Институт Наурызды лайықты қарсы алды

497
0
Бөлісу:

«Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ Наурыз мерекесін тойлады. Қонақтар мен қызметкерлерге арнап дастарқан жайылып, құрмет көрсетілді. Ұлық мерекені қазақы дәстүрмен бата беріп бастап, игі тілектер ақтарылды. «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті Бағдат Телтаев қонақтар мен ұжым қызметкерлеріне құттықтау сөзін арнады. 

Келер жылы 60 жылдығын атап өткелі отырған институттың тарихы терең, атқарып отырған жұмыстары ауқым­ды. Климаттық ахуалы алуан түрлі қазақ даласын бір-бірімен байланысты­рып тұрған автожолдарды салу, жөндеу, күтіп-баптау – жолшылардың міндеті. Соңғы үлгідегі құрал-жабдықтар мен жолдың жай-күйін тап басып, дәл анық­тап беретін диагностикалық техни­ка­ларды қазір институт қызметкерлері күнделікті жұмыс барысында қолданып келеді. Тыңғылықты ғылыми зерттеу мен заманауи техникаларды ұштастырып пайдалану өз нәтижесін беріп те үлгерді. 2016 және 2017 жылдары қатарынан Қа­зақстан жол ғылыми-зерттеу институ­ты әлемдік деңгейдегі жаңалық ашты. Нақ­тырақ айтар болсақ, 2016 жылы инс­ти­­тутта ашылған «Төменгі темпера­ту­ра­лы жарықшақтану кезінде асфальт­-бе­тон­ды жол төсемінің өзін-өзі құру заң­ды­лығы» атты ғылыми жаңалықты Ресей жараты­лыс­тану ғылымдар акаде­мия­сы және ғылыми жаңалық ашу мен өнертабыстар авторларының халықаралық академиясы мойындап, «ҚазжолҒЗИ» АҚ президенті, техника ғылымдарының докторы, про­фес­сор, Ұлттық ғылым академия­сы­ның құрметті мүшесі, ғылыми жаңалықтың авторы Бағдат Телтаевқа арнайы диплом табыс етіп, жаңалық авторымен ұжым болып бірге жұмыс жасаған институтқа сәйкес куәлігін берген болатын. Жыл басы – Наурызда өткенге есеп беріліп, болашаққа бағдар жасалады. Институт өткен жылды да табысты қорытын­ды­ла­ды. «ҚазжолҒЗИ» АҚ екінші ғылыми жаңалығын жариялап, бұл арнаулы орындарда бекітіліп, әлемдік деңгейде мойындалды. Көпжылдық кешенді ғылыми зерттеулер негізінде, ғылыми-зерттеу институтында «Тұтқыр серпімді материалдардың сатылық қажып бұзылу заңдылығы» (Телтаев қағидасы) атты екінші ғылыми жаңалық анықталды. Бұл ғылыми жаңалық та өткен жылы жазда Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институ­ты­нда орнатылды.

Жылды осындай ауыз толтырып айтар­­­лықтай жақсы нәтижемен қоры­тын­дылаған институт Наурызды қалай тойласа да жарасады. Мерекелік шара әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің әншісі Ақжол Мейірбеков бастаған өнер май­талмандарының ән-шашуына ұлас­ты. Бір айта кетерлігі, институт қыз­мет­кер­лерінің төрт бірдей ұл-қызы­ның тұса­уы кесіліп, үлкен өмірге қадам жасады.

Гүлнар ТӘЖИЕВА

Бөлісу:

Пікір жазу


*