Ешкі сүтінен балмұздақ жасайды

627
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының тапсырмасымен Премьер-министр Б.Сағынтаев Атырау облысына барды. Сапар аясында ол Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасының», сондай-ақ мемлекеттік және салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысына қанықты. 

Үкімет басшысы алдымен, Аты­рау­­дағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» АЭА-ға ат басын бұрып, полиэтилен өндіретін зауыт­пен және газ турбиналы электр стан­сасының құрылыс жұмыс­та­ры­мен танысты. Бүгінде АЭА аума­ғында 15 қатысушы тіркел­ген. 1 сәуірдегі жағдай бойын­ша инвес­ти­циялардың жалпы көлемі – 339 млрд теңгені, оның ішінде жеке инвестициялар 269,8 млрд теңгені құрады. 1 300-ден астам жұмыс орны ашылған.
Б.Сағынтаев индустрияландыру бағдарламасы аясында жүзеге асырылған Polymer Production зауытын аралау барысында оның жылына шамамен 11 мың тонна полипропилен жабынын, 25 және 50 келілік 34 млн қапты шығаруға мүмкіндік беретін технологиясы туралы білді.
«Нұрлы жол» бағдарламасы аясы­нда салынып жатқан газ турби­налы электр стансасы АЭА аума­­ғындағы ірі инвестициялық жобаларды электр қуатымен және жоғары қысымды бумен қамтамасыз етуге мүмкіндік бермек. Жобаның құны – 111,1 млрд теңге. Зауыт қуаттылығы – 310 МВт, жұмыс орындарының саны – 100.
Осыдан кейін Үкімет жетекшісі Махамбет ауданындағы Жайық өзені арқылы өтетін көпір құры­лы­­сының жұмыстарын бақылады. Облыс әкімінің орынбасары Ж.Сүйін­шәлиевтің айтуынша, бұл көпір республикалық маңыздағы Атырау – Орал автокөлік жолын облыстық маңыздағы Атырау – Индер автокөлік жолымен байла­ныс­тырады. Ол Ақтөбеден ресей­лік Астраханға дейінгі жолды қыс­қар­тып, транзиттік көлік ағы­нын Атырауға кіргізбей өткізуге мүмкіндік береді. Құрылыс жұмыс­тары биыл аяқталады. Жаңа көпірдің жүк көтеру қабілеті 180 тоннаны құрай­ды, ұзындығы – 860, ені – 13 метр.
Премьер-министр Атырауда ешкі өсіру және ешкі сүтін өңдеуге мамандандырылған алғашқы қазақ­стандық жоба – Махамбет ауда­ны­ның Сарайшық ауылындағы «Сарай­шық» кәсіпорнына барды. Мал шаруашылығы кешенін ара­лау барысында оған өңірде агро­өнер­кәсіптік кешенді дамыту бағдар­ла­масын жүзеге асыру барысы туралы баяндалды.
«Сарайшық» асылтұқымды мал шаруашылығының үлкен отар қойы, үлкен табын түйесі мен жыл­қы­лары және ет өңдеу цехы бар. Оның негізгі бағыты – әлемдегі ең сүтті ешкі тұқымы «заанен» асыл­тұқым­ды ешкілерін өсіру және ешкі сүтін өндіру болып отыр. Мұнда қолданылатын италиялық және сер­бия­лық жабдықтар жылына 180 тонна ешкі сүті мен 140 тонна сүт өнімін шығаруға мүмкіндік береді. Ферма директоры В.Розметовтың айтуынша, кеңейту аясында 450 асылтұқымды ешкі әкелінді, бүгінде 300 бас мал төлі алынды. Бірінші кезеңде 81 тонна пастерленген сүт, 21,6 тонна йогурт, 15,3 тонна әр­түр­­лі ірімшік және 4 тонна ешкі етін шығару жоспарланған. Сондай-ақ фермада сәбилердің сапалы тама­ғын шығару көзделуде. Жуырда ешкі сүтінен балмұздақ пен май шығармақ.
Бақытжан Сағынтаев Д.Нұрпейі­со­ва атындағы Атырау музыкалық колледжіне соғып, сонда салынып жатқан студенттер жатақханасын тексеру арқылы Президенттің бес әлеуметтік бастамасын жүзеге асы­ру барысымен танысты. Об­лыс әкі­мінің орынбасары Н.Сайлауо­ва­ның айтуынша, өңірде алға қойылған міндеттер белсенді түрде іске асырылуда. Ал 100 орынға арналған бұл жатақхана биылғы шілдеде пайдалануға берілмек.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*