Мемлекет басшысы Араб Әмірліктеріне барды

519
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барды. Қарсы алу рәсімінен соң Елбасы Әбу-Дабидің тақ мұрагері, БАӘ-нің Қарулы күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед ибн Заид әл-Наһаянмен кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді.

Қазақстан Президенті қонақжайлық көрсеткені үшін Мұхаммед ибн Заид әл-Наһаянға ризашылық білдірді.
– Ресми сапарымның Бірік­кен Араб Әмірліктерінің негізін қалаған шейх Заид ибн Сұлтан әл-Наһаянның 100 жыл­­дығымен тұспа-тұс келуінің сим­вол­дық мәні бар. Мен үшін сіздің әкеңіз­­бен таныс болғаным – зор мәр­те­бе, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев бауырластық қа­рым-қатынастар мен табысты кез­десулер екі ел арасындағы байланыстар­дың дамуына тың серпін беретінін атап өт­ті.
– Өзара уағдаластықтарды іске асыру­дың арқасында тек 2017 жылы сау­да-саттық көлемі екі есе өсіп, 374 мил­лион доллардан 643 миллион дол­ларға дейін жетті. 2015 жылдан бастап, бұл көр­сеткіш алты есе артты, – деді Қа­­зақ­стан Пре­зиденті.
Нұрсұлтан Назарбаев визасыз режим енгізу екі ел арасындағы қарым-қаты­нас­тарға оң әсер ететініне назар ауда­рып, тараптар инвестицияларды қорғау, ға­рыш технологиялары, су энерге­ти­касы, мұнай химиясы, ауыл шаруашы­лығы және цифрландыру салаларын­да­ғы ынтымақтастықты ары қарай іл­герілетуге мүдделі екенін атап өтті.
Соңында Қазақстан Президенті Бі­рік­кен Араб Әмірліктерінің пре­зи­ден­ті шейх Халифа ибн Заид әл-Наһаянға деген ниеттестігін білдіріп, тақ мұрагері Мұ­хаммед ибн Заид әл-Наһаянды Қа­зақ­­станға ресми сапармен келуге ша­қыр­ды.
Мұхаммед ибн Заид әл-Наһаян рес­ми сапармен келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты.
– Халқымның және жеке өзімнің аты­нан Сізге Біріккен Араб Әмірліктері же­ріне келгеніңіз үшін ризашылық біл­діремін. Сапарыңыз сәтті болады деп сенемін. Біз бүгін бірқатар маңызды екі­жақты құжаттарға қол қоямыз. Жан-жақ­ты ынтымақтастыққа дайын ек­е­німізді айтқым келеді, – деді Мұхаммед ибн Заид әл-Наһаян.
Ресми сапар барысында тараптар ара­сында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Біріккен Араб Әмірлік­те­рінің Үкіметі арасындағы Инвестиция­лар­ды көтермелеу және өзара қорғау ту­ралы келісім; Атырау облысында ин­теграцияланған газ-химия кешенін (по­лиэтилен өндірісі) салуға қатысты ын­тымақтастықтың негізгі шарттары туралы меморандум; Атырау облы­сын­дағы полипропилен өндіретін зауыт жұмысына қатысу үлесін сатып алуға байланысты өзара түсіністік туралы меморандум; «Ақтау теңіз порты» ар­найы экономикалық аймағы акционер­лік қоғамының 49% акциясын сатып алу­дың негізгі қағидаттары туралы не­­гіздемелік келісім; DP World компа­ниясының «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының басқарушы компаниясы» акционерлік қоғамының капиталына қатысуының негізгі қағидаттары туралы негіздемелік келісім; Дубайдағы ЕХРО – 2020 дү­ние­жүзілік көрмесіне қатысу туралы шарт т.б құжаттарға қол қойылды.

Бөлісу:

Пікір жазу


*