Балаларды зиянды ақпараттардан қалай қорғаймыз?

488
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы жа­нындағы Құқықтық кеңестің отырысында «Балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау − мемлекеттің өзекті мәселелері» талқыланды.

Парламент қабырғасында біраз уақыттан бері қаралып келе жатқан, қоғамдық тал­қылауға да ұсынылған заңдардың бірі – балаларды зиянды ақпараттардан қорғау. Себебі, бүгінде ғаламторды еңкейген қариядан еңбектеген балаға дейін қолданады, ал ондағы ақпарат тасқыны сүзгіден өткізуді қажет етіп отыр. Бұған қатысты де­путат Бекболат Тілеухан былай дейді: «Еркіндік деген ұғымды әркім әртүрлі түсініп, тіпті соны өз пайдасына пай­даланатын топтар да болады. Ұрпағымызды зиян­ды ақпараттан қорғай алмауымыздың кесірінен балалар түрлі психологиялық зардаптарға шалдыққанын көріп жүрміз. Өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін жағ­дайлар да аз емес. Мұның алдын алу жолы – тек қана заңнамалық тұрғыдан тос­қауыл қою. Қазір балалардың денсаулығы мен дамуына зардабын тигізетін ақпараттан қорғау заң жобасының бірінші оқылымы өтті, енді жақында екінші оқылымы болады. Әлемдік тәжірибені ескере отырып жасалған заң жобасын талқылау кезінде, қо­ғамдық ұйымдардың не бас­қасының болсын бірде-бір ұсынысы назардан тыс қалған жоқ», – деді депутат Бекболат Тілеухан.
Ақпарат және коммуни­кациялар вице-министрі Алан Әжібаевтың айтуынша, был­тыр, яғни 2017 жылы әлеуметтік желілерде мың жарымнан артық материал, соның ішінде, желідегі суицидке апаратын 772 қоғам­дастық бұғатталды. Министрліктің ресми сай­тында шағым түсіру бөлімі де ашылған. Сол жерде ға­ламтор қолданушылары атын жасырып, күмәнді деген ға­ламтор ресурстары туралы ақпарат қалдыра алады. Одан бөлек Қазақстанның интернет қауымдастығы сайтында жедел желі нөмірі де көрсетілген екен. «Барлық шағымдар бойынша жедел түрде тиісті шаралар қолданылады. Сондай-ақ бүгінде Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінде БАҚ туралы заңына қайшы келе отырып, жәбір көрген бала туралы келісімсіз ақ­парат таратқаны үшін әкім­шілік жауапкершілік қарас­тырылғанын да айта кеткім келеді» дейді ол.
БҒМ Балалардың құ­қық­тарын қорғау коми­теті төрағасының міндетін атқарушы Ержан Ерсайынов биылғы жылдың қаңтар айы­нан бастап, білім меке­мелері мен байланыс опе­ратор­ла­ры­на интернет ресуртарын сүзгі­ден өткізуді талап ететін нор­ма­лар күшіне енгенін ес­­ке салды. Сонымен қатар қа­­зір­гі кезде Министрлік (БҒМ) тиіс­ті органдармен, мек­теп­термен бірлесіп, бала­лар­ды балалардың ден­­сау­лығы мен дамуына зардабын ти­гізетін ақпараттан қорғау үшін бірақатар жұ­мыс­тар ат­қа­­рып келе жатқанын атап өтті.
Жиынға төрағалық ет­кен Мәжіліс депутаты Нұрлан Әбдіров балаларды қорғау мәселесінде екі жайтты түсіну керектігін айт­ты. «Біз мемлекет болып ақ­парат­тық кеңістікті дұрыс қалыптастыруымыз керек. Сондай-ақ балаларды қажет емес ақпараттан қорғай да алуымыз қажет. Сөйте тұра балалардың әуестігін де жойып алмауымыз керек, олар­дың ақпаратқа қол жеткізу құқығын шектеп алмауды да ойлаған дұрыс. Яғни, ақпараттық кеңістікті қалыптастыруды да, зиянды ақпараттан қорғауды да таразы басында тең ұстай білгеніміз маңызды» деді ол.
Жиын барысында тал­қыланған мәселелер назарға алынып, нақты ұсыныстар сарапқа салынып, Үкіметке жолданатын болды.

Нұрай РАХЫМ

Бөлісу:

Пікір жазу


*