Түрік ақыны түпнұсқадан аударылды

328
0
Бөлісу:

Ұлттық кітапханада Қазақстанның Түркиядағы елшілігі түркі әлемінің ірі ойшылы, сопылық поэзияның көрнекті өкілі Юнус Эмренің жыр жинағының тұсаукесерін өткізді. Шара Елбасы Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауы мен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асты.

Салтанатты жиынды мекеме директоры Жанат Сейдуманов ашып, Қазақстанның Түркиядағы ел­шілігінің қолдауымен жарық көр­ген кітаптар Ұлттық кітап­ханадағы Түркия мәдениет орталығының жеке қорын толықтыруға айрықша үлес қосып отырғанына тоқталды. Сондай-ақ маусым айында әдебиет­ші­лердің шығармашылық әле­уе­тін пайдалана отырып, ұлттық құнды­лық­тарымызды насихаттау және әлемге таныстыру мақсатында өтетін халықаралық әдеби биенналеге бауыр­лас елден жиырмаға жуық жазушы шақырылғанын жеткізді.

Абзал САПАРБЕКҰЛЫ,
Қазақстанның Түркиядағы Төтенше және өкілетті елшісі:

Рухани жаңғыруға бір үлес

– Еліміз өзінің тәуелсіздік алғаннан бергі ширек ғасырдан астам даму кезеңіне абыроймен өтіп, халықаралық ареналарда талай­-талай асқар асуларды бағындырды. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың талдап көрсеткеніндей, адамзат баласы жаңа өнеркәсіптік революция дәуіріне қадам басқан тұста Тәуелсіз Қазақстан Республикасы да рухани жаңғыруға берік негіз қалай бастағаны да белгілі. Өткен жылы Қазақстан мен Түркияның арасындағы дипломатиялық қарым-­қатынастың орнағанына 25 жыл толды. Осы жылдар ішінде қос мемлекет арасындағы саяси­-экономикалық, сондай­ақ әдеби­мәдени байланыстар сындарлы даму деңгейіне жетті. Бұл, әрине, екі ел басшыларының бауырластық, достық негізге құрылған стратегиялық келісімдердің жемісі. Осынау бауырлас, тамырлас екі ел арасындағы дипломатиялық байланысымыздың ширек ғасырлық датасы елшіліктер тарапынан сан алуан саяси, әдеби­-мәдени шаралар арқылы атап өтілді. Соның ішінде ғасырлар бойы тінін үзбей келе жатқан әдеби қарым­-қатынастарымыздың да заман талабына сай жаңа деңгейге көтеріліп, көптеген игі жұмыстардың жүзеге асырылғанын айтып өткен жөн шығар. Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшілігінің бастамасымен қаншама қазақ қаламгерлерінің шығармалары түрік тіліне аударылып, түрік оқырмандарының да рухани игілігіне айналғаны – біз үшін әрі мерей, әрі қуаныш. Абай, Мұқағали шығармаларынан бастау алған осынау әдеби үрдіс болашақта да жалғасады деген нық сенімдеміз. Осындай игі шараның оңды жалғасы ретінде түркі әлеміндегі сопылық әдебиеттің көрнекті өкілдерінің бірі Юнус Эмре жырлары елшілігіміздің қызметкері, аудармашы Мәлік Отарбаевтың жетекшілігімен көне түрік тілінен қазақ тіліне тәржімаланды. Бір атап өтерлік жайт, сопылық ілімінің көшбасшысы саналатын ұлы бабамыз Қожа Ахмет Яссауидің жолын жалғастырушы рухани шәкірттерінің бірінен саналатын Юнус Эмре жырлары қазақ оқырмандарына толыққанды тұрғыда тұңғыш рет жол тартты. Нағыз тақуалық өмір салтын ұстанып, рухани кәмілдікке ұмтылушыларды сопылар деп атайтынымыз белгілі. «Ислам энциклопедиялық анықтамасында» сопыларға «Өзін-өзі мейлінше шектеп, фәни қызығын, пенделік тіршілік қамын, жеке бас еркін тәрк етіп, бір ғана Аллаға жетуді мақсат етушілер» деп анықтама берілген. Осы орайда сопылық поэзиясының нағыз шыңына жеткен ойшыл ақын Юнус Эмренің қазақ жұртына танылуы рухани өміріміздегі айрықша атап өтуге тұратын үлкен жаңалық екені күмәнсіз.

Осы ретте Юнус Эмре жыр­ла­ры­ның тұңғыш рет түпнұсқадан аударылуы екі ел арасындағы мәдени байланыстың нығаюына зор септігін тигізетінін атап өтті.
Түрік ақынын қазақ тілінде сөйлеткен Қазақстанның Түркия­дағы елшілігінің дипломаты, жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаевтың айтуынша, Юнус Эмре жырлары осыған дейін тек орыс тілінен аударылып келген. Ортағасырлық шайырдың 100 өлеңі алғаш рет көне түрік тілінен тәржімаланып отыр. «Ан арыс» баспасынан жарық көрген кітапты дайындау жұмыстарына бір жылға жуық уақыт кетіпті.
М.Отарбаев Юнус Эмре жыр­­ларының орыс тіліндегі нұсқа­сын­да кеткен кемшіліктер жайлы әңгімелеп, автордың кей шығар­ма­ларының қате тарап кеткені тура­лы да дәйекті мысалдар келтірді. Мәсе­лен, бірде ақынның орыс тіліне аударылған өлеңдерін оқып отырып, «өлімнен қорқамын» деген жолдарды көзі шалып қалады. Хақ жолын, ислам дінін сүйетін тұлғаның ақыреттік өмірден қорыққанын түсіне алмай, түрік тіліндегі нұсқа­сына үңіледі. Сөйтсе, ұлы ойшыл:
– Әй, достарым, құлақ сал,
Қорықпаймын өлімнен.
Ашылар деп қорқамын,
Айыптарым көмілген.
Қайтарыма қамығып,
Жүргенім жоқ шошынып.
Алдымнан шығар амалым,
Қорқам содан тосылып, – деп жырлаған екен.
Жазушы-аудармашы жаңа жинақ тәржіма саласынан кеткен осындай олқылықтардың орнын толтырып, діни-сопылық әдебиеттің дұрыс насихатталуына жол ашарына сенім білдірді.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік универ­си­тетінің өкілетті кеңес төрағасы, профессор-доктор Мұса Йылдыз өз сөзінде сопылық поэзияның негізін салушы, ұлы ойшыл, діни қайраткер Қожа Ахмет Ясауидің ілімін Юнус Эмренің жалғастырғанын айта келе, философиялық толғамдарына басымдық берді.
– Қазақстан Республикасының қызыл империя құрсауынан құтылып, Тәуелсіздікке қол жеткіз­ге­ніне ширек ғасырдан астам уа­қыт өтті. Осы мерзім ішінде екі ел арасында саяси­-экономикалық бай­­ланыстармен қатар, әдеби­-мәдени қарым-­қатынастар да барын­ша өріс­теді. Соның бір дәлелі екі ел көркем сөз шеберлерінің шығар­ма­ларын аударып, таныстыру ісі кеңінен жолға қойыла бастады. Бұл іске қоғамдық ұйымдармен қатар, екі елдің елшіліктерінің де араласа бастағаны – аса мерейлі әрі қуанышты жағдай. Осы орайда әдебиетті ел мен елдің арасын жалғас­тыратын «алтын көпір» деп атасақ жарасатын шығар. Себебі, қай елдің, қай мемлекеттің болсын тыныс­тіршілігін, ұлтының рухын терең сезіну үшін оның әдеби­-көркем шығармаларын мейлінше сүйсініп әрі түсініп оқу қажет. Осы тұрғыдан алғанда соңғы жылдары осындай сауапты істердің қаншамасына куә болудың сәті түсті десеңізші! Күллі түркі әлеміндегі рухани, имани ұстындарымыздың асыл діңгегі саналатын Қожа Ахмет Ясауи баба­мыздың ілімін жалғастырушы сөз зергерлері Қазақстанда да, Түркия­да да аз емес екені белгілі. Солардың бірі әрі бірегейі – ұлы түрік ойшы­лы, сөз зергері Юнус Эмре деп біле­міз. Осы бір хақ дініміздің бел­сен­ді насихатшысы болып, бүкіл ғұмы­рын исламды мадақтаумен өткіз­ген ғажайып ақынның шы­ғар­­малары Түркияда кеңінен таны­мал болғанымен, қазақстандық оқыр­­мандарға толыққанды түрде жете алды деп біржақты айта алма­сы­мыз анық. Енді, міне, қазақ оқыр­мандарының қолына тиіп отырған Юнус Эмренің «Жырлары» осы кемшіліктің орнын толтырып, көңілімізге шуақ себуде. Бұл – екі ел үшін, әсіресе, бауырлас екі елдің өлең сүйер ойлы оқырмандары үшін аса қуанышты жағдай. Қандастарымызды осы шынайы қуаныштарымен шын жүректен құттықтағым келеді. Атажұрт пен Анажұрт арасындағы әдеби байла­ныс­тарымыз бұдан әрі де мәңгі гүл­дене бергей. Анкара мен Астана ара­сындағы «алтын көпір» әдеби­мә­дени қарым­-қатынастарымызды болашақтада нығайтып, бүкіл түркі әле­міндегі туыс халықтар бірлігіне қызмет етеді деп сенемін, – деді профессор, доктор, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз.
Сонымен қатар жоғары оқу орны­ның Қазақстан мен Түркия ара­сындағы ынтымақтастықты арт­тыру тұрғысында, Қожа Ахмет Ясауи­ге және басқа да ортақ құн­ды­лықтарымызға арнап шығарған кітаптарын таныстырып, кітапхана қорына тарту етті.
Түрік жазушысы Мұстафа Өзчелик ұлы ойшылдың өмір жолы мен ақындық ұстанымы жайлы баян­дама жасап, Юнус Эмрені жақсы түсіну үшін әуелі ақынның өмір сүрген дәуірінің ерекшеліктерін білу керектігін әңгімеледі.
Жазушылар Смағұл Елубай, Ғаббас Қабышев, Рафаэль Ниязбек, Ахметжан Ашири «Юнус Эмре жырларының қазақ тіліне аударылуы ұлт руханиятындағы айтулы оқиға, маңызды жаңалық» деп баға берді.
Кітаптың жарық көруіне демеу­ші болған ABIS Group ком­па­ния­сы­ның иесі Абиль Мұхам­ма­доғлы Авиль екенін де айта кет­кеніміз жөн болар. Ол қазақ оқырмандарына арнаған лебізінде:
– Қазақстанда ондаған ұлт өкілдері тату­-тәтті өмір сүріп жатқаны бар­шамызға мәлім. Ұлы Қазақ дала­сы бәріміздің де бауыр басқан сүйік­ті Отанымызға айналғаны дәлел­деуді қажет етпейтін ақиқат. Сонау сталиндік зорлық пен ұжымдастыру жылдары асыра сілтеу салдарынан 1,5 миллион қазақтың аштан қырылғаны тарихтан белгілі. Мұның сыртында қаншама ұлт зиялылары мен сүт бетіне шығар қаймақ санатындағы боздақтарымыз репрессия құрбаны болып, баудай түсті. Әлемде бірде- бір ел, бірде-бір халық дәл осы қазақ ұлты сияқты демографиялық апатты басынан кешірмеген шығар. Соның өзінде қазақ халқы сол бір зұлмат жылдарда елге босып келген сталинизм кесірінен қуғын­-сүргінге ұшырағандарға риясыз көмек көр­сетті. Батыстан да, шығыстан да ақтарылған босқындарға дос құшағын жая білді. Шын мәнінде, қазақ халқы – төңірегіне барлық этностар мен конфессияларды біріктіріп, өз тәуелсіздігіне бейбіт жолмен қол жеткізген ел.
Біз де – Қазақстандағы месхет­ті­к­-ахыска түріктері деп аталатын ат төбеліндей аз ғана ұлт өкілдерінің бірі­міз. Бізге де Қазақстан үлкен қиыншылық кезеңдері пана болды. Өздері аш отырса да айналайын қазақтар жарты күлшесінен жарып беріп, бүтінінен бөліп беріп бауырына басты. Араласа келе, жергілікті ұлт өкілдерімен туыстай болып кеттік. Қазақстан өз тәуелсіздігін алған соң, біздің ата жұртымыз Түркиямен қарым-­қатынас деңгейі бұрын-­соңды болмаған дәрежеде өрістеді. Қазақстан Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаевтың көре­ген саясаты арқасында екі ел арасындағы байланыс стратегиялық әріптестік деңгейіне дейін көтерілді. Бәрімізге белгілі ел мен елді әдебиеті мен мәдениеті жақындатады. Түбі бір түркі әлемі кеңестік зобалаң жыл­дары бір-­бірінен қаншама зорлықпен ажыратылса да түпкі туыстық тамы­рынан бөлінген жоқ. Түркі әле­міне ортақ әдеби мұраларымыз бен жеті қат жер астына көмілген жау­­һар жәдігерлеріміз халық жады­­нан өшпеді. Осындай ортақ тұлғаларымыздың бірі – ұлы ой­шыл, ақын, сөз зергері Юнус Эмре еді. Ұлы бабамыз Қожа Ахмет Ясауидің ілімін жалғастырушы ретінде танылған көрнекті ақын тек Түркияның ғана емес, күллі түркі әлемінің де рухани толысуына барынша үлес қосты. «Бұл дүниеге келген адам кетеді, Ақ кебіннің буылады етегі. Сынақ күнге қонақ болып қайтады, Адам ата қонысына кешегі… Бұл жалғанға келмей тұрып әуелі, Ант бергенбіз сол жұмақта мәуелі. Қанша күліп жүре алармыз? Қайтамыз. Тыйылады тіршіліктің әуені!» деп ойшыл ақын бұл дүниенің баянсыз, өткінші екенін адамзат баласына ескертеді. Осы тектес өлең­дері Юнус Эмренің қазақы дүние­­танымға тым жақын, етене та­ныс екендігін аңғартады. Қазақ еліне түрік әдеби құндылықтарын таныта беру мақсатында Юнус Эмренің жырларын қазақ тіліне тәржімалатып, қазақ оқырман­да­рына тарту етуді көптен жоспарлаған едік. Алла сәтін салып, бүгін сол тіле­­­гімізге де қол жеткізіп отыр­мыз. Бұл еңбекті сондай-ақ Қазақ­стан­­дағы месхеттік-ахыска түрік аза­мат­­тары атынан қазақ еліне деген ізет­ті ілти­пат, алғаусыз алғыс ретінде қа­был алғайсыздар, – дейді ағынан жарылып.

Түйін:

Жиын соңынан өлеңдерді түрік тіліне аударған жазушы-аудармашы Мәлік Отарбаев елші Абзал Сапарбекұлының атынан Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов пен өлеңдерді әдеби өңдеуші Дәулетбек Байтұрсынұлына, редакциялаған Кәдірбек Құныпияұлына, ABIS GROUP компаниясының басшысы Абиль Мұхаммадоғлына алғысхат тапсырып, ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің өкілетті кеңес төрағасы, профессор-доктор Мұса Йылдыз да оқу орнының алғыс плакеткаларын табыс етті.

Қаншайым БАЙДӘУЛЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*