БАЙҚОҢЫР ДЕГЕН АЙЛАҚ БАР

684
0
Бөлісу:

Алғаш рет адам баласы айға ұшқалы 57 жыл болды. Содан бері жыл сайын Байқоңырдан зеңгір көкті бетке алған ғарыш зымырандары тоқтаусыз ұшып жатыр. Қазақтың үш азаматы ғарышкер атанды. Қазақстан дамуының қазіргі кезеңінде ғарышты игеру саласында бірқатар мемлекеттермен халықаралық ынтымақтастық жасап та отыр. Алайда осы салаға ойысқан, ғарышты игеруге құмартқан қазақ баласы неге аз?

«Бәсекеге қабілетті Қазақстан үшін, бәсекеге қа­білетті экономика үшін, бәсекеге қабілетті халық үшін!» атты Қазақстан халқына Жолдауында Н.Назарбаев: «Бай­қоңыр» кешенін жалға беруден түсетін уақытша табыстардан басымдықты Ресеймен бірігіп, ғарыштық бағдарламалар мен жобаларды іске асыруға ауыстыру аса маңызды. Бұл біздің ғарыштық ғылым мен жаңа технологиялардың дамуын қамта­масыз ететін бола­ды» деп атап көрсеткен болатын.
Бірден басын ашып айтайық: жаһандық ғарыш жүйесіне еліміз жалғыз-жарым кіре алмайды. Жалғыз өзі игере де алмайды. Қазақстанның ғарыштық бағдарламасын дамыту үшін жан-жақты халықаралық ынтымақтастық керек екені рас.
Байқоңыр ғарыш айлағы – әлемдегі ең жетекші халықаралық ғарыштық айлақтардың бірі. Ғарыштық аппараттарды ұшыру саны бойынша үшінші орын алады. Бүкіл ғарыштық ұшырулардың төрттен бірі осы жерде өтеді. Ресейлік бағдарламалардың 70 пайыздан астамы және халықаралық ғарыштық бағ­дарламалардың негізгі бөлігі осы Байқоңырға тікелей байланысты.
Еліміз ғарыштағы геосаяси мүдделер тоғысында тұр. Ендеше ғарыштық кеңістік пен оны пайдалану тұрғысынан алғанда, біз үшін өте тың сала және ізде­нуге сұранып тұрған жоқ па? Бүкіләлемдік ғарыш жүйе­сіне кірігу ісінен ел ортасынан ойып орын беріп отырған Қазақстан неге тартынсын?
Бұл ретте Қазақстан Президенті Ресеймен тиімді келісімшарт жасауға қол жеткізді. «Тұрымтай – тұсына, бозторғай – басына» кеткен кеңестік жүйеден ыдырау кезінде Байқоңыр бірнеше жыл қараусыз қалды. Ғарыш айлағын сақтап қалу оңайға түскен жоқ. Ғарыш айлағының тірлік-тынысын сақтау, пайдалану, басқару жүйесін жаңа негізде құру қажет болды. Ғарыштық кешенді Ресейге жалға беру туралы саяси шешім қабылдады.
1998 жылы Ұлттық ғарыш саясатын дамыту тұ­жырымдамасы қабылданды. Қазақстанның ғарыштық қызметінің мақсаттары мен міндеттері, негізгі бағыттары сол тұжырымдамада айқындалды. Ғарыш техникасы мен технологиясын қолдану арқылы әлеу­меттік-экономикалық міндеттерді шешуге айрықша мән берілді.
Тәуелсіз Қазақстанның ғарыш айлағын Ресей жалға алды. АҚШ-пен, Ресеймен үшжақты келісімдер жасалды. Қытаймен мәміле дайындалды. Еуропа Одағы және Израильмен ғарышты бірігіп игеру туралы келіссөздер жүргізілді.
Өз төрінде осындай ерекше кешен орналасқан еліміздің зымырандық-ғарыштық техниканы жасау үшін ғылыми техникалық базасы мүлдем жоқ. Сон­дықтан ғарышты игеруде жетекші ғарыштық держа­валармен бірдей қатысу жолы таңдап алынды. Ға­рыштық байланыс пен телевизия, навигация және картография, жерді қашықтықтан шолу мен табиғи ресурстарды зерттеу, адам басқаратын ұшулармен байланысты ғарыштық технология жүйелері тұтас бір жатқан әлем ғой.
Бұрынғы қазақтар халық тығыз түйіскен тұсты «Тоғыз жолдың торабы» дейтін. «Байқоңыр» – бұл күнде көк аспандағы «тоғыз жолдың торабына» ай­нал­ды. Қазақстан – қазіргі уақытта халықаралық ғарыштық құқық субъектісі. Қазақстанның АҚШ, Ресей, Франция, Қытай, Үндістан, Жапония сияқты ғарыштық державалармен бір қатарда тұруының өзі үлкен жетістік.
Ғарыштық материалтану, ғарыштық медицина және биология, ғарыштық байланыс және оған байланысты ақпараттық технологиялар мен қыз­меттер, серіктік навигация, зымыран тасығыштарды және өзге де ғарыштық көлік жүйесін әзірлеу тәрізді тың сала қазақ баласын күтіп тұр.
Өз жеріміздің төрінде тұрған «Байқоңыр» ғарыш айлағын сырттан тамашалаушы болып қана қоймай, соның ішіне кіріп, игеріп жұмыс істейтін күн туғанда ғана біздің айдарымыздан жел еседі. Ақыл-ойды, миды іске қосып, бәсекелік қабілет-қарым биігіне ұлт болып ұмтылып, жұрт болып жұмылып шыға алсақ, қанеки!
Бізге жерге емес, аспанға қарау керек! Бізге ар­мандау керек!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*