«ЖАС ОТАН»: ҰТҚЫР ОЙЛАР МЕН ҰТЫМДЫ ПІКІРЛЕР АЛАҢЫ

1380
0
Бөлісу:

«Жаңа әлемге жол саламыз». Кеше дәл осындай ұранмен «Жас Отан» Жастар қанатының IV съезі өз жұмысын бастады. Оған еліміздің әр өңірінен келген 1500-ден астам делегат қатысуда. Ашық, заманауи, жаңа форматта ұйымдастырылған іс-шараның алғашқы күнінде Jas Otan conf атты конференция өтті. Сондай-ақ бес панельдік сессия жұмыс істеп, қатысушылар ғылым, білім, инновация, кәсіпкерлікті дамыту, цифрландыру және саламатты ұлт қалыптастыру ісіне қатысты өзекті мәселелер мен Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы басым бағыттарды жүзеге асыру барысын кеңінен талқылады.

Жаңғырудың жаңа үлгісі
Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылдың қарашасында өткен пар­тия Саяси кеңесінің кеңейтілген отыры­сында партия қызметін жаң­ғырту жөнінде нақты тапсырма бер­гені белгілі. Бұл бастаманы алғаш­қылардың бірі болып қолға алған жасотандықтар бүгінге дейін ауқым­ды жұмыстар атқа­рып үлгерді. Ал­дымен «Жас Отан» өзі­нің орталық кеңсесін түбегейлі өзгертіп, open space форматында жұмыс істеуге көшті. Сондай-ақ бұл съезді де жаңа бағытта өткізуге бел буып, тың баста­маларға басымдық бергенін атап өткен жөн.
Съездің салтанатты ашылу рәсі­мінде «Жас Отан» Жастар қанатының төраға­сы Данияр Сүндетбаев осы уақытқа дейін атқарылған жұмыс­тарға тоқталып, еркін форматта баяндама жасады. Сонымен қатар бұл жиында сайлауда жеңіске жеткен Орталық кеңестің жаңа мүшелерінің есімдері белгілі болды. Айта кетейік, осы жыл­дың басында «Жас Отан» тарихында алғаш рет Жас­тар қанатының жоғары өкілдік органы болып саналатын Ор­талық кеңестің ашық онлайн-сайлауы өтті. Оған елі­міз­дің әр түкпірінен 363 жас үміткер өз кан­дидатурасын ұсы­нып, соның 16-сы жеңіске жетті. Кеңес мүшелігіне сай­ланғандар қатарында жас кәсіп­керлер, еріктілер қозға­лысы­ның белсен­ділері және өнер саласында тер төгіп жүрген жандар бар. Мәселен, Орталық кеңеске Алматы қаласынан Ninety One то­бының әншісі Дулат Мұхаметқалиев сайланды.
Конференциядан кейін жасотан­дықтар бірнеше топтарға бөлініп, түрлі тақырыптарда пікір алмасты. Атап айтқанда, съезд делегаттары «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақ­стан», «Қа­зақстанда жасалған», «Білім. Ғылым. Инновация» және «Саламатты ұлт» тақырыптарында панельді сессияларға қатысты. Со­ның аясында жасотан­дықтар қоғам­дағы бүгінгі ахуалды ой таразысынан өткізіп, жаһандық тұрғы­дан зерде­леп, күрмеуі қиын мәселелерге назар аударды. Оларды шешу жолдарын да ұсынды. Әр сессия жұмысына спикер ретінде орталық мемлекеттік орган басшылары, белгілі саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері қатысып, жастармен еркін әрі емен-жарқын пікірлесті.
Съездің басты мақсаты – Елбасы­ның игі бастамаларын жүзеге асыруда жастарды көптеп жұмылдыру, елі­міздің саяси өміріне жастардың ара­ласу деңгейін арттыру. Осы бағытта жас белсенділердің басын біріктіріп, оларды networking-термен қамта­масыз ету, елімізде қолға алынған реформаларды жастарға түсіндіру жұмыстарын жүйелі жүргізу, жас буынның Қазақстанның дамуына өз үлестерін қосуы үшін жағдай жасау, жастар мәселесін талқылау және оны шешу жолдарын қарастыратын алаң­ның рөлін атқару сияқты міндеттерді алға қойып отыр.
Осы ретте съездің бірінші күні тұтастай алғанда ойын түрінде өткізілгеніне де назар аударған жөн. Қатысушылар бірнеше командаларға бөлінді. Олардың әр сессиядағы бел­сенділігі, ұтымды пікір айтып, өзекті сауалдар қоюы, нақты жобаларын ұсынуы сияқты талаптар бойынша балл беріліп, соның нәтижесінде жеңімпаздар анықталады. Сессия жұмысынан кейін жастар әр бес бағыт бойынша барлығы 20 жоба даярланды. Олардың ең үздіктері бүгін өтетін Гала-форумде көпшілікке таныстырылмақ.

Оң өзгерістерге бастайтын қадам
Қазақстан Республикасының Ұлт­тық музейінде өткен «Рухани жаңғыру» сессиясына «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәу­лен Әшімбаев қатысты. Ол өз сөзін­де биылғы съездің басты ерек­шелігі ашық әрі жаңа форматта ұйым­дастырылуында және есеп беру емес, мәселелерді талқылап, ұсыныстарды жинау, кейін соны жүзеге асыруда екеніне назар аударды. Сондай-ақ Елбасы­ның аталған бағдарламасы аясын­да ауқымды жұмыстар атқарыл­ғанын да тілге тиек етті. Мәселен, «Қа­зақ­станның киелі жерлерінің геогра­фиясы», қазақ тіліндегі 100 жаңа оқу­лық, «Туған жер» және тағы басқа ба­ғыттар бойынша қазірдің өзінде нақты нәтижелерге қол жеткенін атап өтті.
– «Рухани жаңғыру» бағдарла­масындағы барлық басымдық еліміздің кемел келешегіне бағытталған. Соның ішінде латын әліпбиіне көшу бағыты бізді әлемдік өркениетке, интеграцияға одан әрі жақындатып, дамудың жаңа кезеңіне бастайды. Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша әлемдегі ең жақсы оқулықтарды қазақ тіліне аударуды көздейтін «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы да жастарымыздың сапалы білім алуына бағытталған. Әр адамның өзінің туған жері мен елінің тарихын, мәдениетін, құндылықтарын дәріптеуге үндейтін «Туған жер» бағдарламасының да маңызы зор, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар партия Төрағасының Бірінші орынбасары мақалада басым­дық берілген «Қазақ­станның киелі жер­лерінің география­сы», «Қазақ­стандағы 100 жаңа есім», «Әлемдік бәсекеге қа­білеттілік» сияқты бағыт­тарға да ерекше назар аударды. Одан бөлек, жария­ланғанына бір жыл болатын бағдарлама аясында атқарыл­ған жұмыстардың барлығы ұлттық бол­мысымыз бен ұлттық кодты сақ­тауда айрықша мәнге ие екенін жеткізді.
– Рухани жаңғырудың басты мәні – бабадан мирас болған асыл мұ­раларымызды дәріптеу, ұлттық коды­мыз бен құндылықтарымызды сақтау және халықты ортақ мүддеге ұйыстыру. Ұлтымыздың бар қадір-қасиетін өскелең ұрпақтың бойына сіңіріп, сол жолда аянбай еңбек етуіміз керек. Осы тұрғыда «Жас Отанға» сананың ашық­тығын қалыптастыру, бәсекеге қабілет­тілікті арттыру, праг­матизм, еңбекқор­лық сияқты міндеттер жүктеліп отыр. Әр жасотандық жаңғыру аясында әлемнің озық тәжірибелерін еркін меңгере отырып, өзінің ұлттық коды мен рухани және мәдени бірегейлігін сақтауы тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.
Бүгінде «Нұр Отан» партиясында ауқымды жаңғыру жұмыстары жүр­гізіліп жатқанын айтқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орын­басары «Жас Отанның» съезі сол жұ­мыстардың лайықты жалғасы екенін жеткізді.
– Жаңа форматтағы бұл съезд партия жұмысының тың бағытқа бет бұрғанын көрсетеді. Еркін пікір алмасуға мүмкіндік беретін мұндай басқосулар жастардың әлеуетін толық айқындап, жаңа қырларынан көрінуге жол ашады. Қазірдің өзінде жастар өз ұсыныстары мен жобаларын айтып, белсенділік танытуда. Алдағы уақытта осы съезд аясында айтылған барлық идеялар мен ұсынылған жобаларды тиісті мемлекеттік деңгейде жүзеге асыруға күш жұмсаймыз. Сондықтан бұл съезді «Жас Отан» Жастар қанатының жаңғыру символы деп айтуға толық негіз бар, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сөз соңында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары барша жасотандықтарды «Рухани жаңғыру» бағдарламасының мәні мен маңызын халыққа түсіндіруде бел­сенділік танытуға шақырып:
– Елбасымыздың осындай игі бас­тамаларын жүзеге асыруда жастардың атқарар рөлі ерекше. Өйткені бұл бастамалардың барлығы жас буынның жарқын болашағына арналған. Сон­дықтан осы жолда күш біріктіріп, жұ­дырықтай жұмылып жұмыс істейік, – деді.
Сессия барысында Білім және ғы­лым вице-министрі Асхат Аймағам­бетов рухани жаңғыру ең алдымен ұлттық құндылықтарды дәріптеу екенін атап өтті. «Ұлттық құндылықтарды дәріптеп, насихаттауда білім ошақ­тарының рөлі ерекше. Сондықтан біздің министрлік тарапынан бұл бағытта ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда әр өңір өлкетану бойынша өз оқулықтарын дайындап қойды. Соған орай алдағы оқу жылынан бастап ол оқулық пән ретінде мектеп бағ­дарламасына ен­гізілмек» деді А.Аймағамбетов.
Вице-министрдің айтуынша, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде көптеген игі істер қолға алынды. «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы бойынша 17 кітап шет тілдерінен қазақ тіліне аударылды. Биыл тағы 30 кітапты аудару жоспарланып отыр. А.Айма­ғамбетов бұл оқулықтар жаңа оқу жылынан бастап еліміздегі жоғары оқу орындарында оқытыла бастайтынын айтты.
Бұдан басқа аталған сессия жұ­мысына Мәдениет және спорт ми­нистрлігі Тілдерді дамыту және қо­ғамдық-саяси жұмыс комитетінің төрағасы Қуат Борашев және «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы, Ақпараттық-коммуникациялық тех­нологиялар, Білім беру және инно­вация комитетінің төрағасы Мұрат Әбенов қатысып, тақырып аясында өз ойларын ортаға салды.

Сапалы білім биікке жетелейді
Назарбаев университетінде өткен «Білім. Ғылым. Инновация» сес­сия­сында Білім және ғылым министрлігінің жауапты хатшысы Арын Өрсариев пен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сы­дықов жасотандықтармен кездесті. Өз сөзінде А.Өрсариев Төртінші өнер­кәсіптік революция жағдайындағы адам капиталы мәселесіне тоқталды. Ал университет ректоры Е.Сыдықов Президенттің бес әлеуметтік бастама­сының білім саласына ерекше серпін бергенін айтып, таяу жылдарда Еуразия ұлттық университетінің студенттеріне арналып бес жатақхана салу жоспар­ланып отырғанын жеткізді.
Ақпараттық технология, цифр­ландыру, жасанды интеллект, төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында қазақстандықтардың өмірін одан әрі жақсарту сияқты мәселелер «Цифрлы Қазақстан» сессиясының басты тақы­рыбы болды. Мұнда Ақпарат және ком­муникациялар вице-министрі Дарын Тұяқов пен «Қазпошта» ак­ционерлік қоғамының Басқарма төра­ғасы Сәкен Сәрсенов сөз сөйлеп, атал­ған игі істі жүзеге асырудың тиімді тетіктеріне назар аударды.
Жасотандықтар кибершабуыл, отан­дық криптовалюта, электронды коммерция, жас мамандардың шетелге кетуіне қатысты да сұрақтар қойды. Осы мәселе жөнінде айтқан Д.Тұяқов «Елімізде «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында 2022 жылы ашылатын Astana hub IT стартаптардың халықаралық технопаркінде жүздеген жаңа жоба іске қосылады. Соның аясын­да жас ІТ мамандардың тың жобалары жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ, өзге елге кетіп қалған мамандарды олар­дың шетелдік тәжірибесін пайда­лана отырып маман, тіпті инвестор ретінде Astana hub-қа жұмылдыру жоспарлануда» деді.
«Қазақстанда жасалған» атты сес­сияда жастар арасындағы кәсіпкер­­­лікті дамыту мәселесі кеңінен сөз бол­ды. Соның ішінде «Мемлекеттік сатып алуларда» жас кәсіпкерлердің өнімде­рін алуға басымдық беру бастамасы көтерілді. Әзірге Made in Kazakhstan брендімен отандық өнім шығаратын жас кәсіпкерлер көп жерде келеңсіз­діктерге тап болуда. Бұл жөнінде сессия барысында белсенді жасотандықтар мәлімдеді. Сессияға спикер ретінде қатысқан «Қазақстанның ет одағының» төрағасы Асылжан Мамытбеков, Мәжіліс депутаты Павел Казанцев, Kazakh Invest Ұлттық компаниясы Басқарма төрағасының орынбасары Рустам Исатаев бұл мәселенің шын мәнінде өзекті екенін айтып, «Жас Отан» арқылы бағдарлама әзірлеп, өз ұсыныстарын Үкімет пен Парламентке жіберу жайында кеңес берді. Басқосуды модератор ретінде «Талап» қолданбалы зерттеулер орталығының директоры Рахым Ошақбаев жүргізіп отырды.

Басты байлық – денсаулық
Келесі «Саламатты ұлт» сессиясында съезд делегаттары қазіргі таңда қа­зақстандықтардың денсаулығына кері әсерін тигізіп отырған факторларға тоқталып, олардың алдын алу тетіктерін қарастырды. Өйткені бүгінгі жаһандану жағдайында бәсекеге қабілетті болудың басты талабы – саламатты ұлт қалып­тастыру. Сондықтан жасотандықтар бұл мәселеге ерекше көңіл бөліп, тұтас бір сессия жұмысын осы тақырыпқа арнады. Сессия барысында Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсау­лық сақтау комитетінің төрағасы Жандарбек Бекшин жастар арасында саламатты өмір салтын ұстанатын­дардың қатары жылдан-жылға көбейіп келе жатқанын айрықша атап өтті. Өз кезегінде Қазақстанның профилак­тикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман жастарға адам денсаулығын жақсартуға бағыт­талған мобильді қосымша жасап шы­ғару жөнінде ұсынысын жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, мұндай қосымшалар, жүкті әйелдерге, қант диабеті мен басқа да ауыр дертке шалдыққандар үшін ауадай қажет.
Одан бөлек, аталған басқосуда «Те­мекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының басшысы Жә­милә Садықова мен Л.Гумилев атын­дағы Еуразия ұлттық университеті Ядролық физика, жаңа материалдар және технологиялар кафедрасының аға оқытушысы С.Нұркенова қатысып, тақырып аясында сөз сөйледі.
Барлық сессияда жасотандықтар аса белсенділік танытып, көтерілген тақы­рыптар бойынша ұтымды ұсыныстарын жолдады. Сұрақ-жауап кезінде де еркін пікір алмасып, өзекті де ұтқыр ойлар айтылды. Нәтижесінде әр бағыт бойын­ша жастарға арналған бірнеше та­қырыптық жобалар ұсынылды. Съездің бірінші жұмыс күнінің қорытындысы ретінде Jas Otan Vision құжаты дайын­далды. Ол бүгін өтетін Гала-форумда кеңінен талқыланып, қа­былданбақ.
Айта кетейік, съезд алғаш рет VR, яғни виртуалды шындық форматында онлайн көрсетілді. Соның нәтижесінде, сессиялар жұмысын қазақстандық жастар ғана емес, әлемнің барлық интернет қолданушысы 360 градуста көруге мүмкіндік алды. Бұл – биылғы съездің басты ерекшеліктерінің бірі.

Пікір

Әлихан ШӘДІБЕКҰЛЫ,
«Жас Отан» Жастар қанатының мүшесі, Съезд делегаты:
– Биылғы съезді еліміздегі жастарды қолдау бағытында жасалып жатқан жұмыстардың жарқын көрінісі десем, қателеспеймін. Ауқымы да, аясы да, бағыты мен форматы да мүлдем бөлек, шын мәнінде қазіргі заман талаптарына сай мұндай басқосу отандық жастар саясатына тың серпін беріп, оның қарқынды дамуына үлкен үлес қосады деп сенемін. Осындай ұмытылмас сәттің куәсі болып, съезге қатысқаным үшін өте қуаныштымын.
Өту форматы ғана емес, бұл съездің көтерген мәселелері де өте ауқымды. Бірінші күннің өзінде өзекті бес бірдей тақырыпты талқылап, жастармен пікір алмасу өзімізге деген сенімді күшейтті. Күні кешегі Елба­сымыздың бес әлеуметтік бастамасындағы басым бағыттарды жүзеге асыруда жастардың рөліне ерекше мән берілді. «Рухани жаңғыру» бағдарламасындағы игі бастамалардың мәні мен маңызын да кеңінен талқыладық. Сондықтан бұл съездің тек жастар саясатына ғана емес, еліміздің өсіп-өркендеуіне де берері мол деп білемін.

Ақылбек ӘБДІРАМАН,
«Жас Отан» Жастар қанатының мүшесі, Съезд делегаты:
– Еліміздегі жастар саясатының бағыт-бағдарын айқындап берген бүгінгі съезден алған әсерімді сөзбен жеткізе алмаймын. Бұрынғы таптаурын жүйеден толығымен арылған, жастардың еркін пікір білдіруіне мол мүмкіндіктер берілген, бүгінгі трендтер батыл қолданылған іс-шара өзекті тақырыптарды арқау етіп алған. Соның аясында, Елбасы­мыздың бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асырудағы жастардың рөліне ерекше мән берілді. Цифрландыру, инновацияны енгізу, бәсекеге қабілеттілікті арттыру сияқты басым бағыттар жөнінде өз ойымызды айттық. Билік тұтқасын ұстаған белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерімен бір деңгейде отырып, әңгіме-дүкен құрдық. Осының бәрі жастар саясатының әлемдік деңгейге көтерілуіне жасалып отырған жағдай екені сөзсіз. Осындай ұмытылмастай көңіл-күй сыйлаған съезд үшін алдымен Елбасына және барша ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін.

Мөлдір КӨШЕМБАЕВА,
«Жас Отан» Жастар қанатының мүшесі, Съезд делегаты:
– Шәкәрім атамыздың «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегеніндей, бұл съезд де алдыңғыларынан мүлде өзгеше болды. Ең басты ерекшелігі – жаңа форматта, заманауи үлгіде өтуінде. Одан кейін бұрынғыдай бір-ақ күнге жиналып, атқарылған жұмыстардың есебі ғана тыңдалып жатқан жоқ. Қайта өзімізге мүмкіндіктер беріліп, Елба­сымыздың жаңа бастамаларын жүзеге асыруда, еліміздегі өзекті мәселелердің алдын алуға ұсыныс, пікірлерімізді білдіруге жағдай жасалған. Осының бәрі Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша қолға алынған партия қызметін жаңғыртудың жемісі екені анық.
Съезге келген еліміздің өзге өңірлеріндегі замандастарымызбен пікірлесіп, белгілі бір мәселелерді бірлесіп талқылап, тәжірибе алмасып жатырмыз. Мұның бәрі біздің ерекше екпінмен іске кірісуімізге жол ашады. Біз осының бәрін мемлекеттің жастарға жасап отырған қолдауы деп қабылдаймыз. Сондықтан Елбасымыз өзінің бес әлеуметтік бастамасында айқындап берген міндеттерді жүзеге асыруда белсенділік таныту барша жастардың абыройлы міндеті болуы тиіс. Осы жолда барша жасотандық әріптестерімді күш біріктіруге шақырамын.

Бақтияр ЕСЕНТАЕВ,
«Жас Отан» Жастар қанатының мүшесі, Съезд делегаты:
– Съезде «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан», «Қазақстанда жасалған», «Білім. Ғылым. Инновация» және «Саламатты ұлт» тақырыбында бес бірдей сессия өтті. Қарап тұрсаңыз, әр бағыттың ел дамуындағы орны ерекше. Ал осы игі іске жастарды жұмылдыру – көрегенділіктің белгісі. Себебі, болашақ – жастардікі. Демек, біз бүгін өз өміріміздің бағыт-бағдарын сараптап, сараладық.
Әріптестерімнің барлығы ел болашағына бейжай қарамай, қоғамдағы кішкентай ғана мәселеге назар аударып, батыл пікір айтулары мені ерекше қуантты. Биліктегі ағаларымыздың алдында өз ойларын еш қысылмай жеткізіп, халықты алаңдатқан жайтқа байланысты көзқарасын ашық айтуы шын мәнінде көңілге қуаныш ұялатады. Съездің осындай еркін форматты таңдаудағы басты мақсаты да осы деп білемін. Осылайша жастардың ойын біліп, оларды Елбасы тапсырмаларын жүзеге асыруға жұмылдырудың нәтижесі мол болмақ.

Айдана ӨТЕГЕН,
«Жас Отан» Жастар қанатының мүшесі, Съезд делегаты:
– Шыны керек, осы съезден кейін еліміздегі жастар саясатының жаңа қарқынмен дамитынына сенемін. Бес бірдей сессияда түрлі тақырыптар қозғалды. Тек жастарға қатысты емес, жалпы еліміздің ертеңі жайында өзекті мәселелерді талқыладық. Жастар өз ойларын айтып, еркін пікір білдірді. Елбасымыздың бізге үнемі қолдау көрсетіп, барлық жағдайды жасаудағы негізгі мақсаты да осы деп ойлаймын. Яғни, біздің әлемдік бәсекеге қабілетті, білікті маман болып қалыптасуымыз. Осы тұрғыдан келгенде бұл жолғы съездің көтерген жүгі ауыр.
Осындай ауқымды жиынның ортасында жүруім, жастар саясатындағы оң өзгерістердің куәсі ғана емес, қатысушысы болуым мен үшін зор мақтаныш. Алдағы уақытта Елбасымыздың барлық бастамасын жүзеге асыруда ерінбей еңбек етемін. Ең бастысы, ертеңге сеніммен қарайтын жастардың қатары қалың. Ендігі кезекте біз ортақ мақсатта ұйысып, елдік мүдде жолында аянбай тер төгуіміз керек деп есептеймін.

Азат ҚҰМАРБЕК,
«Жас Отан» Жастар қанатының мүшесі, Съезд делегаты:
– Бұл съезд осыған дейінгі қалыптасқан жүйенің бәрін түбегейлі өзгертіп, заман талаптарына бейімделген, еркін форматта өтуде. Ең маңызды мәселелер талқыланып, жастардың ойы мен пікірі тыңдалды. Соның нәтижесінде, көптеген ұсыныстар жолданып, жаңа құжат дайындалды. Енді съездің қорытынды күнінде сол құжатта көрініс тапқан ұсыныстар кеңінен талқыланып, нақты бағдарлама қабылданбақ. Мұның бәрі – жаңғырудың жемісі.
Съезде Елбасы айқындап берген сананың ашықтығы, ұлттық кодты сақтаудың маңызы, рухани бірегейліктің мәні сияқты өзекті мәселелерді сараладық. Осы жолда жастардың рөлін сөз еттік. Өз пікіріміз бен көзқарасымызды еркін білдірдік. Осы ретте қатарластарымның барлығы көтерілген тақырыптарды талдауда белсенділік танытуын ерекше атап өтер едім. Алдағы уақытта ел жастары жаңа қарқынмен іске кірісіп, игі бастамаларды жүзеге асыруда мол нәтижелерге қол жеткізеді деп сенім білдіремін.

Еламан ҚОҢЫР

Фото: Рустам Амантай

Бөлісу:

Пікір жазу


*