МЕШІТТЕ ҰРЛЫҚ ЖАСАЙТЫНДАР КӨБЕЙДІ                     

243
0
Бөлісу:

 

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық ішкі істер органдарының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында жыл басынан бері өзгенің мүлкін ұрлауға қатысты 50-ден аса  қылмысты ашты, деп хабарлады Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Салтанат Қаракөзова.

Қазіргі кезде қалтаға түсетін ұрылар ірі қалалардың барлығында көбейген. Олар көбінесе жолаушылар тығыз қоғамдық көліктерде, кісі көп жүретін базарларда «жұмыс» істейді. Шымкент қаласының полицейлері соңғы 3-4 айда облыс орталығы аумағында ұрлықпен айналысып жүрген 5 қалта ұрыларын ұстады. Құдайдан безген баукеспелер тіпті мешітке де кіріп ұрлық жасайтын болыпты.

– Жақында полиция қызметкерлері Шымкент қаласындағы мешіттерде қалта ұрлығымен  айналысып жүрген жергілікті тұрғынды ұстады. 27 жастағы шымкенттік жігіт мешітте намаз оқып жатқан кезінде белгісіз біреу оның қалтасынан бағасы 30 мың теңге тұратын ұялы телефонын ұрлап кеткенін айтып полиция бөліміне  арызданған. Шымкент ҚІІБ ПБ-нің қызметкерлері жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында 20-25 жастағы күдіктіні ұстады. Тергеу барысында әлгі адамның шамамен 20 шақты ұрлыққа қатысы бары анықталды. Қазір осы жайт бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Әдетте, қалта қағарлар азаматтардың бейқамдығын, ұқыпсыздығын пайдаланып  жәбірленушілердің ұялы телефондары мен басқа да бағалы заттарын оңай жымқырып жатады. Егер бөтеннің мүлкін ұрлау жайтының жәбірленушісі немесе куәгері болсаңыз, полицияға «102» нөміріне  дереу хабар беріңіз, – дейді ОҚО ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының бастығы Салтанат Қаракөзова.

Шымкент ҚІІБ қызметкерлері Жергілікті полиция қызметімен бірлесе бөтеннің мүлкін ұрлауға қарсы мақсатта  өткізіліп жатқан профилактикалық іс-шарасы барысында полиция қызметкерлері халықпен кездесу ұйымдастырып тұрғындарға қалта ұрлығы бойынша көшелерде және қоғамдық  орындарда ескертпе қағаздарын таратуда. Шымкент қаласының полицейлері қалта ұрлығының құрбаны болмас үшін, қоғамдық орындар мен көліктерде заттарын қараусыз қалдырмауға, келеңсіз жағдайлардан сақ болуға кеңес береді.

Бұзық жолға түсіп ұрлықты кәсіп еткендер көшеде тұрған көліктерді де айналдыра бастады. Ұрлықтың бұл түрі әсіресе көктем шыға көбейеді. Жақында Шымкент қаласының полицейлері біраз уақыттан бері автокөлік доңғалақтарын ұрлаумен айналысып жүрген ұрыларды анықтады. Бұлар тұрғындарға миллиондаған шығын келтірген. Өткен жылдың қараша айында Шымкент ҚІІБ Әл-Фараби ПБ-нің кезекші бөліміне жергілікті жердің тұрғыны арызданған, онда үйінің алдында тұрған өзінің «Тойота Камри» маркалы автокөлігінің 4 дана доңғалағын белгісіз тұлғалар ұрлап кеткенін көрсеткен. Оқиға орнына дереу жеткен Шымкент ҚІІБ Әл-Фараби ПБ-нің полиция қызметкерлері бірден жедел іздестіру іс-шарасына кірісті. Көп ұзамай 22 жастағы екі күдікті ұсталды. Оның бірі бұрын қылмыс жасап сотталған болып шықты. Қазіргі кезде осы дерек бойынша Қылмыстық кодекстің ұрлық бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.

Полицейлер ұсталған күдіктілердің автокөлік доңғалағын ұрлаудың басқа да 7 жайтына қатысы барын анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығын көлемі 2 миллион теңгеге жуық болып отыр.  Оңтүстік Қазақстан облысының тәртіп сақшылары Шымкент қаласының тұрғындарына ұрылардың құрбаны болмау үшін, өзінің мүлкіне мұқият болуын ескертеді, көлікті ашық қалдырмау, көлікті ақылы автотұраққа қойып, дабыл қондырғыларын орнату, ақша және бағалы заттарды қараусыз көлікке тастап кетпеу секілді сақтық шараларын жасауға кеңес береді.

  Қайыржан ТӨРЕЖАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*