Көктемгі егіс – күзгі ырыс

852
0
Бөлісу:

Наурыз мейрамы қарсаңындағы отырысын ел Үкіметі халықтың денсаулығына және елді азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелеріне арнады. Сондай-ақ алдағы дән себу науқанына дайындық жайы да пысықталды. Жиынға Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев төрағалық етті.

Үкімет мүшелері алдымен 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекет­тік бағдарламасын іске асырудың 2017 жылғы қорытындысын шығарды. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановтың айтуынша, бағдарламаның өткен жылға жоспарланған 123 іс-шарасының 122-сі атқарылған, тек біреуі орындалмапты.

Бірінші, «Қоғамдық денсаулық сақтауды дамыту» бағытын іске асыру аясында 24 шара іске асты. Еліміз үшін жаңа болып табылатын бұл қызметтің институционалдық негізі құрылды, халықаралық серіктестермен бірлесіп әзірленген Жол картасы жүзеге асырылуда. Қоғамдық денсаулық сақтау бойынша негізгі жұмыс ең алдымен, созыл­малы инфекциялық емес аурулардың про­фи­­лактикасына және халық арасында салауат­ты өмір салтын насихаттауға бағыт­талған.
– Балалардың денсаулығын сақтау ісінің сабақтастығы үшін мектеп медицинасы білім беру жүйесінен алынып, денсаулық сақтау жүйесіне берілді. Қазір мектепте тамақтандырудың бірыңғай стандарттары мен суицидтердің алдын алу бағдарламасы енгізілуде, – деді Е.Біртанов.
«Денсаулық сақтаудың барлық қызмет­терін интеграциялауды» қарастыратын екінші бағыт аясында бастапқы меди­ци­налық-санитарлық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етуші іс-шаралар орындалды. Министр дерегінше, бұл шаралар ана, нәрес­те өлімі, жалпы қатерлі ісіктерден бола­тын өлімді төмендетуге мүмкіндік берді.
Елжан Біртанов еліміздің барлық өңірінде «Ауруларды басқару бағдарламасы» енгізіліп жатқанын хабарлады. Сол арқылы сырқаттар «өз ауруын басқаруға белсенді тартылмақ». Бағдарлама қант диабеті, артериялдық гипертензия, жүрек функция­сының созылмалы жетіспеушілігі секілді үш ауру бойынша ендірілген. Емханаларда қосымша туберкулезге қарсы, онколо­гия­лық, маммологиялық кабинеттер, пси­хи­ка­лық денсаулық кабинеттері ашылды.
Үшінші бағыт міндетіне жаңа стандарттарды, сондай-ақ медициналық көмек көрсету технологияларын бекіту және енгізу кіретін «Сапа жөніндегі біріккен комиссия» құрылды. Электрондық форматта көрсету арқылы мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігі мен ыңғайлы болуын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Елжан Біртанов қолға алынған іс-шаралар нәтижесінде, халық­тың медициналық көмекке қанағат­тану деңгейі 46 пайызға дейін өскенін жеткізді.
Төртінші бағыт дәрілік заттардың қолжетімділігін, сапасы мен қауіпсіздігін арттыруды көздейді. Елбасы тапсырмасы бойынша барлық дәрі-дәрмек бағаларын мемлекеттік реттеу туралы заң жобасы әзірленіп, Парламентке енгізілді. 2017 жылы отандық дәрілік препараттар мен медицина­лық бұйымдар өндірушілермен арада 25 жаңа ұзақмерзімді шарттар жасалды. Бұл заттай мәнінде отандық тауар өндіруші­лер­ден дәрілік заттарды сатып алу үлесін 48 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді. Сөйтіп, отандық өндірушілер 45 млрд теңге мемлекеттік тапсырысты игерген.
– Нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру және сатып алудың ашықтығын қамтамасыз ету 18,2 миллиард теңгені үнем­деуге мүмкіндік берді. Олар дәрілік заттарды қосымша сатып алуға жіберілді. Жүргізілген іс-шаралар фармацевтикалық өнеркәсіптің физикалық көлемінің индексін 43 пайызға арттыруға жол ашты, – деді министр.
Бесінші бағыт аясында «міндетті әлеу­мет­тік медициналық сақтандыруды енгізуге» дайындық жүргізілуде. 2017 жылы тәуе­кел­дерге талдау жүргізілді және өзін-өзі жұмыс­пен қамтыған халық санының жоғары болуы­на байланысты МӘМС-ты енгізу мерзі­мі кейінге шегерілді.
Алтыншы бағыт – адами ресурстарды басқару тиімділігін қарастырады. Педиатр­лар, акушер-гинекологтар және басқа да қажетті мамандықтар бойынша практикаға жіберу шарттарының өзгертілуі есебінен дәрігер мамандар тапшылығы төмендетілген көрінеді. Медициналық ЖОО-лардың жетекші шетелдік университеттерімен стра­те­гиялық әріптестігі арқылы отандық меди­циналық білімді жаңғырту басталды. Уни­вер­ситеттік клиника моделі әзірленді. Ал медициналық ұйымдар университеттердің құрамына кіріктірілуде.
Мемлекеттік бағдарламаның ақырғы – жетінші бағыты аясында денсаулық сақтау­дың инфрақұрылымын одан ары дамыту мақсатында мемлекеттік-жекеменшік әріп­тес­тік және заманауи ақпараттық-коммуникациялық технологиялар негізінде денсау­лық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілді. Биыл «Бірыңғай перспективалық жоспар» қабылданады.
Отандық денсаулық сақтау саласына салынған инвестиция көлемі 43,5 пайызға өсіп, 2016 жылғы 61 млрд теңгеден 91 млрд теңгеге ұлғайды. Ол қаржыға 162 денсаулық сақтау объектісі іске қосылған. Оның ішінде медициналық қызметтер нарығын қайта реттеу бойынша қабылданған шаралар нәти­жесінде, жеке инвестициялар үлесі 23 млрд теңгеден 44 млрд теңгеге дейін, яғни 2 есе өсті.
Денсаулық сақтауды цифрлы жаңарту мақсатында 4 өңірде, яғни Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарында медициналық құжаттарды қағазсыз жүргізу пилоттық режимде іске қосылды. Е.Біртанов осы жылы қалған барлық өңірлер қағазсыз құжат жүргізуге ауыстырылатынын мәлімдеді. Бұл ретте әзірге медициналық ұйымдарды ақпараттық жүйелермен қамту тек 75,5 пайызды құрауда. Ал медициналық ұйымдардың 56 пайызында ғана интернет қолжетімді.
–Тұтастай алғанда, «Денсаулық» мем­ле­кет­тік бағдарламасының ақырғы 35 көр­сеткішінің отызы орындалды, бесеуі – орындалған жоқ. Оның ішінде біреуі меди­циналық сақтандыруды енгізу мерзі­мінің ауысуына байланысты орындалмады. Жалпы өлім және ана өлімінің көрсеткіштері бойынша жақсару байқалып отыр, – дейді Е.Біртанов.
Дегенмен, Ұлттық экономика министрі Т.Сүлейменов жүргізілген мониторинг бойынша осы салада шешімін күткен проблемалар көптігін атап өтті.
– Мәселен, ана мен бала өлім-жітімін төмендету мәселесі әлі күнге өзекті. Онко­логиялық ауруларды емдеу мен оңалту стандарттарын жетілдіру қажет. МӘМС енгізілуіне байланысты денсаулық сақтау инфрақұрылымының қазіргі ақпараттық-коммуникациялық деңгейі, сондай-ақ медициналық қызметкерлердің компью­терлік сауаттылығы жеткіліксіз саналады. Нашар дамыған инфрақұрылым және материалдық база, медициналық кызмет­керлердің жетіспеушілігі және мамандардың тұрақсыздығы, сондай-ақ дәрімен уақы­тында қамтамасыз етілмеу сияқты ауылды жерлердің денсаулық сақтау мәселелері толық көлемде шешілмеген, – деп Тимур Сүлейменов мемлекеттік бағдар­ла­мада медициналық-демографиялық жағдайды және халық денсаулығын жақ­сартуға бағдарланған қосымша шара­ларды қарастыру қажеттігін нықтады.
Мәселені қарау барысында СҚО әкімі Қ.Ақсақаловтың, Маңғыстау облысының әкімі Е.Тоғжановтың, Павлодар облысының әкімі Б.Бақауовтың, ШҚО әкімінің орынбасары Ш.Байбековтің, Астана әкімі Ә.Исекешевтің есептері тыңдалды.
Талқылауды қорытындылай келе, Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев бағдарламаның өткен жылы қойылған міндеттеріне қол жеткізілгенін және халық денсаулығының негізгі көрсеткіштерінің жақсарғанын атап өтті. Елбасы Жол­дауында халық денсаулығын жақсарту бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды, оны Үкімет биыл жүзеге асыруы қажет. Денсаулық сақтау министрлігі үшін міндетті медициналық сақтандыруды енгізуге мұқият даярлық мәселесі ерекше басымдыққа ие болуы шарт. Тағы бір маңызды мәселе – дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету.
Б.Сағынтаев атап өткендей, Мемлекет басшысы электронды денсаулық сақтауды енгізу арқылы медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттыруды тапсырды. Бұл мәселені Үкімет алдағы сәуір айында өтетін отырысында жеке қарайтын болды.
Осы отырыстарында Үкімет мүшелері көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге дайын­дық барысын бір пысықтап алды. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниевтің мәліметінше, 2018 жылы Қазақстанда 21,8 миллион гектарда егін егіледі. Яғни, өткен жылғы деңгейде. Бірақ бидай егістігі жыл өткен сайын күрт азаюда. Жалпы, дәнді дақылдарды 14,7 млн гектар алқапқа себу жоспарлануда, оның ішінде бидайға тек 11,4 млн гектар тиесілі болады, бұл 2017 жылдың деңгейінен 544 мың гектарға аз. Ал одан босатылған егіс алқап­тары басқа дақылдарға берілуде.
Бұл ретте мал шаруашылығының өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін азық-жем дақылдары осы жарты мил­лионнан астам гектарға көбейетін болады. Жемдік дақылдар (арпа, сұлы, жүгері, бұршақ), ноқат (нут) 2,5 млн гектарға егіледі.
Майлы дақылдар егістігі бірінші рет 2,5 миллион гектар межеден асып, шамамен 2,6 млн гектарды құрайды. Картопқа бөлінген алқап та ұлғайып, 210 мың гектарға жетті, бұл өткен жыл деңгейінен 15 пайызға көп.
Егіс науқанының табыстылығы тұқым­мен қамтамасыз етілуге тікелей қатысты. Биылғы егіске 2,6 млн тонна тұқым дайын­далыпты. А.Евниев майлы дақылдар тұқымының жетіспеушілігі Шығыс Қазақ­стан облысында байқалатынын айтты. Қажетті көлемнің 87 пайызы ғана дайын. Ауыл шаруашылығы министрлігі облыс­тардың әкімдіктеріне айырбастау немесе еркін нарықтан сатып алу арқылы жетіс­пейтін көлемді жабу көздерін іздестіруді ұсынды.
– Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің негізгі бөлігі айналым қаражаты болмағандықтан себу үшін арнайы тұқымды сатып алмайды және жалпы репродукциядағы өз тұқымдарын пайдаланады. Осыған байланысты тұқым шаруашылығын субсидиялаудың мүлдем жаңа тетігі әзірленді. Жаңа тетік 5 наурызда өткен кеңесте жете талқыланды. Кеңеске қатысушылар оны жалпы қолдады. Бұл тетікті іске асыру 2021 жылға қарай 3-репродукциядан төмен емес тұқымдарды себуді 100 пайызға қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді АШМ бірінші вице-министрі.
Дән себу жерді құнарландырумен қатар жүретіні мәлім. 2018 жылы егіншілер 446 мың тонна тыңайтқышқа, оның ішінде наурыз-мамыр айларындағы көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге 270,1 мың тонна тыңайтқышқа өтінім берген. Бұл ретте негізгі үлес «Қазфосфат» және «ҚазАзот» ком­панияларының отандық тыңайт­қыш­тарына (78% немесе 333,4 мың тонна) тиесілі.
Биыл тыңайтқыштарды субсидиялауға жер­гілікті бюджеттерде 17 млрд теңге көз­дел­­ген. Бірақ бұл өтінім берілген тыңайт­қыш көлемін қамтамасыз ету үшін жет­кі­лік­сіз көрінеді. Осыған байланысты облыс­­тар әкімдіктеріне тыңайтқыштарды субсидия­лауға арналған бюджет қаражаты көлемін ұлғайту ұсынылды.
2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойын­ша егіншілердің қолында 142,6 мың трактор, өнімділігі жоғары 3,7 мың егіс кешені, 82,5 мың тұқым сепкіш, 297 мың топырақ өңдеу құралының барлығы айтылды.
Облыс әкімдіктері 1 наурыздығы жағдай бойынша егіс жұмыстарына тракторлардың дайындығы 87 пайызды, егіс кешендерінің дайындығы 100 пайызды, тұқым сепкіш­тер­дің дайындығы 87 пайызды, топырақ өңдеу құралдарының дайындығы 88 пайызды құрайтынын баяндады.
Осы жылы диқандардың көктемгі дала жұмыстарына арналған дизель отынына деген қажеттілігі 375 мың тоннаны құрайды. АШМ, Энергетика министрлігімен бірлесіп, ақпан-маусым айларына Өңірлерге дизель отынын жеткізу кестесін бекіткен. Энер­ге­тика министрлігі мұнай өңдеу зауыттарынан босату бағасын литріне 130 теңгеден (тоннасы 156 мың теңге) белгіледі. Оған өңірлердің жеткізуші оператор-компания­лары тасымалдау құнын қосады, сонда өңірлердегі орташа баға литріне 146 теңгені құрайды, бұл нарықтағы бағадан (жанармай құю стансаларында литріне 165 теңге) 13 пайызға арзан.
Қазіргі кезде облыстардың операторлары ресурс ұстаушылармен (МӨЗ) шарт жасасу және наурыз айының көлемдеріне ақы төлеу рәсімін аяқтау үстінде. Өңірлерге дизель отынының 50 пайыздан астамы жөнелтілді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*