Президент Наурыз мерекесімен құттықтады

1031
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Астанада өткен Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шараға қатысты.

Мерекелік іс-шара аясында Мемлекет басшысы «Жаңарған жер, бақ қонған нұрлы ел» мюзиклін тамашалады. Жоғары технологиялы музыкалық-хореогра­фия­лық этно-модерн қойылымына Қазақ­станның белгілі өнер тарландары мен сахна өнерінің жас таланттары қатысты.
Сондай-ақ Қазақстан Президенті ЕХРО көрме кешені аумағында орналас­қан этноауылды аралап көрді. Мұнда му­зы­камен әрленген театрландырылған көрі­­ністер қойылып, декоративті-қол­дан­балы шығармашылық көрме және ұлттық спорт сайыстары ұйымдастырылды.
Мемлекет басшысы бұқаралық ақ­парат құралдары өкілдері алдында сөз сөйледі. Нұрсұлтан Назарбаев барша қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтап, бұл мейрам ұрпақтар сабақтас­тығының және халқымыздың тереңнен тамыр тартатын салт-дәстүрі мен мәде­ниетінің символына айналғанын айтты.
– Наурыз шынайы жалпыхалықтық мерекеге, әрбір азаматымыздың бүкіл Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне зор үлес қосып отырғанын көрсететін ел бір­лігінің жарқын үлгісіне айналды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті жалпыға ортақ жаңару мен рухани жаңғыруды танытатын бұл қастерлі мерекенің өнегелік маңызы зор екенін ерекше атап өтті.
– Ежелден бұл мейрам адамдарды береке-бірлікке бастап, оларды жақсылық пен мейірімділікке, махаббат пен шат­тыққа бөлеп келеді. Бұл күндері біз бір-бірімізге қолдау көрсетіп, өкпе-реніші­мізді кешіреміз, үйлесімділік пен бірлікке ұмтыламыз. Еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеттілігінің берік негізін қалыптас­тырып, өзара құрмет пен келісім құн­ды­лық­тарын нығайту бәріміз үшін аса маңыз­ды, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында басты барлық бағыттар бойынша зор нәтижелерге қол жеткізгеніне ерекше назар аударып, бү­гін­де еліміз одан да өршіл мақсатты – әлем­нің озық дамыған отыз елінің қа­тарына қосылуды көздеп отырғанын атап өтті.
– Өміріміздің барлық саласын терең жаңғырту – осы заманның сын-тегеурін­деріне қарсы біздің нақты іс-қимылымыз. Әлемдегі жаңа технологиялық революция жағдайында адам капиталы, соның ішінде азаматтарымыздың білімі, қабілеті мен патриотизмі еліміздің басты байлығы болып саналады. Ақылды, табысты және өзіне сенімді азаматтары бар ұлт қана мық­ты әрі өркендеген Қазақстанды да­мыта алады, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы әрбір азаматы­мызға жаңа мүмкіндік беретін «Бес әлеу­меттік бастаманы» іске асыру мәселесіне ерекше тоқталды.
– «7 – 20 – 25» атты жаңа ипотекалық бағ­дарламаның арқасында еліміздің барлық өңіріндегі көптеген отбасы бас­паналы бола алады. Жеңілдетілген шағын несиенің берілуі өз кәсібін бастаймын де­гендердің қатарын көбейтеді. Қосымша 20 мың грант бөліп, жаңа жатақханалар салу арқылы мыңдаған жастарымызға жаңа мүмкіндіктер ұсынылады. Осы айтылған нақты шаралар – жастар мен жас отбасыларды қолдаудың көрінісі. Сол арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға және еліміздің әл-ауқатын арттыруға тың серпін беріледі, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Соңында Елбасы Отанымыз – Қазақ­стан Республикасының өркендеуі жо­лында барша жұртқа бақыт, береке-бірлік пен толағай табыс тіледі.

Бөлісу:

Пікір жазу


*