Аграрлық сектор экономиканың драйверіне айнала ма?

697
0
Бөлісу:

Ауыл шаруашылығы бұған дейін қай салаға қолдау көрсеткен тиімді деп бас қатырса, енді қалай қаржылан­дыр­ған нәтижелі деп, субсидия берудің сан жолдарын қарастыруға көшті. Ал­дағы уақытта сектор субъектілері үшін негізгі қаржыландыру көзі са­на­латын мемлекет қаржысы агроөнер­кә­сіп кешеніне өзге арналар арқылы құйылмақ. Өйткені Ауыл шаруашы­лығы министрлігі (АШМ) жердің әрбір гектары үшін берілетін тиімсіз субси­дияны өңдеуге жөнелтілген өнім көле­міне қарай беруді ұйғарды. Артылған қаражат болса, екінші деңгейлі банк­тердегі агроөнеркәсіпке арналған кре­диттің пайыздық мөлшерлемесін ар­зан­датуға бағытталады.

Ауылдық жердегі бір жұмыс орны қа­­ла­­да қосымша төрт жұмыс орнының ашылуына септігін тигізеді екен. Осын­дай қорытынды жасаған ғалымдар сәйке­сін­ше, аграрлық өндіріс бір пайызға өссе, өнер­кәсіптегі өндіріс төрт пайызға арта­ты­нын айтуда. Нәтижесінде, бір ғана са­ла­ның дамуы ауыл шаруашылығындағы ма­шина жасау, химиялық өнеркәсіп және отан­дық азық-түлік өндірісінің көте­рілуі­не әсер етері сөзсіз. Осы себептен бо­лар, Елбасы биылғы «Төртінші өнер­кә­сіптік революция жағдайындағы даму­дың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі ең­бек өнімділігін және өңделген ауыл шаруа­шы­лығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырды.
Кейбір дамыған елдерде ауыл шаруа­шы­лығының ЖІӨ-дегі үлесі небәрі 4-5 пайыз болғанымен, экономика ғылым­дары­ның докторы Рашит Кареновтің айтуынша, АҚШ, Франция, Нидерланды – ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорт­тайтын әлемдік алпауыттардың алғашқы үштігін құрап отыр. Олар бұған сектор­дағы еңбек өнімділігін арттыру арқылы қол жеткізген екен. Байқасаңыз, осы саладағы потенциалы жоғары Үн­діс­тан мен Индонезия секілді дамушы ел­дер жо­ғарыдағы тізімге енбей қалған. Елі­міз­де де аталған көрсеткіштің аздап тө­мендігін сөз еткен ғалым, салалық ба­сы­лым­дардың біріндегі сұхбатында біз­дегі бір ғана жұмысшы жылына 3,9 мың дол­­ларға тең ауыл шаруашылығы өнімін өн­дірсе, Францияда – 84,6 мың долларға, Австралияда – 52,7 мың долларға, Жа­понияда – 50,7 мың долларға өндіретінін айтқан. «Төмен еңбек өнімділігінің не­гіз­гі себебі – сектордың техникалық құ­рал-жабдықтармен толық қамтама-
сыз етілмеуінде. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда 1 гектар ауыл шаруашылы­ғына арналған жерге 1 трактордан келеді екен, ал АҚШ-та – 27, Үндістанда – 16, Бр­а­­зи­лияда – 11. Оған еліміздегі трактор­лар мен комбайндардың көпшілігінің қызмет еткеніне 17 жылдан (нормативті мерзім) асып кеткенін қосыңыз. Тозған тех­ника жанармайды 20 пайызға көп пай­даланады және жөндеу жұмыстарына да артық шығынды қажет етеді. Тіпті 14 пайызға дейін егінді жинай алмау қаупі де бар» дейді маман.
Ауыл шаруашылығы министрлігі де бұл проблемадан бейхабар емес екен. Ве­домствоның баспасөз қызметінің ха­бар­лауынша, мемлекеттік саясаттың тағы бір бағыты – қазақстандық фермер­лерді заманауи және қолжетімді техни­ка­мен қамтамасыз ету. «Қазіргі уақытта трак­торлардың 86 пайызы мен комбайн­дар­дың 72 пайызының қолданылу мер­зімі 10 жыл­дан асып кеткен. 2017 жылы ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу мен жаңарту деңгейі күрт төмендеді.
Бұл – өз кезегінде егіннің сапасына, кі­ріс­тің азаюына, техниканың тұралап қалуына және эксплутациялық шығын­дардың кө­беюіне алып келеді. Осыған орай, лизингке берілетін ауыл шаруа­шылығы тех­никасын несиелеу кезінде берілетін сыйақы мөлшерін субсидиялау жос­­парлануда. Жоба бойынша ауыл шаруа­­шылығы техникасын несиеге алу кезінде пайыздық мөлшерлеменің бір бөлігі (7-10%) бюджет есебінен субси­дия­ланады. Ауыл шаруашылығы тех­никасын алуға 25% көлемінде өтейтін инвестсубсидия бағдарламасы жал­ға­сатын болады. Со­ны­мен қатар инвестсуб­сидия бойынша аванстық төлем несие алушының арнайы шотына түседі, бұл өз кезегінде фермерге лизинг бойынша ал­ғаш­қы төлем ретінде (15-20%) пайдалану­ға мүмкіндік береді» делінген хабарлама­да.

Субсидияның сырына қанықсақ
Ақмола облысына жасаған сапарында Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шүкеев аграрлық сектор қаржылай қолдауға зәру екенін жасырмай айтты. Бұған бір­не­ше себеп бар екен: бір жағынан – банк сек­торы бастан кешкен дағдарыс, екінші жа­ғынан – ірі агрохолдингтердің де­фолт­қа ұшырауы. Нәтижесінде, екінші дең­гейлі банк­тердің ауыл шаруашылығы нары­ғын­дағы ойыншыларға деген сенімі азая түс­кен. Өткен жолғы девальвацияның да өз үлесін қосқаны тағы бар. Өйткені мем­ле­кеттің АӨК-ке бөлген қаражаты­ның мөл­шері теңгеде бекітілген көлемде қа­лып қояды. Сондықтан да ведомство бас­шысы айтқандай, агроөнеркәсіптік ке­шен әзірге мемлекеттің қаражатына қа­рық бола қоймасы анық. Өмірзақ Ес­тайұлының айтуынша, алдағы уақытта же­ке инвестициялардың секторға деген қыз­ығушылығы оянып, банктердің қайта қар­жыландыруға деген ынтасы арта­тын­дай жағдай жасау қажет.

«Бәріміз де банктердің қиын кезеңді еңсеріп, кредит беруді қайта бастағанын түсінуіміз қажет. Соның ішінде ауыл шаруашылығын да кредиттеуге деген қызығушылығы жоқ емес. «Аузы күйген үрлеп ішеді» дегенмен банктердің АӨК-ке көзқарасы қайта түзелері анық. Демек, бізге де несиенің пайыздық мөлшер­ле­мелерімен жұмыс істеу қажет. Қазір олар тым жоғары деңгейде. Сондық­тан пайыздық мөлшерлемені субсидия­лауды жаңарту керек» дейді Ө.Шүкеев. Ал министр оған қажетті қаражатты тиімсіз субсидияларды қысқарту арқылы алмақ. Оның ішінде егістік жердің гектарына берілетін субсидияның тағдыры сөз болып отыр. «Гектарына берілетін субсидияны кімнің жері үлкен сол алады, сондықтан шаруаларды ынталандыра алмайды. Яғни, бұл субсидияға жерді жақсы игере алатын фермер де, оны икемдей алмайтын фермер де – бірдей үміткер. Бұл – дұрыс емес» дейді министр. Оның айтуынша, ведомство жүргізген сараптама жауапты органның талаптарын айналып өтетін түрлі жолдарды анықтап берген. Көп жағдайда ауыл шаруашылы­ғы­ның өндірушілері гектар үшін бері­летін субсидияны алу мақсатында құжат­тарда жалған ақпарат көрсетеді.
Мысалы, Батыс Қазақстан облысында 1 мың гектар жерге жемшөптік дақыл егу үшін субсидия алған фермер тек қана 9 гектарға егін еккен. Тіпті, кейде шаруа қожалықтары айдалған жерлерге ғана емес, сонымен бірге жолдың жиегіндегі егін егілмейтін аумақтарға да субсидия алған жағдайлар кездескен көрінеді. Тағы бір шошқа шаруашылығы құжат бойын­ша, бір мегежін 36 торай бергенін көрсет­кен. «Сондықтан тауар ерекшелік­те­ріне, келісі үшін, мал басына немесе литрі­не, тоннасына берілетін субсидиядан енді бас тартамыз. Оларды әкімшілендіру мүмкін емес, адамдар оны айналып өтудің жаңа жолын ойлап табады. Біз керісінше «жасыл кәрзеңке» деп аталатын құндық, бүкіл әлемде бар субсидияға ауысамыз. Әлемдік тәжірибе болғандықтан, жаңа дүние жасап шығарудың қажеті жоқ. Енді өнімнің нарықтағы құнына тікелей әсер ете алмайтын салаларды субсидия­лай­мыз. Олар: инфрақұрылым, техника саудасы, суару, несиелерді арзандату» деді ведомство басшысы.
Мысалы, қазір АШМ қант қызыл­шасы, күріш, мақта секілді гектарына берілетін субсидия­ны, өңдеуге өткізілген өнімнің көлеміне қарап берілетін субсидияға алмастыруда. Одан артылған қаражат ауыл шаруашы­лығы өндіру­шілеріне арналған банк кредиттерін арзандату үшін пайыздық мөл­­шерлемелерді субсидиялауға жұм­сала­тын болады.
«Осылайша, сектордағы қаражатты мүлдем қысқартып тастамай, оны өзге арналар арқылы беріп отырмыз» дейді Ө.Шүкеев. Министрліктің баспасөз қыз­ме­тінің хабарлауынша, қазіргі уақытта минералды тыңайтқыштарды субсидия­лау процесі толығымен автоматтан­ды­рыл­­­ған. Сондықтан ақпараттық жүйе арқылы 2018 жылдың 1 ақпанынан бастап суб­сидия алуға өтінім электронды түрде қа­былдануда. Ал Алматы, Жамбыл, Батыс Қа­зақстан және Қостанай облыстарына ты­ңайтқыштарға субсидия беріле баста­ған.

Тұрақтылық қажет
Шаруалардың жаңа өзгерістерге деген көзқарасын білмек болып Жетісу өн­ді­ріс­тік кооперативі басшысы Жанат Иса­құловқа хабарласқан едік. Ол «қазір
ша­р­уалар үшін ең басты керегі – тұрақ­ты­лық» дейді.
– Әр министр субсидия беру жол­дарын ауыстырады. Сол себепті, біз қазір субсидияның қайсысы жақсы, қайсысы тиімсіз екенін білмейтін болдық. Тіпті былтыр кооператив бола тұра субсидия да ала алмадық. Кезінде субсидия егіншілік жердің гектарына берілетін. Әр адам не еккенін көрсетеді, қанша гектар көкөніс екті немесе қызылша екті, соны комиссия келіп тексерсін. Сол әдіс дұрыс болатын. Қазір барлығымыз жерімізді электронды кар­таға енгізіп жатырмыз. Енді егін алқа­бының гектарына берілетін субсидияға құжат тапсырсам, бәрі де электронды алқап­та көрініп тұрады. Сондықтан қан­дай жағдай болмасын, субсидияның осы түрі қалуы қажет, – дейді кооператив басшысы.
Кеңес үкіметі кезіндегі Агробанктің ауыл шаруашылығын қаржыландыру принцпін мысалға келтірген Жанат Молдағұлұлы, сол ұйымның өзі ары кетсе 10 пайызбен несие бергенін, бірақ соның өзінде ешкімнің қолы жете бермегенін алға тартты. «Өйткені оған қаншама құжат өткізу қажет. Қосымша өтімділігі жоғары кепілдік ұсынасыз. Өзі­ңіз білетіндей, ауылдық жерде кепіл­дік­ке қоятын мұндай өтімді тауар жоқ. Жүгіріп жүріп құжат тапсырғанның өзінде 2-3 ай уақыт кетеді» дейді ол. Бұл уақыт аралы­ғын­да егістіктің мерзімі аяқталып қала­ты­ны айтпаса да белгілі. Артынан егін жинау науқаны басталып кетеді. Сонымен бірге, Жанат Исақұлов Канададағы субси­дия беру принципінің жарты ғасырға жуық уақытта еш өзгермегенін айтты. Бұл он­сыз да шаруасы шаш етектен келетін диқан­дардың дұрыс жоспар құруына көп көмектеседі.
– Мысалы, Канадада 30-40 жылдан бері субсидия беру принципі сол күйі өзгер­меген, бір қағида. Сондықтан аграр­лы кәсіппен шұғылданатын азаматтар қанша субсидия алатынын алдын ала біліп отырады. Осылайша, қолда бар қара­жатын есептеп, өзіне бизнес-жоспар құра алады. Қай мәдениет түрімен айналысуды, мал шаруашылығымен немесе көкөніс шаруашылығымен ба өз мүм­кін­д­ігіне қарап шешеді. Бізде әр министр өз реформасын ала келеді. Ол барлық деңгейде мақұлданып, жүзеге асқанша көп уақыт қажет, – дейді ол.

Агросектор және қор нарығы
Өкінішке қарай, егістік алқаптың гектарына берілетін субсидия алу бары­сында түрлі алаяқтық әдістер қолда­ны­латынын экономистер де мойын­дап отыр. Мысалы, экономист Жарас Ахметов 2013-2014 жылдары қант қызыл­шасы, күнбағыс өсіретін шаруа­ларда да осындай мәселе болғанын айтты.
– Сондықтан әкімшілендіру мен оның тиімділігі тұрғысынан гектарына берілетін субсидия ең қолайлы құрал деп айта алмаймын. Екінші жағынан өсімдік шаруашылығындағы субсидия отандық өндірушілерге өндірісті белгілі бір деңгей­де ұстап тұруға мүмкіндік береді. Субсидия­ның маңызы неде? Субсидия, біріншіден, көктемгі егіс науқанында маңызды. Өйткені күзде жиналған өнімнің қаражатын шаруалар көктемге дейін жаратып қояды. Сондықтан көктемде жерді өңдеуге, егіске қандай да бір қолдау қажет-ақ. Бірақ субсидияны көп жағдайда заңды тұлғалар алады да, кішкентай шаруа қожалықтарына қолжетімсіз болып қалады. Ал қосалқы шаруа қожалықтары өсімдік шаруа­шы­лы­ғында жалпы өнімнің – 35-37 пайы­зын, мал шаруашылығында 50 пайыздан астамын беріп отырады. Бірақ мемле­кет­тен қосымша қолдау көрмейді. Нәти­же­сінде, бәсекелестікте теңсіздік орнайды. Сондықтан бәрі бірдей үміткер бола ала­тын субсидия енгізу қажет. Ал кредит­тің пайыздық мөлшерлемелерін субси­дия­лау бізде бұрыннан бар. Ол да көбіне заңды тұлғаларға арналған. Бұл жерде меншік иесі өзі тәуекел жасамайды, керісінше, банктен субсидияланған несие алып, өзінің тәуекелін жеңілдетеді. Ал мұндай жағдайда шаруашылықты бас­қа­руда да проблемалар пайда болады. Бір сөзбен айтқанда, бас ауыртпайды. Ал пайыздық мөлшерлеменің табысы кепілден­ді­ріл­ген болса, банктер де құл­шы­на несие бере береді. Сондықтан бұл әдіс керісінше әсер етеді деп ойлаймын.
Егер біз толыққанды нарықтық қаты­настар бойынша жұмыс істе­генімізде фьючерстерді, яғни болашақ өнімді саудаға шығаруымызға болушы еді. Өкінішке қарай, бізде бұл жүйе жұмыс істемейді. Ондай сауда алаңдары жоқ. Бізде барлығы банктің кредиті мен мем­ле­­кеттің көмегіне байланған. Басқа бар­лық дамыған елдерде бар ауыл шаруа­­шы­лығына арналған қаржы құралдары бізде қолжетімсіз. Сондықтан бірінші кезекте қаржы нарығын дамыту керек.

 

Кәмила ДҮЙСЕН

Бөлісу:

Пікір жазу


*