ГИННЕСКЕ КІРЕТІН ҚҰРАҚ КӨРПЕ

4608
0
Бөлісу:

Наурыз мерекесіне орай Алматының «Арбат» алаңында «Құрақ көрпе» акциясы басталды. Жаңа жылға тарту ретінде жасалып жатқан 25,5 шаршы метрлік құрақ көрпе Алматы күні қарсаңында аяқталмақ.

Өткізіліп жатқан шараның мақсаты – ата-бабамыздан жеткен дәстүрді жалғастыру, рухани жаңғырудағы халқы­мыздың ұлттық өнерінің хас үлгісі саналған қолөнерді насихаттау. Сонымен қатар қажырлы еңбекті талап ететін бұл жобаның межесі – Гиннес рекордтар кітабына ену.
– Алматы қаласы әкімдігінің, Мәде­ниет және архивтер басқармасының, Орта­лықтандырылған кітапханалар жүйесінің қолдауымен «Құрақ көрпе» акциямыз басталды. Енді күн сайын Әуезов көшесі, 175 мекенжайында жұмыс істейміз және қатысуға ниетті жандарға есігіміз ашық. Жоспар бойынша, қала күнінде Тұңғыш Президент саябағында жобамызды мәресіне жеткіземіз, – дейді жоба ұйымдастырушысы Роза Қабиева.
Ежелде Наурызға арналған белгі – қазақтар үшін жұлдызды аспанды бейнелейтін құрақ көрпе болғаны белгілі. Құрақ көрпенің маңыздылығын түсінген әрі алты алаштың ұлық мерекесі Наурызға жиналған қауым ризашылығын жасырмады.
– Осы игі іске Роза апайымыздың шақыруымен келіп отырмын. 5-6 жылдан бері құрақ көрпе тігумен айналысып келемін. Елбасының шағын және орта бизнестің дамуына айрықша қолдау көрсету бастамасына орай, бізде іске кірісіп кеттік. Ең бастысы өзімізге ұнайды және сұраныс та жоғары, – дейді акцияға қатысушы іскерлер Анар Бексұлтанова.
Акция аясында келушілер шеберлік сағаттары, үйірмелердің драмалық қойы­лымдары, поэзиялық жарыстар, инте­рактивті ойындар, флешмоб, суреттер көрмесі, домбыра-пати кешіне қатысу мүмкіндігіне ие болды. Сондай-ақ «Дәстүр. Руханият. Жаңғыру» кітап көрмесін және мың кітаптан құралған «Қазақ үй» кітап-инсталяциясын, әдет-ғұрып көрсе­ті­лім­дерін тамашалады.

Ерке ЖАН

Суреттерді түсірген: Айтжан МҰРЗАНОВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*