филиалының басшысы Санира Жүсіпова хабарлағандай, қабылдау пункті партияның облыстық филиалы ғимаратында (Кривенко, 25-А) орналасқан. Үлкен көлемді жүктер үшін Торговая, 2/22 ғимаратында қосымша қабылдау орны ұйымдастырылды.
–Өскемендегі әріптестерімізбен тұрақты байланыста отырмыз. Олардан зардап шеккендерге қандай қажет заттар керектігін біліп отырмыз. Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарына қазіргі кезде жаңа киім-кешек, құрылыс материалдары – цемент, кірпіш және тез бұзылмайтын азық-түлік – консерві, өсімдік майы, қант, тұз және тағы басқа жинастырып жатырмыз, – дейді Санира Жүсіпова.
Тағы да айта кететін жайт, партияның облыстық және аумақтық филиалдарының қызметкерлері зардап шеккендерге көмек ретінде бір күнгі жалақыларын аударды. Көмекті қабылдау 20 наурызға дейін жалғасады.
Жамбыл ҚЫРҒЫЗБАЙ